12.04.2022
  198


Автор: Қалижан Бекхожин

ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ АСЫЛ МҰРАЛАРЫ

Қиырсыз жазықтарда құландай жөңкілген көшпенді ата-бабаларымыздың алыстағы дәуірге, кейінгі ұрпақтарына қалдырған ең асыл мұрасы – сөз, өлең-жыр екені талассыз болса керек-ті. Жазбасы жоқ даланың ерлік шежіресі де, философиясы да, халқының қасіреті мен арманы да тек өлең-жырларда толғаныс тапқан. Ата қазақтың түрліше өнер игіліктерінің ішінде тап өлең- жырындай дарынды, сөз кемеңгерлігіндей кемелді ерекше жарқырап көрінген қасиет бар ма? Кереметі күшті табиғат рухани дарынның ең асылы етіп көшпелі жұртымызға сөз өнерін сыйлапты. Бір кезде дана Шоқан: «Европалықтар арабтың жыршы бәдәуилерін көріп таң қалады, ал егер олар біздің даланың ақпа жырауларының жырын тыңдаса, есінен танар еді», – деп бұл қасиетті мақтанышпен дәл меңзеген болатын. Дүние мәдениетін кең де терең барлай білген Шоқан бұл сөзді әшейін ұлтын мүсіркеп айтпағанына халқымыздың сөз өнерінің өзі кепіл.
Мен алдымда жатқан «Үш ғасыр жырлайды» есімді қалың бір томдық жыр кітабын зор тебіреніспен

оқыдым. Лебіздері мен мінездері ерекше, толғамы терең, нақышы зерлі осынау ескі жырларды оқығанда мен ата-баба сырларын өз аузынан естіген перзентінше толқыдым. Кәсібім өлеңші болғандықтан, мен бүгінгі өлең-жырларымыздың салтанаты мен сәулетін алдымен мақтаныш ететіндігімді жасырмаймын. Сонау белестері бұлдыр қырларда бұлақша бұлқына аққан күңіреністі үндер қазіргі мұнарасы биік дәуіріміздегі теңіздей шалқыған кең арналы поэзияға айналғаны шәксіз де шығар. Бірақ, сөз ежелгі аталар жыры жайында болғалы тұр.
Арғы-бергі ақын-жыраулардың толғаныс-тарын түйіндесек, баршасы да халық өмірінің шежіресі сынды, замана ырқына орай туған дала даналарының әлеуметтік ой-пікірі, тарихи болжамдары секілді.
Бұл тарапында айтпастан бұрын мен алдымен өткен ақын-жыраулардың сөз дарынына, өнерпаздық қасиетіне тоқталғым келеді. Қандайлық кереметті ақындар болған десеңізші біздің ата жұртымызда! Халқымыздың ең қадірлі мұрасы тілі болса, сол мұра өткен ғасырлардағы ақын-жырауларымыздың жырларында теңіз түбіндегі гауһардай таза сақталған. Толғауларының сыр-мінездері әрқилы болса да, тіл кемеңгерлігі тарапынан Бұқар да, Дулат та, Махамбет те, Мұрат та, Базар да, Әубәкір де, Нұржан да қадірлі сөз мұрасын қалдырған асқан майталмандар:


Айналасын жер тұтқан, Айды батпас демеңіз.
Айнала ішсе таусылмас, Көл суалмас демеңіз.
Құландар ойнар қу тақыр, Қурай бітпес демеңіз...
Оныншы тілек тілеңіз, Он ай сені көтерген, Омыртқасы үзілген,

Аязды күні, айналған. Бұлтты күні толғанған, Тар құрсағын кеңіткен, Тас емшегін жібіткен, Анаң бір аңырап қалмасқа! Он бірінші тілек тілеңіз: Он бармағы қыналы, Омырауы жұпарлы
Иісі жұпар аңқыған, Дауысы қудай саңқыған, Назыменен күлдірген, Құлқыменен сүйдірген, Ардақтап жүрген бикешің, Жылай да жесір қалмасқа!
(Бұқар)


Ту ұстап тұлпар жаратпай, Алдынан топ таратпай, Елді аузына қаратпай, Жай отындай оқ атпай, Анадан тудым дегенмен, Бастамасы ел – ұлан ба?
Мекен ғып құздың қиясын, Бұлтқа салған ұясын, Айнадай көрген аймағын, Түйінін шешкен айланың Жерге қонбай ұша алмас, Көл еркесі қыран да!
(Дулат)


