12.04.2022
  320


Автор: Қалижан Бекхожин

МЕНІҢ ДАСТАНДАРЫМНЫҢ ТАРИХИ НЕГІЗДЕРІ

Мен бала шағымда-ақ шығыс қиссаларын, тарихи дастандарды, батырлар жырларын құмарта оқыған едім. Алты жасымда арабша хат тани бастаған мен әкем жинастырған кітаптарды қызыға оқи бердім.
Идеялық жағынан діни бағытқа негізделсе де шығыстық дастан, қиссалар шытырман уақиғалармен, күрделі сюжеттермен қызықты еді. Жас қиялыма, ойлау жүйеме бұлар зор әсер етті. Бала шағымда сол қисса-дастандардағы баяндалған хикаялардың баршасы баяғыда, тарихта болған шын уақиғалар шығар деп ойлайтынмын...
Кейініректе халқымыздың батырлар жырларын, ғашықтық дастандарын оқығанда (бұлар совет тұсында Қазан, Ташкент баспаларында басылып шықты да қолымызға кешен тиді ғой) және де «Қобыланды»,
«Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек» жырларын жыршылар аузынан естігенде тарихта шын болған адамдар шығар деп беріле сенген едім. Айта кетелік, халық эпостарын зерттеуші ғалымдар батырлар жырындағы қаһармандардың тарихи негіздері туралы түрліше болжам, версия жасап жүр. Бұл ретте менің де тарихи деректерге сүйенетін өз пікірлерім бар.
Өз шығармаларындағы кейіпкерлердің шындық негіздерін баяндамақ болып отырып, бұл кісі қиссалар мен батырлар жырларына неге ауысып кетті дер біреулер.

Бұларды айтудың мен үшін елеулі мәнісі бар. Менің жас қиялымның қанаттануына, ақындық қабілетімнің қалыптасуына қиссалар да, ғашықтық дастандар да, батырлар жырлары да зор ықпалын тигізді. Өлең әлеміне қол созған жас шағымнан бастап-ақ мен тарихта не өз заманымызда болған шындық уақиғаларды, романтикалық жайттарды жырлауға ынтықтым. Әлбетте поэзияның өнегелі сын-сипаттарын тағылым етуде орыстың, Европаның ұлы классиктерінің, шығыстың әйгілі шайырларының дәстүрлері, өзіміздің Абай, Махамбет, Сұлтанмахмұт шығармалары ақындық өнерімнің өрлеуіне орасан да игі әсер етті.
Дана жазушылар жас қаламгерлерге арнаған өздерінің өсиет сөздерінде шығарма желісі тарихта болған уақиғаларға, әйгілі адамдарға, өмірде бар шындық немесе халықтың қиялына ұялаған аңыздарға негізделсе нанымдырақ, қызықтырақ болмақшы, деп топшылағаны әдебиет танығыштарға мәлім. Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік»,
«Анна Каренина» атты ұлы романдары тарихи және өмірде болған шындықтардан алынып суреттелген. А.С.Пушкиннің «Полтава» мен «Мыс салт атты» поэмаларында айбынды патша Бірінші Петр бейнеленген. Сондай-ақ Некрасовтың «Орыс әйелдері» атты поэмасының да мазмұны ереуілшіл декабристер уақиғасына байланысты.
Қырықтан астам өлең жинақтарым, жиырма шақты көлемді поэма шығарған менің шығармаларымда адам есімдері, кейіпкерлер өте көп кездеседі. Тұсымыздағы белгілі еңбек ерлеріне, замандас ардагер адамдарға, ақын достарыма арнаған өлеңдер де топ-топ. Өлеңдерімде жырлаған көптеген адамдар жайында бір мақалада сипаттама беру мүмкін емес. Бұл мақалада мен тек тарихи тақырыптарға арналған поэмаларымдағы белгілі кейіпкерлерім жайында сыр шертпекпін.
Мен жазған жиырма шақты поэмалардағы

кейіпкерлердің көпшілігі – тарихта болған белгілі адамдар немесе өмірде шындық негіздері бар бейнелер. Сол кейіпкерлердің бірқатарын мен өз көзіммен көрдім, олардың абзал өмірімен, әйгілі істері жайында өздерімен танысып сұхбаттасқан едім. Тегінде, тарихтан анық есітіп білгенімді немесе көріп жете барлағанымды жазуға мен ертеректен бейімделдім.
Менің алғашқы жазған поэмам «Кек». Бұл поэма 1938 жылы «Лениншіл жас» газетінде жарияланды. Поэманың бас кейіпкері азамат соғысының қаһарманы – Балтабай Баратпаев. Бұл тағдыры өзгеше адам жайында мен бала шағымда 1919-20 жылдары, (онда мен алты- жетідегі баламын ғой) жас қиялыма дүбірлі де үрейлі ой салғандайдулы-шулыәңгімелердікөпестідім. Ментуған Павлодар қаласының ығындағы жатақ тұрғындарының көпшілігі жарлы-жалшы жұрты болатын. Солармен бірге мұнда аздаған байшікештер мен саудагерлер де тұратын еді. Жатақтың орта шеніндегі біздің аласа үйдің алдынан азамат соғысының аласапыран кезінде найзалы мылтық асынған, қылыштарын жалаңдатқан талай атты әскерлер ағылып өтетін. Бұлардың ағы, қарасы қайсы, қызылы қайсысы екенін айыру қиын еді. Бірақ солардың арасынан менің бала құлағыма Балтабай есімі ерекше жаңғырыға естілді. Байшікештер, қанаушы тап адамдары: «Балтабай деген бұзық шықты, көрінгенді тонап, атып-жарып, жайратып жүр қаныпезер», – деп гулесті. Жарлы-жақыбайлар кәдімгі өзіміздің Балтабай кедейлерді жақтайтын большевик болыпты, ақтарға, байларға, бандаларға әзелі қас ер, соларға әлек салып жүр, – деп күбірлесті. Мен сол алты-жеті жастағы ұлан кезімде тар көшемен үйіміздің алдынан найзалы мылтықпен артына жасақ ертіп, қара қасқа атпен құйғытып өткен Балтекеңді талай рет көрген едім. Бұл кісі азамат майданы кезінде, әуелі милиция қызметкері, кейін бандаларға қарсы күреске құрылған жасақтың (Чон) бастаушысы болды. Кейін 1939 жылы,

«Кек» поэмасын жазарда бала қиялыма ұялаған сол айбынды бейнесін еске түсірдім:


Онда мен жетідегі жүгірмекпін, Ұқтым ба дүбірлеген сырын көптің? Зеңбірек күркіресе қызық көріп, Қызыл ту желпілдесе күлімдеппін... Соңынан солдаттың мен жүгіргенмін Сол күннен ұмытылмас сыр білемін Шықты деп шулы батыр Керекуден, – Естіген бала күннен жырым менің Геройым – аты-шулы ер Балтабай,
Байға қас, жарқылдайтын ақ балтадай. Кегіне жарлы жұрттың жанын қайрап, Ел сүйген ерліктері өткен талай...



