ЕСІМДЕ СЕНІҢ ӨР БЕЙНЕҢ
Отызыншы жылдардың басында «Лениншіл жас» газетінің редакциясы Фонтан (қазіргі Төлебаев) көшесімен Сауда (қазіргі М.Горький) көшесінің бұрышында болатын. Сол кеңсеге бір күні (күз, жаңбыр құйындап тұрған кез болса керек) бара қалдым, жай емес екі өлеңімді ала бардым. Жұмағали маған байсалды, тұстастарына ақыл айта білетін пайымды жігіт болып көрінді. Менің бір өлеңімді жариялауға болады деп мақұлдап, екінші бір өлеңіме аяусыз мін тақты. Әлі
сөз өнеріне шынықпаған кезім болса да, газетте, комсомолда ғибратқа үйренген мен Жұмағалидың ашық, әділ сынына қайтара тіл қатпадым. Содан былай Жұмағалимен тіпті айрылмас дос та болып кеттік.
Біздер Жұмағали, Тайыр, Қасым, Әбу, Дихан, Есмағамбет, Абдолла аралас-құралас едік. Сөз төркіні – әдебиет, поэзия. Әдебиет қисындары туралы білгірлене сөйлейтін Есмағамбет болса, саяси нысана мен турашылдықты дәріптейтін Жұмағали еді. Қалайда Жұмағали ары биік, жүрегі пәк, турашыл азамат еді.
Жоқ, азамат қана емес, ол жаны тебіреністі, үлкен жүректі ақын. Жұмағалидың дарындылығын біз ерте сезіндік. Оның өлеңдер жинағы да өз қатарынан бұрын жарық көрді. Әрине оның алғашқы әуендерінде ұраншылдық аз емес десек те, Жұмағалидың сыршылдық толғаныстары балаң жырларынан-ақ сезілген.
Жұмағалидың алғашқы ақындық өнері жайында менің есіме 1934 жылдың қысында болған бір жай түсе кетті. Институттағы сабақтан кейін, мен Жазушылар одағына бара қалдым. Онда жиналған ақын- жазушыларға Шахмет Құсайынов былай деп тұр екен:
– Біздің Жұмағали туралы Мұқаң (Мұхтар Әуезов) өте таңдана сөйледі. Жұмағалидың газетте басылған
«Толғау» деген өлеңін оқыпты. «Мынау тебіренісі бар үлкен ақынның сөзі ғой?» – деп сүйсінді ол кісі.
Өзіммен тұстас ақынның өлеңі жайында Мұхтар Әуезовтей кемеңгер адам мынадай игі сөз айтты деген соң, сол мақталған өлеңді оқуға асықтым.
Ал жүрегім лепірді, Елімнің түйдек сырына. Ақын тілін безеді, Толғауына, жырына, Ақын шапты ақыра, Өшпенділіктің қырына.
Ақын қосты дабысын Өмірдің айқын сырына. Шыңына, өмір шыңына Жырына, өмір жырына! Сөйледі шешен қызыл тіл, Минутта мың құбыла, Есерсоқтай қол созба,
Ор қоянның жымына. Еркіндей кір еңсере, Күресті майдан дуына!
Рас, бұл өлең түр-сипаты жағынан бұрынғы халық ақындарының толғауларына ұқсас. Алайда сол тұстағы біздің поэзиямызда үгіт-ұран әуендерін тек сырттай шолып, тебіреніссіз, көріксіз жырлау поэзия тілін мақала сөзіне бағындырып, халықтық тілден қашықтау болғандығын еске алсақ – Жұмағалидың бұл толғауы өзінше бағалы екендігін түсінеміз. Халықтың сөз өрнегін терең барлайтын Мұқаңның бұл толғауды мақтауы содан болса керек.
Ақынның алғашқы өлеңдерінен Отанға, ұлы Ленин партиясына деген шексіз берілгендікті, ант еткенін байқаймыз. Сол өлеңдеріндегі отаншылдық әуендерде Жұмағалидың шын өмір сыры бар, өз тағдырының үні өскендігін сеземіз. «Жетім серті», «Ей, жетім бала» деген өлеңдерінде Жұмағали өз дауысын, жалынды жігерін партияға арнайтындығын білдірді.
Тегінде, ақындар өмірбаянын өз шығармасында жырлап кетеді. Жұмағали шығармаларының бір тартымдылығы ақынның балалықтан бастап, кейінгі азамат шағына дейінгі өмірі өз жырларында әсерлі жырланған. Әке-шешеден бала шағында айрылған Жұмағали сол жетімдік тұрмыс халін мына өлеңімен әсем суреттеген.
Қопаны кездім, су кештім, Шулады маған құрақтар. Еншісі дала елде өстім, Алдымда жатты бұлақтар... Жылы бір қабақ таппадым, Бетімнен адам сүймеді,
Талпындым, жұртқа жақпадым,
«Қу жетім» деп түйреді, Еңіредім де егілдім,
– Анам қайда? – дедім мен. Жас қабырғам сөгілді,
– Панам қайда? – дедім мен.
Сондай жастың ақын болған шағындағы «Қамқорым
– менің партиям!» – деп жырлағаны ақиқат, адал сырларына кәміл сенесің. Біздің бірқатар ақындарымыз өз шығармаларындағы сол жұтаңдықты кейін кексе тартқан кездерінде соғыс және соғыстан кейінгі дәуірде толтыруға әрекеттенді. Жұмағали да осы халді бастан кешті. Әйтсе де, табиғатынан сыршылдыққа бейім ақын сол алғашқы кездерінде де «Жаз еді», «Мөлдір бұлақ»,
«Көкшетау», «Шіркін қымбат – жар құшағы», «Есіл»,
«Тілсіз ғана сенім билер тар бір шақ», «Сүйемін қызыл гүлді» секілді бірқатар лирикалық өлеңдер жазып, келешек үлкен ақынның кең тынысын сездіре білген.
