12.04.2022
  184


Автор: Қалижан Бекхожин

АРНАУ

(Зейін Шашкинге)


Білемін, өкпелісің өлеңіме, Түскенде уақыттың сен әлегіне,
Шадыман жырмен ғана шалқыдым мен, Тағдырын тұстасымның еледім бе?
Түссе де теңбіл менің талайыма, Шырмалсын өлең шіркін қалай мұңға? Қызықтым зор өмірдің бәйгесіне, Қосылмай дүбіріне қалайын ба?
Жас едік туған бірге таң нұрында, Телімін бақытыңа, тағдырыңа, Тосыннан құйын сені теңселткенде, Менің де түспеді ме дақ жырыма?
Дәуірдің кінәлі ме сол бір кезі, Өсірді еркелетіп өмір өзі,
Ер сенім, өткір ойды берді бізге, Лениндік комсомолдың өр мінезі, Баянның биігінде ойнап өстік.
Ертістің тереңіне бойлап өстік. Албырт жас дулы топтың арасында,

Екеуміз жанған оттай жайнап өстік. Болмады бізде күдік, нала қайғы, Қалайша біздің қауіп жағалайды, Түнде бір кенет аспан шатырласа, Қол создық қағамыз деп нажағайды. Заманның ішке тартып жалындарын,
Сүйдік біз не сүйсек те – жанып бәрін. Сонда біз аялаған қыз қайыңдар, Жайып тұр бізге әлі жапырағын.
Жүргенде махаббаттың назын қалап, Қыз сүйген бетімізден әжім тарап, Қалайша түкті қара басымызды, Басынды ақ қыраулар әжуалап?
Бақытын бұзса кенет аяулымыз, Қандай зіл жайша жүрген баяу үнсіз? Дәуірдің шатқалаңын шарықтамай, Мәз көрдік бәйшешек пен бояуды біз, Жаңаша күйді тыңдап кең елімнен, Жанымды жастық жырға бөледім мен. Сол кезге кінәлімін досым саған,
Тыс қалып өкінішің өлеңімнен, Жасырсаң көңілдің бір мүгедегін, Қалайша қайта жайнап түлер едің? Өзіңдей өткен-кешкен өрендерге, Ақтарған адал сырым бұл өлеңім!


Бұл арнау 1957 жылы басылып шыққан «Ақан Ақтаев» атты поэмада бар. Менің осы сырымды оқып шыққан Зейіннің, мені үйіме әдейі іздеп келіп, көзіне жас алып құшақтап сүйгені әлі есімде.



* * *
Зейіннің жігерлі, қажырлы азамат екенін әсіресе кейінгі жылдары әбден ұғындым. Қаншама жыл қиын-қыстауда жүріп қайтқан бұл талдырмаш денелі,

нәзік сырлы жан, денсаулығының әлжуаздығына қарамастан, творчестволық және қоғамдық жұмыстарға сонау комсомол шағындағыдай, жалындай кірісті.
Ол, творчестволық жұмысқа тереңге батқандай жанкештілікпен сүңгіп кетті. Бұл кезде үйді-үйімізде, Жазушылар одағының залдарында жиі-жиі ұшырасып, ауық-ауық кеңесіп тұратынбыз. Оның тірлікке, харакетке деген разылықпен ұшқындаған көзі нұрынан, жүзінде толқыған арнайы шырайынан жұмысқа да терең берілгендікті дәйім сезінуші едім. Әдебиет, тарих мәселесін сөз еткенде ол білімділігін, көп оқығандығын аңғартушы еді.
Сол елуінші жылдардың бастапқы кезінде Зейін Шашкин қазақ әдебиетінің асыл қорына бірнеше тамаша туындылар қосты, «Тоқаш Бокин», «Теміртау»,
«Доктор Дарханов», «Сенім» сияқты күрделі роман, повестер, аз уақыттың ішінде осынша маңызды, үлкен шығармалар жазып үлгеру, бастауы бекітулі шабыттың шұғыл төтенше бұрқанысы еді.
Кейде бір кешең мезгілдерде үйіне сырласқалы бара қалғанда, немесе түн ауа бейуақытта әлденеге телефон соққанымда да Зейін сарылып, жұмыс бабында отырар еді. Романдарының кейіпкерлері – революционер, жас жұмысшы, жас инженер, дәрігер, агроном сияқты замандастар...
Оның шығарғыштық қиялында нелер қызық мәнді тақырыптар барын да мен өз сөзінен талай аңдаған болатынмын.
Зейіннің тағы бір іскерлігі – әдебиет, ұйым жұмыстарына да жан сала, белсене кірісетіні. Ол
«Жұлдыз» журналында редактор орынбасарлығы қызметін атқарғанда, әсіресе, соңғы бір кезде, Жазушылар одағындағы партия ұйымының секретары болып жүрген шағында да іске берілгендікті, қоғамшылдықты көрсетті. Қоғамдық ой-санамен өз ортасында, әдебиет жолында қызмет етуді парыз көрген