«Кек» атты поэмамда (бұл менің ең бірінші жазған дастаным ғой) халық аңыз етіп айтқан, өзім дер кезінде есітіп білген уақиға, азамат соғысының ері Балтабай бейнесі жырланды. Бұл шағын дастанда ойдан қосқан уақиға жоқ, бәрі де кейіпкердің өмірінен, іс-әрекетінен туған суреттемелер. Балтабайды бандалармен шайқасып жүрген кезде аты-шулы Баһау (Бағай) байдың қызы атып кетіпті. Балтабай бұрын Баһау купецке жалшы болған, кейін сол Баһау бандаларға көмектесіп, ел тонасқан, қызылдарға қарсы шыққан. Сол үшін таптық кегі қайнап Балтабай Бағайды қашып жүрген жерінен ұстап алып атып өлтіреді. Баһау купец атылар алдында Балтабайға: «Мені атпа, сандық толы алтынымды берейін, екі қызымның таңдағанын ал»,
– деп жалынады. Таптық кегі қайнаған ер Балтабай Бағайды атып өлтіреді. Бандаларға қосылған Бағайдың қызы Бану әкесінің кегін қайыру үшін Балтабайды жасырынып жүріп атып кетеді... Бұл әңгіме ел аузында сол тұста аянышпен көп шертілген еді. Балтабайдың

бұл қайғылы тағдыры менің бала жүрегімді тебірентті. Жігіт шағымда жиырма бес жасымда, бұл уақиғаны мен терең толғана отырып поэма етіп жаздым. Естіген, білген уақиғаны болмыс қалпында очеркке айналдырмай поэзия әуенімен сыр шерттім...


Астына жасырғандай тасын жайдыр, Жалтылдап жатыр көлі Жасыбайдың, Көк мөлдір теңселгенде тегенеде, Түбінен көрінген көк жасыл айдын.
Көл жатыр тау қойнында дөңгеленіп, Ақбет тұр ақша төсін күнге керіп Жартастың тасасында, көл шетінде Бағай бай паналаған түнде келіп...


Кейіпкерлерімді қоршаған табиғат көріністерін суреттеумен бірге, поэмамда ара-тұра лирикалық шегіністермен де сыр шертілді.


Өспедім басқалардай ерке болып, Үйрендім мехнатқа ерте көніп Тегінде тентек етті қала мені, Өрліктің әуендерін шерте беріп, Өзгеше тебіренткен өр күш мені, – Тек қана өр толқындар Ертістегі, – Қалыпты жүрегімде ұйып сонда, Ашулы, адуынды Ертіс демі.


1982 жылдың 10 ноябрінде совет милициясының
60 жылдық мерекесі кезінде Қазақ ССР Ішкі Істер министрлігі мені телевизия арқылы сөйлеуге шақырды. Бақсам, милиция ардагері Балтабай Баратпаев есіміне республикалық жүлде белгіленген екен. Сол жүлдені милицияның өнегелі қызметкерлеріне сол мерекелі күні тапсыруды ұйғарыпты. Милиция ардагерін тұңғыш жыр еткен маған «Кек» деген поэмаңыздан үзінді оқып,

Балтабай туралы естелік айтыңыз деп өтінді. Милиция басшылары, елу милиция қатысқан телевизиялық бұл жиынға Балтабайдың туған баласы, қазір жасы ұлғайған Сапар Баратбаев та қатысты. Мен халықтың тәртіп, өнегесін сақтаушы, игілігін қорғаушы абзал азаматтарға Балтабай туралы естелік айтып, «Кек» поэмасынан үзінділер оқып бердім.
Өлеңдерім баспасөз беттерінде жариялана бастады, жас болсам да баспасөз тарапында жауапты қызметтемін, астымда жеңіл машина... оның үстіне 8-класс әдебиет хрестоматиясына Сәбит Мұқановпен бірге қосалқы автормын, 6-класқа әдебиет оқулығын жасаушы бір өзім болдым. Институтта оқып жүргенде мен поэзия классиктері Байронды, Пушкинді, Лермоновты өте-мөте сүйсіне оқыдым. Бұл жайттарды еске алып отырғаным – «Орман қызы» және белгілі поэмаларды жазуда – осы айтылғандардың игі әсерлері болғандығын ескерту еді. Және де бұл поэманы жазуға мені құлшындырған елеулі оқиға – қазақ өнерінің 1936 жылғы Москвада аса салтанатпен өткен онкүндігі. Бұл декадада қазақтың ән-күйлері, әнші өнерпаздары астана жұртына мүлдем таңсық, таңғажайып өнерлерін көрсетіп, зор мадаққа, даңқ-атаққа бөленіп қайтты. Жерлестеріміздің, өзім танитын өнерпаздардың өнері ән мен күйге ынтызар мені ерекше толқытты.


Бір елес бұзып кетті сал ұйқымды, Келгендей құлағыма ән сиқырлы Аймала ән сұлуын наз өлеңім, Жырымда жадырасын жан сүйкімді Аспанға кетсін шалқып күйдің үні, Оятсын бейбіт жатқан ұйқылыны Еркесі ой-сезімнің ән менен күй, Қыздың да жүрегіне тиер жылы...

«Орман қызы» поэмасындағы басты кейіпкерім Қарлығаш есімді әнші қыз болса да, бұл бейненің прототипі (түпкі тұлғасы) әйгілі әншіміз Күләш Байсейітова болып меңзелген еді. Қазақ өнерінің Москвада өткен онкүндігінде таң-тамаша асқан өнерімен көзге түскен, жоғарғы үкімет пен партия басшылығынан разылық тапқан, айрықша құрметті атақ алған – халқымыздың сандуғашы абзал Күләш болды. Поэмадағы уақиға желісі өзгеше тартылса да мұндағы өнерпаз қызды ардақтап жыр еткенімде менің көзіме Күләш елестеп тұрды.


...Жарқ етіп шықты міне сахнаға, Тұр екен ән толқыны дәтін ала Көзінен кереметті ұшқын атты, Солай бір серпіледі ақын ғана Сылдырап шашындағы ақ шолпысы, Желбіреп ақша гүлдей шоқ үкісі, Майысып құба талдай топ алдында, Жымиды құлпырды да сұлу түсі
...Күмбезге күміс төгіп әні кетті, Сарайдың залдарын жарып өтті, Кең дала жазығындай ән жайылып Аңсаған алыстарға ағып жетті...
...Сол әні аспандаған «Гәкку» деген Арбады жүректерді тартып неден? Өзі де аққу сынды қарлығашым, Қазақтың ән көгінде бақ тілеген... Аяулы жүрегімнің сен иесі,
Асыл ән махаббатың әулиесі Жетеме аспандаған наз даусыңа, Ағылса жырдың мадақ дүниесі?»


Кереметті өнер иесіне арналған албырт шақ дастаным осылай жазылған еді. «Орман қызы» атты дастанымды 1939 жылы Қазақстан Орталық Комитеті жариялаған

конкурста бәйгеге қосқан едім, бәйгеде жүлде алып, комсомол сыйлығының лауреаты атағына ие болдым.
Бала жасымнан көкірегімде күйі күңіренген, жігіт шағымда мені зор шабытпен шалқытқан дастаным
– «Ақсақ құлан». Бұл дастан ертеде «Ақсақ құлан» күйімен атышулы Шыңғыс ханның ұлы Жошыны толқытқан күйші жайындағы, халқымыздың өшпес аңызына байланысты туды. Бұл аңызды, бұл күйді бала шағымнан естіп, сазына тербеліп өскен едім. Поэманы тарихи дастандар қатарына қосуыма дәлел
– Жошы ханның тарихта болғаны белгілі, оның ел жаулауға құмар, сотқар баласын аң аулап жүргенде қыпшақтардың өштікпен өлтіріп кеткені де шындық. Ел аузындағы бір ауыз жырда:


Алаша хан, Жошы хан, Қырда құлан жосыған. Құлан теуіп өлтірді, Ажалын оның келтірді... –