Ақсұңқар құстың асылы – Айдыннан таңдап қу алған, Тәуекелшіл ер жігіт, Адаспай жүріп жөн табар Қараңғы түнек тұманнан... Орман-тоғай өртелген,

Бір инедей жасыннан. Дүние деген бәйтерек, Бір бозторғай асылған.
(Мұрат)


Бақ қонады күй таңдап, Қонақ қонар үй таңдап. Болымы жоқ бозбала, Бейнеттен қашар бұлтаңдап, Қас жүйрікке жолықсаң, Жолда қалмас күй таңдап... Қас татының жаманы, Қаракеш болар сипаңдап.
(Майлы Қожа)


Қу қанжыға жүйріктің, Топыраштан несі артық? Көктемесе жаңбыр боп, Қайырсыз жаздан қыс артық. Тобылғылы шұбардан, Панасыз таудың несі артық? Қадір білмес туғаннан, Құнды білер дос артық...
(Нұржан)
Қандай ғажап бейнелі, қандай аталы сөздер! Бөтеннен ешбір қоспасы жоқ, қандай аталы сөздер! Бөтеннен ешбір қоспасы жоқ, шұбар-шүлдірі жоқ, даламыздың саф ауасындай таза, уыз лебіздер емес пе? Тілдерінде сиқыры бар сөз кемеңгерлері қырдың тағы, жабайы сымбаттары – қыраны мен құланы, нары мен тұлпары, қурайы мен көлшігі арқылы қандай бейнелі ой-пікір, философиялық толғанысты, өнеге-ғибрат, нақылдарды жеткізе білген! Шын поэзияның әсемдік сипаттары бейнелеу, әсірелеу, метафора, антитеза сияқты тәсілдермен көрінетін болса, поэтика қисынынанхабары жоқ дала жырауларының сондайлық қасиеттерге толы

тамаша толғау-жырларына ризалықпен таңданасың.
Әдетте, әдебиет тарихымызда қазақ әдебиетінің, қазақтың әдеби тілінің негізін қалаушы дана Абай деп қана келеміз. Мұны айтқанда орыс әдебиетін өрлетудегі Пушкиннің биік тұрғысын еске алып, тарихи ұсқастық жасаймыз. Абайдың реалистік, жаңа мәдениетті поэзияның негізін салушы көсем ақын екендігіне дау жоқ. Оқымысты философ және шебер ақынның дүниетануда, өз халқының тағдырын барлауда, болашақты терең болжауда өзімен елдес өзге ақын-жыраулардан далаға біткен жартастай бөлек тұратыны да талассыз. Алайда, Абайдың тарихи-әдеби орнын Пушкиннің ерекшелік тұрғысымен тең санау – меніңше дәл емес тәрізді. Пушкиннің ар жағында да орыс әдебиет тарихында талай белгілі ақындар болды. Бірақ поэзиялық, әдеби көркем тіл жасау жөнінен ол ақындар айрықша тарихи өнеге көрсете алмады, олардың өлең-жырлары көбінесе шіркеулік-славяндық сөздермен шұбарланып, тілдегі таза халықтық қасиетті толық бере алмады. Орыс халқының байырғы әдеби мұрасы болып табылатын «Игорь полкы туралы жыр» көне славяндық тілмен жазылғандықтан, қалың орыс оқырмандары әлі күнге қазіргі орыс тіліндегі аудармасы арқылы ғана танысады. Солай болғандықтан да, орыс әдеби-поэзия тілін нағыз кемеліне келтірген, әдебиетте жаңа дәстүр ашқан Пушкиннің тарихи орны ұлы да, ерекше. Итальянның данышпан ақыны Дантені де Италияның әдеби тілін жасаушы жаңа әдебиеттің атасы деп айрықша бағалайды, себебі Дантеден бұрынғы ортағасырлық итальян ақындары өз халқының ана тілін мансұқ етіп, шығармаларын латын тілінде жазыпты, өзбек әдебиетінің атасы Науаи да фарсышадан ауысып, түркі тілінде жаза бастады. Сондықтан да ол өзбек әдебиетінің негізін қалаушы да. Біздің көшпелі жұртымыздың бақытына қарай, тарих аударыстарында өктемдік жасаған нелер шапқыншылар да, шығыстың

алау желіндей ұйытқыған дін уағыздаушы бәйіттер де өлең-жырымызға бөгделік сілемін тигізе алмапты.


