12.04.2022
  219


Автор: Қалижан Бекхожин

ШОҚАН УӘЛИХАНОВ ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ БІЛІМПАЗЫ

Қазақ халқы өз тарихында талай кемеңгерлерді туғызды. Киіз туырлықты қазақтың өз тарихына сай, өз ортасын жарып шыққан даналары мен ақылгөйлері толып жатыр. Найза ұстаған қаһарман батырлары, сөз асылын терген ардагер ақындары болды. Олардың бәрі де халқымызға зор мақтаныш, үлкен сүйініш болмақ. Алайда, солардың ішінде аса зор мақтан боларлықтай, өз даласынан асқақтап биікке шыққан екі кемеңгер перзент бар. Оның бірі – қазақтың ұлы ақыны Абай

Құнанбаев та, екіншісі – қазақтың тұңғыш білімпазы Шоқан Уәлиханов.
Бұл екі адамның кемеңгерлігі жалғыз ғана қазақты емес, мәдениет жұртшылғының бәрін де сүйсінткендей. Абай зор білім иесі адам болса, ақыл-ой өрісі жағынан ол Европаға өрістеп барып қалған еді, бірақ Абай білімге қартаң тартқан шағында ғана қол сермеді, сол себепті мегзеген білім дариясына сүңгіп жете алмай, арманда өтті. Ал Шоқан болса, ол білімге, қазақша айтқанда, қаршадайынан-ақ құлшына кірісті, заманындағы ғылым дүниесінен уысын толтырып білім алды, оның үстіне өз бойына біткен дарындылық оны заманындағы алдыңғы қатарлы білімпаздардың қатарына қосты.
Шоқан Уәлиханов 27 жыл ғана дәурен сүрді. 27 жыл деген өте аз өмір. Бұл жаста жұрттың көбі ғалым болмақ түгілі, орнықты білімге де ие бола алмауы мүмкін. Әсіресе Шоқан жасаған алапат заманда қазақ баласына орысша оқу, европалық білім алу бір қиямет іс болушы еді. Бірақ Шоқан, сол өзінің аз өмірінде үлкен оқымысты болып шықты. Өзінің азғана өмірін ғылым жолына сарп етіп жалғыз ғана қазақ емес, бүкіл шығыс үшін, қала берді орыс ғылымы үшін, қадірлі мұраның бірі болып табылатын ғылыми еңбектер қалдырды. Шоқанның білімпаздығына, аса дарындылығына орыс оқымыстылары сол кездің өзінде-ақ қайран қалатын. Атақты оқымысты академик Веселовский Шоқан туралы былай дейді:
«Шоқан Уәлиханов Шығыстану ғылымының аспанына құйрықты жұлдыздай, жарқ етіп шықты да, әп-сәтте ғайып болды. Орыс ғалымдарының барлығы да Шоқанды ерекше шыққан бір қасиет деп түсініп еді, одан шығыс халықтарының тағдыры туралы ұлы-ұлы, маңызды жаңалықтар күткен еді, бірақ, Шоқанның мезгілсіз өлімі біздің бұл үмітімізді үзіп кетті».
Академик Веселовский осыны айтса, Сібірдің атақты ғалымы, Шоқанның жолдасы болған Григорий

Николаевич Потанин Шоқанның дарындылығын мақтай келіп былай дейді:
«Біздіңжасымызоданүлкенболсада,олбілімжағынан біздің жанымызда аға сияқты еді, біз оның жанында бір жалаңбұт бала сияқты едік, оның білім жағынан бізден әлдеқайда жоғары жатқанын – сөйлескен сайын сезуші едік. Ол біздің жолдастарымызға және маған да білім жағынан «Европаға қарайтын терезе сияқты еді».
Шоқанға деген мұндай бағаны сол кездегі оқымыстылардың талайы-ақ айтқан болатын. Шоқан Уәлихановтың ғылыми еңбектері көбінесе орыс тілінде жазылғандықтан, оның даңқы орыс оқымыстыларының арасында көбірек жайылды. Бірақ қияға шырқап ұшқан өз қаршығасының ағыны қазақ даласының да құлағына шалынбай қойған жоқ. Сол заманның өзінде-ақ Шоқан Уәлихановтың даңқы қазақ еліне саңқ ете түскен еді. Қазақ елі оны өз перзентім, өз ғалымым деп қадірлей білген еді. Қазақтың атақты жазушысы Мәшһүр Жүсіп Көпеев өзінің күнделігінде былай деп жазып кеткен:
«Уәлиден Көкшетаудағы Шыңғыс төре туды. Мұның бір Шоқан дейтін баласы қыршын күнінде өліп кетті. Бұл күнге дейін тірі жүргенде зор атақ шығаратын ердің бірі еді».
Шоқанмен достас болған оқымысты Ядринцев
«Шоқан жөніндегі есте қалғандарым» деген әңгімесінде былай дейді:
«Біз қазақтың бір шалдарымен әңгімелесіп отырдық. Сөйтіп отырып Шоқанды еске түсірдік. Шоқанды әңгіме ете бастағанда қазақ даласының әлгі қария уәкілдері еңкілдеп жылап қоя берді. Шоқан – өз халқының мақтанышы, сүйікті перзенті екен, оның есімі жұрт аузында осылай боп сақталған».
Кешегі кер заманда орыс арасында болсын, қазақ ішінде болсын сондай зор даңққа ие болған қазақтың тұңғыш білімпазы Шоқан Уәлихановты бүгінгі күні біз, бүкіл қазақ халқы болып ардақтаймыз.

Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов 1837 жылы Көкшетауда туды. Шоқанның арғы атасы – жауынгерлікпен атағы шыққан даңқты Абылай хан. Абылай – Орта жүзге қырық жылдай хан болып, жан- жақты шапқынды жаулармен талай жыл соғыс салған кісі. Абылай өзі билеген қазақ жеріне жаудың табанын бастырмай жеке хандық құрып өткен. Абылайдан кейін Орта жүзге Абылайдың отыз баласының ішіндегі ең үлкені Уәли Сұлтан хан болды. Уәли Орта жүздің билігін сақтап тұра алмады. Абылай сияқты саясатшыл және жауынгер бола алмады. Уәлиханнан Шыңғыс туды. Шыңғыстан Шоқан туды. Шоқанның әкесі Шыңғыс – Ресей патшалығына бағынуды жақтап, орыс әкімдерімен ерте араласқан кісі. Шыңғыс Омбының әскери мектебін бітіріп үлкен шенге ие болған адам. Шоқанонжасқадейінөзауылындаболды. Оныңбалалық он жасы өзінің туған ауылы, атамекені Көкшетау, Сырымбет, Құсмұрын деген сұлу таудың аясында өтті. Он жасқа келгенсін Шоқанды әкесі Шыңғыс Омбыдағы офицерлер дайындайтын кадет корпусына оқуға жібереді. Сарыарқаны біржола Ресей патшасы өзіне бағындырып алғаннан кейін, сол даладан өзіне жалдаптар дайындау үшін шенге қызықтырып төре- сұлтанның балаларына орыс білімін бермек болды. Сол үмітті Шоқаннан да күткен еді. Шоқанды да не айтса, соны істей беретін алаңғасар чиновник етсем деп ойлап еді. Патша өкіметінің ол ойлағаны болмады. Шоқан оқуын оқыды да, өз халқының тағдырын ойлаған зор ғалым иесі адам болып шықты.
Шоқанның Омбы мектебіндегі оқу кезеңі бір ғажап оқиға: ауылдан қалаға орысша білмей келген қазақтың қара баласы төрт-бес жыл ішінде өзінің асқақ зейінділігімен бүкіл Омбыны таңқалдырды. Шоқан аса зейінді, ұғымтал және жаратылысынан дарынды бала болды. Сол дарындылығының арқасында төрт- бес жылғы оқуы оған үлкен білім берді. Потаниннің