деген еміс сөз бар. Бірақ, аңызда Жошының баласын қыпшақтар өлтірген деп ашып айтпайды. Заманында хан баласының ажалын құпия сақтаған халық – ханзаданы аң аулап жүргенде құлан теуіп өлтіріпті деп құпия халқында сақтайды да, ханға баласының өлімін естіртуге тұсындағы дарынды күйші Тыманы жұмсайды. Өйткені баласының ажал тағдырынан бейхабар хан «кім де кім баламның өлімін естіртсе, сол естіртушінің басын қағамын» деп жұртқа қаһарлы бұйрық таратқан. Сонымен бірге қайғылы, ызалы жауыз хан өзіндей болып зар шексін деп, өзі билеген елдің балаларын аналарынан, жас төлдерді енелерінен айырып, Сырдарияның екі жағына үйіріп, мүскіндерді аңыратып, азынатып қойған. Баласының ажалын естіртеміз деп келген талай төрелер мен бектердің аузын аштырмай, басын кесіп отырған. Балалары,

төлдері улап-шулап, зар қаққан ата-аналарды егіле аяп, халықтың күйзелісіне жаны елжіреген Тыма күйші, өз басын айдаһар ханның қанды тырнағына тосып, ел зарын төккен күңіреністі күйімен хан баласының өлімін, ажалы ақсақ құланнан болды деп аңыраған күй лебізімен аңғартады сабаз күйші.
Халық қаперінде сақталған аңыз да, күй де қысқа ғана. Ал мен аңызға да, күйге де беріле де, тебірене де толғанып дастан желісін керек әсем суреттермен, шиеленіскен жайттармен өрістетуге талаптандым.
«Ақсақ құлан» поэмасын 1939-1940 жылдары жазып алғашқы нұсқасын «Әдебиет және искусство» журналының 1940 жылғы екі санында жарияладым, кейін 1963 жылы табиғат, адам сыр-сипаттарын әсірелеп қайта жаңғырттым. Бұл жаңарған екінші нұсқасында осы жайтты ескерте кеттім.


Жеткенде өлең-жігіт жиырма беске, Көз тіктім шыққан сонау жыр белеске, Пернесін сонда бастым албырт күйдің, Әуені әлі күнге жүрген есте, Жанымды жаңа жырға иген едім, Қалай сен бала мұңы кимеледің?
Еріксіз елжіредім естігенде, Елімнің ертедегі күй бебеуін,
Сол күйге замандардан зар қосылған, Тіл қатты обалар да қан жосыған.
Ертеден өскен желмен күбірледі,
Көр болып қалған іздер хан Жошыдан Бағыдан бала жырың сыр алмаған, Болды ма ырғақтары бұраң маған?
Күй нәшін келтірмепті кезде сонау, Домбырам құлағы дәл бұралмаған. Оралып өктем күйдің өр нәшімен, Ағыттым жарауымды кермесімен.

Ағыттым құйқылжыған құланымды Желідей жырдың жаңа пернесінен,


«Ақсақ құлан» дастанының қандай тебіреністен туғанын, бұлшығарманыңбес жылдансоң жаңартылып, өңделіп жазылғандығын осылай паш еткен едім... Бұл дастанды жазуға халықтың аңызы, күйі әсер етті десем де, бірақ мен Жошы хан озбырлық жасаған дәуірді оқып-біліп, анықтай, әшкерелей жырладым. Сырдария (Жейхун) айналасын ойран-топыр еткен, сағаларынан қан жосытқан, оғыз-қыпшақтың сәнді қаласы Сығанақты өртеп, жермен- жексен еткен моңғол шапқыншыларын, солардың басты сойқаны Жошы бейнесін дастанда бір шама қалпына келтіре суреттедім деп ойлаймын.


Жейхунның самал соқпай кең арнасы, Тулақтай тақыр болған көгал басы.
Жағасын қалың тобыр жаугер басып, Алқапта айбат шеккен хан ордасы.
Моңғолдың маңғыт қырған қоналқасы, Адырда, алау жұтқан Сығанақтың, Қалыпты қалалардың қараң тасы,
Әлі де суыған жоқ қоламтасы. Шығысты шеңгелімен уыстаған, Шыңғыстан ұлыс бар ма ығыспаған? Өзіндей ажал түсті обыр ұлы,
Жошы хан мұнда келіп тыныстаған.


Бұл сипаттама тарихи шындықты елестеді. Ал күйші тұлғасы, іс-әрекеті, күйшінің сүйікті жары Еліктің сыр-сипаты – творчестволық қиялдан туған жайттар. Тарихи шындық негізі бар, оқырман жұртшылыққа белгілі, сыншылар тарапынан да жақсы баға алған, орыс тіліне аударылып (аударған белгілі ақын Владимир Соколов) бірнеше рет жарық көрген бұл туындымды өз

творчествомның биік шоқтығы деп мәртебе тұтамын. Поэманың поэзиялық қасиетін, әсем өрнектерін, күй сарындарын оқыған адам менің бұл мақтанышымды бекерге шығармас...
Ұлы Отан соғысы тұсында мен армияда шамасы бір жылдай мерзімде Орта Азия соғыс округінің органы Ташкентте шығатын «Фрунзовец» газетінің қазақ редакциясында әскери журналист болып қызмет атқардым. Қазақ тіліндегі газеттің шығуы тоқталғаннан кейін, саяси қызметкер есебінде, Орта Азия соғыс округінің әр тұстағы бөлімдерінде саяси-үгіт жұмысын жүргіздім, лекциялар оқыдым. Соғыстың соңғы жылында, жеңімпаз Совет Армиясының құрамында Польша, Чехословакия жерлерінде де болдым. Ұлы Отан соғысы жылдарында мен майдан дүбіріне үн қосып, бірнеше өлеңдер, балладалар жазып жүрдім. Солардың ішінен тарихи шынық негізі бар екі баллада сынды шағын дастанды еске алайын. Біріншісі – орыстың атақты қолбасшысы Александр Невский жайындағы жыр. Тарихтан белгілі князь Александр Невский – орыс жеріне шабуыл жасаған неміс басқыншыларына
– «Тевтон серілеріне» Чуд көлінде қирата соққы берген, орыс қаруының құдіретін көрсеткен қаһарман ер.
Екінші баллада іспетті жыр – Москваны қорғау майданында 28 гвардеецтердің, қазақстандық өрендердің неміс басқыншыларына қарсы жасаған ерліктері. Күллі халқымызға аян, бұл уақиға – Отан соғысының мәңгі өшпес хикаяларының бірі.
Соғыс алабынан Алматыға оралысымен жазған
«Сырдария көкпары» хикая жырды да атап кетейін. Соғыс аяқталысымен Сырдария бойында су қоймасы (плотина) жасау жұмысына қызылордалықтар қызу кірісті. Сол туралы мен «Сырдария көкпары» деген сюжетті жыр жаздым. Мұнда су құрылысын жалаң очеркке ұқсатпаймын деп, аңызға айналдырып, яки су қоймасын жасаушы қазақ жігіті мен Сырдария суына

қапыда тақиясы ағып кеткен мақташы өзбек қызын – екі бейне етіп ұштастырдым. Сыр суын егін даласына қарай бұрып өзбек қызының тақиясын ұстап қалған қазақ жігіті – мақташы қызға іңкәр лебізін білдіріп сәлеммен сыр шертеді...
Кешікпей Алматыға келген Мариям Жагорқызын аэропорттан қарсы алдым да, тура үйіме қонаққа шақырып әкелдім. Аты да, әні де аңызға айналған ардагер адамға өз үйімде өткенінен көп сыр шерткіздім... Мариямның айтуынша әкесі Жагор (Егор Рекин) Россияның орталық өңірінде таршылық көріп, өз бетінше қазақ жерінен қоныс тапқан жарлы шаруаның бірі екен. Нұра, Қорғалжын атырабына келіп қазақ ауылында балташылық, балықшылық кәсібімен айналысып жүріп қазақ кедейлерімен достасып кетеді. Жагор қазақ тілін, әдет-ғұрпын тез меңгеріп алады. Қызы Мария жасынан қазақ ауылында, қазақ жастарының ортасында бәріне туыс, құрбы секілді болып еркін, еркелеп өседі, қазақша ән салуды машық етеді. Ал Дүйсен (Дудар деп шашына қарап әзілдеп атаса керек) Мариямен қатар өскен, кейде орыс селосына барып, орысша сөздерді, гармонь тартуды, билеуді үйренген және хат таныған сүйкімді, пысық жігіт болыпты. Әкесі Үлкен де көршілес орыстармен дос, пейілдес адам екен. Дүйсен мен Мариям бір- біріне ұнасып, ғашық болады. Бұлардың жар болып қосылуына орыс кулагының баласы Андрей, ауылдағы болыс Ыдырыс, сол маңдағы хазірет кедергі әрекеттер жасайды. Солардан сескеніп Жагор орыс селосына көшеді. Үлкен жалғыз ұлы Дүйсенмен ауылда қалады. Марияға село кулагының баласы Андрей қоқаңдап, Мариямды еріксіз құшпақ болады.


