12.04.2022
  141


Автор: Қалижан Бекхожин

ОЛ ӨЛЕҢНІҢ ҚЫЗҒАЛДАҒЫ

Жайық жағасындағы бұл байырғы қалаға міне, мен екінші рет келіп тұрмын. Жаңғырып, жаңарып, келе жатқан Орал қаласы бүгінгі сәулетімен таңдандырса, сонау көне аңыз сырларымен мені де ерекше тебірентеді. Осыдан үш жүз жыл бұрын дәурен шегіп өткен аталар да Жайық ағысына қарап талай ойға батқан болар. Тынымсыз аққан Ақ Жайық сол баяғы толқынымен әлі де тынымсыз шалқып жатқандай. Толқын сыры тұңғиық қой. Мен жұмбақ сырлы Жайықтан талай тарихтың тағдырын, талай сарбаздардың ой-сырын сұраған болар едім. Желекті найза ұстап, жауына қарсы шапқан сонау Ер Тарғындар Жайық суына Тарлан атын талай жүздіріп өткен шығар. Жайық толқынында батыр Пугачевтің ащы айғайы да, азаттықтың шандозы ер Чапаевтың өр дауысы да тебірене жатқан шығар. Исатай мен Махамбеттің даламызға ереуілден ескен

үндері де, Құрманғазының қыр жүрегін тербеген күңіреністі күйлері де Жайық жайсаңын жарып өскен болар. Жайық қаласының төл есімін өзгерткен қатын патшаның қаһарында да қатал сыр бар... Орал қаласының қоңыр көшелерінен мен ұлы Пушкиннің, данышпан Толстойдың өшкен іздерін іздегім келеді. Ұлы ақын қаһарлы қыста Жайықтың боранды жағасында тұрып, қандай оймен толқыды екен.
Мен бұл қаладан өзімнің асыл достарым, абзал ақындар Тайырдың, Қасымның көлеңкелерін көргендей боламын. Жайық арнасында толқыған толқын қандай көп болса шертілер сырлар да сондай көп.
Алайда бұл қаланың қақпасын ашқанда, менің көзім алдынан бір бейне елес бергендей болады. Орта бойлы, бұйра шашты, ашаң жақты, қарасұр жас қолын сермеп, шалқып өлең оқып тұрған секілді. Менің ыстық сырлы албырт досым Абдолла маған осыдан отыз жыл бұрын Алматыда КазПИ-дің ауласында дәл осындай бейнеде кездескен еді.


Жастық шақ бір жалын ғой, Ойлама қайта оралар
Бейне бір жас сұлудай, Көтерер де орамал, Күлкісіне көмер де, Сылқ-сылқ етіп жоғалар.


Жасы жаңа ғана жиырмаға жеткен албырт ақынның әдемі сырлы өлеңіне ғана емес, мен алдымен Абдолланың әсерлі, бөлегірек сипатына, әсіресе, өлеңді ерекше назды нәшпен оқитын әуеніне қызықтым. Екеуіміз сұхбаттаса келе сырлас дос болып кеттік.
Алдымыздағы ардагер ақын ағалар Сәкен мен Ілиястан қапелімде айрылдық. Сәбит ағамыз прозалата бастады. Бізге тете үлкеніміз Тайыр еді де, өзіне қанаттас інілері Жұмағали, Қасым, Дихан, Әбу, Абдолла, Қапан,

Жәрдем және мен секілді жас таланттарға ағалар арасынан үйірсегі де, кең пейілдісі де қайран Тәкең еді. Өзі де Жайық суындай екпіндеп шалқып оқитын Тайыр Абдолланың өлең оқысын ұнататын. Тайырдың
«Қазақ әдебиетіне» редакторлық етіп тұрған шағында Абдолла редакцияға келіп еді. Тәкең: – Ал, Абдолла, өлеңің болса, оқышы, – деп еді. Біз бұрын байқап едік, Абдолла бұрын өлең оқығанда өзі бір оңашалық күйде отырғандай, айналасына елең етпегендей екі жағын қайшыландырып, ішінен бір күй шерткендей болып отырушы еді. Онысын аңдап қалғанымызда біз, Қасым бәріміз «Абдолланы жын буды» деп әзілдеп қалушы едік, ондайға селт етпейтін албырт ақын қара шашын сілкіп тастап, безілдете жөнелді:


Дөңгелегі зырылдап, Дамылдамас кетер күн. Жүрек соғар күн ұрлап, Жалтарар да өтер күн. Ойыным тарқар кім білген. Жабылып кеш ойнағы, Адамның алтын дүниесін, Ұмытармын мен-дағы.
Ант етіп кірдім өмірге, Адалмын деп адамзат, Мекенім алтын дүние, Тілегім бір махаббат.