айтуынша, ол өзімен сабақтас орыс балаларының бәрінен де білім жағынан озық еді. Шоқанмен оқыған балалардың ішінде Потанин сияқты Сібірдің атақты ғалымы да болған. Омбы жастары, мектеп оқушылары Шоқанның зеректігіне, білімділігіне ден қоятын болды. Шоқан өзінің зеректігінің үстіне кітапты үсті-үстіне оқи береді, қай-қайдағы қолға түспейтін қымбат кітаптарды тауып оқитын болады. Потаниннің айтуынша, сол кездегі Омбыда жоқ, қолға түспейтін кітаптар Белинскийдің, Гончаровтың, Тургеневтің, Достоевскийдің еңбектері екен. Шоқан осылардың бәрін де өзі оқып біліп, басқа жолдастарына білгенін айтып беретін болды. Ағылшынның атақты жазушылары Диккенс пен Теккерейді Омбы жастарына ең алғаш әйгілеген Шоқан екен.
Шоқанның ой-пікірлерінің тез өсуіне, әсіресе әлеуметтік, адамгершілік көзқарастарының қалыптасуына оқытушы мұғалімдер және Омбы қаласына келген озық пікірлі оқымысты адамдар көп әсер етеді. Шоқан оқыған кадет корпусына мұғалім болыпжаңаадамдаркеледі, солжаңакелгенадамдардың көбі патша саясатына қырын келіп жүрген және адамгершілік пікірлері күшті оқымыстылар еді. Оның үстіне, Омбы қаласы ол кезде саяси айдалғандардың жол үсті болатын. Ресейден Қиыр Сібірге қарай жер ауғандар Омбы қаласына көп қонақтайтын болған. Бұл кезде Омбыға бұрынғы декабристерден, петрашевшылардан жер ауып келген адамдар көп болды. Шоқан солардың көбімен жақындасып алады. Әсіресе орыстың атақты жазушысы, сол кездегі саяси айдалушы Достоевский және оның досы Дуровпен Шоқан жақын жолдас болып алады. Омбыдағы орыстың алдыңғы қатарлы білімді жастарының көбі-ақ Шоқанға үйір болады. Олардың жолыққанда сөйлесетін, шешетін сөздері – тарихи әлеуметтік мәселелер еді. Тарихи әлеуметтік мәселелерде болсын, жай әншейін сөздерде болсын

Шоқан көп адамдарға қарсы шығып қалушы еді, дейді Потанин. Сол айтыстарда Шоқан, Потаниннің айтуынша, досы болсын, дұшпаны болсын аямай түйреп тастаушы еді, бетің-жүзің демей сөзбен шаншып алушы еді, оның сөзі алмастай өткір болатын. Сондықтан Шоқанды біз «ұстара» дейтінбіз, Шоқанның жүзінде Пушкинге, Лермонтовқа біткен өткірлік бар еді, – дейді Потанин.
Шоқан Омбының кадет корпусында бес жыл оқыды, кадет корпусы алты жылдық мектеп болса да патша өкілдері Шоқанды «бөгде халықтың баласы» деп алтыншы класты оқытпайды, өйткені ол класта соғыс ғылымдарының құпия сырлары айтылады екен. Мектептен шыққаннан кейін Шоқан Уәлиханов Омбының генерал-губернаторына бір көмекші қызметте болады. Өзінің білімін бұрынғыдан әрі ілгерілете береді, ғылыми-зерттеу ісіне кіріседі, жер жүзі тарихымен, жер жүзі мәдениетімен, әсіресе шығыс тарихымен тереңірек таныса бастайды. Потанин айтады: Шоқаннан біз сол кездің өзінде-ақ шығыс тарихын зерттейтін ғалымды күткен едік дейді.
Шоқан мектебін бітіргеннен кейін бес-алты жылдай Омбыда болады. Бұл жылдары ол, зор білім иесі адам болып қалады. Шығыс тарихына қоса өз халқының әдебиет үлгілерін жинаумен шұғылданады. Сібірге жер ауып келгендермен әбден сырлас болып алып, өзінің саяси көзқарастарын бұрынғыдан да көрі шынықтыра түседі.
Шоқанның білімділігі патша өкіметінің де көзіне шалынады. 1859 жылы патша өкіметі Шоқан Уәлихановты Батыс Қытайға (Қашқария мен Жоңғарияға) шолушы есебінде уәкіл етіп жібереді. Патша өкіметінің мұндағы мақсаты Қашқария жөнінде жасырын материал жинау екен, ал Шоқан бұл сапарды өзінің ғылыми-зерттеу жұмысына пайдаланады. Шоқан бұлжолы«Жоңғарияочерктері»және«БатысҚытайдағы

