12.04.2022
  161


Автор: Қалижан Бекхожин

ӘДЕБИЕТТІҢ ШЕБЕР ЖӘНЕ ҰСТАЗ ҚАЙРАТКЕРІ

Менімен тұрғылас бір кездегі жас қаламгерлерге Александр Фадеевтің есімі мен шығармалары отызыншы жылдардың басынан ерекше белгілі бола бастады. Орыстың революцияшыл әдебиетінің, социалистік реализмнің негізін қалаушы ұлы Максим Горькийдің әйгілі туындыларына кейін совет әдебиетінің қалыптасу дәуірінде біздердің сүйіп оқитын шығармаларымыз – А.Серафимовичтің «Темір тасқын», Д.Фурмановтың «Чапаев», К.Фединнің
«Қалалар мен жылдар», А.Фадеевтің «Тас талқан» атты шығармалары, оған кейініректе, Н.Островскийдің
«Құрыш қалай шынықты» романы жалғасты.
Бұл романдарда социалистік революцияның қаһармандық сыр-сипаттары, азаттық үшін қиян- кескі майдан кешкен еңбекші халықтың ересен ерлік күрестері зор хикая болып суреттелген. Мұндай жаңа дәуірдің бастамасы болған тамаша туындылардың қатарынан Александр Фадеев шығармалары, әсіресе
«Тас талқан» (орысша «Разгром») ертеректегі жастарға айрықша әсер еткен еді.
Сонау Қиыр Шығыстың суығына бала шағынан суыққа шынығып өскен және де еңбекші бұқараның қанаушы таптан тартқан азап-қорлығын көзімен көрген саналы жас Александр Александрович Фадеев он сегіз жасынан бастап большевиктермен араласып, революциялық күреске белсене қатысады. Сібірдегі партизан қозғалысына 1919 жылы жауынгер болып енген Фадеев кешікпей бригада комиссары болып, сол халықтың айбынды, ауыр күреске жетекшілік етеді. Парасатты, қажырлы коммунист А.Фадеев советтік

дәуірдің алғашқы жылдарында Краснодар мен Дондағы Ростовта партиялық қызметте болғаны да белгілі.
Советтің аса көрнекті жазушысы Александр Фадеевтің әдебиеттік қызметі 1923 жылдарда басталып, 1926 жылдан кейін творчестволық жұмысқа беріле кіріседі. Әдебиеттің мазмұны мен көркемдігін партиялық идеялық бағытқа, жаңа советтік заманның арман талабына, күресіне бағындыруды көздеген коммунист жазушының қаламынан Қиыр Шығыстағы азамат соғысының ерлерінің, өжет партизандардың қаһармандық ұлан-асыр күрестерін бейнелейтін көптеген келелі әңгіме, повесть, романдар туды. Ертеректе Фадеев жазған партизан әңгімелері,
«Удэгенің соңғысы», «Тасу» сияқты әңгіме, романдары совет әдебиетінде революциялық қозғалысты партиялық бағытта пайымдап суреттеудің жақсы өнегесі болып табылады ал, 1927 жылы жазылған «Тас талқан» (қазақшасы «ойран» десе де болар еді) дарынды жазушыны совет жұртшылығына кең танытқан аса қадірлі туынды болып табылады. Бұл романда алғыр да, терең парасатты жазушы Қиыр Шығыстағы өзі қатысқан партизан соғысының, қиян-кескі ауыр көріністерін қандай нанымдылықпен әсерлеген, жалған емес, бұл ерлік дастанында қандай асқақ романтика да, боямасыз шындық жатыр! Бұл шығармадағы ауыр күрестерде, қатерлі жорықтарда өр төзімділікпен, берік абзал ой-санамен жеңіп шыққан коммунистер бейнелері – біздің комсомол шағымызда біздерге өнеге тұтып сүйсінер өр тұлғалар болып танылса, ұлан соғыс майданындағы жауынгерлерге, бұл бейнелер рух, жігер берерлік рухани мұрат болып елестесе керек.
Аса дарынды жазушы өз творчествосындағы партиялық, революциялық дәстүрлі Ұлы Отан соғысы тұсында қайта жаңғыртты. Александр Фадеев жазған
«Жас гвардия» романы – Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған туындылардың аса бір келелісі де күрделісі.