Бақырғаннан сапар шектім, тауап етіп қағбани
(Ханнуни-мәннәни...)


деген жарапазандар халқымыздың кең даласында желдей өскен төл жырына тосқауыл бола алмапты. Байырғы сөз мұраларымыз ертеден таза сақталып, біздің заманымызға уыз, балауса күйінде жетіпті. Бұқар ғана емес, тіпті сонау Асан атаның ар жағындағы жыраулар мен жауынгерлік жырларымыздың тілі қандай таза, қандай асыл! «Қобыланды», «Ер Тарғын» дүние жүзіндегі қай халықтың эпостық мұраларымен салыстырсаңыз да кем түспейтін шедевр дүниелер емес пе? Сөз жоқ, «Қобыландыларды» шығарғандар Бұқарлар, Махамбеттер, Мұраттар секілді әріректегі майталмандар. Классика дегеніміз – әдебиет өнеріне лайық түсінсек, әдебиетте, тіл өнерінде өнеге жасаушы, әдебиеттің өркендеуіне ықпал беруші шеберлер ғой. Сол көзқарасты ұстап, қазақтың ұлттық әдебиетінің өз тұрғысынан қарасақ, біздің классикалық поэзиямыз Абайдан бұрын, әріректе басталады. Замандасына лайық және кейінгіге үлгі боларлық таза ана тілінде өнегелі жыр-толғаулар шығарған Бұқар да, Дулат та, Базар да классик емес пе? Мұндай дәрежеге тек жазба әдебиеттің өкілдері ғана ие болсын деген қағида жоқ. «Қобыландыны» шығарған ақын-импровизатор болмай, жазушы-ақын болса, «Қобыланды» жыры одан да артық болар ма еді деп кім дәлелдер еді? Хатқа жүйрік кемеңгер Махамбет өзінің айбынды жырларын жазып жатпай-ақ, ереуіл үстінде найзадай жарқылдатпады ма? Егер Абай реалистік жазба әдебиеттің, жаңа поэзияның классигі, бастаушысы десеңіз, мен Махамбетті қазақтың революциялық поэзияның тұңғышы, негізін қалаушы классигі дер едім...


ІІ
«Үш ғасыр жырлайды» – қалың жұртшылықты халқымыздың өткендегі өлең өнерімен таныстыратын келелі кітап. Бұл кітапта революцияға дейін жасаған жиырматоғызақын-жыраудыңелеуліөлең-жырларыүн қосты. Кітапты Мұхтар Әуезов есіміндегі Әдебиет және өнер институты әзірлеген, философия ғылымдарының кандидаты Ысқақ Дүйсенбаев пен жас зерттеуші Мардан Байділдаев толғамы тоқсан түйінді толғаулар мен өлең- дастандарды идеялық және көркемдік тарапынан саралауда ғылыми зерделілік, парасаттық көрсеткен. Бір кезеңдерде біздің әдебиет зерттеу саласында өткендегі бірқатар жыраулар мен ақындардың шығармаларына сескене қараушылық, олардың өлең- жырларын жариялаудан бой тартушылық пайда болды. Сонымен бірге кейбір әдебиетшілер, сол сескенген ақын- жыраулар жайында бір кезде арнаулы қаулы болды ғой деп те себеп келтіреді. Реті келген соң сол қаулыға орала кетейік. Қазақстан Орталық Партия Комитеті 1947 жылы март айында «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» деген қаулы алды. Әдебиеттің және әдебиетке көзқарастың партиялық, таптық тұрғыда болуын талап еткен бұл қаулыны біз кезінде дұрыс алынған, қазір де саяси ықпалы бар партиялық документ деп білуге тиіспіз. Сол қаулыда былай делінген: «Тіл және әдебиет институтының ғылыми еңбектерінде және орта мектептерге арналған оқулықтарда ХІХ-ХХ ғасырлардағы көптеген қазақ ақын-жырауларының шығармалары сыңаржақтылықпен, бір ғана жақсылықты жағынан бағаланған. Өткеннің әдебиет өкілдері жалпыхалықтық қайраткер болып саналады да, олардың шығармалары тап күресімен байланыстырылмайды, соған орай олардың шығармаларындағы феодалдық-кертартпа,