Ащы көл, Тұщыкөлдің арасы бір, Басыңа кәмшат бөрік жарасып жүр.

Дударай келер болсаң, тезірек кел, Орныңа талай жаман таласып жүр,–


деп Мариямның зар қағатыны осы жайға байланысты. Ал арасынан жар болып қосылуға еркіндік таппаған екі бейбақ қол ұстасып Қорғалжын, Балқаш жаққа қашып кетеді. Сөйтіп қашып жүргенде Дүйсен оба ауруынан қаза табады. Мәриям жесір қалады. Ғашығы Дудар мен өз жайында Мариямның маған шерткен сыры осы негізде ғана. Ал менің поэмамдағы келтірілген адамдар өз ағасы Алексей, болыс Ыдырыс, кулак баласы Андрей, Дүйсеннің құрбы досы Базар жайында Мариям олардың бұл бағытта пәлендей іс- әрекеті болды деп уақиғаға желі болып тартарлықтай мәнде мәлімет айтқан емес. Тіпті менің поэмамда бірінші жиһангерлік соғыстан ақсай басып елге оралған Алексей де екі жастың махаббат уақиғасына дем берген кісі емес, 1916 жылғы қазақ шаруаларының ереуіліне Дүйсен де, Мариям да, Алексей де қатысқан емес, бұл жайттар кейіпкерлерімнің әлеуеметтік жағдайда идеялық бейнелерін, халықтық мұрат-мақсатын, іс-әрекетін әсірелеу үшін менің творчестволық ой- толғанысымнан қосқан уақиғалар. Мені бұл дастанды жазуға тебіренткен қазақ феодалдары мен діншілдердің ескі әдет-ғұрпы үстем шақта, патша әкімдері мен орыс кулақтарының ұлт араздығын қоздырып тұрған шақта, орыс қызы Мариямның ескі шырмауық салтты бұзып қазақ жігіті Дударға ғашық болуы, әсіресе халқымыздың көкейін тербеткен «Дударай» атты әйгілі әні. Бұл ән жастайымнан менің кеудемде самал желдей ескен сүйкімді лебіз еді. Сондықтан мен бұл дастанды бастарда былай жазған едім:


Өзіңнің өрен жырың бұл тағы да, Ыршыған бұлт артында бұрқануға, Бұл жырым жүрегіңдей таза сенің

Ешкімнің бұрылмаған бұлтаңына. Бұл сенен қызықты боп қалған аңыз, Сазына сол жырыңның таң қаламыз. Тебіренсе даламызда «Дударайың» Бар қазақ үн қосамыз, толғанамыз.
Жырлаймын сен сақтаған махаббатты, (Ежелден ғашық сыры маған тәтті) Достықтың таңда соққан самалындай, Жырла деп «Дударайың» дабыл қақты.


Поэманың уақиғалық мазмұны көпшілік оқырмандарға танымал болса керек. Бұл дастаным қазақ тілінде де, Москвада орыс тілінде де бірнеше басылды. Оқырман, сыншы қауымның дастаныма білдірген ізет ықыластары, берген бағалары мен үшін ізгі сүйеніш, әсіресе әдебиетіміздің ардагер, ұстаз жазушылары Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановтың:
«Мариям Жагорқызы» поэмасы жайында кезінде білдірген ізгі пікірлері менің қаламымды биіктерге сермеуге зор шабыт, мерей туғызды.
«Тұрлаулы тағдыр», («Ақан Ақтаев» деп те аталды) поэмасын мен 1957 жылы жаздым. Бұл тұста әлеуметтік ағымда ағат, жалақорлық, адал азаматтарға кесір келтірген өрескел бір кезең сын талқысына түсіп, партия сол қателіктерді түзеу бағытын әділ шешкен шақ еді. Бұл поэмада сол бір өсек-жала, жазықсыз жаза тартқан кезде қуғынға ұшыраған студент, жас инженер Ақан Ақтаевты бейнеледім. Ақан кейіпкерімнің шын аты емес және бұл бір ғана адамның өмірі туралы хикая да емес, бұл – бір кезеңде жаламен қуғын көрген білімді, адал абзал адамдардың жиынтық образы.
Институттан пәлеқорлардың жаласымен қуылып, Ақан өзі тіленіп Жезқазған шахтасына кенші жұмысын атқаруға кетеді. Мұнда да оның соңынан жалақор от ала түсуін қоймайды. Ақан түскен ауыр жаланы өзім де бастан кешкен едім.

...Сағындым комсомолдың жиылыстарын, Әсілі қашып содан жылыспадым.
Қызғанда сын көрігі алауына Бетімді бүркемедім тік ұстадым. Бәріміз біліп өстік сын бағасын, Бөлістік сынның талай сыбағасын.
Қалайша сондай сыннан сыр аласың? Шат, таза жүрегіңді арандауға.


Осы әуеннен-ақ, автордың кейіпкер тағдырына ортақ екені сезілсе керек. Қуғынға түскен Ақаннан сол мезгілдің кесірінен достары да аулақтай жүреді, тіпті жүректері ұнасқан сүйікті жары Әсия Ақанға теріс қарап, жалақор жексұрынға көз аударады.


Қалқашым, неге бірге күйінбедің? Ақ жүрек ағысымен сүйіп едің?
Әлде шын сескендің бе, түсінбедім, Сырыңды ашуым да қиын менің.
Қапыда қапа болып жүргенімде, Сен менің қиялымды білмедің де,
Көрдім мен жүрдің билеп әлдекіммен, Егіліп думан қызық дүрмегінде
Уа, білсең сонда қандай езілдім мен, Күйіндім өртелгендей сезім мүлдем. Алдамшы махаббатқа айтып нәлет, Алғашқы ғашығымнан безіндім мен...


Поэма соңында кенші, жас бұрғышы Ақанның шахтадағы шұғыл, екпінді еңбегі кеншілер арасында абыройлы болуы, жанына жегідей езген пәле-жала ызаларын арпалысқан қиялмен жеңіп, жарқын келешегін берік сеніммен күткен шақтары жырланады. Ақырында кейіпкерім Ақанның ақталғанын, пәле- жаладан арылғанын, адасқан жарына қайта қосылуын, өмірден бақыт тапқанын суреттеймін.