«Жас гвардия» (1945) романында серпіні асқақ шебер жазушының қаһармандық, романтикалық әуені жаңа екпінмен шарықтаған. Бұл роман Ұлы Отан соғысының аса бір ерекшелік шындығында – Краснодон комсомолдарының фашистер басқыншыларына қарсы жасырын жүргізген жанқиярлық ерлік күрестерін суреттеуге бағышталған. А.Фадеев, бұл қайран қаларлық уақиға өткен жерге 1943 жылы, соғыстың қатерлі қызу кезінде өзіне тән өр жігермен жасқанбай барып, Краснодон комсомолдарының құпия күрестерінің сыр-сипаттарын барлаған. Отан үшін басқа төнген қауіптен тайсалмайтын ер жүрек совет жастарының қайсар бейнелерін шебер пішіндеген СССР Мемлекеттік сыйлығын алған (1946), «Жас гвардия» романы совет жастарын патриоттық, ерлік рухта тәрбиелеуге меңзейтін аса келелі туынды болып, совет әдебиетінің тарихынан жоғары орын алды.
«Жас гвардия» романы қазақ тіліне жедел аударылып, қазақ оқырмандарының ынтыға оқитын кітабы болды. Бұл тамаша романды ана тілімізге аударған белгілі, дарынды жазушымыз Ғабдол Сланов, кітапты сүйсіне, сарыла аудара жүріп қандай разылық тапқаны да, әсіресе Александр Александровичтің өзінен бұл ізгі еңбегі үшін алғыс телеграмма алғанда қандай қуанышқа бөленгені менің есімде...
Александр Фадеев – совет әдебиетінің тарихында аса көрнекті суреткер жазушы болып бағалануымен бірге, совет әдебиетін өркендетуге игілікті күш жұмсаған көрнекті қоғам қайраткері ретінде де айрықша қадірлі қаламгер. А.Фадеев әдебиетте партиялық, ізгі, сара бағытты берік ұстады, жазушы қауымына сол бағытты жүргізуге парасатты, белсенді жаршы болды. Партияның әдебиеттегі елеулі қайраткері жазушы А.Фадеев бірнеше рет КПСС Орталық Комитетінің мүшесі, СССР Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланды. А.Фадеевтің әдебиет майданындағы ерекше

қызметі 1926 жылдардан басталады. Пролетариат әдебиетінің ұстазы Максим Горькийдің басшылығымен Фадеев 1933-1934 жылдары совет жазушыларының І съезін ұйымдастыруда, Совет Жазушылар одағын топтастыруда елеулі қызмет атқарды. Сол жылдардан бастап, қайтыс болар шағына дейін А.Фадеев Совет Жазушылар одағының басшылық қызметінде болды.
Алуан тілді совет әдебиетін өркендетуге, сан ұлтты түрліше қаламгерлердің творчестволық барысын барлауда, оларға қамқорлық жасап, ұйымдастыруда – Горькийден тағылым алған, оның ізгі дәстүрін сақтаған әдебиет жетекшісі Александр Фадеев екенін сүйсіне айтамыз.
Көптеген республикалардағы әр халықтың үлкенді- кішілі ақын жазушылары Александр Фадеевтің әдебиеттегі жетекшілігі, ұлт қаламгерлеріне деген қамқор пейілі жайында, бұл абзал адамның жарқын мінезі жайында өздерінше айтқан да болар, әлі де еске алар. Мен енді А.Фадеевтің қазақ әдебиетіне, қазақ жазушыларына назары, ілтипаты, қамқорлығы туралы есімде қалған біраз жәйттерді аңғартайын. Айта кеткен мақұл, Фадеевпен ертерек дидарласқан, сұхпаттас болған, қызмет бабымен істес болған Сәкен, Сәбит, Ілияс, Мұхтар ағалар тірі болса, қазіргі көрнекті жазушыларымыз Ғабит, Әбділда, Мұхаметжан ағайлар естелік жазса, Фадеев жайында менен бәлкім қызығырақ жәйттерді шертер еді.
Ардагер ақынымыз Сәкен Сейфуллиннің Фадеевпен бастас, сұхбаттас болғаны тарихтан белгілі. Сәкенмен Фадеевтің сол сырлас жайттары қазір бізге мәлім болмаса да белгілі жазушы Галина Серебрякованың
«Өткенжылдарғасаяхат» аттыкітабында Қазақәдебиеті мен өнерінің декадасы тұсында Фадеев өзін шақырып алып, кабинетінде сұхбаттасып отырған қазақ ақыны Сәкен Сейфуллинмен жылы леппен таныстырғанын еске алады.