байшыл-ұлтшыл әуендер тыс қалдырылып, жымдастырылып кетеді» («Каз.правда» 1 февраль, 1947 ж.). Бұл документте өткеннің әдеби мұрасын мансұқ етерліктей талап жоқ, мұнда өткеннің әдеби мұралары сыңаржақтық көзқараспен бағаланбасын, ақын-жыраулардың шығармалары әлеуметтік- таптық күрестермен байланыстыра бағалансын, ақын- жазушылардың шығармаларындағы теріс әуендер болса, олар жасырылмай айтылсын делініп отыр. Орайы келген соң айта кетелік, сондайлық талап- тұрғыдан өткендегі ақын-жазушылар шығармаларын бағалаудағы қателіктерді қазбалап отырып, қисынды сынымызға сынықтау сына қағып жіберген кездеріміз де болды. Мұны мен алдымен өз атыма меңзер едім.
Соңғы кезде бұрынғы-соңғылы ақын-жазушылар шығармалары ғылыми да, идеялық тұрғыдан да дұрыс бағасын ала бастады. Жасқаншақтық пен сақтық та қалып келеді. Бұрынғы «Үш ғасыр жырлайды» кітабының шығуы да үлкен айғақ. Кітапқа көлемді де келелі сөз басын жазған Ысқақ Дүйсенбаевтың пікірлерінен ескі мұраны әрі партиялық көзқараспен, әрі әдеби білгірлікпен бағалағандық сезіліп тұр. Алғы сөзде Бұқар, Дулат, Базар, Әубәкір сынды сөз жүйріктерінің өлең өнеріне жан-жақты баға беріліп, жақсылықтары мен кемшіліктері недәуір дұрыс сипатталады.
Бұл ретте алғы сөзде дұрыс меңзелген: «дегенмен, халық мұңын мұңдаған ақын-жыраулар өзінің негізгі бағытын өзгертіп, сара жолынан тайған жоқ. Олар қашан да болсын, қуаныш пен сүйінішті, өкініш пен күйінішті жұртымен бірге көріп отырды. Әдетте, ақын-жыршыларды халықтың аса қадір тұтып келуі де осыдан болу керек. Әбден дұрыс. Бұл кітаптағы ақындардың көпшілігін жырау дер едім. Жыраудың ақыннан өзгешелігі бар. Әрі ақын бола тұрып жырау халық тағдырын, заман ахуалын терең барлайтын

кемеңгер ойшылға ұқсайды. Шоқан Уәлиханов Асан Қайғыны «Жәнібек дәуіріндегі ноғайлының философы» деп бағалады. Өйткені, Асан Қайғы толғауларында халқының елдік тағдырын, ата-қонысын екіталай ахуалын толғап болжам айту басым. Бұқар жырау да Асан Қайғы секілді, Абылай заманында, философ- жырау. Егер Бұқардың «Айналасын жер тұтқан», «Ай не болар күннен соң» секілді толғауларында заманға орай топшылаған өзінше философиялық пікірлер жатса, Абылайға арналған жырларында елдік, ірі мәселелер қозғалады. Тегінде, Бұқар Абылай ханды мақтай бермеген, қайта, қазақ халқының елдігі сақталуын терең барламаған, орыс патшалығымен жауласпақ болған Абылайды көреген жырау батыл тұжыртып, шенеп тастайды:


Ашуланба, Абылай, Өтіңменен жарылма. Өкпеңменен қабынба, Орыспенен соғысып, Басыңа моншақ көтерген,
Жұртыңа жаулық сағынба! –


деп әліне қарамай айбынды империяға сыртынан кіжінген Абылайдың бетін қайырып тастайды. Бізді бір күйіндірген нәрсе, құрастырушылар Бұқардың тап осындай тарихи аса мәнді өлеңдерін жинаққа енгізбепті. Бұқармен үндес Дулат пен Мұрат, Шортанбай мен Базар да заман күйін» терең барлаған жыраулар. Бұқардың да, Дулаттың да, Мұрат пен Шортанбайдың да, Базардың да идеологиялық тұрғылары хандық, феодалдық салт-санада жатқандығы даусыз. Бірақ жырау ақындарды бұндай ескілік әуендеріне қарап, олар хан-төрені дәріптей береді екен деу әділ емес. Кезі келген жәйттерде ақын-жыраулар хан-төрелерді, солар
сынды озбыр әкімдерді шенеп те әшкерелеп отырған.

