12.04.2022
  309


Автор: Қалижан Бекхожин

АҚАН СЕРІ

Баспасөзі жоқ, сауық-салтанат құратын театры жоқ қырдың ақыны да, әншісі де, музыканты да тек ақындар ғана еді. Мәдениеті өрлеген өзге елдердің өнегесінде

кездесе қоймайтын «ақын – ел еркесі» деген қазақтың үлгілі нақылы осыдан туған. Ақан сері – өткендегі қазақтың ардагері, аяулы ұлдарының бірі.
Бұрынғы көптеген сөз ділмарлары мен ән-күй өнерпаздарының ішінде Ақан серінің атақ-даңқы өзге сырлы. Әншілігі мен ақындығына қоса жүріс-тұрыс салтында ерекшелігі бар Біржан сал ғана Ақан серіге ұқсас келеді. Тегінде Біржан салдықтан гөрі серілікке жақын. Салдық салты бұрынғы қазақ ауылында недәуір орын тепкен секілді. Арқа жақта Бәйтен сал, Шәркей сал дегендердің аты мәлім. Ал, Біржан, Балуан Шолақ, Мәди сынды ақындар өнерпаздығымен қадірлі еді. Бұл пішіндегі әнші-ақындардың салтында салдықтан гөрі серілік басым. «Арғынның Алтай-Қарпық серісімін» деп асқақтаған Біржандар кезінде қасына топ-топ әнші, қыз-жігіттерді ертіп, ауыл-ауылды думандатып жүретін болған. Бұлар өткендегі қазақ елінің көшпелі театры, концерт беретін труппасы секілді, сондықтан да олар елінің қадірлісі, еркесі болды.
Алайда сал, сері деген атаулардың қайдан, қашан және неден шыққанын анықтайтын зерттеулер бізде әлі күнге жоқ. Бұл – әдебиет тарихшыларының зер салатын мәселесі. Тегінде бұл екі салттың екеуі де ХІХ ғасырда пайда болғанға ұқсайды.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында Россия патшалығының отаршылдық шеңберіндегі қазақ елінің әлеуметтік, мәдени өміріне түрліше жаңалықтармен қоса, қаттасқан қайшылықтардың мол орын алғаны мәлім. Ескі ауылдың тұнығы мен түндігі шайқала бастағанын әсіресе, патшаның отаршылдық қысымынан қоныс таршылығын сезінген бір топ ақындар ескіні, ежелгіні аңсап, күңіреніске түсті. Патшалық Россияға қосылудан олар тек зорлық- зомбылық, зәбір-жапаны, азғындық пен пәлені ғана байқады. Отаршылдықпен қоса келген жәбірлікті, сойқандықты патша әкімдерінің қиянатшыл дөкір

мінездерін көріп, тебіренді олар. Расында, біздің ХІХ ғасырдағы әдебиетіміздегі ең басым сарын осы топтыкі. Россияға қосылудың тарихи тағдырын түсінген ұлы орыс халқының озық ой-пікірін, ұлы мәдениетінен үйренуді, тәлім алуды мақсат еткен көреген адамдар, тіпті азшылық қана. Бұл ретте біз ХІХ ғасырда Ыбырай, Шоқан, Абайдан басқа ешкімді атай алмаймыз. Ескі феодалдық ата-дәстүрдің қиян-кескі құрсауында жүрген елін орыс халқынан өнеге-өнер алуға, елдестік сақтауға шақырған Шоқан, Абай, Ыбырайларды зор мақтан ете отыра, біз тарихи шатқалаң кезеңдерде отаршылдық, патшалық әрекеттерден халқы шеккен зәбір-жапаны жыр еткен, наразылық мұңдарды шерткен ақындарды да мансұқ етпеуге тиістіміз. Орыс халқымен достасқан, бақыт тапқан біздер, сол заманда бүгінгіні болжай қоймадыңдар деп оларды кінәласақ – әбестік болар еді. Патшаның отаршыл әкім ұлықтардың қылықтарынан, солармен қосыла пайда болған капиталистік кінәраттардан сескене толғанған Шортанбайлардың жырларында тарихи шындық та аз емес. Рас, бұл сарындас ақындардың беталысы тұңғиық тығырыққа ауды да, кейбір ескіні іздеп, діни мистикаға ұрынды.
Ақан сері ХІХ ғасырда қазақ әдебиетінде пайда болған осы ағым тұсында дәуір шекті. Және бұл осы топтағы ақындардың бәрінен де бөлек, өнерпаз. Өлең мен әнді дарқан өнер деп түсінген Ақан ән-жырды халықтың сусыны, сұлулық сипаты деп қастерледі. Жаратылысынан бас еркіндігін сүйген өр мінез Ақан, өзі өскен дәуірдегі топас билеуші, үстем қауымның, қиянатшыл әкім-төрелердің, дін иелерінің халыққа жат қылықтарын жексұрын көріп, сол ортаны менсінбей заманына қыңыр келіп, қыр көрсетті. Бұл қыңырлықты басқа жолдардан таппаған Ақан өз өнерімен, өзгеше өмір сипатымен – серілік, өрлік мінезімен сездірді. Біржан секілді Ақанда да жас

кезінде әншіл, думаншыл топты қасына ертіп сауық- сайран құрушылық болса да кейін жеке сыршылдық, дархан даралық басым болған. Ақанның серілігіне, оның ән-өлең өнерінің әуеніне, өз өмір салтына қарап романтик ақын дер едік. Европа әдебиетінде де ескі мен жаңа заман тоғысындағы қайшылығы қалың дәуірдегі көптеген асқақ ақындардың осылай романтикаға берілгендігі мәлім.