Тарихтан белгілі революционер, Ленин комиссары Әліби Жанкелдин жайында «Дала комиссары» деп аталған көлемді (1960 жылы) хикая жаздым. Әліби Жанкелдиннің аңызға айналған ереуілді өміріне бала жастан қанық мен сол ердің өзін көруге құштар едім. Алматыда Әлекеңді сырттан көріп жүруші едім, 1941 жылы октябрь айында сәті түсіп ардагер ағамен бетпе-бет кездестім. Сол тұстағы Қазақстан Орталық Партия Комитетінің секретары Абдолла Бұзырбаев мені өз алдына шақырып: (мен ол кезде әлі әскер қызметіне жұмсалмаған едім) – Сіз Әліби Жанкелдин ағаймен кездесіңіз, азамат соғысының ері ғой, неміс басқыншыларының сойқандық шабуылы жайында радио арқылы сөйлеуге ол кісі өзі келісім берді. Сіз Әлекеңмен әңгімелесіп, сөйлер сөзін қазақша жазып беріңіз, орыс тіліне өзі де жетік қой, - деді. Мен бұл тапсырманы орындадым. Әлекеңнің үйіне барып ол кісімен ұзақ сөйлестім. Радио арқылы сөйлейтін сөзін өзі ауызша айтып, мен қисынын келтіріп жазып отырдым, кейін машинкаға бастырып Әлекеңе ұсындым. Әлекең разы болды. Сол кездесуде өзінің революцияға берілген өмірі жайында Әлекең біраз мағлұматты менің қаперіме жеткізіп өткен еді. Сол жылы Әлекең үкімет тарапынан Алматы облысындағы Жамбыл ауданында өтіп жатқан науқанға өкіл болып барды. Мені өзі қалап қасына ерте кетті. Әлекеңмен бірге біз атақты Жамбыл жыраудың сән-салтанатты кең сарайыны орналастық. Дана Жамбыл революция қаһарманы, аты әйгілі Әлібидің үйіне ізет етіп келгеніне дән риза болып, Әлекеңмен көп әңгімелесті. Ол кісі бастан кешкен ересен ерлік жолдарын ықыласпен халық жыршысына баян етті, мен сол екі әйгілі адамның сұхбат сырларын көкірегіме ұялата бердім. «Дала комиссары» поэмасының желісі сонда ағытылды:

Жайғанда Алатауға күн қанатын, Жыр аңсап әдетім бар толғанатын. Басынан қарлы құздың қыран көрсе – Солай бір саятшы да таң қалатын...
Болса да сонда сырқат, ауыр күйде, Бас болып бауыр басқан ауыл үйге, Отырды ойға батып ата Жамбыл, Шерткізіп әңгімесін Әлібиге
Салты жоқ өз даңқына еліккен де, Әсілі тасымайтын керіп кеуде, Әлекең тербелді де жырау тыңдап, Отырдым сол сырына еріп мен де Деп солай ата жырау қалды қарап, Түйілді қауырсын қас қалың қабақ, Тап маған қыран көзі қадалғандай Сол жырын қарияның алдым қалап. Сертімнен содан бері айрылмастан, Мойныма мінді менің қарыз дастан. Көз жұмып кетті қайран Әлекең де
Қарт жырау жатыр үнсіз қабыр басқан.


«Дала комиссары» поэмасының бастауы осылай өршілген еді. Бұл дастанды жазуды мен соғыс тұсында ойдан шығармай жүрсем де, кейін өзге өлең-жырлар кимелеп кетті. Соғыстан оралған соң да Әлекеңмен ұшырасып жүрдім.
«Дала комиссары» поэмасы қазақ совет республикасының 60 жылға толу мерекесіне арналып жазылып, 1960 жылы жеке кітап болып шықты. Орыс тіліне де аударылған бұл дастанның мазмұны, уақиға желісі Әліби Жанкелдиннің өмірі, азамат соғысы кезіндегі ерлік істері жайындағы кейіпкердің маған айтқан өмірбаянымен белгілі тарихи деректерге негізделді. Сондықтан поэманың мазмұны – геройымның жұртқа мәлім өмір әрекеттері, бірнеше рет басылып шыққан кітаптарымнан оқырман жұртқа

белгілі болса керек...
Бір кезде төтенше қателіктің құрбаны болған абзал да атақты адамның тағдыры хақында қалам қозғауға да қиын. Бұл тақырыпқа ойысудан көптеген қаламгерлер әлі күнге бой тартып келеді. Заманға деген берік сенімі бар, партиялық-идеялық ой-санасы мызғымас ақын- жазушы мұндай сыры қилы уақиғаны шындық негізде сипаттаудан жүрексінбесе керек. Осындай астарлы, қайшылығы қиын тақырыпқа мен жоғарыда аталған
«Тұрлаулы тағдыр» атты поэмадан кейін «Сұңқар туралы аңыз» атты поэма жазып Сәкен Сейфуллиннің тағдыры туралы тебірендім (1964ж.) Бұл тақырыпқа жыр жазарда мен көп толғанып, тереңірек ойландым. Алматы, Карл Маркс көшесіндегі (Виноградов көшесінің бұрышы) қоңырлау ағаш үйде тұрған еді Сәкен ағай, сол үйдің қасына барып толғандым да поэма кілтін аштым.


Осынау арнау жырдың есесіне, Кешіккен сәлемімді кешесің бе? Есіркеп тұрмын қарап,
Ескі үйге –
Алматы, Карл Маркс көшесінде. Бұл бір үй ақындарға болған орда. Талай жыр тауып өткен толғанарда
Енді тұр бұлбұлы жоқ бақтай мүлгіп, Шырмауық әлде гүлін торлаған ба?


Ардақты ұстазымның тірі кезінде осы үйге келіп, алдында тұрып өз жырымды оқығанымды еске түсіремін. Революционер ақын азамат майданы кезінде, совет үкіметін орнату үшін күресте ақ бандалардың сойқан торына түсіп, абақтыда және де аты шулы атаман Анненковтің ажал вагонында азап шеккен. Бастан кешкен бұл уақиғалар жайында өзі «Тар жол, тайғақ кешу» атты биографиялық повесть пен «Қызыл

сұңқарлар» атты пьеса жазған. Бұл шығармалармен жұртшылық бұрыннан таныс. Мен «Сұңқар туралы аңыз» атты шағын дастанымның негізіне ақынның өзі шерткен сырларын және ұстаз ақыннан өзім көріп, білген жайттарды арқау еттім. Бұл шағын дастан лирикалық сарынмен, жас ақынның қапыда мерт болған ұстазын жоқтаған күйінішті лебізімен шертіледі.
Бұл лирикалық әуенді поэмада Сәкеннің көңіл күйлері ұстазымнан әсер алған сезімдерім де үн қосып отырды.


Тұлпарға үйір келер ат болар тай, Тай едім жыр соңында аттаған жай, Назары ауды маған қуандым мен Ежелгі үмітімді ақтағандай.
– Ұлымын сізге мәлім Нұрғожаның, Азырақ әкемшілеп жыр жазамын Жырым бар сұңқар жайлы, ұяламын... Оқуға олқы ма деп сыр ажарын
Жыр болса оқы бала, абдырама!


Бұл жолдар Сәкен алдындағы менің күй-жәйімді елестетеді, содан әрі Сәкен өмірін сұңқарға теңеп, оның тап жаулары құзғындармен тартысқанын символмен бейнелеп жырлаймын. Аяулы ақынның кейінгі тосын тағдырын да бейнемен тұспалдаймын.


Күдері көңілімнің күрт үзілді, Аспанға буралардай бұлт тізілді Жаңағы күн шуағы жоғалды да, Суық жел соға қалды бүркіп зілді
Жалбырап қара шашым жүгірдім мен, Үрейлі жапырақтың сыбдырымен,
Сол үйге ол да мендей қарап төнген Қаптаулы терезелер қара тормен

Сұңғақ бой көрінбейді, стол бос тұр, Сұңқар жоқ тұғырында қанат керген.


Бұл бейнелердің астарында Сәкен тағдыры күңіреніп тұр. Ортамыздан кеткен Сәкен ағаны мен тәсілмен түсімде елестеттім. Түсімде Колчак түрмесінен құтылып Көкшетаудағы Сәкенге жолығамын.