Қазіргі қазақ ұлығы, Жаман иттен несі кем? Жемтік көрсе, қан көрсе, Айрылар мүлде есінен...
(Дулат) Ар жақта Арынғазы дүбірлеген Байеке елің бар ма бүлдірмеген? Төре кетіп төбеде төбет қалып, Туып тұр ел басына бұл күн деген.
Қазақтың қара жұртын быт-шыт қылған, Төре емессің, төбетсің дым білмеген.
(Шернияз)


Патша отары мен от ала шыққан әкім-ұлықтарды халыққа жасаған сұмдық әрекеттерін зілдене де тереңірек әшкерелеуші Шортанбай жыры болды.


Болосной, би, ауылнай, Сырттан жұртты шолып тұр. Бір ауыз үгіт сөйлесең, Алдыңа дұзақ құрып тұр.
Залым туған сұмырайлар, Осылай жұртты еміп тұр...


Шортанбай – іргесі сөгіліп, шаңырағы құлаған хандық заман жыршыларының ең ірі өкілі. «Зар заманның аяғы, заманым кетті баяғы», – деп ескілікке басқа тұстастарынан басымырық батагөй болған да осы қария. Солай бола тұрса да капиталистік шым- шытырық қатынастардан жапа шеккен, ауылдың шерлі шындығын шерткен, отаршыл үкіметтің зұлымдық әрекетін күшті әшкерелеген Шортанбай – қазақ әдебиетінің тарихынан елеулі орын алуға тиісті. Олай болса, осы кітапқа Шортанбай шығармаларының енбеуі өте қынжыларлық жәйт.

Өткендегі әдеби мұраларға, жеке ақын шығармаларына сын көзімен, таптық тұрғымен қарау әрқашан қажетті қағида. Байшыл-ұлтшыл ақындарға зілді көзқарасымыз өзгермейді. Алайда қайшылығы күшті замандарда өткен ақындардың шығармаларын бағалауда біз тұрпайы социологияға, саяси сыңаржақтылыққа жол бермеуіміз керек. Әдебиетші Дербісалин жолдас өзінің «Ыбырай Алтынсарин» деген жуықта шыққан бағалы кітабында Шортанбайды еңбекшібұқарағаәзеліқас,қанаудықостайтынбіржауыз ақын есебіне сипаттайды. «Шортанбай кедейлердің ауыр тұрмысы үшін қысылып, қынжылған жоқ. Олардың феодалдық қауым тарапынан іргесін аулақ салып бара жатқандығын, қайғырып қалың бұқараны осы езуші таптың уысынан шығармауды көздеді». Осы да әділдік пе, білгірлік пе? Егер бір білгіш «Лев Толстой орыс шаруасының қаналуын суреттегенде, солардың крепостнойлық жағдайда қаналмағаны үшін қайғырып суреттеп отыр» десе, жұртшылық бұған не дер еді? Тегінде кейбір әдебиетшілер ірі ақын-жазушылардың шығармаларында таптық тұрғыларға қоса, реалистік, гуманистік, әділетшілдік секілді адамзатқа тән асыл пікір болуы мүмкін екендігін ұмытып кетеді. Бұл ретте бізге ұлы Лениннің ұстаздық өнегесі әрдайым қағида болмақшы. Ленинше пайымдасақ, егер нағыз суреткер болса, замандасының мәнді деген қайшылықтарын қайткенде де жасырмай сипаттауға тиісті. Сондықтан қым-қуыт заманда жасап, кәріге қараса да, ауылдағы сұмдықты, қанаушылықты әшкерелеген Шортанбай жырларында біз шыншылдықтың, әділеттіктің белгісі бар деп айрықша бағалауымыз керек. Бұқара халықтың, еңбекші жұрттың қас жауы, қанаушы байлар мен әкімдер Шортанбай шығармаларында ақиқат әшкереленген.