ІІ
Ақан серінің ақындық, әншілік өнеріне өзгеше көрік-сипат беруші – оның таңғажайып өмір тіршілігі.
Ақан Көкшетаудан сексен шақырым жердегі Қоскөлде 1843 жылы туған. Ақанның әкесі Қорамса, кейбір мәліметтерге қарағанда, байшікеш саудагер болса керек, ал екінші біреулер жұқалаң шаруа болды деседі. Бала Ақан әуелде ауылдағы Күнту деген молдадан мұсылманша оқиды. Жасынан зерек, зейінді бала біраздан кейін дүмше молданың өзімен айтысқа түседі де, шариғатты әжуалап біржола оқудан безеді. Жаратылыстан ақын-әнші, дархан Ақан енді жүйрік ат мініп, құмай тазы жүгіртіп саятшылдықпен әуестенеді, қасына әнші жігіттерді ертіп, ел аралап думан-сауық құрады. Жиын-тойдың көркі, ерке серісі болып кетеді. Ақан махаббат әсеріне көп берілген, ғашықтықты, сұлу қызды жыр етіп көп әндеткен ақын. Сол ғашықтық жырларының дені өмірінің мұңы мен үні еді. Жігіт шағында Ақан аса ынтызарлықпен Бәтима деген қызға үйленеді. Бірақ, бұл жары жастай қайтыс болады. Одан тілсіз туған бала қалады. Бұдан кейін Ақан өмірінде бірқилы махаббат драмасы басталады. Ақанның қыран көзіне Ақтоты сұлу шалынады, құлағына алыста жүйткіген желден жүйрік Құлагер дүбірі естіледі. Нағашысынан Құлагерді қолқалап төрт аттың құнын беріп сатып алады. Тұлпар туған Құлагер де Ақанның серілік даңқын көтере түсуіне зор жаңғырық болыпты.

Арғын-найман бас қосқан дулы жиында Құлагер үш жүз жүйріктен озып жеке-дара келеді де, асқақшыл Ақанның мерейін биіктете түседі. Белгісіз жайлармен бір кезеңде Ақан мен Ақтоқты суысып кетеді, Ақан Ұрқия деген қызға үйленеді. Бірақ бұл жары да ұзамай қайтыс болады. Ақан бұрын өзінің жанын арбаған назды сұлу Ақтоқтыға қарай ынтығады. Ақтоқтыны біреуге ұзатқалы жатқанда, Ақан ара түсіп тіл безейді, өзінің ғашықтығын шертіп, шерлі наз төгеді:


Ақтоқты кеткенің бе шыныменен, Бал бердің талай жерде тіліңменен. Дарияның қайраңындай қалқа бала,
Зарлап мен ән шырқаймын мұңымменен.


Ақтоқты тәкаппар сұлу жанына ауыр өкпе сақтап, Ақанның бұл налысына ерімей, қайрылмай кетеді. Ғашықтықтан опық жеп, күйікпен күйзеліп жүрген кезінде, атышулы Сағынайдың асында Ақан ардагер аты Құлагерден де айрылады. Сан жүйріктен озып келе жатқан Құлагерді күншіл бай Батыраш дегендер маңдайынан ұрып өлтіріпті. Құлагерін қадірлейтіні соншама, наз жүректі ақын атының басын құшақтап, ұзақ аза тұтады, кәдімгідей жоқтау жырын күңірентеді...


Шынымен өлгенің бе, Құлагерім, Салбырап саптаяқтай төменгі ернің. Баспа-бас қызға бермес жануарым, Басылмас бір сөйлемей менің шерім. Құлпырған күлте-жібек құйрығың-ай, Сымпиып топтан озған жүйрігім-ай, Түбіне Ерейменнің айдап келіп, Құданың қарай көрші бұйрығын-ай!
Жануар жаз жайладым, күз сайладым, Сыртына қызды ауылдың көп байладым,

Құлагер мерт болды деп естігенде, Жұлдым да сақалымды ойбайладым!–


деп тебіренеді де, атын өлтірген жауыз жандарға нәлет айтады, ардақты тұлпарын арулап көмеді.
Сол бір күйзеліс шағында серілігінің тағы бір айрылмас серігі болған «Қара торғай» деген қыран құсы, «Базаралы» деген құмай тазысы өлімге ұшырайды. Осындай ауыр жайлардан кейін нәзік ақын енді өзгеше бір тебіреніске түседі. Осы егде тартқан тұсында бұрынғыша жігіт топтап, ел-елді сейілдеп думан құрудан да тоқталады. Жеке-дара қалған жанына медеу іздейді. Әкім-ұлықтар, болыс-байшікештер Ақан секілді ұлы жанды адамның асқақ өнерін, мінез өрлігін түсінбей келеке етіп, оны делқұлы деп зәбірлейді. Осыған ызалы болып адасқан Ақан жанына сая іздегенде, бір кезде өзі мансұқ еткен дін торына қайта шырмалады. Орта Азияның діни орталығының бірі Бұқарадан оқып қайтқан Науан қазіреттен Ақан дәріс тыңдайды. Сөйтіп, біраз уақыт тақуалыққа, сопылыққа бой алдырады. Бірақ зұлматы көп Науан қазіретпен өр Ақан шыдаса алмай, ұзамай одан да безеді. Ақанның бұл адасудан тапқаны – Шығыс жұртының ескі атақты ақындарының шығармаларын тереңдеп оқып, өзіне жаңа бір өнегелі тәлім алғаны.
Ақан елулер шамасына келгенде Көкшетау маңындағы ата қоныс жерлерді отарлау шеңбері молынан құрсаған еді. Бұл әрекеттер Ақанды қайта қозғады, өзінің өлең-ән досына қайта табыстырды. Ақан патшаның отаршылдық саясатын шенеп өлеңдер жазады.
Серілік заманы, жастық думан дәурені, ғашық сұлулары, жүйрік аты, құмай тазысы, қыран құсы көзінен зым-зия жоғалған шерлі Ақан, енді қасірет көліне біржола сүңгиді. Өзінің сүйікті мекені Сасықкөлге барып паналайды.