Сыршыл ақын достық мұратын мынадай әсем, әсерлі сипаттармен тербейді:
Дән ексем жерге достық егер едім, Бұлт болсам соған тамшы себер едім. Жайнаған гүлден гөрі ыстық құмға, Дос үшін жылда айналып келер едім.
Мұндай келелі, көрікті сөз ол тұста кез келген ақынның аузына түсе бермес еді...
Жұмағали Саинның ақындық кәмелетке әбден
толысқандығын дәлелдейтін шығарма «Күләнда» поэмасы. 1940 жылы жазылған бұл дастан – сол тұстағы таңдаулы поэмалардың қатарына қосылады және Жұмағали шығармасының да бағалы бір дүниесі.
Жұмағали Саин – Ұлы Отан соғысында, соның қанды майдандарында жүріп, өз бойына біткен адамгершілік, отаншылдық және ақындық асыл қасиетін күшті көрсеткен азамат. Жұмағалидың майдан, жорық жырларын оқығанда кешегі заманда ханға қарсы ереуілді үн көтерген өр кеуде, ардагер ақын Махамбет бейнесі еріксіз еске түседі. Жұмағалидың жорық жырлары ұлы майданның тебіреністі бір шежересі секілді.
Ұрыста, жаралы шақта жаңғырыққан жырларының жалыны да, көркі де ерекше шыныға түскенін байқаймыз. Ақынның әсіресе, өзі ұрыстан жараланып қайтқаннан кейінгі өлеңдері тамаша поэзия дәрежесіне көтеріліп, ойлы, мағыналы, көрікті лирика туғызған.
Мына бір өлеңді оқыңызшы:
Өтті нөсер, тынды айқас, Бір тұңғиық сыр тастап, Көрді солдат бір жап-жас, Қыр басында ойқастап, Өлік жатты алдында,
Көк шинельге оранған, Ызғарлы еді басында, Түсі суық бораннан, Езу тартты жас солдат, Автоматын асынып, Болса-дағы өлік жат, Кетті бетін жасырып.
Ақын зор адамгершілік пейілді жырлап отыр. Жаңа ғана кескілескен жауының өлі денесін жерге бөлеп, біздің жауынгер абзал, кісілік мінез білдіріп отыр.
Сол секілді «Днепрге қарады», «Биік шың», «Есімде Айдар өзені» деген өлеңдері – отаншылдықты, достықты және майдан егестерін сыршылдықпен еске түсіретін тамаша лирикалық туындылар.
«Есімде Айдар өзені» – Жұмағалидың ғана емес, бүкіл қазақ поэзиясының асыл бұйымдарының бірі болып қалғаны талассыз.
Соғыстан кейінгі дәуірде адуынды ақын, өзінің жаралы күйіне, денсаулығының әлсіздігіне қарамастан әдебиет, мәдениет орындарында түрліше жауапты қызметтерді атқара жүріп, көптеген келелі шығармалар жасап кетті. Бейбіт өмір сипаттары, жаңғырыққан өлке дүбірлері,халықтардостығы,партиямызға,Отанымызға арналған сүйіспендік, жержүзілік азаттық қозғалыстар
– осындай әр алуан тақырыптарды ақын құлшына жырлады. Сонымен бірге Отан соғысы тақырыбына арнап «Алтай», «Азамат» деген мәнді поэмалар жазды. Ал ақынның кейінгі кезде жазған лирикалық өлеңдері
– біздің поэзиямызға қосылған жаңа үлес, қадірлі мұра. Жастық шақтағы қапы кеткен сыршылдықты, махаббат лебіздерін жаңғыртайын дегендей-ақ Жұмағали бұл тұста махаббат, адамгершілік тақырыбына бірнеше сырлы, назды жырлар жазды. «Япырм-ау неткен жан едің?», «Тұр, бөпешім», «Шарбанға», «Бұлақ сыры»,
«Сүйем дерсің», «Күлсара», «Екі жалын бір жүректе»,
«Аққу әні» секілді өлеңдерінде нәзік лиризммен қоса, шеберлігі кемеліне келген үлкен ақынның серпіндерін танимыз.
Ойлашы өзің, ойлашы өзің, ақылдым. Үнсіз ғана мені қайда шақырдың?
Терең сырлы көздеріңнің түбіне, Бірте-бірте батып бара жатырмын.
Жаныңды тербетіп, әндетіп тұрған өлең емес пе? Жұмағалидың ақындық өнері жайында сыншылар,
зерттеушілер әлі талай сөйлей жатар. Ақын күйбің болса, жағымпаз, тоғышар болса – бейшаралық. Жұмекеңөрмінездіақынеді. Талайжиналыстарда, жеке мәжілістерде ол өзін ірі ұстайтын, тура сын айтатын. Оның кредосы – «Біз ақынбыз ғой, коммуниспіз ғой» деген ерен сөз еді.
Біздің көбіміз Тайыр Жароковтың үйін «үлкен шаңырақ» деп бағалайтынбыз. Мен де, Жұмағали да алғашқы үйлену тойымызды Тәкеңнің, қадірлі жеңгеміз Мүнираның кең пейілді дастарханында өткіздік. Жұмағалидың үйлену тойы болғанда ардагер Мұқаң, «Жұмағалидың өрен ерлігін, тәкаппарлығын ұнатамын. Өр ақыннан өрен жыр да шығады» деген.
Жас шағымнан қадір тұтқан қайран, Жұмеке, өр бейнең есімде.