12.04.2022
  163


Автор: Қалижан Бекхожин

ӨЛЕҢНІҢ ӨР БЕЛЕСІНЕ ҚАНАТ ҚАҚ

Қазіргі поэзиямыздың қаламгерлері сегіз қырлы, бір сырлы, баршасыдабілімді, алуаніскебейімдіөрендерден топталады. Көптеген ақындарымыз журналистика майданында, ғылым саласында қалам сілтеп жүрсе, партия, совет орындарында да абыройлы қызмет атқарып жүрген бірқатар ақын-жазушыларымыз бар. Мұндай келісті көрініс – біздің әдебиет кадрларының партиялық, әлеуметтік келелі міндеттерге қызу араласып, азаматтық өнеге көрсеткеннің ізгі белгісі.
Ал, біздің әдебиетшілердің, сыншылардың әдетке айналған тәжірибесіне сондайлық елеулі қызметте жүрген, бірақ күн сайын әдебиет мекемелерінің төңірегінде ентелеп жүрмейтін жақсы дарынды елемеушілік бар, бұлар мақалалардағы, жиындардағы шұбалаң тізімдерден көбінесе тыс қалады, керісінше аға әдебиетшілерді, сыншыларды қолпаштап жүрген кейбір шалағай жылпостар дүмбілез жинақтары шықпай жатып мадақ-желеуге ие бола қалады.
Біздегі бір келіссіз ғадет – аға ақындар, сыншылар, тіпті ақындар бір-бірінің шығармаларын қадағалап, ықыласпен оқи бермейді. Өз басым көптеген үлкенді- кішілі ақындардың өлеңдерін дәйім оқып келемін. Ақын бауырларым өсімтал, сонша көп, үлгермей, кейбірін байқамай да қаламын.
Партиялық қызметте жүрген ақынның бірі – өлең кітаптарымен оқырмандарға мәлім ақын Рахметолла Нұрпейісов. Шығармалары жұртшылыққа танымал болса да, оқта-текте жинақтарына пікір айтылып жүрсе де бұл ақынның туындылары, меніңше, әлі

өзінің дәл бағасын жете таппаған секілді. Кешіксем де Рахметолланың поэзиясы туралы пікірімді білдірмекпін.
Рахметолла Нұрпейісовтің өлеңдерімен ертеректен, бір кезде «Қазақ әдебиеті» редакциясында қызмет істеп жүрген шақтан таныспын. Білімді, пайымды жастың алғашқы лебіздерінен-ақ бұл жігіттің қаламынан парасатты, жақсы жырлар туар деген үмітке сенген едім.
Міне, менің алдымда Рахметолланың екі өлең кітабы жатыр. Бірі – «Туған өлке әуендері» - таңдамалысы («Жазушы», «1978 жыл»), екіншісі – «Жайтолқын» («Жалын» баспасы, 1979 жыл), таңдамалысына бұрынырақта шыққан бірнеше жинақтарындағы өлеңдерінің ең таңдаулысы енсе керек, ал («Жайтолқында») ақынның соңғы жылдарда жазған жаңа жырлары топталыпты.
Рахметолланың «Таңдамалысы» мені өте сүйсіндірді. Бұл кітап жайында бұрын да тиісті пікір айтылған да шығар, әйтсе де мен әсем жырлардан алған өз әсерімді аздап сездіре кеткім келеді.
Өлең кітабының алғашқы беттерінен-ақ бұл ақын коммунист ақын екендігін, өзінің ақындық тұрғысына берік, қасиетті екендігін оқырманға жыр етеді («Коммунист»). Бұл нысана сарыны «Таңдамалыда» да,
«Жайтолқында» да сара жолдай сайрап жатады.
Бірақ идеялық әуен – жалаң жарнама, немесе лепірме ұран іспеттес емес, барша өлеңдерінде, әрқилы мәністе көрікті бейнелермен, өз жүрегінің легімен шын сыр болып шертілген. Әрине, өз өмірін уақытысы, туған өлкесінің өзгерістерін бейнесін етене парыз тұтқан ақынның:


Далама толқып шықса егін, Салынса жаңа қалалар.
Есітсем канал біткенін,

Су шықса шөлді аралар, – Бұл менің өмірбаяным,–


деп перделемей айқын айтуға хақысы бар.
Рахметолланың «Туған өлке әуендерінде» өзінің бесік мекені, Жетісу сипаттары, балалық, жастық әсерлері жайында, достық және туыстық тыныстары, өмірге деген өз түйсіктері жайындағы көптеген мағыналы жырларымен қоса, өзі саяхат шеккен Самарқанд, Кавказ көріністері де сезінерліктей суреттелген. Бұл кітапта топ-топ өлең-жырларға үстеме ретінде қосылған шағын-шағын бес-алты поэма да бар. (Расын айтсам,
«Еске алу» - ардақты ақынымыз Жұмағали Саинның ізгі, аяулы өмірін жыр еткен поэмасынан басқасы мені онша тебіренте қоймады). Ал, Рахметолланың таңдамалы өлеңдер кітабында мені айрықша сүйсіндірген лирикалық лебіздері, мұндағы өлеңдердің басым көпшілігі де, әсемдері де осы саздардан ерекше сезілсе керек.
Сыршыл ақын өз дарынының ырғақтарын айналасындағы дүние көркінен, сұлу табиғат сипаттарынан сүйсіне тапқан секілді.