Қанатым тасқа соғып қалды қирап, Қыран ем тұғырдағы қоймайтұғын,–


деп шерленеді күні кеткен сері. Сасықкөлге өзінің сақау баласымен бірге сарыуайымға түсіп, сумен, желмен ғана сырласқандай болып, жұртқа таң ерекше жүріс-тұрысқа түседі. Көлмен, желмен күңгірт таумен күбірлескен Ақанды жұрт «перімен сырлас екен, пері қызы – ғашығы бар екен» деп аңыз етеді. Ақанның
«пері қызымен ашыналығы» жайында ел аузында қызық сырлар көп. Заман меңдеген, уақыт тығырыққа қамаған сері Ақан, наз күйлі кеудесі күңіреніспен күйреп, жетпіс жасында 1913 жылы дүниеден қайтады.



ІІІ
Ақанның ақындық, әншілік өнеріндегі өзекті әуен сырлары – ғашықтық наздары. Біздің өткендегі өлең- жырларымызда дала жасының, ауыл бозбаласының ғашықтық әсер-сезімін қыр ұлына тән ұлттық жастық кейіптерді Ақан серідей жырлаған ақын кемде-кем. Ақан серінің жігіттік лирикасы кең табиғат құшағында өскен дархан жігіттің ерлігіне, даланың сұлу көрінісіне, халықтық сүйкімді бейнелерге толы.


Оралдың мен ақиық сырандағы,
Сен сәулем қызыл түлкі қырандағы. Қия тас қиынына кетсең-дағы, Қамшылап қанатымды бұрам-дағы Асыл зат, ал қызыл гүл қарындасым, Есілдің құба талды шынарындай Алдымнан майысып шық бұрал-дағы.


Міне, ақын ғашықтықты, албырт бозбаланы, асыл қызды қалай қастерлеген, қандай әсем бейнелерге бөлеген! Қыр жасына «қызыл түлкі» немесе «алқызыл

гүл» болып көрінген қалқаның «наркескендей өткірлігін», «қия тасқа бекінгендей» беріктігін ардақтаған Ақан сол асыл зат бекінісіне қыранша сермелу керек деп, шын қиын махаббат майданына құлшындырады.
Ақанның жігіттік, серілік өлеңдері кезінде дала жастарының сүйікті жыры болып, ел ішіне мол жайылғаны мәлім. Ақанның өзі шығарған әсем әндеріне қосып талай жас:


Торыны таң асырып мінген қандай... Үкілі әсемдетіп жүрген қандай!
Тұсынан қызды ауылдың ән шырқатып, Сыбанып ақ білекті түрген қандай!
Сөз салып қалқатайға жеңгесінен, Құрбыңмен сыпайы ойнап күлген қандай! –


деп басталатын әнді жігіт көңілінің бір асқақ аңсары етіп шырқамады ма?
Ақан сері тек сезім құлы болып, ләззат қана іздеген және де сұлу қыз болса, сүйе бер деп нәпсіге елтіген жан емес. Ол алдымен қыздың арулығына сай сұлу сырын, адамгершілік қасиетін ардақтайды.


Етегін ақ көйлектің кестелеген, Қалқажан шырын сөзін дәстерлеген. Жатық сөз, жақсы мінез, жайдары ашық, Жаныңды жадыратқан қайран ғашық..
Сүйікті ең, сөзге орайлас, ақыл үйлес, Жауһарсың маған қымбат қолға түспес.


Осылай біліммен, ақылмен айтқызбай адам нарқын танитын абзал аруларды қастерлейді Ақан. «Қызарған бет табылады» деп, сұлудың наз ниетіне құштар сері:

Таза жүрек, шын сөзбен серт беріп ең, Нәпсіме жүрегімді сұлтан қылып, Тоқталып өз бойыма ерік бергем...–


деп нәпсіге емес, таза жүрекке, ақ махаббатқа иіледі. Ондай асыл қыздардың арулығын, сыр-сымбатын Ақан былай суреттейді:


Етегін ақ көйлектің алтындаған, Ажарың ақ жамбыдай жарқылдаған. Сексен қыз серуенге шықса-дағы, Ішінде сен қоңыр қаз қаңқылдаған, Қамалап қанша дұшпан келсе-дағы, Қалқажан айтар сөзін тартынбаған.