Ұшырып апарды ма жел қанат жыр, Сол жерге қалай жеттім, ғажап тағдыр, Сағынтып Сәкен аға қайда жүрсің?
Жетімдей жұртыңызды жыр жоқтап жүр. Колчактың жаңа шықтық түрмесінен, Сонау бір тар жолым ғой бұл кешірген Сендерге қалсын жырым!
Сұңқар болып,
Ұшамын сонау көкке көл-көсір кең.


Түсімде абзал ақын жарқ етіп елес береді де ғайып болады. Сәкен өмірінің бұрынғысынан да, кейінгісінен де сондай бейнелі теңеулермен тұспалдап жырлаймын. Тұжырымдап айтқанда «Сұңқар туралы аңыз» Сәкен тағдырына негізделгенмен бұл поэма – образды бейнелеп сипаттау тәсіліне құрылған қиял мен сезім дастаны.
«Кремльсақшысы»аттыпоэмада(1967ж.)жырланған кейіпкерім Әли Сәрсенбин – азамат соғысының тұсында атақты Әліби Жанкелдин отрядының жауынгері болған. Әли 1920-21 жылдары Кремльдегі ЯЦИК атындағы әскери курстың курсанты және сол жылдары Кремльде сақшы қызметін атқарған. Осы қызметте жүргенде, сақшы ретінде ұлы көсемді бірнеше рет көрген, сөзін тыңдаған кісі. Әли Сәрсенбин бір күні Ленин кабинетін күзетуге сақшы болып тұрады. Сонда сәті түсіп В.И.Ленинмен ұшырасып, тілдеседі. Поэманың негізгі өзегі осы игі жәйттен, қазақ жауынгерінің ұлы Ленинмен кездесуінен, сөйлесуінен туындайды.

1966 жылы Әли Сәрсенбин ағайды мен Алматы облысы, Шелек ауданында кездестірдім. Азамат соғысының ардагері бұл кезде жасы ұлғайған, көзі түнеріп қалған жасамыс жандардың бірі екен. Бір кездегі жауынгер азамат, басынан кешкен уақиғаларды маған өзі баяндап берді. Әлиді мен Алматыдағы үйіме шақырып алып та сырластым. Әли Ырғыз бойында туған кедей шаруаның баласы екен. 1916 жылдары жергілікті патша ұлықтарының әмірімен Москвадан Ташкентке тартылатын темір жолды салу жұмысына жұмсалады да, сол жылы бірінші империалистік соғыс майданына, Рига жаққа қара жұмысқа (окоп қазу)сияқты еріксіз жіберіледі. Сол майдан атырабында жүріп Әлидің саяси сана-сезімі ояна бастайды. 1918-1919 жылдары Әли Сәрсенбин Әліби Жанкелдин бастаған ерікті отряд қатарына жауынгер болып түрлі шайқастарға қатысады. Тәртіпті және ер солдат Әлиді комиссар Әліби Кремльдегі сақшылар курсына жібереді. Ал Әли Сәрсенбиннің В.И.Ленинмен Кремльде кездесуін анықтау қажет болды да, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Партия тарихы институтынан тарихи дерек іздедік. Архивтағы дерек бойынша Ә.Сәрсенбиннің Кремль курсында оқығанын, сонда жүріп партия қатарына алынғандығы рас болып шықты. Поэманың желісі, баяндау жыры кейіпкерімнің өз аузынан шертіледі. Поэмадағы тарауларды сақшының толғаныстарын лирика әуенімен, монолог тәсілімен әдейі әсіреледім.


Күзгі түн Кремльде күзетте мен, Қараймын зәулімдерге ізетпенен Алғашқы күзетім бұл – қандай бақыт! Мен кіммін? Өз бойымды түзеп көрем. Кешегі жалшы жаспын, қыр ұлымын. Болдым мен азаткердің бірі бүгін

Қолымда мылтығым бар, бағып тұрмын, Киелі Кремльдің ұлылығын...


Осылай кейіпкердің көпшілік қауымға өзі сыр ғып шерткен хикаясымен бастаймын да сол қалыпта желісін әрі тартамын... Бұл поэма бірнеше басылып шықты. Сондықтан көркемдік сипаты, мазмұны оқырмандарға таныс болса керек.
Тегінде, мен творчестволық бағытымда, жас шағымнан бері ардагерлер, өнерпаздар өмірін, өткендегі әнші, күйші, ақындар тағдырын жырлауға өте құштар болдым... Сондай тақырыпқа арналған поэмалардың бірі – «Соңғы сайран». Бұл шағын дастан атақты Ақанның серілік, әншілік сырлы өмірі жайында емес, бұл жырда Ақанның тек соңғы бір күйінішті шағы яки сері жанның сайран, думаннан, Ақтоқтыдай сүйген аруынан, Құлагер сынды тұлпарынан, бөктергілерді бүретін қыран құсынан айрылып, жасы да, еңсесі де еңкейіп, Қоскөл жағасында жалғыз қалған аянышты халі қасіретпен шарқ ұрған қиялын сипаттайды.


Аулақта қызық думан, алтыбақан, Ауыл жоқ айналада алқа қотан, Күрсінсе сақалынан жас тамшылап, Қоскөлдің жағасында отыр Ақан.
Жағасын бұлт басқандай қарайған маң, Үстінде сағым да жоқ арайланған.
Құс та жоқ, қыбыр да жоқ өңірінде, Оқшау көл көшкен жұрттай қараң қалған.


Бұл поэмада жыр болған жайт ел аузындағы аңызға негізделіп, автор Ақан қайғысын өзінше толғайды. Ақан сері жайында жазылған өзге шығармаларда Ақтоқтының Ақанның өз қолында қаза тапқаны ашылып айтылмайды. (Адуынды албырт серінің күйгелек қызғанышынан туған уақиға ғой). Мен осы

жайды күйінішпен жырладым:


Өтсе де оған көп жыл – өршіл сол шер Алысып албырт арман өксіген ер – Кешірмей бөбек қыздың еркелігін, Сілтеген сұлуына сері семсер...
Кетпеді жүрегінен сол бір қайғы,
Сонау шақ көрген түстей бұлдырайды...


Сонда ауыр сағынышпен таяғын домбыра етіп, бебеу қаққан бейбақ Ақанға көл тереңінен сексен қызбен қосыла ән шырқап, Ақтоқты сылаңдап шыға келеді.


«Серім-ау, киігі едім құба белдің, Бұл көлге семсеріңнен құлап өлдім. Зарыңды күңіренген естідім де Сілкініп су астынан шыға келдім. Сұңқарым, ұмыттың ғой сол кінәмді, Кетіп ең құйындатып ақ құланды Сағындым әуеніңді сұңқылдаған,
Бұлбұлым, шырқашы бір сол бір әнді...


Шерлі Ақанкөлденшыққанғашығынбұрынғысынша қайта құшып сүйеді, қайта масайрайды.


Білмеді қыз ойнақ па, жын ойнақ па? Осылай түндер өтті бұл аулақта Дауасын ескі дерттің тапты солай, Делбедей басы дел-сал ауған шақта.