ІІІ
«Үш ғасыр жырлайды» кітабындағы 29 ақынды шығармалық мәнісіне қарай әр топқа бөлуге болар еді. Замана ағымын, халықтың, елдің тағдырын толғаушы Бұхар, Мұрат, Шортанбай, Дулаттар бір сарындас ақындар. Екінші топқа – шығармаларында көбінесе жалпы өмір сыры мен тұрмыс-өнеге жайында ғибрат айтушы ақылман ақындар жатады. Бұлардың қатарына Шал, Базар, Майлықожа, Әріп, Әубәкір, Нұржан, Кете Жүсіп, Жүсіп, Шораяқ Омар, Тұрмағамбет сынды ақындарды қосар едік. Дала серісі, бұрынғы поэзиямыздағы бозбалалық лириканың тамаша сырбазы Ақан серіге үндес Мұсабек бар. Ақын- жыраулар дәстүрінен бөлек дастан шығарған бір топ – Алмажан Азатқызы, Ақылбай, Мағауия Абай ұлдары, Мұхаметжан Сералин секілді ақындар шығармалары өзінше бағалы. Бұрын ұлы Абайдың көлеңкесінде тасаланып келген Ақылбай мен Мағауияны дарынды ақын деп жекеше қадірлеуіміз керек. Сондай-ақ Әсеттің
«Салиха-Сәмен», Сералиннің «Гүлкәшима» поэмалары да поэзия тарихынан орын аларлық шығармалар. Бұл топтарға Махамбет пен Абайды да, Сұлтанмахмұт пен Сәбит Дөнентаевты да, Шәңгерей мен Берниязды да әдейі қоспай отырмыз.
Әділ тарих даламыздың Шоқан, Абай, Ыбырай сынды дана ұлдарына халқының тағдырын дұрыс болжатыпты. Ата жыраулар секілді алабұртқан заманда адаспай, халқын жарыққа қарай бастауға жар салдырыпты. Ал, біздіңазаттықреволюцияныңалдында қанау дүниесіне қарсы даламызда еңбекші халықтың дабылын дүбірлеткен өр дауысты Сұлтанмахмұт барын зор сүйініш етеміз.
«Үш ғасыр жырлайды» жинағында бір жаңалық. Мұнда қалың жұртшылыққа шығармасы бұрын онша мәлім емес бір топ ақындар бар. Бұлар – Шал,

Майлықожа, Мұсабек, Кете Жүсіп, Шораяқ Омар, Тұрмағамбет. Аталған ақын-жазушылардың ой- санасы, нысанасы әрине, біздің қазіргі ой-пікірімізбен, мұратымызбен толқындасып жатқан жоқ. Бірақ баршасының жырларында өткендегі халық тағдырын, тұрмыс ахуалын, қайғы-арманын бейнелейтін түрліше тебіреністер мен толғаныстар бар. Ең кәделісі – кітапқа енгізілген ақындардың баршасы да тамаша сөз зергерлері, өлең өнерпаздары, халқымыздың ақындық тілін ұстартушылар, бізге жақсы сөз мұарасын сақтаушылар. Айта кетелік, бұрын бізге шығармалары онша таныс емес, Мұсабек, Майлықожа, Кете Жүсіп, Омар, Тұрмағамбет секілді ақындардың да өрен жүйрік сөз өнерпаздары екенін кітапқа енген жырларынан сүйінішпен аңғарамыз. Бұл кітапқа Шәңгерей мен Бернияз шығармаларының үн қатуы да, құрастырушылардың бір батыл жаңалығы деп білу керек. Идеялық бағыттарында түрліше түйіншектері бар бұл екі ақын сөз өрнектерінің өзгешеліктерімен, романтикалық ағымдарымен біздің лирикалық поэзиямыздың тарихынан белгілі дәрежеде орын алуға тиіс.


