ОЙЛЫ АҚЫННЫҢ ӘСЕМ ӨРНЕКТЕРІ
«Ақын көп болсын, әр түрлі болсын!», – деп ұран тастаған екен, бір кезде атақты ақын Владимир Маяковский. Қазақ поэзиясында қазір ақын дегеніміз барынша көп және де қазір өлең өнеріміздің өркені өрлеген шақ. Солай болғандықтан да ақын біткенге қойылар талап та, айтар сын да қатал да қисынды болса керек. Ақындарымыздың көптігімен бірге «әртүрлісі де» бар. Бір топ ақындар ізденіспен, тапқырлықпен көркем жырлар тудырып, оқырман жұртшылыққа творчествосы жақсы танылса, жасы бар, жасамысы бар бірқатар ақындар уақыт тарапында әлі ескі сүрлеумен, ығыр іздермен жосып келеді. Ондайлар уақыт елестерін жырлаймын деп даурықпалыққа, «білгіштік пікір» айтамын деп, сыр-сезімсіз міңгірлеуге ұрынып келеді, бірқатар өлең құрылысына өзінше «жаңа жүйе» жасаймын деп ырғақсыз, үйлесімсіз қиралаңға әуестеніп жүр. Баршаға белгілі, поэзияда ой мен сезім, әсерлеу мен бейнелеу – басты қасиет болуы шарт.
Есімі белгілі ақынымыз Аян Нысаналин бұл айтылған топтамаға қосылмайтын, өзінше үні бар, өз өрнегі бар ақын.
Өнегелі ақынның бұдан бұрынғы өлең жинақтары недәуір бағаланса да, тиісінше тереңірек сипатталмады. Бізде, жасы үлкен аға ақындар да, белгілі сыншылар да жақсыны кезінде дәл тани қоймайтын керенаулық та бар..
Аянның «Иірім» атты өлеңдер жинағымен оқып танысқанда мен таң самалы соққандай ерекше сергіп қалдым.
Бұл пікірімді мен алғашқы әсер бойынша жазып отырмын. Аянның бұл жинағындағы өлеңдерінде ерекшеленген оқшау, тосын тақырыптар жоқ та секілді. Жинақ негізінде туған жер, уақыт, жастық, махаббат жайында толғаныс жырлардан топталады. Өзінің туып- өскен атамекен жері туралы жазбаған ақын кемде-кем. Аян туған өлкесіне деген ыстық сезім, сағынышын әсерлі теңеулермен, табиғат сипаттарымен әсерлі елестетеді:
Аттандым, есте жалтақтап, Әкеттім тұнжыр сыр қандай! Жарықтық әжем қалтақтап, Жол қарап әлі тұрғандай.
Басқа жаққа кеткен баланың есінде осындай жанды көрініс сурет береді де, туған жеріне қайта оралғанда:
Салыпты өрнек кез өңге, Қызылды-жасылды гүл тұнып. Таязып кеткен өзен де
Бір толқып қалды бұлқынып.
Туған жерінің табиғатын ақын осындай әсермен түйсінеді. Туған жерінің суын да, тауын да, ағашын да ақын сағынышты сезіммен, әсем суретпен елестетеді,
«Қарағаш» деген өлеңінде:
Беріліп көктемде – үміт, Жазда – мұңға,
Қарағаш, өзекті өртей жаздадың ба? Боранда тұрушы едің болып қамзау, Жетім таудың құмдауыт саздағында...
Бұл өлеңді оқығанда Жетімтаудың саздауытында өскен қарағаш емес, көзіңізге осы таудың бауырында
қара шашын жайған бір аяулы сұлу, ақынның не бір сырласы елестегендей әсер етеді.
Тегінде, Аян ақын қандай көріністі, көңіл күйлерін жырламасын – табиғат құбылыстарына қосыла тебіренеді:
Құмарым бас, бұрқандыр, Шырқауыңа бір шығар. Терең тартқан – бір тамыр, Әуелеген бір шынар...
Заман туралы, уақыт жайлы ақындық парызды терең сезінген ақын өмірге деген өз борышын өтеуді күйзеле жырлайды, кейбір даурықпа ақындардай, мен
«дауылпазбын», «мен қыранша саңқылдадым» демеді.
Не таптым
нені аңсадым, нені іздедім?
Ой буды жұттым дала, теңіз лебін. Дертті екем тіршілікке ғашықтықтан, Жасады жүрегіме ол ең ізгі емін.
Ақын поэзия өрлерінде қанша бөгет көрсе де, өмірге ғашықтық оны келешекке құштар етпей қоймайды. Сондай-ақ, әлі дарыны толыспаған, жазғандары жұртшылыққа таныс емес, кер ауыз, көкіме ақынсымақтарды да Аян дәл бейнелеп түйрейді:
Кейде тамыр дес бермейді құрышқа, Сәйгүліктің алдын орар жабылар.