Ел аузындағы аңызға бұл дастанда осындай символикалық, романтикалық махаббат трагедиясы жыр болады. Айта кетелік, аса сезімтал, қиялы ерекше кейбір адамдар есі адасуына байланысты галлюцинация яки жалған құбылыс көзіне елестейтін әдет болады. Мүмкін ел аңызы Ақан қиялында елестеген сондай

жәйтке байланысты шығар...
1970-1974 жылдар арасында мен «Мамырстан»,
«Шардара», «Америка хикаяттары», «Гималай сарыны», «Ертіс хикаясы» атты поэмалар жаздым.
«Мамырстан» – республикамыздың құрылғанына 50 жыл толуына арналған толғау жыр. Мұнда «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» заманды, молшылық мекені «Жиделі байсын» жерін аңсаған халқымыздың арманын толғаған Асан Қайғыдан басталады да, жыр советтік еркін, шадыман дәуірдің дана жырауы Жамбыл толғанып қазіргі шадыман дәуренді мадақтаумен аяқталады. «Мамырстан», негізінде дәуір туралы толғау-жыр.
Творчествомның кейінгі белесінде республика- мыздағы маңызды жаңалыққа еңбек адамының ерлік жеңісіне арналған шығарма деп «Шардара» («Теңіз дастаны») поэмасын атар едім. 1971 жылы болса керек, Шардараға арнайы барып, халық игілігін, несібе теңізін жасаушылармен кездестім, жапан шөлейтке қол құдіретімен біткен телегей айдынды көріп ерекше тебірендім... Халық несібесінің кең керенесін жасаған кереметті өрендермен сырласып келелі дастан жазуға ерен шабытпен толғандым. «Шардара» поэмасындағы кейіпкерлерінің прототиптері бар, бірақ нақтылы адамдар емес, Шардара шындығына негізделген өзім жасаған бейнелер. Поэмадағы уақиғалар желісінде де сондайлық творчестволық ойдан қосылған жайттар. Бұл поэма қазақ тілінде екі-үш рет және Москвада орыс тілінде басылып шықты.
Менің шығармаларымда өз Отанымыздың тарихи шындықтары және халқымыздың даңқты кезеңдері, ардагар адамдары басымырақ жырланады да және капиталистік елдердегі шығыс атырабындағы озбырлық, қорлық көруші жұрттардың азабы мен ызалы ереуілді күйлері де аралас шертілді. Бұл топқа осы тақырыпқа арналған көптеген өлеңдерім мен

балладаларыммен қатар «Гималай сарыны» (1972)
«Америка хикаяттары» атты шағын екі поэма – орталық газет-журналдарда басылған мақала, хабарларға негізделді. «Гималай сарыны» поэмасында әлемге әйгілі Гималай асқарындағы ең биік Эверест шыңына ООН-ің туын тігеміз деп, европалық бір топ туристер белсенеді. Ал сол топқа душар болған үнді жігіті Харша ғана Эверест шыңына өрмелеп шығады, ту тігеді. Бірақ оның жерге қайтып оралуына қатер туады да, батыстықтар Харшаны қатерден құтқармайды, ажалын күтеді. Бұл жырда мен буржуазиялық, капиталистік елдер өкілдерінің өктемдік ой-санасын, шығыс халықтарына деген өшпенділік пиғылын әшкерлеуді көздедім. Поэмада үнді жігітінің өз арманы қатермен арпалысқан үрейлі әрекеті толғанады.
«Америка хикаяттары» атты шағын поэманың негізі де баспасөзде жарияланған деректерден алынды. Бұл жырдағы бас кейіпкер Анджела Дэвис – Америка Құрама Штаттарындағы негрлер арасынан шыққан оқымысты, әлеуметтік қайраткер, халықтың әсіресе негр жұртының бас бостандығы үшін, бейбітшілік үшін жалынды сөзбен ереуіл көтерген әйгілі күрескер. Анджеланың осы бағыттағы саяси әрекетінен сескенген Американың нәсілшіл, билеп-төстеушілері жас әйел Анджеланы қуғынға ұшыратып жазаға тартады, торға қамайды.
Оқымысты Анджела оқу орындарында азаттық- теңдік жайлы лекция оқыған, Вьетнамдағы Сонгми қыстағын атып-қырып ойрандаған американ лейтенанты Коллиді әшкерелеп сөз сөйлеген, сондай әлеуметтікбатыләрекеттержасағаныүшінақмырзалар, өктем ұлықтар негр қызын торға қамап, тұншықтырмақ болады. Поэмада Анджеланы ерлік қимылдарымен қоса осындай мүкшіл халі де жыр болады.

Дуылдап ақ мырзалар ара сынды, Сол қызға тұтандырды бар ашуды, Торда отыр тас түйіліп тұрған құсап, Негрдің от жанарлы қарашығы...


Деректерге сүйене жазған бұл поэмада менің өз тарапымнан кейіпкердің бейнесін әсірелеу, кейіпкерге жылы сезімдер, уақиға желісін шиеленістіру секілді жәйттер қосылды да, поэманы әсерлі шығарма дәрежесіне жеткізді деп білемін.
Нақтылы тарихи негізге құрылған шағын хикая дастаным – «Ертіс хикаясы». Тарихи архив деректерінде Сибирь жаққа Совет өкіметі орнағаннан кейін (1919 жылдары) Сибирьдің ревкомы, оның председателі Смирнов жолдас Ертістің екі жағасындағы жердің, елді мекендердің баршасы Сибирь өлкесіне қосылсын деген талап қояды. Бұл жобаны естіген Ертіс жағалауындағы Семей, Павлодар атырабын мекендеген қазақ еңбекшілерінің атынан совет қызметкері Ғалым Тәжібаев деген азамат осы мәселе жөнінде тура Москваға, Ленинге жолығуға сапар шегеді. Ұлы Ленин қазақ еңбекшілерінің бұл өкілін (поэмада Кәрім) және Сибирь ревкомның председателі Смирновты қабылдап, екі жақтың талас мәселесін шешеді. «Ертіс жағалауы ежелден Сибирьге жатады, Семей, Павлодар атырабы Сибирь өлкесіне қарауға тиісті», – деп дәлелдемекші болған Смирновқа В.И.Ленин, қазақ еңбекшілерінің өкілінің талабын мақұлдап, Ертістің бұл жағаларындағы ел мен мекен ежелден қазақ елінің қонысы, орыс еңбекшілерімен ынтымақпен өмір кешкен мекен болғандықтан бұл атырап жақын арада құрылмақшы Қазақтың Советтік Автономиясының құрамына енуге тиісті деп келелі пікірмен, даналықпен мәселені әділ шешеді. Әлбетте көркем шығарманың әсіресе поэзияның тарихи деректерге дәлме-дәл негіздеу, очеркке ұқсатса, сырдаңдық сездірер еді. Мені

бұл тақырыпқа құлшындырған ұлы көсеміміздің біздің халқымызды ерекше қадірлеп, қазақты «бұл өзі жақсы халық!» деген қасиетті лебізі еді. (Бұл сөз жоғарыда көрсетілген деректерде бар). Сонымен бірге мен поэмада туған арнам Ертіске деген өзімнің ыстық сезімдерімді, кейіпкерімнің бейнесін әсірелейтін жәйттерді, әсіресе қысталаң кезде бүкіл Советтік Отанның тағдырын шешіп, терең толғанған В.И.Лениннің ой толқындарын аз да болса сипаттауды мақсат еттім.
Тарихи негіздері бар, өмірде шындық уақиғалары бар көлемді поэмалар жайында тәптіштеп баяндаумен қоса, кейінгі жылдары жазылған бірнеше балладаларды, мазмұны бар жырларды еске сала кетейін. Олар «Қыз кеткен», «Маңырақ марқасқасы», «Күзетші», «Бетпақ елестері», «Карл патша мен алтын арқар», «Ақсақ Темір және ақын», «Арагва» және балаларға арналған,
«Қамбар ата», «Ата мен атан», «Бақыт іздеген бала»,
«Негр Джемс», «Джон – негр баласы», «Комсомол билеті туралы баллада» сияқты шындық негіздері бар шағын шығармалар. Осылармен бірге сол көптеген өлең жинақтарымда уақыт әуендері, тұстарымның, жас өрендердің еңбектегі өрен істері, махаббат лептері, жүрегімнің тебіреністі күйлері шабытпен, назды жырмен жырланды. Сондай лирикалық жырларым топтасқан жинақтың бірі – «Менің замандастарым» атты өлең кітабым, замандастарымның кейіптерін бейнелеген жырлар. Осы «Менің замандастарым» атты жинағым үшін 1978 жылы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алдым...
Соңғы жылдары жазған және жарық көрген шығармаларымның ішінен «Әппақ-нама» аты тарихи дастанымды атамақпын.
«Әппақ-намә» поэмасының негізгі мазмұны азербайжан халқының ұлы ақыны Низами Гәнжәбидің өмірінен (ХІІ-ХІІІ ғасыр), махаббат трагедиясынан туындады. Бұл дастанды жазбас бұрын Низамидың