Түнек заманда, топас ортада ақиқат үшін өткірліктен айрылмаған Ақан ел қызының, жігіт жарының «айтар сөзден тартынбаған» өр, еркін болуын аңыз етеді.
Тегінде Ақан өз басы махаббат күйігін көп шеккен адамға ұқсайды, шын ғашық үшін жанды пида ету керек деп жыр төгеді:


Пәруана өлім іздеп түсер отқа,
Шын ғашық аямайды басын сотқа...


Ақанның бұл секілді таза ғашықтықты, еркін абзал махаббаты жыр етуі ескі ата дәстүр меңдеген, әйел басы аяққа басылған заманда бас еркіндігін, әйел теңдігін аңсаған ізгі қадам болды. Тегінде Ақан «серімін» деп, қыз жұртына өркөкіректік, албырттық сездірмеген, Ақан сүйікті қыздарына өте сыпайы, сырбаз сөздермен ғана жалбарынып, бәйек болған. Ақан сүйкімді қыздарға тек «қарындас», «қалқа бала» деп қана еркелете, ағалық мейірім білдіре наз төгеді.
Ақан тек сұлу қызға ғашықтықты немесе өз басының махаббат күйігін ғана жырлаған ақын емес. Ол – өзінің

асқан өнерімен сүйгеніне бара алмаған нелер мұңды қыздардың арашасысы болған әділетшіл, қамқор азамат. Махаббат бостандығының шын күрескері. Халық аузында қалған аңыз- әңгімелерде Ақан сері өз теңіне, сүйгеніне қосыла алмай, қалың малға сатылып, қайдағы бір топас пенделерге қор болып ұзатылған қыздарға ара түсіп, әнмен, өлеңмен талай тойдың жар- жарын мұңды қыздың «зар-зарына» айналдырған жәйттері көп.


Ей, қалқа талпынушы едің бала құстай, Аулыңа неше келдім ала қыстай.
Бір жаман мал бердім деп алар, кетер, Тұйғыннан жем айырған қара құстай, –


деп наз қалқаға төнерлік қауіпті ескерте жырлап жүрген ақын, сол абзал қыздар шырмауға түскенде, құдандалы қазымыр қауымның тойына тайсалмай келіп:


Ауылым қонған Сырымбет саласына, Ғашық болдым ақ сұңқар баласына Бидайыққа ылайық қарағым-ай, Бөктергіге қор болып барасың ба?
Қарындас-ай, енді есен бол!


деп тебіренеді сабаз. Атақты Сырымбет әнімен айтылатын бұл өлеңді революциядан бұрынғы ауылда өз бастарының мұң-зары етіп талай боздақтар назбен, налыспен шырқады. «Бөктергінің тырнағына» түскен ақ сұңқар қыз жайындағы ән, әлі де естігеннің жан- жүйкесін босатып, қанын шымырлатады.
Біреулер Ақанның «Бидайығы кім? Бөктергісі кім?» дер. Ол заманда атағы шыққан сұлуға бай-төре балаларының ғана құда түсетіні даусыз. Бірақ сол бай- төре балаларының көбінде абзал қыздың сыр-сипатына пар келетін махаббат та, адамгершілік те жоқ екенін

әбден сезінген Ақан оларды топас құс – бөктергіге теңейді. «Ақсұңқарға лайық» өзі секілді алғыр, өрен самғайтын еркін жанды бидайыққа балайды.
Ақынның махаббат лирикасы біздің өткендегі поэзиямыздан ерекше орын алатын, ұлттық, халықтық қасиеттері бар тамаша жырлар: сол замандағы жас қауымның жан сырларын әндететін күшті, назды сарын, тұсындағы өзге ақындардан кездесе қоймайтын өзгеше бір азаматтық әуен, халықтық лирика.


V
Ақан ғашықтық пен серілікті жырлаған бірбеткей ақын емес дедік. Сол махаббат жырларының өзін халықтық сырлармен ұштастыра білген Ақан өз халқының күйзеліс күйлеріне, заманның сүреңсіз жайларына көз тікпей, үн қоспай кеткен жоқ.
Жоғарыда айтылған Ақанның жігіт шағында қазақ елі отар шырмауында әбден шеңберленген еді. Ол тұста қазақ даласының түрлі тұсында бұрқ еткен көтерілістер мен ереуілдер тойтарылып тынған-ды. Ақан жасаған дәуір – қазақ елінде «Россияға бағынбаймыз, қосылмаймыз» деген әуен басылған дәуір. Бұл дәуірде Шоқан, Ыбырай, Абай секілді қазақтың озат ойлы көреген ұлдары халқын орыстың өнер-біліміне, мәдениетіне баулыды. Ал бұл тұстағы ел наразылығы патша ұлықтарының зорлық әрекетіне, содан туған теңсіздіктерге қарсы жұмсалды. ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ халқының «Россияға бағынбаймыз» деуі мүлде қалып, «қонысымызды қыспа, халқымызға қиянат жасама, әділ биле» деген талаптар, шағымдар ғана шықты.
ХІХ ғасырдың өн бойындағы және ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының аса бір толқытқан мәселе – жермәселесіболды. Солдәуірдегіқазақәдебиетіндегібұл мәселе ең басым сарын еді. Ақан сері шығармаларында отарға түскен, елінен кеткен жер-қоныс жайында,

