13.04.2022
  306


Автор: Бағлан Ерғали

Сыр қызы

Тек сенімен мына маған ерек түн, 


Ханшайымым лүпіл қаққан жүректің. 


Сырдың бойын жағалаған сұлу қыз, 


Сен де маған, мен де саған керекпін. 


 


Шағаладай қанат қағып шарқ ұрған, 


Келем ұшып іздеп сенің артыңнан. 


Сыр толқыны арнасынан шыға алмай, 


Ай жүзіңді көремін деп талпынған. 


 


Түсінбейсің бұл тағдырдың ісін кей, 


Бірге жүрген әр күндерім түсімдей. 


Сен жанымда жүрген кезде еркелеп, 


Ертегі ме деп қаламын түсінбей. 


 


Аңсаймын көп мен өзіңді, Сыр қызы, 


Жұпар шашқан ақ гүлдейін қырмызы. 


Сағынышты сәлем жолдап сен жақтан, 


Тұрғандай бір таңғы шолпан жұлдызы. 





Пікір жазу