12.04.2022
  191


Автор: Қалижан Бекхожин

АЛБЫРТ ШАҚТЫҢ ЖАЛЫНДЫ СЫРЛАРЫ

Біздің поэзиямызда үлкенді-кішілі алуан әуенді ақындар бар. Сол әуендердің арасынан аса бір назды нәшпен, нәзік сырмен есетін лебіз – Тұманбай Молдағалиев жырлары. Өлең әлеміне алғашқы үн қосқан албырт шағынан бастап-ақ Тұманбай – өзінің лирикалық тебіренісімен өлең сүйгіш жас қауымды, біз секілді ақын ағаларын да айрықша сүйсіндірген ақын. Қазір кемеліне келген тұста, көптеген өлең кітаптардың авторы болған Тұманбай – поэзиямыздағы көрнекті, мерейлі ақын.
Біздің әйгілі аға ақынымыз Әбділда Тәжібаев Тұмаштың «Жиырма бесінші көктем» атты өлең кітабына жазған алғы сөзінде: «Мен Тұманбай Молдағалиевті осындай дарынды, оқырмандардың сана-сезімін түгел меңгерген, олардың сүйіп оқитын азғана ақындарының бірі деп білемін», – деп іні ақынды бағалап, жебелейтін жылы лебіз білдірген еді. Тұманбай мұндай сенімді дәйім ақтап келе жатқан, жыр жарысында мәрелі межелерге жүйткіп шыққан ақын.


Тұлпардан шапқан жерлерде, Сұңқарлар ұшқан белдерде. Мен де ұшып көрдім өзімше, Қанатым бардай кеудемде... Тілектес көздер қандай көп, Сол үшін күнде гүл аттым.
Тағы бір бәйге бар ғой деп, Өзімді өзім жұбаттым, –

деп сыр шертеді, кеудесінде қанаты бар сырбаз ақын. Қазақстан Ленин Комсомолының сыйлығына бұрынырақ ие болған бұл жас жүйрік өзінің «Жүректегі жазулар» атты кейінгі өлең жинағында «тағы бір бәйге бар» ғой деп өзінің жыр бәйгесіне жарау екендігін сездіреді.
Жыр жүлдесіне қазір ұсынылған «Жүректегі жазулар» атты жыр кітабы – Тұманбай Молдағалиевтың келелі туындысы. Бұл жинақтағы жырлардың қайсысын оқысаңыз да жүрек толқытар сыр теңізіне бойлағандай боласыз. Қазір ақсақал атанғанмен, сол сырлармен мұңдасқандай бусана әсер алдым.
Ақын жырларында өмір жайында, әсіресе жастық дәурен жайында, аяулы махаббат жайында және де достық туралы да тебірене, буырқана толғанады. Тірлік көріністерін табиғат сипаттарымен әсем бейнелеген шебер ақын:


Көңілім менің бір көктем, Тағы да бүгін гүл ашты.
Ерді де қалың дүрмекке, Өмірім тағы қыр асты.
Жайнайды бір нұр ішінде, Өзіме қуат дем берген.
Биылғы көктем үшін деп, Ұшырам аққу кеудемнен, –


деп көктемді, өмір көктемін құлшына сүйген әсемпаз ақын ер кеудесімен аққу жырларын көкке ұшырады. Бірнеше өлеңдерінде поэзияның негізгі қасиеттерін терең барлап, ақынның азаматтық парызы – халықтық жаршысы, қолқанаты болуды ғибрат етеді:


Атымды әкел, ағайын, десең кісі, Мен болайын батырдың ең соңғысы.

Алып болу ойымда жатыр менің, Алпамыстың басса да мені мысы.


Жігіттіктің бойымда буы басым, Өзім де іштей сеземін, мұны, расым.
Шапқан сайын тұлпарым жол қысқартып, Аян одан менің де жығылмасым.


Мұнда ақын өзіне біткен дарынды, өз қуатын тұлпарға теңеп әсем де асқақ бейнелеген.