сол жерлерді тұтқиылдан келіп билеушілер жайында жазылған наразылық өлеңдер де бар. Бұл тақырыпқа жазылған Ақанның бірді-екілі өлеңінің әлеуметтік және тарихи себептерін түсіну үшін алдымен мынаны аңғарайық.
Қазақ елінің Россияға қосылып қалыптасуы, елдестік құруы – ұзын қиын сонар, қым-қуыт белестерді бастан кешті. «Соғыс, феодалдық империализм» жорығын жасаған патшалық Россияның қытымыр билеушілері мен оспадар ұлықтары отарланған елге зілді, қаһарлы содыр-сойқандары аз болған жоқ. Бұны тарихтан бүркемелемеу, мәймөңкелеу – маркстік принципке қайшы келеді. Ленин патшалық Россияны
«Халықтардың түрмесі» деп анықтады. Ал орыстың ХІХ ғасырдағы озық ойлы адамдары, бұқарашыл қайраткерлері, патша ұлықтарының қазақ еліне жасаған зорлық-зомбылығына қарсы пікір қозғады. Патша отаршылдарының қазақ ауылдарына жасаған тонаушылық, сойқандық әрекеттеріне қарсы шығып, бір кезде «Колокол» бетінде Герценнің дабыл қаққаны тарихқа мәлім.
Ал отарланған қазақ елінің жері ХІХ ғасырдың 70-80 жылдары патша өкіметі тарапынан қусырыла бастағаны, талан-таражға түскені даусыз мәселе. Патша үкіметі қазақ халқынан алынған жерді алдымен, өзінің отарлаушы жортуылдары – казак-орыс әскерлеріне бөліп берді. Ақанның жігіт ағасы болған шағында, 70-80 жылдары Сібірдегі (соның ішінде Ақмола, Көкшетау бар) қазақ-орыс әскерлерінің меншігінде төрт миллион десятина қазақтың ең шұрайлы жерлері болған. Патшалық Россияны билеушінің бірі, атышулы Столыпиннің жер жайындағы кесірлі заңы – қазақ еліне тиген індет болды. 1906 жылдары қазақ елінің ең шұрайлы қоныстарына ішкі Россиядан жарты миллионға жуық шаруалар көшірілді. Бұл жылдары қазақ жерінен переселендердің пайдасына он жеті

миллион десятина жер алынады. Ал осы молынан кеткен жердің шұрайлысын орыстың кедей шаруаларына емес, алдымен ұлықтарға, кулактарға, казак-орыс атамандарына, әскерлеріне берілгені айқын. Бұл секілді отаршылдық озбырлыққа қазақ халқы наразылықпен толқымай қалмады. Мысалы Торғай уезінің қазақтары 1907 жылы Столыпинге былай арыз етті.
«Переселен» комиссиясы қазақтардың ең шұрайлы жерлерін переселендерге тартып әпермекші. Соққыдан запыс болған қазақтар бұл ретте сөз айтуға қорқады. Жергілікті қазақ әкімдері крестьян ұлықтарының уысынан шыға алмайды. Бұл секілді әрекет қазақтарды тозғындатуға соқтырады. Тақсыр, бізді, жерімізді күшпен тартып алмақшы болған бұл секілді жаулардан құтқарсаңыз екен, әйтпеген күнде қазақтар бұған төзіп, аңырап отыра алмайды, мұндай дұшпандардан өзін қорғайтын болады». (Қазақ ССР тарихы, 1957 жылы басылуы, 519-520 бет). Мұндай халық наразылығына, халық мүддесіне Ақан сері секілді азамат ақындардың үн қоспауы мүмкін емес еді. Оның үстіне Ақан серінің атамекені болған Көкшетау маңы бұл тұста переселендердің мол жайлайтын қонысына айналған. Ақан сері тарылған ел қонысын және патша ұлықтарының еліне жасаған зорлық-зомбылығын, халқының теңсіздігін көріп, наза жырын жазады.


Тарылған қазақ көзі бұлақтай боп, Соятын крестьянға лақтай боп.
Патшаның сүйікті ұлы келгеннен соң, Шет шығып қалдық қой біз орақтай боп.


Бірақ патша саясатынан туған қазақ бұқарасының теңсіздігін айта келе Ақан сері сол әділетсіздіктің түп-төркіні патшаның өзі, патша ұлықтары екенін айырмайды. Бұл қорлық патша отаршылдарына қолшоқпар болған атамандар мен кулактардың әрекеті

екенін жіктей айтпайды. Жалпылап «крестьяндар қорлады» деп қынжылады ол. Өз халқы көрген зәбірді шағып, патшадан, оның сенатынан, думасынан рақым күтеді.


Петербордан шапқатты санат келсе, Патшадан жарлық алып, құдай қалап. Қазақ үшін қайғырып жылар едің,
Ол мейірман ер болса ұялмай-ақ.


Бірақ патшадан, оның жоғарғы ұлықтарынан мейірмандық күтіп алданған Ақан, кешікпей
«қайырсыз патшадан» түңіледі:


Барабар крестьянға тең болмадық, Тартылып қай жараға ем болмадық? Малымыз, жерімізден пайдаланып, Қалайша, патшамызға дем болмадық. Сексен бес жыл болыпты бодандыққа Қайырсыз патшамызға ел болмадық, –


деп налиды Ақан. Осы наразылықтың өзінде қазақ елінің Россияға қосылғандығына наразылық қарсылық үн сезілмейді, жалпы орыс халқынан шошығандық та жоқ. Мұнда патшаның озбырлық саясатынан туған жөнсіздікті, теңсіздікті көзбен көрген Ақан, сол әділетсіздіктің жойылуын, қазақтың орыс шаруаларымен тең болуын тілеп отыр. Патша өкіметі қазақты да елім деп санасын деп отыр.
Россия патшалығынан халқына тең правоны талап еткен Ақан, өлеңінде өз дәлелдерін ұсынады:


Сөзімнің дәлеліне салсаң назар, Қазақ малы кемісе, бәрі кемір.
Ірбіт, Мәскеу, Мәкерже – күллі базар, Сиыр, қой, жылқы қылы, мал терісі...

