АҚЫН ӘЛИ ЕСМАМБЕТОВ
Қазіргі өлеңқұмар жастар Әли Есмамбетов есімін біле бермеулері мүмкін.
Ұлы Отан соғысы алдындағы жылдарда Әли Есмамбетов өзінің азаматтық лирикасымен ерекше көзге түскен белгілі ақын еді. Менің талантты тұрғыластарым Дихан Әбілев, Әбу Сәрсенбаев, Қасым Аманжолов, Жұмағали Саин, Қапан Сатыбалдин, Абдолла Жұмағалиев тағы басқаларымыздың қатарында ол кезде жас Әли Есмамбетов те өлең-жыр дүниесіне қуанышты әуенмен, жалынды жігермен келген дарын болатын. Комсомол ақыны атанған Әлидің жырлары да өз тұстасы жастар өміріне арналып, патриоттық сезімдерге толы еді.
Жалындап өсіп келе жатқан жас ақын Отан үшін майданда қаза тауып хабарсыз кетті. Ұзақ жылдар өтсе де ақын досымызды ескермегенімізге белгісіз себептермен кінәлі де секілдіміз. Адал патриот және поэзиямызға елеулі үлес қалдырған ақын Әлиді еске түсіруді, оның ақындық мұрасын жаңғыртуды парыз көрдік.
Отызыншы жылдардың басында Қазалыда Ғани Мұратбаев атындағы қазақ орта мектебін бітірген Әли Есмамбетов 1932-1936 жылдары Қазақтың Абай атындағы Педагогика институтында оқиды. Мен КазПИ-ге Әлиден екі жыл кейін түскен едім. Әлимен алғаш рет осы КазПИ-де таныстым. Әли КазПИ-де оқып жүріп, өзінің досы, Әлішер Тоқмағамбетов екеуі біздің әдебиет үйірмемізді басқарды. КазПИ-де оқып жүрген Әли жастар газетінде қызметке араласты да, өлеңді көп жазды. 1936-1940 жылдары Әлидің өлеңдері
республикалық газет-журналдарда жиі басылып тұрды. 1936 жылы КазПИ-ді бітіргеннен кейін Әли Есмамбетов әскери қызметте болып, офицерлік шенге ие болды. Әскери қызметтен кейін, 1941 жылдың күзіне дейін Әли КазПИ-дің аспирантурасында оқыды. Қай жылы қаза тапқаны әлі белгісіз. Тамаша ақын, жарқын мінезді, өнегелі азамат досымыз Әли Есмамбетов Ұлы Отан соғысында қайтыс болды.
Әлидің алғашқы өлеңдер жинағы 1938 жылы шықты. Сол тұстағы ақындардың бірлескен жалпы жиналыстарында Әлидің бірқатар өлеңдері басылды. Қазақстан жазушыларының екінші съезіне Әли
«Шолпан» деген шағын поэма алып келіп, жақсы баға алып, ақындық даңқын көтере түскен еді.
Майданға аттанар алдында Әли Көркем Әдебиет баспасына өзінің жаңа өлеңдер жинағын тапсырған еді, сол жинақ ұшты-күйлі жоғалған секілді, жарық көрмеді.
Әли Есмамбетов шын мағынасындағы комсомол жыршысы еді.
Жалынды жас комсомолмын, Жыршы болам тобыңа.
Тасқындаған өлеңімді, Бердім сенің қолыңа. Өлеңімде гүлдерім бар, Саған арнап егілген, Өлеңімде нұрларым бар, Саған арнап себілген, Жазам әлі, өмір алда, Қызық алда, тамаша!
Мен ырзамын өлеңіме, Керегіңе жараса!
Біздің, менің қатарымның сол кездегі сүйікті газеті
«Лениншіл жас» Әлиге де ақын қанатын қияға серметер
биіктегі ұя секілді болды. Осы газеттің сол кездегі әдебиет бөлімін басқарған белгілі ақынымыз Жұмағали Саин Әли өлеңдеріне өте ықылас білдіріп, оның өлеңдерін «Лениншіл жас» бетінде көп жариялады.