Кей дәлдүріш кенеліп жүр ырысқа, Ал дарында ой зілінің табы бар.
немесе:
Жасөспірім ешкім боп үлгермеген, Қалай асқақ сөйлейсің топ ішінде. Тоғышар жан тағдыр түк білдірмеген, Барлығына қарайды топ ішінде.
Қырағы парасатын барлап Аян біздің арамыздағы даңғаза, мақтаншақтарды, болмысты сезінбейтін топас тоғышарларды дәл пішіндеп, шебер мысқылдаған.
Осыған орай, шын, тамаша дарындарды көре алмай, күндейтін даңдақтарды Аян өткір тұспалдайды, батыл келеке етеді.
Күмілжімей аласың сен гүлді де, Алдыңа әкеп арғымақ та тартады. Бұның бәрі өткінші тек білдің бе? – Шын таланттың түбі бағы артады. Нан пісетін дәлдүріштің кеудесі, Жел беретін саған қандай күш еді? Моцарт – құдірет
Мәңгі өшпейтін сәулесі,
Неге оған Сальеридің көлеңкесі түседі?
Әбден дұрыс айтылған. Күншілдікке, ел ақтап, жылу жинаушыларға менің де әзелім қас. Біздер ұйым болып сондай көкімелерге қарсы ақын-жазушылардың қадір-қасиетіне шаң жұқтырушы желаяқтарға қарсы күресуіміз керек.
Аян Нысаналин – көңіл күйін, махаббат сезімін назды шертетін лирик ақын. Сыршыл ақын бірнеше жырларында махаббат пен ғашықтық дүниесін ардақтап, өзінше тебіреністі күй шертеді:
Ғашықтар үшін тауысады, Ынтызар бұлбұл бар әнін. Махаббаттың зәру шағы, Шақырып кетіп барамын...
Алтын шашақты зер төгіп, Етіп тұр тәжім күніне, Жастық отына өртеніп Күй шертіп жатыр дүние!
Асыра емес, махаббатшыл ақын өз ойын әсірелеп, бейнелеп жеткізеді. Ақын – өз лирикасының сырбаз кейіпкері. Өткендегі ақындар талай аруларға арнаған лирикалық жырларында өз жүрегінің назын, зарын, төге сыр шерткен. Жақсы, шын ақынның жырларында, жасы қай шамада болмасын, махаббат, ғашықтық лебіздері, сұлуларға деген ынтызарлық сырлары әсте бәсеңдемесе керек. Ал біздің бірқатар жас ақындар мұртына теңбіл түспей жатып-ақ, кәрілерше «ұлым, қызым, әйелім» деп елжірей қалады. Немесе «әкем, шешем, әпкем, жеңешем» деген сияқты үй төңірегіндегі туыстық қана іңкәрдан әрі аспайды. Әлбетте, бала- шағаңды, әйеліңді, ата-анаңды ауызға алма деп шек қойғаннан аулақпын. Бірақ поэзиядағы лирикалық кейіпкер, автордың өзі ғана емес, адам алымды, сезгір лирик өз басының көңіл-күйіне қоса, жас тұстасының махаббат арманын да, ғашықтық мұңын да сездірсе керек. Лириканың әйгілі сырбаздары Пушкиннің, Лермонтовтың тіпті өзіміздің Абайдың да махаббатқа арналған жырларында «семьялық» әуендер сырт қалып,
«Есімде ғажап сипатың», «Бітпейді ғашықтық жарасы» сынды арманды шерлі лебіздер еседі. Біздің Аянның да махаббат саздары жастық, жалынды сезіммен сездіріледі. «Есенин көшесінде» деген өлеңінде:
Сонда алғаш махаббатты сезіндім мен, Ақ сәуледен тұнатын көзім мүлдем... Байғазыға, маржандай жай назына, Шашылатын маржандай сезім білген...
...Енді ойласам, өмірдің түс жағында, Бәлкім, сонда сусарға ұқсадым ба?
Тал шыбықтай иіліп тұрды менің Сол қыз бір күн ыстық құшағымда...
Албырт шақтың махаббат әлегін, ұшқыр сезімін ақын драмалық түйіліске жеткізсе, әсірелі өрнектермен суреттейді.
Кез болдым ба, қайта ләззат бал оймен, Ұмытпаспын татқан тәтті дертіңді, Қалқам, айтшы, сездіремін қалай мен? Кеудемдегі алай-түлей дертімді?!
Немесе:
Тұңғыш сонда неліктен албырадым? Жүрек шоғын әлжуаз жандырамын. Үркек елік секілді үрпиісіп, Болмақшыдан тербелді жан құрағым.