Фабриктер асыл пұлды жүннен табар. Әскерге де ат керек, тамақ керек, Данышпандар қилап қылып салса назар, –


деп қазақ елінің Россияға пайдалы ел екендігін патша ұлықтарына Ақан түсіндірмек болады. Бұл – Россиямен отандасайын, қолтығына кіріп елдестік құрайын деген халық мүддесінің үні ғой.
Ақанның бұл жайындағы бірді-екілі өлеңі жоғарыда келтірілген Торғай қазақтарының наразылықтарымен өзектес. Патша ұлықтарына, патшаға бағытталған бұл секілді наразылықтар Ақан өмірінің соңғы шағында бүкіл қазақ халқын тебіренткен мәселе болды. Сол тебіреністер Ақан қайтқаннан кейін үш жылдан соң- ақ, 1916 жылы патша саясатына қарсы халқымыздың айбынды көтерілісіне айналды...
Ақан сері отарға кеткен жер жайында ғана күйзеліп қоймай, халқының тағдыры, мешеулігі, өркені туралы да толғанған, елін өнерге, кәсіпке шақырған қамқор ақын:


Үйренген халқымыз ғой шегіншекке, Кәсіпсіз сахарада еріншекке...
Ұйқымен өмірі өтіп тектен текке Жай жату, бүгінгі тек жанның қамы
Қаперсіз шөп жейтұғын малдың қамы... Жігіттер өнер үйрен заманыңда! –


деп жар салады. Бұл сөздерден Ақанның заман ағысын барлағаны, өз халқының келешегі үшін ой тербегені айқын көрініп тұр.
Ақын Ақан өз заманының сұмдық әрекеттерге үйір адамдарын өлеңмен түйреп өтеді. Тұсындағы төре мен байларды батыл әшкерелейді. «Жүсіп төреге» деген өлеңінде:

Бұл заманның тамыры, құдандасы, Әуелі арбасумен ойлар сұмдық...–


деп келе өзінің «Заман адамды» деген өлеңінде тұсындағы зұлмат қауымды, топас надан топты да әшкерелей түседі.


Адам бұл заманның әрбір түрлі... Зәредей қадірі жоқ, іші кірлі.
Ізгілік жоқ ойлайды қастелікті, Зұлмат тұмауменен біткен мұрны.


Ал осы «танаулары зұлмат тұмаумен біткен», «іші кірлі пенделер» кім? Ақан жалпы заман адамы азғын, сұм демейді батыл, өр кеуде ақын олардың бет пердесін аша кетеді:


Қайтсем пайда қылармын: деп нашардан, Осы күнгі «жақсылар» қылар айла.
Жарты ақысын сіңірер – «о, деп, бұ, деп» Нашарлар қызмет қылып жүрсе байға.
Жүсіп-ау, төрелік жоқ баяғыдай, Дәрежең қара қазақ аяғындай.
Досыңды дұшпан көріп ғайбаттайсың, Мінезің әзәзілдің таяғындай, –


деп атаққа мас төрені әбден мұқата сөгеді.


Көңілінен шықпасаң – күнің қаран, Байдың ісі барабар нажағайға.
Бәрі баймен балғалас сөзі бір боп.
Би, болыс бола алмаймыз ауылнайға.


Бұл әлеуметтік мәселені тереңірек түсінген, қазақ қауымындағы езуші, езілуші жіктерді айыра білген ақының шешімі. Ақан сері тіпті нашардың ақысын

жеушілер – бай ғана емес, би, болыс, әкімдер де – бәрі бір құптасқан жемқорлар деп отыр. Еңбекші халықтың төбесінде тулағанда «нажағайдай түйілетін» қанағыш байларды Ақан жексұрын көреді. Олардың жебір қылығын әшкерелей түседі:


Бір нашардың қарасы көрінгенде, Ендігі бай қашады анадайдан.
Бұл күнгі байға сөйткен адам жағар, Отын кесіп, шөп шауып малын жайған Тілін алып бармасаң жұмысына, Жазғытұрғы бурадай адырайған...
Ендігінің байы әуелі нашарды жер, Нашарды көрсе антұрған сөйлейді кер...


Талдап жатпай-ақ түсінікті. Тұсындағы байлардың бар мақсаты – нашардың еңбегін қанау ғана деп зілденіп отыр Ақан.


Ақша уыстап сауда қылар ырымдай ғып, Бай жұмсап жүрсе-дағы құлындай ғып. Базарға барған сайын пайда бар деп, Тапсырар ұштаушының құнындай ғып, –


деп отаршылдықпен жарыса келген сауда капиталының жебірлерін, соларға құлша жегілген жалдаптарды, жаңа байшікештерді де шенеп береді. Байларды міней отыра Ақан сері бұқара, еңбекші халықтың ауыр халіне қамығып, жанашырлық сездіреді. Рас, Ақанда кедей бұқараны жебірлерге қарсы ыза-кекке, тартысқа шақыру жоқ. Тек Ақан жырында жарлы-мүскіндерге жәрдем тілеген секілді гуманистік, ізгі ниеттер бар.
Ақан серінің бірқатар өлеңдері пейіл түзеу мәселесіне арналған. Заманындағы жастарды достыққа, адалдыққа, таза махаббатқа шақырған бірнеше өлеңдерінде келелі, ғибрат пікірлерді насихаттайды.