Әли Есмамбетов комсомол жиындарында көп қатысып, комсомол қайраткері де болды. Қазақстан комсомол баспасы 1940 жылы «Қазақстанның алдыңғы қатарлы жастары» деген кітап шығарды. Осы кітапта Әли Есмамбетов сол алдыңғы саптағы өнегелі жас өнерпаз есебінде сипатталды. Әли Есмамбетов туралы очерк жазған белгілі ақынымыз Дихан Әбілев былай деп тұжырым жасапты: – «Әли өзінің құнды шығармаларымен Қазақстанның жас ақын- жазушыларының алдыңғы қатардағы өскелеңдерінің бірі боп, көпшіліктің көзіне түсті. Әли адымы алға басқан өрісті, өрелі жас ақын. Бұл, дұрыс баға еді».
Өлеңдерін күнделікті саяси тақырыпқа, жастар әуендеріне, әлеуметтік пафосқа негіздеген Әли, кейінгі 1940 жылдары өз шығармасына жаңа көрік, тың ырғақ таба бастаған еді. Осындай ізденістің нәтижесінде, Әлидің қаламынан «Шолпан», «Адмиралдар шықты майданға» секілді жақсы туындылар шықты. Интонация мен ырғағы, нәші мен көркі жағынан Әлидің бұл шығармаларын біз сол тұстың жаңалығы деп бағалаған едік.
Бұдан талай жыл бұрын, Болды сүйген бір қызым, Шолпан еді аты оның Ақша маңдай қыр мұрын, Ұқсаттым соның көзіне,
Аспанның мынау жұлдызын... Шолпан!
Шолпан!
Шолпан!
«Шолпан» атты шағын поэмасын Әли ақын осындай ырғақ әуенмен өзінше тапқырлықпен жазған еді.
Әлидің шығармалары және өзі жайлы да айтар сөзім, шертер сырым аз емес. Көп жылдар қаламдас, пікірлес бола жүре, кейде өкпелесіп те қалған кездеріміз болса керек-ті. Бірақ мінезі жарқын, сыпайы, өнегелі Әли ұрыншақ та, кекшіл де емес еді, әрқашан кішілік сақтауға іңкәр еді.
Менің архивімде қазақтың бір топ жас жазушыларының Александр Фадеевпен, Леонид Соболевпен бірге түскен суреті бар. Бұл суретте Әли Есмамбетов, Әбу Сәрсенбаев, Әлжаппар Әбішев және мен. Бұл суреттің тарихы былай: 1938 жылдың ақырында біз бұл аты аталған ол кездегі жас ақын- жазушылар (бұл сапарда Қасым Аманжолов та бар еді, себебі есімде жоқ, Фадеевпен түскен суретте ол қатыспапты) Москвада өткен Бүкіл одақтық жас жазушылар жиынына қатыстық. Бұл сурет сонда түсірілген. Әлидің атақты Чкаловпен түскен суреті де бар еді.
Жастық шақтағы сол сапарымыз, Москвада өткен қызықты, мағыналы шақ – өзінше бір жыр. Біз Қасым екеуіміз медресе шәкіртіндей ибалы, сабырлы Әлиді әдейі бір сылтау тауып ашуландыруға құмар едік. Әли ондайда шырт етіп ашуланып, қызараңдап қалатын да, аздан кейін біздің әзілімізді сезіп күліп жіберетін...
Әлидің творчестволық мұрасы сөз болып, өз орнына ие болуға тиісті. Жазушылар одағы Әли Есмамбетовтың мұрасы жөнінде арнаулы комиссия құрса екен, Әли шығармалары жинастырылып, тезірек басылып шықса екен дейміз.
Ақын азамат Әли Есмамбетов есімі жас дәуренмен бірге жасауға тиісті.