Алты шаһар туралы» деген үлкен ғылыми еңбек жазып қайтады. Бұл еңбегінде Шоқан шығыс халықтарының тарихи әлеуметтік, табиғаттық жайларынан бағалы пікірлер айтады. Веселовскийдің айтуынша, бұл еңбегі ғылыми жағынан басқа еңбектерінің ішіндегі ең бағалысы болмақ. Қашқардан келгеннен кейін Шоқан Петербургке барады. Петербургте ғылым адамдарымен, жазушыларымен танысып алады. Ол кездің өзінде-ақ Шоқан бірсыпыра ғылыми еңбектер жазып шығарады. Шоқанның ол еңбектері Петербург оқымыстыларының үлкен назарын аударады. Шоқан Уәлихановтың біліміне Петербург оқымыстылары таңданады. Мәдениет жұртшылығының пікірінше осы кезден бастап Шоқан белгілі оқымыстылардың бірі болады. Орыстың атақты жазушылары Достоевский, Тургенев, белгілі ақындары Майков, Крестовскийлермен танысып, жақындасады. Потаниннің айтуынша Шоқанның өзінде де жазушылық талант болған. Ол әңгімеші, әзілқой, мысқылдарды, анекдоттарды шығара қоюға шебер және тақырып тапқыш болған. Майков, Крестовскийлер Шоқаннан көп мәлімет алған еді. Егерде өз халқының жазба әдебиеті болса, ол сөзсіз қазақтың кемеңгер жазушысы болар еді, дейді Потанин.
Петербургте жүргенде Шоқанның білімі зорая түседі, ол Петербург университетінен екі жылдай лекция тыңдайды. Лекция оқығандардың ішінде украиннің революционер ақыны Тарас Шевченкоға ұстаз болған Костомаров деген кісі болған. Осындай алдыңғы қатарлы, жаңа пікірлі адамдардың сөздері Шоқанға көп әсер етеді, Шоқан Петербургтен бұқарашыл ойларға ие болып, еліне қайтады. Петербургтен қайтқан соң туған жері Көкшетауға келеді. Бірсыпыра уақыт өз ауылында болады да, ел арасынан қазақтың ескі жырларын, ертегілерін жинай бастайды. Елде жүргенде Шоқан әкесі Шыңғыстың есігінде жүрген бір төлеңгіт әйелге ғашық болады. Әкесі Шыңғыс және бүкіл төре біткен

болып «хан тұқымына бұл намыс» деп Шоқанға қарсы шығады. Шоқанның ғашық болған әйелін басқа жаққа алып қашып кетеді. Сол іске өкпелеп, Шоқан өз ауылынан шығып Омбы қаласына келеді.
Шоқан Петербургтен зор білім алумен бірге өкпе науқасына шалдығып қайтады. Шоқанның сол ауруы осы кезден бастап ұлғая бастайды. 1864 жылы патша өкіметі Орта Азияны жаулауға аттаныс жасайды. Патшаның қандыбалақ генералы Черняев Орта Азияға шабуыл жасауға шығады. Қазақстанның оңтүстігі ескіше айтқанда Ұлы жүз бен Кіші жүздің бірқатары ол кезде Ресейге бағынбаушы еді. Черняев сол бағынбаған елдергешабуылжасап, қандысоғыстарашты. Черняевқа қарсы Орта Азиядан қалың қолдар аттанды. Сол қалың қолды бастаушының бірі атақты Кенесарының баласы Сыздық батыр еді. Черняев отрядының соңынан жаңа жерлерді зерттеу деген мақсатпен талай оқымыстылар мен жазушылар шұбырды. Солардың ішінде украинаның ұлы ақыны Тарас Шевченко да болған деседі. Черняевтың шақыруы бойынша солардың қатарына Шоқан Уәлиханов та келеді. Черняев жүрген жерін қызыл қанға бояйды, қазақтың жай жатқан момын елін қырғын-жосынға ұшыратады. Ел-жұртын сүйген Шоқан Уәлиханов Черняевтың бұл қылығына қарсы шықты, ақырында Черняевпен араздасып кетіп қалады. Алатаудың бауырындағы Тезек төренің ауылына келеді. Бұл жерге келген соң бір жыл ғана өмір сүреді.
Айналасына қараса, қараңғылыққа тұншыққан момын ел, қанды жосын, қырғын. Өз жанын жеп жатқан жегі құртпен бірге айналасының қалың қайғысы қаттаса келіп, 27 жастағы Шоқан дүние салады. Сөйтіп жас боздақ жалынды көкірегі сөніп, ашылмаған сыры мен басындағы қалың ой, тәтті арманымен мезгілсіз мерт болады.
Оның арманы өз халқының болашағы үшін қызмет