Әсіресе, Ақанның нақыл өлеңінде терең тапқырлық бар:
Жігітті шешенсінген дауда сына, Жігітті батырсынған жауда сына... Ит қызыл болғанменен түлкі болмас, Ойнақтап сиыр үркіп жылқы болмас. Сауғанмен жалғыз сиыр іркіт болмас. Өнерді бойға біткен іркіп болмас, Мысалы әр нәрсенің бәрі сондай,
Сұңқылдап күшіген құс бүркіт болмас.


Бұл өнегелі сөздерді Ақан әсем әндері секілді кезінде халық арасына кең жайылып, халықтық мақал-мәтелге айналғаны жұртқа мәлім. Ақан серінің айтыс өлеңдері бай-төрелерді сынап жазған зілді сықақтары да көп болған. Ақан сері өзімен тұстас, өкшелес ақындармен бірнеше сөз сайысына түсіп, оларды өткір тілмен безеп жеңіп шыққан.
Ақан шығарған ән-өлеңдердің немесе өлең сөздерінің бәрі бірдей өнегелі және тарихи ұмтылыстармен түгелдей қанаттасып жатыр демекші емеспіз. Кейбір тұстас ақындарша ескі заманды көксеп, күңіренбесе де бұрынғы адамдарда әділдік берік еді деген сарындарды да басып қалады. Дінді жан тазартуға бір өзгеше тәлім көріп, тақуалық әуендерді де түтіндетіп қалады. Бірақ Ақан өзі дін оқуына жетік адам болса да діндарлыққа еліксе де, тегінде шариғат – иман дегендерден гөрі махаббатты әулие тұтқан секілді.


Ғашықтық күннен күнге ер жетеді, Қасіретім жанды шайқап еңіретеді. Кей уақыт рақымы жоқ қатты құдай Мені де сол себепті тебірентеді.
Махаббат сонша қымбат – білсе бойың Иманды ақыретте берер құдай Дүниеде жалғыз өзің, ақыл-ойым, –

деп дінге емес, ғашығына табынады Ақан. Мұндай махаббатты елемейтін рахымсыз «қатты құдай» бар деп айтуды, иманнан – ғашықтығын артық көруді дін иелерінің «күпірлік» дейтіні сөзсіз.
Ақан серінің ән нәші де, негізі өлең өрнектері де халқымыздың музыкалық, поэзиялық дарындылығымен өзектес. Ақан сері шығарған өлеңдердің халықтық әуендегі құдіретті әсем әндер екендігі баршаға мәлім. (Ақан жиырмадан астам ән шығарған). Ал Ақанның сөз кестесіне келсек – ақынның негізгі, өзекті шығармалары әсіресе серілік, ғашықтық өлеңдері, нақыл сөздері – көркем бейнелермен, сұлу теңеулермен безелген. Ақанның бұл сипатты өлеңдерінде тамаша сыршылдық, әсемпаздық асқақ екпіндер, әсерлі бейнелер барлығы мақалада келтірілген көп үзінділерден-ақ сезіліп тұр. Абайды жеке қойғанда, Ақан – ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясындағы ең лирик ақын.
Ақан жазған «Ей, қалқа», «Біздің көңіл қайда жатыр», «Құлагер», «Ақ көйлек», «Гауһар-жақұт»,
«Үш тоты», «Торыны таң асырып мінген қандай», «Сұлу қызға», «Жамалға», «Ғашық жарға», «Алты басар»,
«Сырымбет», «Мылтық пен мергеншілік» секілді ән- өлеңдері өткен замандағы поэзия тарихынан елеулі орын алады. Ақан лирикасында ұлттық, халықтың бейнелер қасиеті әсерлі сақталған. Ақанның теңеу бейнелерінде өзінің серілігіне:


Жайықтың ақ түлкісі Оралдағы, Алдымнан сен бір шыққан марал-дағы, Формаңа төңкеріліп жайдым қанат, Шарықтап ақиықша Оралдағы.
Қосылса екі асыл зат жарасады, Қосылып гауһар-жақұт жарқылдаған, Сексен қыз серуенге шықса-дағы, Ішінде сен қоңыр қаз қаңқылдаған.

Бұл секілді ғажап теңеулер Ақан сынды сері және сырбаз ақынның ғана аузынан шыққан.
Шығыс ақындарын оқуы – Ақан шығармасына көп пайдалы әсер тигізген. Ақан бірқатар өлеңдерінде сол әсер бойынша өз жырына тың көрік, бейнелер де жасай білген:


Етегі ақ көйлектің ілмеленген, Қастарың харіп маттай сүрмеленген. Сүмбіл шаш, лағыл ерін, асыл қалқа, Іші бауырым ғашық отпен тілмеленген... Қызыл гүл сен болғанда бақшадағы,
Біз бұлбұл күйін шерткен Ирандағы... Махаббат бағында мен түн қатайын, Нүктедей нон үстінде бір жатайын...