Осынау күйлі дүние, Ырғағын аңдып бақсам мен, Ән болып кіріп үйіме, Тілдесіп жатыр аспанмен.
Ырғақтар мені қоршаған, Пернеге мен де қол соғам, Жақсы бір лебіз соқса одан...


Жүрек ырғағын ақын сырлы күймен шерте білген. Поэзияның өзі, дүниедегі алуан дыбысты жаңғырта білген ақынның күйлі кеудесінен туса керек.
Осындай сазды, күйлі жырларға үндес жамырасқан әсем жырлар бұл кітапта аз емес.

Өзі кербез табиғат аясында өскен әсемпаз ақын таудың да, өзеннің де сыр-сипатын ұлы ұстаз Ілияс Жансүгіровше шүйделі сөздерімен, өрен бейнелермен өрнектейді.


Күрең бел күйкі сары, күреңселі, Жоңғар тау жонын төсеп тұр еңселі. Жаядай жайлы қылып осы өңірге, Ақылмен орнатқандай біреу сені.
Кең жазық екі таудың арасында, Іздесең мұндай сурет табасың ба? Құбылып құлпырады «Масатыдай» Бояудың болмыстағы бәрі осында. Жамырап жатыр сайлар екі жақтан, Қаракөк қарағайдай үкі таққан.
Жылқышы жігіт өтсе сай аузынан, Алдынан шығады қыз қойды баққан.


Шебер жасалған сурет. Бұл әсем өлеңде тек табиғат кербездігі емес, осыған жалғасар, осынау ғажап аяның иелері – жылқышы жігіт, шопан қыз, колхоздың дархан жайлауы сүйсіне суреттеледі. Табиғатты әсерлеген, әсем мүсіндеген мұндай жырлар аз емес. Рахметолланың таңдамалысында махаббаттың ыстық лебіздері есетін бірнеше сырлы жырлар бар. Бірін ғана мысалға келтірейік. «Соға кет» деген өлеңінде ауыл жігіті атынан ақын сүйікті қызына былай сәлем-наз жолдайды:


Қозы жайып қыр басына шығамын, Жақсы көрем күннің жарқын шуағын. Шөпшек теріп келемін деп, соға кет, Арманымдай аңсай күтіп тұрамын.


Қозы кепе, қоңыр құлақ болғанда, Көк қонысқа ауыл жылжып қонғанда,

Беттен арша әкелем деп соға кет, Сені көрмей шіркін көңіл толған ба?!


Қазіргі жас ақындарымыздың жырларында махаббат сырларын шерткен нелер жақсы жырлар бар шығар, бірақ Рахметолланың мына жолдарында өзгеше талғам, назды сыр айрықша лебіз беріп тұр. Мұнда сүйген қызға айтыла беретін жаттанды, үйреншікті сөздер жоқ. Ауыл жігітінің ғашық қызына айтар шартының кездесер сәтінің бәрі де – өз аясы, өзінің мал баққан белестері, көкейге қона қалатын сүйкімді көріністер мұнда ұлттық сипаттар қандай жарасымды өрнектелген!
«Туған өлке әуендері» атты таңдамалысы Рахметолла Нұрпейісовтің ақындық шеберлігін, әсемпаз лирик екендігін танытқан туынды деп батыл айтар едім.
Кейінгі шыққан жаңа жинағы «Жайтолқын» – жай ғана толқын емес екен. Бұл топтағы шығармаларында да Рахметолла өлең толқынын ексімдете түскен. Поэзияның әлеуметтік нысанасын берік ұстанған ақын бір сала өлеңдерінде ұлы көсемімізді Ленинді, туған ел, қала сипаттарын, совет халқының шырайлы салтанатын, миллиард маршын, еңбек адамдарын, ұлттар достығын әсерлеп, шалқи жырлайды.
Негізінде лирик ақын әсересе өмір сырларын, табиғат сипаттарын тебірене жырлауға құштар. Тағы та айталық, мұнысы да әсемпаздыққа тән – Рахметолла айналасынан, табиғат құбылысынан музыка, күй және жыр ырғақтарын ести білетін, соларды таба білетін сезгір ақын.


Жаралғандай дүние дыбыстардан, Ызыңдардан, шулардан жыр ұшталған. Ән құралар кейде адам жүрегінде,
Биік таудан, ну орман, жыныстардан.