ету еді, Потанин айтады:
Шоқан Уәлиханов заманда өз халқына қызмет етуді арман етуші еді, өз халқының ақылгөйі, ғалымы болып, халқының тарихын жазсам деуші еді, халқына мәдениет ұрығын сепсем деуші еді.
Шоқан Уәлиханов өзінің негізгі мақсатына жете алмай, жастай өліп кетті. Шоқанның ғылыми еңбектерінің көпшілігі орыс тілінде жазылды. Орысша жазған еңбектеріндегі түйінді мәселе қазақ халқы туралы. Өйткені Шоқан Уәлиханов тек жай ғана оқымысты емес, ол өз халқының адал перзенті және өз халқының қамқоры еді.
Шоқан Уәлиханов өзінің көп еңбектерінде өз халқын мақтан ете сөйлейді, өз халқының мәртебесін жоғары көтере жазады. Ол қазақ халқы жөніндегі Европа білгіштерінің шовинистік пікірлеріне қарсы шығып, қазақ халқының ізгі халық екенін, қазақ халқының кейбір мәдениеті бар жұрттардан да артықша ақыл- ойы барлығын дәлелдеп береді. Ол қазақтың әдебиет қазынасын, ақындық өнерін, зор мақтан етіп жазады. Орта Азия халықтарының ең ақыны, әдебиеті күштісі қазақ халқы дейді. Осылардың бәрін айта келіп, Шоқан Уәлиханов, менің халқымның болашағы зор, мен халқымның сол болашағына сенем, деді.
Шоқан Уәлиханов халқын сүйгенде бір тұстағы ұлтшылдар сияқты өтірік жылпылдап, бос сөздерді айтқан жоқ. Өзі төре тұқымы бола тұрса да, төре- сұлтандарды, шонжар байларды халықтың дұшпаны деп қаралап жазды. Шоқан Уәлиханов реформа туралы жазған мақаласында қоғамдық үстем табының мақсаты – қалың бұқараның тілегіне әрқашан да жат болады, өкіметтің жүргізейін деп отырған реформасы қазақтың үстем табының пайдасы, ал, қалың бұқараға, қара қазаққа бұл реформаның ешбір қажеті жоқ деп, патша өкіметі жүргізейін деп отырған реформаны қатаң сынға салады. Бұл – Шоқанның өз халқының қалың

бұқарасын сүйетіндігіне үлкен айғақ. Сондықтан Шоқан Уәлиханов – қазақтың тек тұңғыш білімпазы ғана емес, сонымен бірге қазақтың алғашқы демократы. Шоқан Уәлиханов ісләм дініне ашықтан ашық қарсы шықты. Ол – ісләм діні ғылымның жауы, ісләм діні қазақ халқының болашағына қатер туғызады, сондықтан ісләм дінінен қазақ халқы аулақ болу керек, деді. Шоқан – дін жойылсын, оның орнына ғылым жасасын деген пікірге келеді. Шоқан Уәлихановтың осы сияқты тамаша пікірлері қазіргі біздің пікірімізбен тамырлас болып шығады. Ол пікірлер, өз заманына біздің халқымыздың шын қамын ойлаған пікірлер
болып табылады.
Шоқан Уәлиханов зор ғылым иесі адам, артына көп мұралар қалдырды. Солардың бірқатары 1904 жылы Санкт-Петербургте академик Веселовскийдің редакциясымен үлкен кітап болып орыс тілінде басылып шықты.
Сол жазғандарының ішінде шығыс тарихы жөнінде, дін, ескі наным жөнінен, қазақ тарихы мен әдебиеті жөнінен айтқан тамаша пікірлері бар. Қазақтың ауыз әдебиеті, батырлар жыры, қырғыздың «Манасы», ұйғыр тарихы, тағы басқа тарихи мәселелер Шоқан еңбектерінде көбірек қозғалған. Бұлар жалғыз қазақ халқы үшін емес, басқа шығыс тарихын зерттеушілер үшін де бағалы дерек болмақ. Шоқан Уәлихановтың сондай бағалы еңбектері өз халқына бұрын тарай алмады, оған кері кеткен патша заманы кедергі жасады. Қазіргі заманда мәдениеті өскен қазақ халқы өзінің тұңғыш білімпазы Шоқан Уәлихановтың еңбектерін өзіне үлкен мұра етіп ала алады. Оны өз кәдесіне асыра алады. Сонымен бірге қазақ халқы сол кер заманда өз халқының болашағын аңсаған өзінің адал перзенті, тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановты мәңгі есінен шығармайды. Оның даңқын көтеріп, әрқашан да мақтан етеді.





Пікір жазу