Қандай тамаша теңеулер! Ақан араб әріптерінің аттарына жан беріп, жаныңа қона қалатын бейнелер жасап отырған жоқ па? Ақан расында да сөз өрнегін әсем қастерлей білген, сөзге әсерлі күш бере алған тамаша ақын.


Жұпар жел мас боламын самалыңа, Туып ең нұр безеніп заманыңда.
Сағымдай жазғытұры толқын ұрып, Қарасам көз алмастан жамалыңа!


Бұл секілді мағыналы, әсерлі бейнелерге толы өлеңге мәдениетіміз өскен қазіргі ақындар – біздер де таңырқап, Ақанға зор сүйініш білдіреміз. Ақанның өлең шығармаларына шығыстың Науаи, Фердоуси, Низами сынды ақындарының көп ықпалы болғаны анық байқалады. Ақан бір өлеңінде өзінің шығыс дастандары «Жүсіп-Зылиқа», «Сейфіл Мәлік-Жамал»,
«Ләйлі-Мәжнүн», «Фархат-Шырын» секілді ғашықтық жырларды оқығанын аңғартады. Өзінің кейбір махаббат

өлеңдерінде сол ғашықтардың лебін, зарын төгеді.
Ал бір өлеңдерінде Ақан шығыс сөздерін орынсыз қолданып, тіл шұбарлап та алады, өлеңдік әсерін әлсіретіп жібереді:


Хат жаздым қолыма алып, қалам, сия, Көптен-көп сәлем айттым гүл-назия Тағырыфін тәмам қылып танығандай, Ділмардан ділмар керек шахвазия...
Ән нақыш мәдхамды түсіндірсін Діл арай, діл һабзайы гүл – назия...



Бұл өлеңдегі шығыстың шұбар сөздерінен халық ешнәрсе ұқпаса керек.
Ақан сері шығармаларына сол кезден қоныстас, аралас бола бастаған орыстың халық өлеңдерінің де әсері тиген. Ақан енді жаңағы «Гүл-назияның» орнына
«сказияны» жұмсайды:


Көптен-көп поклон айттым сказия Сырымды кімге айтайын сізден зия, Именной, искренной, ескерсеңіз, Хорошенькой, сестра, сватия.


Мұнысы әзіл үшін шығарса да, орыс жастарымен араласа бастаған сол кездегі қазақ өрендеріне қызықты да болған шығар.
Орыстың сөздерін қосып жазған өлеңдері бір қилы, олар Ақан шығармаларының қадірлісіне жатпайды десек те, көптеген орыс және шет сөздерді қазақ әдебиетіне орынды енгізген ең алғашқы ақанның бірі – Ақан. Ақан өлеңдерінде форма, фабрика, завод, том, солдат, крестьян, компания, комиссия, дума, сенат, поклон, секрет, закон, расход секілді орыс және шет сөздері орынды енгізілген. Ақан орыс

сөздерінен шошынбай оларды шығыс сөздерімен бірдей қабылдаған.
Ақан халықтың бел баласы, ақын еркесі, әнші серісі болып, өз заманында даңққа ие болған. Ақан сері шығарған әсерлі жырлар мен әсем әндер ғасыр бойы халық аузында сақталып келеді, сақтала да бермек. Ақан серіні халықтың қандай бағалағанын халық аузынан жазып алған өлеңдерден айқын білуге болады. Ақан серінің шығармалары біздің совет заманында жаңа жұртшылықтан жақсы баға алып отыр. Революция жылдарынан бері Ақан әндері әр жиын- тойда, мерекеде, сахнамызда үзбей шырқалып келеді. Қазақтың белгілі ақыны Сәкен Сейфуллин 1931 жылы Ақан серінің өлеңдер жинағын бастырып шығарды. Атақты ақынымыз Ілияс Жансүгіров 1937 жылы
«Құлагер» атты дастан жазып, онда Ақан серіні қытымыр заманда топас қауымның арасында жанына зәбір тапқан, халықтың ардагер ұлы деп дәріптейді. Көрнекті жазушымыз Ғабит Мүсірепов Ақан образын терең барлап, биік дәрежеге көтере білген, жазушы пьесасында Ақан, қара ниет, пәлеқор қауымға, діннің шырық-шырмауына қарсы шыққан, солардың сұмдығынан зәбір шеккендерге, ара түсуші, әділет үшін тайынбай күресуші ер, қайсар тұлға болып көрсетіледі. Халық қиялындағы сері Ақан осылай бейнеленуге тиісті.
Ақан сері туралы беріректе жазылған бағалы туынды
– белгілі жазушы Сәкен Жүнісовтың «Ақан сері» атты романы. Бұл роман – сегіз қырлы серінің тамаша өмірі, ерекше қилы-қилы сері қылықтары жайында, тұсындағы топас қауымға көрсеткен өр мінездері жайында жазылған келелі туынды.
Поэзия дүниесінде өзім жазған «Соңғы сайран» атты шағын поэмамды мақтанышпен атар едім. Бұл шығармам туралы «Менің дастандарымның тарихи негіздері» атты мақаламда мағлұмат берілген.

Ал Ақан серінің өз өлеңдерін (әндерін нотаға түгел түсіру өз алдына мәселе) Сәкен Сейфуллин 1933 жылы жеке жинақ етіп шығарды. Одан кейін, беріректе Әбділда Тәжібаев сол жинақты қайта шығарды.





Пікір жазу