– Тамаша! Өлең оқығаның өлеңіңнен де жақсы, жас кезімдегі өзім секілді! – деп мақтай жөнелді Тәкең. Ал осы өлеңді газетіңізге жарияласаңыз қайтер еді? – деп қалып едік, Тәкең: – Ол жағын әлі ақылдасармыз,
– деп жалтара жауап берді. Расында, нағыз ақындық албырт дарынын ағыта бастаған шақта Абдолла өлеңдері баспасөз бетінде көбірек жариялана қоймады. Оның нағыз ақындық талантын, дарын ерекшелігін

танытатын назды лирикалары мен романтикалық поэмалары кезінде жарық көрмегеніне ақынның өзі де талай күйінген еді, мен де сол үшін әлі өкініштемін. Бұған осы тұстағы өктем қағида, поэзиядағы қалыптасқан салт кінәлі.
Әдебиетке 1936-1937 жылдары келген жас толқындар өз шығармаларына жаңа нәш, жаңа өрнек іздене бастады. Қазақтың сол тұстағы поэзиясында салтқа айналған жалаң үгіт, жалпылама сарын, қарадүрсін әуендерден басқарақ пернелерді іздестірді, жас толқын ақындары советтік ұлы өмірді, адам сырларын, тарихи хикаяларын тебіреніспен, сыршылдық, романтикалық нәштермен жырлауды мақсат етті. Сол тұстағы қатарлас бәріміздің өзімізше ізденістеріміз бар шығар, бірақ жастық өмірді, махаббат сырларын, адам тағдырын Абдолладай беріле, Абдолладай тебірене жырлаған ешқайсымыз жоқ дер едім.
Жас Абдолла өмірге ойлы көзбен, тірліктің әр құбылысына ақындық сезіммен қарағандықтан, оны көп тұстастары кезінде жете парықтамаған да болар. Көшеде қасымызда келе жатып, ол аққан арыққа да көз тұндырып, кідіріп қалушы еді. Есімде, бір күні КазПИ- ден оқудан қайтқанымызда, көше бойында Абдолла бөгеліп, күбірлеп тұр екен:


Ағып жатыр сырлы өзен, Сылдыр қағып шолпысы. Ләззәті бал сырменен, Бейне сұлу күлкісі...


Мен тап сол сәтте дәл осы өлеңге мән бере қоймап едім.
«Басылмайтын қияли өлеңдерді шығарып несіне әуре боласың осы?» – деп кейістік те білдірген шығармын. Қазір, ақындық талай жорықтардан тарлан тартқан кезімде жастық шағымды ойласам, жас Абдолла түседі есіме. Оның жастық шақты тебірене жырлағаны менің

де, менің асыл достарым Тайыр мен Қасымның да сол тұста шертілмеген күйлері секілді болып жүрегіме сырлы саз береді. Міне, Абдолла мәз-мереке мәжілісте отырғанымызда, өзіндей өңшең албырт өрендерге ерекше назды сарынмен былай әндетуші еді:


Жарқылдап жасыл шешек жаз келеді, Қаңқылдап айдын көлге қаз келеді.
Тіршілік қандай тәтті, қандай тәтті, Алдыңнан алтын таңы саз береді.