«Ләйлі-Мәжнүн», «Ескендір-Намә», «Жеті ару»,
«Ғаламат қазынасы» атты тамаша дастандарын назды, мұңы терең ғазелдері мен рубаяттарын беріле, егіле оқыған едім. Низамидің өмірі мен творчестовосы жайында орыс ғалымдарының, белгілі зерттеушілердің жазған еңбектері аз емес. Мен соларды қаныға оқыдым, азербайжанның дана ақыны Низамидың қыпшақ қызы Әппақ атты сұлуға ғашық болып, дала қызын өзіне сүйікті жар еткенін де сол зерттемелерден оқып білдім. Низами мен Әппақтың аянышты махаббат драмасы, тіпті трагедиясымен аяқталған аянышты уақиғасы мені ерекше толғандырды. Низамиді өмір өткелдерін терең барлап білу үшін мен Бакуда, Низами өскен Ганжеби (Кировабад) шаһарына арнайы барып, Низами мен Әппақ аз да болса махаббатпен өмір өткізген мекендерді араладым, музейлерде болдым. Низамидың өмірін жақсы білетін жазушылармен әңгімелестім. Ақырында 1973 жылы «Әппақ-намә» атты дастанды жаздым. Қыпшақ қызы Әппақты Дербент әкімінің аламандары, әкесі жорықта жүргенде, Қара теңіз бойынан алып қашқаны тарихи шындық. Бұл тұста әйгілі дастандармен шығыс әлеміне атағы шыға бастаған Ганжеби шайыры Низами – Дербент әкіміне өзі жазған
«Ғаламатқазынасы» аттықолжазбадастанынсыйлыққа тартады. Дербент әкімі ақынға алтын ділдә, қымбат жиһаз сыйламақ болады. Ұлы ақын тұтқында, қыз- қырқын арасында жерін, өскен елін аңсаған қыпшақ қызының зар-мұңын естиді де әкімге, маған осы тұтқын қызды сыйлаңыз деп жалынады. Әкім албырт ақынның бұл тілегін орындайды. Низами қыпшақтың ару қызын өзіне сүйікті жар етіп, аз уақыт мәз-мереке дәурен сүреді. Ұлы ақын бір билеушінің құзырына, басқа шаһарға сапар шегіп кеткенде – Әппақты Низамиға қас, Әппақпен бақас, күншіл біреулер қапыда у беріп өлтіреді. Низамидың өмірбаянынан белгілі жайттар осы ғана. Сүйікті Әппағы туралы Низамидің естелік

жырлары жоққа жуық. Тек қана «Хұсрау-Шырын» сияқты ғашықтық дастандарында жол ара; «Шырын менің түрік қызы Әппағымдай назды сұлу еді», – деп күңіреніп қояды. Мен, өзі аңызға, ғашықтық дастанға сарын беріп тұрған бұл тарихи уақиғаны терең сезіммен пайдаландым. Данышпан ақын Низамидың поэзиялық қасиетін сақтауды мұрат еттім.
Сонау сегіз ғасыр бұрын өткен жандардың ақыл- парасатын, махаббат сезімдерін сипаттау – қандай да болмасын ақынға оңай іс емес. Мен Низами, Әппақ өміріне, махаббат жайттарына өзімше жаңа өрнектер, ақындық суреттер қосып, емірене жырладым деп ойлаймын. Бұл суреттемелерді ынтамен оқығандар байқаса керек.


Қаф тауымды топан басты, Төнді маған ақыр заман.
«Мың бір түнге» мың жалғасты, Өлді менің шаһризадам
Мынау жалған айдынында, Дауыл соқты қайығымды Қалдым батып қайғы-мұңға, Қанатым да қайырылды, Тұңғиықтан тапқан сүңгіп, Жоғалттым мен гауһарымды Тіл күрмеліп, қалдым мүлгіп, Тас төбемнен тау жарылды... Мөлдіретіп моншақ жасты, Саусағымды жайдым айға Мені Мәжнүн жыны басты, Уа жасаған, Ләйлім қайда?
1974 жылы жеке кітап болып шыққан бұл дастаным
азербайжан тіліне аударылып, Бакуда басылып шықты. Қазақ оқырмандарынан, сыншылар тарапынан және азербайжан жұртшылығынан бұл дастаным жақсы баға алды.

Кейінгі жылдары көптеген лирикалық жырлар арасында мен өзім көріп-білген жәйттерден естелік хикая да жазып жүрмін.
1983 жылы, 18 февральда «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Албырт ақын мен қайсар қыз туралы хикая» атты шығармам да шындық негізден туған еді.
Абдолла Жұмағалиев 1936-1937 жылдары КазПИ- де оқыған, менен жасы кіші, маған дос, дарынды жас ақын еді. Абдолла махаббатқа, сұлулыққа ынтызар, делебесі алып-ұшпа албырт, романтик ақын еді. Ал, бүкіл халқымызға есімі әйгілі даңқы мәлім ардақты Мәншүк Мәметованы мен Отан соғысы алдында, Алматыда жас шағында көрген едім. Мәншүктің анасы Мәметова Әмина апай әдебиет ғылымының, сынының білгір адамы, институттарда дәріс оқитын ұстаз болды. Мәншүктің балалық шақ тағдыры да қиындыққа иілмейтін өр мінезімен мен де таныс едім. Әсемпаз Абдолланың тәкаппар Мәншүкке гүл ұсынып, тағзым еткені де рас. Бұл екі жас, албырт ақын мен жүрегі отты абзал қыз екеуі 1941 жылы соғысқа бір кезеңде аттанды да бір майданда, бір шайқаста ерлікпен қаза тапты. Совет Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың асқан ерлігі халқымызға әбден аян. Ақын Абдолланың назды лирикалық жырларын мен соғыс тұсында кітап етіп шығарттым. Менің хикая-жыр естелігім – Мәншүк пен Абдолланың аяулы жастық шақтарынан естелік-елес.
Тарихи аңыздарға құмар басым соңғы жылдары белгілі Қорқыт күйші жайында драмалық поэма жазуға құлшындырды. Бұл мұрат еткен тақырыбымның алғашқы сарыны, яки эпилогы «Жұлдыз» журналында жарияланды. Жазылып бітпеген шығарма жайында алдын ала мағлұмат айту әбестік болар. Тірлік болса бұл тарихи тақырыпты да меңгеруге қайратымды жұмсап көремін.
Поэзиялық туындылардың қатарына жатпаса да, бір драмалық шығармам – «Ұлан асу» деген пьесам.

Бұл пьесада жоңғар басқыншыларына қарсы елімізді азат етуге ереуіл көтерген халық күресі тарихта белгілі тұлғалар Абылай, Бөгембай, Жәнібек сынды батырлардың бейнелері, іс-әрекеті суреттеледі. Бұл пьеса Алматыда, Қарағандыда, Шымкентте көптеген көрермендерге көрсетілді. «Жұлдыз» журналында алғашқы нұсқасы жарияланды.
Менің эпикалық жанрда творчестволық асуларымды айқындайтын жоғарыда айтылған осы туындылар болса керек.





Пікір жазу