ІV
Әдебиет тарихын зерттеушілерге, сонымен бірге осы кітапты құрастырушыларға айтар сын талабымыз да аз емес. Алдымен әдебиет тарихшыларының біздің ата жырларымыздың тарихын әлі күнге тарихтық тар шеңберден шыға алмай, Бұқар жыраудан әрі асыра алмай жүргеніне кейіс білдіреміз. Осы кітаптың алғы сөзінде «ХV ғасырдың айналасында Асан қайғы, Шалкиіз, Сыпыра жырау, одан кейін Жиембет, Ақтамберді, Тәттіқара сияқты ақындар болыпты деседі, бірақолардыңшығармаларыбелгісіз, сондықтаноларды тарихқа енгізу әзір асығыс» деп өте шығады. Сөйте келе қазақта: «ХVIII ғасырдың екінші жартысынан былай

қарай ғана жеке ақындар шықты», – деп шек қояды. Алдымен ғылым мекемесінің, айтулы оқымыстылардың есімі аталған немесе белгісіз ақын-жырауларды әріден іздеп зерттемегені келіссіз-ақ. Оның есесіне екінші бір оқымыстылар ата жырларымыздың арғысын тарихқа қосудың орнына қазақ әдебиетінің тарихын лебізі алыс
«Бабыр-нама», «Оғыз-нама», «Мұхаббат-нама» сынды халқымызға жат дастандардан, Қожа Ахмет Яссауи секілді діни шайырлардан бастайық деп жар салады.
Жуықта жас ғалым, КазГУ-дің аспиранты Мұхтар Мағауиннің қазақтың көне әдебиеті тарихына байланысты жаңа зерттеулерін оқығанда бұрынғы өкінішімізден недәуір серпіліп, айығып қалғандай болдық. Бұл жас зерттеуші өзінің баспасөзде жарияланған мақалаларында және жазып бітірген ғылыми еңбегінде ХV-ХVI ғасырларда жасаған Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз сынды қазақ жыраулары жөнінде аса мәнді деректер келтіреді, аталған ақындардың толғау жырларын талдап, олар ана жырымыздың төл тумасы, тамаша мұрасы екендігін дәлелдейді. Бұл жыраулардың поэзиясы «табиғат аясындағы сәбидей таза көшпенділер поэзиясы» деп таңданады жас әдебиетші.
Аталы сөздер Шалкиіз жыраудың толғауларында да толықсып тұр. Байырғы поэзиямыздың балдырғаны, біздің жауынгерлік жырларымыздың атасы сол Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз болса керек. Баяғы
«Қобыланды» жырларын да шығарған осылардай кемеңгерлер ғой, халқымыздың ежелгі рухани және жауынгерлік қасиетін дәлелдейтін мұндай тамаша мұраларды әдебиет тарихына әлі күнге қоспағанымыз – күйінерлік күнә.
Ал ғасырларға мәлім Асан Қайғының жазығы не? Шоқан Уәлихановтың Асанды философ деп жоғары бағалағаны белгілі. Рас, Асан Қайғы дәуір сүрген шақтағы қазақ деген ұлыс кейін қазақ болып аталған.

Тайпалар ол дәуірде Ноғайлы хандығының құрамында болған. Халық қиялында Асан елге жайлы қоныс, бақыт іздеуші батагөй, халық қамқоры. Азғана болса да сақталған толғауларына қарасақ Асан жырау Жәнібек ханды мадақтамайды, қайта ханды шенеп, оған батыл талап қояды. Асан ел тағдыры үшін қайғырады да, сол қауіпті елемей бетінше салтанат пен той-думанға мәз болған Жәнібек ханды зілдене сөгеді:


Ей, хан, мен айтпасам білмейсің, Айтқаныма көнбейсің, Шабылып жатқан халқың бар, Аймағын көздеп көрмейсің, Қымыз ішіп қызарып, Мастанып қызып терлейсің, Өзіңнен асқан хан жоқтай, Елеуреп неге сөйлейсің?


Егер кейінгіге бұра тартпай, тарихи шындыққа тарихи көзбен қарасақ, Асандардың мұндай тебіренісінде сескенерлік сұмдық жоқ. Асан Қайғы секілді ұлы жырау ата жырымыздың маңдайында тұруға тиісті.
«Үш ғасыр жырлайды» кітабында Мәшһүр Жүсіп секілді пікір қайшылығы бола тұрса да, бұқарашылдық әуені бар, әдеби мол мұра қалдырған ақынның болмауы да сылтау-сақтықтың салқыны. Сондай-ақ белгілі мәнді толғау жырлары бар Күдері, Мәделі-Қожа, Орынбай, Шөже, Нарманбет секілді ақындардың да мұралары зерттеліп әдебиет тарихынан орын алуы тиісті.
Кітаптағы байқалатын елеулі кемшілік – бірқатар ақын-жыраулардың шығармалары орынсыз қысқартылып, немесе кейбір керекті өлеңдері бүтіндей енгізілмепті. Идеялық ұстамдықты сақтауда білгірлік көрсеткен құрастырушылар текстологиялық мәселеде ғылыми-зерттеу қағидасын дәйім қадағалап