Осында поэзия дүниесіне тұла бойы шымырлай берілген ақын, құстары сыңсыған боз даласының өзгеше иісіне тебіренбей, тыныш бейсауат тұра алмайды:


Тобылғы бүрлеп,
Көкала гүлдер шыққанда, Бұлттар да сиреп,
Қона алмай ұшса аспанда, Көдені көкке
Көтеріп әнмен әкеткен Боз далам менің
Құстарға қойнын ашқанда, – Тебіренбей қалай,
Қарайсың мынау аспанға!


Жоғарыда білдірдік, Рахметолланың махаббат лебіздері өзінше және де берік сезімдерді қозғайды. Бұл кітапта да сол сүйгеніне берілген іңкәр жігіттің наз сырларын біраз толқыта жырлайды. Ақынның сыршыл кейіпкері ғашығына:


Арманның ұстап тұрып алақанын, Қол созып көкте күнмен таласамын. Сен сүйсең – кетер едік биік тартып, Сүймесең – амалым не, аласамын, –


деп махаббат қасиетін биікке көтереді. Бір өлеңінде ақын «егер мен қалар болсам сүюден – онда мен айрылғаным өмірден, күнімнен»,–деп махаббаттың ізгі мұратын адамгершілікке, өмірге абзал шарт етеді.
«Жайтолқын» жинағында бір шоқ өлеңдер тарихтағы кейбір ұлы адамдарға және кейінгі кездегі белгілі ақындарға арналыпты. Бұл топтан маған ұнағаны
«Ұлықбек туралы» балладасы мен ардақты Мұхтар Әуезовке арналған жырлары ғана. Рахметолла әкім және ғалым Ұлықбектің өмірлік трагедиясын, ғылыми

қиял-арманын да дұрыс барлап, күңірене толғанған. Ал, аяулы ұстазымыз Мұқаңа бағыштаған өлеңінде Рахметолла ұлы жазушының абзал келбет-тұлғасын зор ой-елһамын шебер сипаттаған. Дағыстан ақыны, аты шулы Расулға арнаған өлеңі – достық пейіл шығар, бірақ газеттерден белгілі эпитеттерді тамсана айту өзі жақсы ақынға жарасымды да емес, ал қазіргі кездің дулы ақыны Е.Евтушенконы дәріптеген өлеңінде, оның ақындығын бағалағаны жөн де шығар, бірақ оны – «Сен
– қазақ даласының бел-баласысың», «Сен қазақтың Ақын серісісің» деуін мен даңғойлық деп білемін. Мейлі, жас өлеңқұмарларға Евтушенко ұнайтын да ақын шығар, бірақ, бұл ақынның қазақ даласын тамсана жырлаған жыры есімізде қалмапты. Рахметолланың Кавказ көріністері, Лермонтов жайында да бір топ өлеңдері бар. Бұлар тәп-тәуір өлең, бірақ бұрын талай естілген әуендерге, әркім бұрын сызбалаған жолдарға ұқсайды.
Әрбір ақын өзінің позиялық талғамынан шабыт шартынан, кредосынан айнымасқа тиісті. Мен білген Рахметолла Нұрпейісов – өзінің ақындық үлгісі, эстетикалық талғамы бар дарын. Кездейсоқ тақырыптарға ұрын, кейбір өлеңдеріміздің қансыз, жансыз сүлделеу болып шығатын жәйт көбімізде бар, жақсы ақын өзінің дарын тұлпарына бөтен ерді салмауға тиісті.
Өлең өнерінде, өзіне қатал шарт қойған Рахметолла ақын бір өлеңінде:


Бар қазынам – жазылмаған жырларым, Соны айтуға жетер ме өмір, жылдарым? Өз үнімді естіртсем басқаға,
Онда менің орта жолда тынғаным, –


деп өзіне шарт қойса, екінші жыр жырында:

Қарызым көп менің өтеп бітпеген, – Күткендерге, мені мүлде күтпеген. Күнде мені мазалайды бұл сезім, Айтылмаған бар сияқты көп сезім. Жүріп келем ізденумен кілең мен, Егер жетсем – басқа үміт тілер ме ем!–


деп ақын өзінің поэзия сапарында игі мұрат қояды. Жақсы ақын үшін бұл – өнегелі қағида.
Рахметоллаға айтарым – тамаша жырларыңнан мен, сенің парасатты сезгір лирик ақын екеніңді сүйінішпен пайымдадым. Сен өзің ойлағандай «жарым жолда қалар» ақын емессің – келелі әсем өлеңдеріңмен қазір сен өлең өнерінің өр белесіне көтерілген ақынсың, ал ақын біткен – заманға, халыққа қартайған шақта да әрдайым қарыздар, ақын жолы – ізденіс. Ізденіспен, шабытпен алдыңдағы қияларға қанат қаға бер. Ақын достарының тілегі де, талабы да осылай түйілмек.





Пікір жазу