Александр Фадеев жас қаламгердің өсіп-өркендеуіне көп көңіл бөлген жетекші еді. Бұл тарапта кезегі келген соң мен өзіме орай жақсы сәттерді еске алайын. 1939 жылдыңдекабрь айының ақырында Москвада жасақын- жазушылардың бүкілодақтық семинары өткізілді. Бұл маслихатқа Одақтың шартарабынан талабы бар бір топ жастар қатысты. Қазақстаннан біздер, ол кездегі жаңа жаза бастаған қаламгерлер – Әлжаппар Әбішев, Әли Есмамбетов, Әбу Сәрсенбаев және мен қатыстым. Семинарды Александр Александрович өзі басқарды. Ұстаз жазушының мен секілді жас ақын-жазушыларды өз кабинетінде жылы жүзбен қабылдаған сәті әлі есімде. Семинар мәжілісіне А.Фадеевтің шақыруы бойынша көрнекті совет жазушылары Алексей Толстой, Леонид Соболев, Валентин Катаев, Петр Павленко, Василий Ажаев қатысып, біздерге өздерінің творчестволық тәжірибелерінен өнегелі дәрістер оқыды. Сол жиында айтқан ақыл-кеңесі менің есімде берік сақталды.
Беделді, парасатты А.Фадеев кемеңгер Алексей Толстойға ерекше ізет көрсетеді екен, А.Толстой да Александр Александровичті инабат тұтады екен, екеуінің жарасымды сұхбаттарын біз жақсы байқап қалдық. Семинар тарқарда біздерге творчестволық сәтті сапар тілеп, ізге пейіл білдірді. Фадеевтің өзі бас болып жоғарыда аталған көрнекті Москва жазушыларымен бірге біздер – жас ақын-жазушылар фотосуретке түстік. Ол фотолар менде сақтаулы. Мен сол семинардан зор тағылым алып оралдым Алматыма.
Менің есімде ұмытылмастай болып қалған сәтті бір кезең – 1947 жылы А.Фадеевпен оңаша дидарласуым.
Әскери қызметтен 1946 жылдың февралінде оралған мен келе сала сол тұстағы ділгір, аса қажетті тақырыпқа өлең, балладалар жаза бастадым. Сол бағытта жазған
«Сырдария көкпары» және «Келтемасат» деген екі балладам 1947 жылы қазақша жарияланған еді. Сол 1947 жылдың 30 (отызыншы) июлінде шыққан