Құйрық-жалы түйілген ақбоз тұлпар, Болашаққа бет алып барады ағып.


Өз бойындағы дүркіндеген дарынды ақын осылай болашаққа меңзейді.
Әлеуметтік тақырыпқа арналған өлеңдерінде бұл ақын да даурықпалық, ұшқарылық жоқ, ұраншылдық әуендерге сараң.
Тұманбайдың осы жинағындағы басым жырлар – жастық шақ пен махаббат сырларын шертеді. Жігіттік дәуренмен ғашықтық сырлар үндес, бұл шақтың үміті, қызығы да көп, өкініші де, арманы да аз емес. Сырбаз ақын, әлі өзі егделікке алдырмаса да жастық шақтың сол қызығы мен өкініштерін тебірене, күңірене жырлайды. Махаббат пен жастық жайындағы жырларында күйінішті, назды сарындар көп еседі:


Баяғы қайда қыз күлкі,
Бәрі арман болды, досым-ай. Осылай досым, біздің күн Жасырмай айтсақ осылай, –


деп кейбір сәтте албырт, сері ақын әнтек арманды лебіз білдіріп қалса да –

Біраз жасқа кеп қалсам да өзім мен, Өзімді әлі бала жігіт сезінем.
Ағар едім жұлдыз болып соңғы рет, Ең бір сұлу қарындастың көзінен, –


деп әлі де махаббат мүддесін, жігіттік арманды дәріптей жырлайды.
Сыршыл да шебер ақынның осы махаббат лебіздерінде біздің ұлттық, бозбалалық әуендерімізге үн қосатын, ауыл жастарының өзіне жарасымды іңкәр көңілін сездіретін әсем өрнектер бар.
Ақын кейіпкер бозбаланың жүрегінен ғашық қызына мынадай сырлы сәлем жолдайды:


Баяғыдай жансам ба екен, Жансам саған аңсап жетем. Алатаудан айнымайтын, Ақ ат мініп барсам ба екен? Мен барғанда ән сал, көкем. Боз ала таң секілденген,
Боз ат мініп барсам ба екен? Болған жерде бақ табайын. Тусын қайта батқан айым, Бозша таңда боз ат мінген, Бозбала боп аттанайын.


Бұл тапқырлықпен тауып тізілген кербез жолдар менің құлағыма аулымда өскен әнші серілердің әсем әндеріндей боп естілді. Бұл жырға музыка шығарылса, жас біткен тамсана тыңдап айтар еді.
Сыршыл Тұманбай «Жүректегі жазулар» жинағында замандас достарымен сұхбаттасып өзінің туған- туыстарына деген бауырмалдық ыстық сезімдерін елжірей жырлайды. Белгілі ізгі адамдарға, солардың ішінде Шоқан Уәлиханов пен Ғали Ормановқа арналған өлеңдері айтарлықтай мағыналы. Бұл кітапта ақын

теңіз туралы бұрқана жырлап, өткен соғыста қаза тапқандар жайында тебірене толғанады. Сырбаз ақын лиризмге беріліп кейде тым елжіреп кетсе де:


Қуаныш көп айтылсын, қайғы айтылмай, Көңлім еш қызыққа тоймайтындай, Алғашқы құшақтасып жылы толқын.
Кеудемде әлі күнге ойнайтындай. Бақыттың бесігінде тербейтіндей, Аяулы ана мінез ел кейпіндей, Барыңдар сол бір толқын құшағында,
Жиырма бес мені ешкімге бермейтіндей, –


деп өмірге, дәуірге, деген берік сенімін оптимистік әуенмен айқындайды. Азамат ақын, ел-жұртына, халқына бағышталған өлеңдерінде шын шабытпен ақ пейілмен ерекше толғанады:


Қиялым ақ таңдағы туып нұрдан, Жанмын ғой арман іздеп, үміт қуған. Елімнің жанарында жас-жас болып, Қалпында қалсам деймін күліп тұрған.


Бұл елін сүйген, өмірді қастерлеген абзал ақынның адал сөзі.





Пікір жазу