Кейде бір көңілі қоңырқай тартқан минуттарда өмірге ойлы сын тағып:


Жиырма бес көлеңкедей ағып өтті, Қоштасып әсем әнін салып өтті.
...Алдынан алып шығып алтын табақ, Жас дәурен сені бір сәт қылар қонақ Босатып енді орныңды өзгелерге, Жабықтан сығалайсың сырттан қарап, –


деп те парасатты ой қозғайтын алғыр жас дарын.
Абдолла Алматыға осы Орал қаласынан келді. Орал Пединститутынан ҚазПИ-ге ауысты. Менен екі курс кейін оқыған Абдолла менімен сабақтас адамдай әрқашан бірге жүретін де, жатақханада бірге жататын. Сол кездегі жас талап бәріміздің кеңесіміз көбінесе поэзия және өткеннің ардагер ақындары туралы болушы еді. Сыршыл жаңашыл поэзия туралы сырласып та, айтысып та жүруші едік. Абдолла ұлы ақындардан әсіресе Пушкин, Байрон, Лермонтовты ұнатушы еді. Байрон мен Лермонтовтың романтикалық дүниелеріне жас Абдолла жанымен беріліп, сол сарынға еліктеуші еді. Абдолла жырларындағы кейбір алабұртпалы, күңіреністі саздар Байрон мен Лермонтов әсерлері екені даусыз. Байронға құмарлығын айтқанда мына бір жәйт

есіме түсті.
1937 жылдың күзінде Абдолла бір себептермен Қызылордаға кенет жүрмекші болды. Жүрер алдында досым түн ішінде жатақханадан менімен қоштасып айырылысқан еді, сол досым таң ата бірінші Алматы станциясынан маған қайта оралып, үлкен көздері мұңды жанарымен жалтаңдап «мен доссыз жалғыз кетіп барамын, маған серіктікке Байроныңды қишы, досым», – деп маған қолқа салды. Мен өзім де Байрон шығармаларын өте сүюші едім, сол тұста Байрон өлеңдерін қазақшаға аударған да едім, бірақ сирек кездесетін Байронның бір томдығын, қымбат кітабымды қадірлі досыма ықыласпен сыйладым.
Бір қыс өткен соң Алматыға қайта оралған Абдолла
«Шығыс қызы», «Токиодағы дауыс» атты поэмалар жазып келді. Кешікпей, Байронның атақты «Шильон тұтқыны» атты поэмасын қазақшаға аударды. Өте ақындық шабытпен жазылған бұл екі тебіреністі дастанды ағылшынның ұлы ақыны Байронның игі әсері барлығын мен кезінде байқап едім.
Бірақ Абдолланың бірқатар тұстастары ойы албырт, жаны елжірегіш жас ақынның тебіреністі жыр күйлеріне ол кезде терең түсіне қоймаған секілді.
1940 жылдары Абдолла баспа орнында жауапты редактор болып істеді де, ойлы, сырлы, сазды бірнеше поэмалар жазған. Солардың ішінде Абдолла «Асан қайғы» атты поэмасын ерекше мән бере, біздей өзінің достарына жазылған тарауларын қайта-қайта оқып беріп жүрді. Біз: – «Асан қайғыңнан» сары уайымға түскен бірдеңе шығып кетпей ме? – дегенімізде нәзік жанды ақын қынжыла наз ететін: «Достарым сендер түсінсеңдерші, Асан қайғыдан Қорқыт шығармаймын, адамзат баласының мәңгі өлместік арманын жырлаймын, көресіңдер әлі», – дейтін еді.
Ақындық дарыны жаңа жалын атып, ойы кемеліне келіп, құлашын кең жаза бастаған тамаша жас

талант қызық келелі қиялдарын жарқырата алмай кетті. Абдолла 1941 жылдың жазында фашист басқыншыларының Отанымызды қорғау үшін майданға аттанды.
Майданға аттанар алдында Абдолла екеуіміз ұзақ сырластық. Ол фашист басқыншыларын: «Міне, менің жырларымды бейнелеген адамзат жаулары түн қарақшылары» деп сұстана сөйлеген еді. Майданға жүрер алдында суретке түстік. Абдолланың басында қара бұйра шашы бар еді. «Осы шашыммен қазір қоштасамын ғой. Суретке серпіліп түссін» деп фотограф суретке басарда қара шашын маңдайына сілкіп, жайып жіберді. Суретіміз әзір болғанда көзіме елжіреп қарады да, суреттің сыртына маған арнап мынадай өлең жазды:


О, дүние, албырт күні он-он бестің, Қайрылып соғар ма еді-ау он – он бес күн. Көтеріп орамалын о, дариға-ай,
Ойыны тарқап кетті-ау, сол бір кештің. Құс болып қанат қағып ұшар едім, Соңынан жете алмайтын сол бір кештің Ақын дос, өлеңменен өзін көрген,
Бір белгі қалдырайын сол күндерден. Күндер өтер, айлар өтер, жылдар өтер, Қартайып шал болармыз кәрілік жеңген. Адамзат алтын дүние мекеніне
Жазып хат қалдырайын өлеңдерден.