«Правда» газетін аша қалсам – А.Фадеевтің «Совет әдебиеті өрлеуде» деген мақаласы жарияланыпты. Сол мақалада соғыстан кейінгі екі жылдың ішінде осы бір кезеңнің келелі тақырыбына арнап жаңа шығармалар жазған 3-4 ақындардың қатарында менің есімім жүр, менің жоғарыда аталған «Сырдария көкпары» мен
«Келтемасат» атты екі шағын шығармамды А.Фадеев жуықта өткен СССР Жазушылар одағының пленумында жасаған баяндамасында кезеңге үн қосқан шығарма деп атапкеткенекен, мақалабаяндамасыныңқысқанұсқасы екен. Қайран қалдым да балаша мәз болып қуанып кеттім. Бақсам, мен сол екі аңыз жырымның жолма- жол аудармасын Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы менімен қатарлас өзге ақындардың сол тақырыптағы шығармаларымен қоса, Москваға, Жазушылар одағының басқармасы жіберген екен. Сірә, алдымен жырларымның тақырыбы ұнаған шығар – А.Фадеев соғыстан кейінгі туындылармен танысқаннан кейін, бұларымды атай кетуді мақұл көріпті.
Бұрын мұндай мақтауды көрмей келген албырт басым, осыған мәз болған көңілмен кешікпей Москваға тартып отырдым.
Александр Фадеевтің алдына ізетпен кірудің өзі оңай мәселе емес екен. Менің осы жырларымды орыс тіліне аударған, бұрыннан қазақ әдебиетінің досы, белгілі ақын Николай Сидоренко мені Фадеевтің кабинетіне ертіп апарды. Келсек Фадеевтің қабылдау кабинетінің алдында адам толып отыр екен. Н.Сидоренко өзінің байырғыдосы Александр Александровичке біржапырақ қағаз жазып жіберіп еді, кешікпей қабылдау күтіп отырғандарға – Жолдастар, сіздерді бүгін қабылдай алмаймын... Сөйлесіп отырған поляк достармен әңгімелесіп біткеннен соң, мына Қазақстаннан келген мейманды қабылдаймын, – деп Сидоренко екеуімізге қарап қойды да, кабинетіне қайта енді. Мәртебем әжептәуір көтеріліп қалды. Ақыры қабылдады.

Күмістей аппақ шашты, аққудың мойнындай ұзын мойынды басын көтеріп, орнына түрекеліп, менімен жылы жүзбен амандасты да:
– Мен сіздің жаңа шығармаңызбен сырттай таныспын. Өткен пленумда атап та кеттім, – деді.
– Сол үшін, Александр Александрович, шын алғыс айта келіп едім, – деп мен абыржып түрекелдім.
– Жаңа тақырыпқа бағытталған жаңа шығармаларыңыз көп пе? – деп сұрай бастады. Мен Николай Сидоренкоға қарай қалдым. Ол кісінің қолында мен жазғандарымның бір папка орысша жолма-жол аудармасы тұр еді. Мен үшін Сидоренко жауап қатты.
– Александр Александрович, бұл Халижан сіз пленумда атап кеткеннен кейін, қанаттанып бұрынғы өлеңдерінің үстіне жаңа жырлар қосып, міне, бір жинақ алып келіпті. Қазақстанда бұл кітап болып басылды. Ал бізде «Советский писатель» баспасында жинақ етіп шығарайық десек – баспа басшылары жоспарда жоқ деп жолатпай отыр.
Фадеев бұл жағдайға жедел ынта аударып:
– Тоқта, Коля, – деді. Телефонды бұрап қалды, сірә баспаның директорымен тілдесті білем. – Менде қазақ ақыны Халижан Бекхожин отыр, ол өзінің қажетті тақырыпты жыр еткен жинағын алып келіпті. Мен де аздап таныс едім, менің қасымда отырған Николай Николаевич бұл қолжазбамен мұқият танысқан екен. Кітап етіп шығаруға әбден лайық деп отыр, қазақ ақынының бұл жинағын жоспарға қосуыңызды өтінемін. Еске алыңыз, келесі жылы Москвада қазақ әдебиетінің декадасы өткізілмек... Жақсы... келістік,
– деп Фадеев отырған екеуімізге қарап: – Келістік! – деп менің білімім және қашан жаза бастағаным жайлы сұрап кетті. Сөз арасында мен 1939 жылы өзі басқарған семинарға қатысқанымды, сонда бұл кісі өзімен, үлкен жазушылармен, жас қаламгерлермен түскен суретті