«Үркек елік секілді үрпиген – жан құрағым» – бұл теңеулерден тапқырлық, символикалық бейнелер елестейді. Мұндай әсем теңеулер Аян жырларында жиі кездеседі.
Махаббаттың тәтті сәттері мен өкінішті шақтары көп жағдайда алма- кезек айқаса жүретіні ежелгі құбылыс. Мұндай жәйттер де Аян өлеңдерінде тетігін дұрыс тапқан. Жар құшқан, бала сүйген жас келіншекте де арман жоқ емес. Бұл күйді сырт қарағандар қош көріп қостай салады. Жары болса да, теңіне қосыла алмаған мұңды жандардың жүрек тынысын, жан қасіретін терең барламайды. Мұндай қайшылық халді Аян «Келіншек» деген өлеңінде арманына жетпеген жардың мұңын былай толғайды:
Күндері ойға түсіп кеткен кері... Алаулап өткен жоқ па көктемдері. Құс төсек тастай батып жамбасына,
Кірпігі айқаспайды көптен бері. Алды да адастырып өз бағытын!
Бір күйбең кигізді ме көз қамытын? Келіншек кейде әлсіз күрсінеді, Күткендей әлде тосын өз бақытын...
Бұл жырдың ішкі сырынан да, сыртқы суретінен де Аян ақынның тапқырлығы айқын сезіліп тұр. Махаббат тақырыбына өлең жазбаған ақын да аз шығар. Әрқайсысының өз лебі де болар. Ал, бұл ақын махаббатқа отты жүрегін біржола бағыстауға әзір екенін паш етеді:
Мұңның бұлты жер бетінен азайып, Өмір нұры кетпей ғашық көзімнен. Махаббатқа жаса ескерткіш ғажайып, Лаулап тұрған жүрегімнің өзінен!
Заманымыздағы даңқты батыр Бауыржан Момышұлына арнаған «Кубадағы кездесулер» атты өлеңі де көркем, асқақ үнді өлең. Мұнда Бауыржанның Кубаның әскери басшысы Рауль Кастромен кездесуі жырланады. Бұл шағын өлеңде ардагер де айбынды Баукеңнің өр тұлғасы мен қайсар мінезі жақсы сипатталған:
Азаттықтың туы тұр нақ төсінде, Гавана кенде емес қой мықты есімге. Ұйып тұрды қазақтың перзентіне, Жұмыр жердің ең ыстық нүктесінде. Таңғы табыс жеделдеп, іңір қалып, Кез болғанда қайнардан сімір қанып. Биік жартас қашанда асқақтайды, Мұхиттар да басылуда буырқанып.
Осылай серпіле жырлап халқымыздың қаһарман ұлын:
Жасындардан жасқанбай дауылдардан, Ата қыран барады жыраққа ұшып!–
деп батыр даңқын қырандай қияға ұшырады.
Талас жоқ. Аян – жырларына шымыр қан, әсем сипат беретін ойлы да шебер ақын. Аянның сөз кестесінде өзі жасаған жаңа өрнек, теңеулер баршылық. Сондай суреттеріне мен айрықша сүйсіндім.
Поэзияның негізгі қасиеті – метафора, гипербола болса, Аян бұл қағиданы өзіне үлгі тұта білген.
Аянныңосыкітапшадағыжырларындакөзгетүсерлік аздаған кемшіліктер де жоқ емес екен. Алдымен, дарынды, алғыр ақынға тақырып өрісін кеңейте түсуді тілек етер едік. Сондайлық ұнамды болса да туған жер жайлы қайталап жырлай берудің қызықтығы шамалы. Келелі жырлар арасында «Жақсы ит» сияқты келіссіз өлеңнің орын алуы да өкінішті. Кейбір өлеңдерде ұйқасқа жанасып, мазмұнына үйлес емес бөгде жолдар да кездеседі. Кей өлеңде ырғақ келісімі сақталмаған артық буындар кездеседі. Бұл айтылғандар ақынның әсем жыр өрнегіне жабысқан бірен-саран қыл-қыбыр ғана. Мен кемшіліктерді тізбектейтін есепқой сыншы емеспін. Мен Аян ақынның шеберлігіне, тапқырлығына сүйсініп, біздің поэзиямызға қосқан жаңа, көрікті туындысына разылық білдірдім. Бір өлеңінде өзі айтқандай:
Арқалай көктеп, арқалай түйген өнеге, Бәз бірде біздің дегенімізге көне ме?
Сүпінген сәттер, сермейтін қайта сан мәрте, Барамын беттеп, болашаққа жүзген кемеде!
Әбден дұрыс. Поэзия айдынында алға қарай жүзе бер, ақын інім Аянжан!