Абдолла екеуіміз жыласып айрылыстық. Мүмкін, менің аяулы ақын досым қатерлі майданда кездесер өзінің қайғылы тағдырын іштей қиялдап кезді ме екен? Оның жанарлы көздерінде жас емес, жалын ұшқындағандай еді...
Нәзік сырлы ақын майданға аттанарда қатал, сазды жыр да жазды.

Уа, қара түн қарақшысы, Ұрлатпаймын нұр күнімді. Жанымның жай отын төгіп, Ұшырармын күліңді!


Расында мұндай ереуілді жырды сол кезде көбіміз- ақ жазған едік, бірақ арамызда жүргенде елжірегіш, ұрыс-таластан бой тартқыш, денесі шағын, жаны нәзік Абдолладан «Жанынан жай отын» төгетін керемет ерлік тудырар деп болжамаған едік...
Абдолланың асыл жанында нәзік жыр ғана емес, қатал ыза, қайсар жалын бар екен. Фашист тажалдары қамағанда менің боздақ досым өрт ішінде жауға қарсы арыстанша айбат шекті. Абдолланың командирі майор Григорьев: «Ерлік жөнінде талай хикая естіген едік, бірақ лаулаған өрттің ортасында қалып, жаумен жалғыз арпалысқан ақын туралы естімеген едік», – деп жазды Абдолла қаһармандықпен қаза тапқаннан кейін. Мен де әскери қызметте едім. Абдолла туралы сай-сүйегімді сырқыратқан суық хабарды естігенде қатты қиналып тұрып, жоқтау жыр жаздым:


Солды өлеңнің қызғалдағы, Жанды гүлі аяп алар.
Жанбай сөнді қызған шағы, Бітпей қалды поэмалар...


Мен Орал қаласының қақпасын ашқанда, Жайықтың жасыл толқынын көргенде сол ардагер ақын досымды алдымен еске алдым. Абдолла осы Орал қаласында жалындап өсіп, білім алып, Жайық жағасында жайраңдап жүріп жыр бастады.


Тәтті ғой сол жас ойнақ, Өткізген Жайық бойында...–

деп шалқитын еді Абдолла. Ол Жайықтың сырлы толқындарын жыр етуді, туған ауылы Жосалының жасыл белдерін, жарқын жүзді туыстарын жырлауды арман етуші еді...
Біз Жайық жағасында бір топ ақын жүрміз. Оның досының бірі, ақын Сағынғали еді. Майданға аттанарда біздің үйде отырып, Сағынғалиға қарап:


Досымның бірі ақын Сағынғали, Шертілер мен кеткенде сағынған күй, –


деп Абдолла ән шырқағаны есімде.
Ол боздақ ақын еді. Оның асыл бейнесі, назды сыры, жалынды жыры біздің жүрегімізде. Абдолла қазір бізбен бірге. Сағынғалидың, Жұбанның, Ғафудың, Сағидің, Қадырдың қасында өзінің сыршыл жырларын айтып, Орал өңіріне келген секілді, Абдолланы ертіп біз ертең оның туған ауылы – Жосалыға барамыз, Абдолланың балалық іздерін жаңғыртамыз.


Өшіремін шырағымды, әрдайым, Ұйықтап мәңгі қалармын.
Сонда мені кім есіркеп, Есігімді қағар кім? –


деп күңіренген екен Абдолла. Біз келдік сенің жыр есігіңді қағуға! Қазақ поэзиясы сенің есігіңді мәңгі қағып тұрады!
Ал мен өзімнің айрылмас аяулы досымның өшпес бейнесін жаңғырту үшін, достық парызым үшін, Абдолла үшін, Жайық бойының жаңа сырларын жырламақпын, Абдоланың жерлестерін жырларыма бөлемекпін.
Тамаша талантты ақын бөбегіңе менің ескерткішім сол болмақ, айбынды Ақ Жайық.





Пікір жазу