көрсеттім.
Сол семинардан мен көп тағылым алдым – деп едім, разы болған Фадеев, – Жас жазушылар маслихаттарын енді бұрынғыдан да жиі өткізбекпін, – деп қалды.
Әрқашан ұлт әдебиетінің жақсы дарындарын сүйсіне бағалайтын А.Фадеев кенет: – Айтқандайын, Әбділда Тәжібаевтың жағдайы қалай? – деп сұрады менен.
– Бұрынғыша жақсы, өр пішінде адымдап, жақсы шығармалар жазып жүр, – деп жауап қайырдым. Фадеев разы болып қалды. Айта кетейін, Әбекеңді басқалардан бөліп алдымен сұрағанында себеп те бар еді, бірнеше жыл Қазақстан Жазушылар одағының басшылық қызметінде жүрген кезінде Фадеевпен жақсы танысқан, қызмет бабында істес болған көрнекті ақын, драмматург Әбділданың осы тұстың алдында «Біз де қазақпыз» деген пьесасы қатал сынға ұшыраған еді... Қамқор аға жазушының осы бір жәйтке байланысты
Әбділда досын мүсіркегені ғой.
АлександрФадеевсоветреспубликаларындағыұлттар әдебиетінің өркендеуіне зер салып, оның кадрларының творчестволық табыстарына сүйсіне назар аударғаны шәксіз. Біздің ардақты жазушылармыз Мұхтар Сәбит, Ғабит, Ғабиден шығармалары жайында Фадеев өзінің жиындағы сөздерінде талай сүйсіне сөйлесе керек. Қазақ қаламгерлері үшін, халқымыз үшін сол бір ізгі мақтаныш – А.Фадеевтің биік дәрежедегі бір кең жиында «Қазақ әдебиеті өзінің тамаша туындылары арқылы қазір әлемдік әдебиет дәрежесіне көтерілді» деп айтқан парасатты зор бағасы болмақ. Есіме келген тағы бір елеулі жәйт – СССР жазушыларының 1954 жылдың декабрінде өткен екінші съезд кезіндегі А.Фадеевтың біздің аға жазушыларға сездірген жылы назары, Александр Александрович президиумда отырғанда, үзіліс кезінде Мұқаңмен, Сәбеңмен сағынышты достарымен жүздескендей-ақ жарқын пейілмен сөйлескенін бірнеше байқаған едім. Сьезд мәжілісінің

үзіліс кезінде сол тұстағы Жазушылар одағының басшысы Алексей Сурков Қазақстан делегаттарын суретке түсіруге шақырды. Қарай қалсам А.Фадеев Мұхтар ағаны суретке түсіретін залға қолтықтап барады екен. Шүйіркелесе сөйлесіп әдебиеттің көрнекті ардагерлері А.Фадеев, М.Әуезов, А.Сурков, Л.Леонов, С.Мұқанов, И.Шухов алдан орын алып, біздер екінші қатарда тік тұрып суретке түстік. Кремль сарайында түскен бұл фотосурет менде сақтаулы.
Мен өзім Александр Фадеевты айрықша қамқор, ұстаз тұтып келемін. Ол кезде әлі таңырқарлықтай шығарма тудыра қоймаған жаста маған ілтипат, назар аударуы менің келешек творчествома сүйсінерлік дем берді. Ал, менің әлі балаң өлең-жырларымның «Под звездами Москвы» деген атпен 1949 жылы орыс тілінде жарық көруі мен үшін ұмытылмас бақыт.
Қазақ халқының тарихи өрлеуіне Россияның талай тамаша абзал ұлдары достық ниетпен өз әсерлерін тигізіп келсе, сол шоғырмаққа әдебиетіміздің өркендеуіне өзінше достық назар аударған Александр Фадеев те жарқырап тұрмақ.


 





Пікір жазу