сақтамаған секілді. Азғана мысалдар келтірейік. Бұқардың «Құбылып тұрған бәйшешек» деген жыр жолдары ауысып басқа бір өлең тіркесінде жүр. 75-беттегі «Иманды көңіл кірмен тең» болмаса керек. Дұрысы – «Имансыз көңіл кірмен тең» болар. 98-беттегі
«Қайырсыз сараң малыңды, еріншек әсер жарынды» деген сөз қате. Дұрысы – «Қайырсыз сараң малынды, еріншек әсер жарлыңды. «Махамбет жырындағы
«Халыққа тентек атанбай» емес, дұрысы – «Елге тентек атанбай». «Шернияз жырындағы «Шеріңнің» деген сөз
«Шіркіннің» болып, Сүйінбай өлеңіндегі «Ысты» деген ру аты «Үсті» болып кеткен. Майлықожаның «Ілімге толса көкірек» деген мағынасыз болып басылған. Шәңгерейдің баршаға аян нақыл сөзі «Құдыққа құлан құлаған, құрбақа құлағында ойнаған» – «Хауіп қатерсіз ойнаған» деп басылып, білместікті сездірген. Ескі ақын-жыраулардың сөздерінде көнекі ескі атаулар, кейбір ақындарда шығыс әдебиетінен ауысқан сөздер де кездеседі. Құрастырушылар мұндай сөздерге біраз түсінік берген. Бірақ көбінесе өздері ғана түсінетін сөздергетүсінікберіптіде, алөздеріде, қалыңоқырманда түсіне қоймайтын көптеген көнекі сөздерге түсінік беру үшін қиналмапты. Ақын-жазушылардың жырларында көптеген тарихи кісі есімдері кездеседі, оларды түсіндіруді құрастырушылар міндет көрмепті. Кітапқа енгізілген ақындардың шығармаларына бөгде өлеңдер де кіріп кеткен. Махамбет жырларының тобындағы (Ей, Махамбет, жолдасым) деген өлең Махамбеттің ұлы өлеңдеріне ұқсамайды. Бұл сөзді Махамбет емес, оққа ұшып өлер алдында Исатай батырдың Махамбетке айтқаны көрініп тұр. Өлеңнің теңеу, бейнелеу тәсілдері де Махамбеттің асыл сөздерінен алыс жатыр. Ыбырай Алтынсариннің шығармалар тобында да бөтен өлеңдер бар. «Балқожа бидің баласына хаты» – атасының Ыбырайға арнаған сәлем сөзі ғой. Сөзі де Ыбырай өнегесіне ұқсап тұрған жоқ. Сондай-ақ «Ұмытпа, бай

болдым деп бір құдайды» деген өлең шумақтары да Ыбырай санасына қонымды келмейді.
«Жетім қыз» поэмасы – жақсы көркем дастан. Бірақ осы дастанды поэмада жыр болатын Алмажанның өзі шығармады ма екен деген күдік келеді. Себебі, белгілі дастандағылардай мұнда да «Алмажан барған екен, былай деген екен» деген үшінші жақтың баяндауы көп. Бұл, әрине, зерттерлік мәселе. Ғылыми мекеме атынан шыққан мұндай бағалы үлкен кітапта көрсетілгендей еленерлік кемшіліктердің болуы ұнамсыз. Алайда «Үш ғасыржырлайды» біздің өткендегіәдебимұраларымызды жаңғырту тарапында шыққан игі, маңызды кітап. Жарияланбаған, зерттелмеген ата жырларымыз, әдеби мұраларымыз әлде де көп. Олар әлденеше том кітап болып жарық көрсе – бұдан да гөрі разы болар едік. Ал біздің қалың оқырман жұртшылығының, әсіресе, жас әдебиетшілер мен тіл зерттеушілердің бұл кітаптан тамаша ақын-жыраулардың толқындай төгілген өрелі, тұлғалы нақыл сөз өрнектерінен үйренері, ғибрат тұтары мейлінше мол.





Пікір жазу