тынымсыз жазушы болды Зейін, сын мақалалар жазып та әбігер болды романист Шашкин. Бір жылы мен оған Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббаты» туралы пікірімді айтып едім, ол: – Кел екеуіміз бірігіп бұл туралы сын мақала жазайық, – деді. Жаздық та.
Өмір өткелдері жүрегіне ұмытылмастай терең сырлар қалдырған бұл дарынның мінезінде қилы сипаттар да бар еді. Жаны сері болса да өз қасиетіне лайық жар сүйіп, баянды қызық та көре алмай кетті. Бірақ табиғатында семьяшыл, балажан Зейін, сонау бұралаң сапардан оралғаннан кейін, өзі кеткенде қара көздері жас ботадай жаутаңдап қалған екі қызы – Қаракөз бен Қарлығашты әлде қайдан шақыртып алып өз аясында баулыды. Соңғы қосағы Мәриямнан нәресте сүйгенде, егде тартқан Зейіннің тасыған қуанышына сүйсінген мен ерекше абдырап қалдым. Сондай-ақ өзінің жақсы көретін қарындастары – Мәкиза мен Зинатқа жылы мейірім білдіріп, олардың өсіп жетілуіне көп назар аударғаннын да білуші едім. Дос-жаран, туыс тұтқан адамдарына соншама беріле, сене елжірейтін Зейін әрнеге, немесе кейбіреулерге тосыннан секем алғыш, кінәмшіл де болатын. Бәлкім өмірінің мазасыз бір шақтары оны сондайлық бір кінәмшілдікке үйреткен де шығар. Сонымен бірге, беделділермен тез ұнасып кететін де әдеті сезілетін. Ал кейде өзімен пікірлес, ауқымдас достарын дулы, талас мәселелер туғанда жедел топтастыра қоюға да жігер жұмсап еді. Мені өзіне шын дос санаған, маған сенген Зейін бір жиындар өтер алдында мені жеті түнде телефон арқылы төсегімнен талай тұрғызған еді. Бәлкім, оның бұл мінезі, өзі жақсы көрген досқа деген сенгендіктен де, мейір күткендіктен де туған болар. Өзінің жасаң өмірінде кездейсоқ зәбір- жапаны басынан көбірек кешкен бұл, шерменде қаламгер бертінде аяғына шөгір ілінбей, жеңіл аттап кете алған жоқ. Маңдай терін сыпырып, көз майын тауыса, сарыла шұғыл жазып бітірген туындыларының

біразы кедергіге ілгешекке ұшырағаны – оған зардабын тигізбей кеткен жоқ.
Зейіннің қабырғасын қайыстырған көңіл-күйін айтарлықтай кеміткен оның екі шығармасына жабылғанжала, қиянпұрыспікірлерхақындаменіңеске алмауға хақым жоқ. Кітап болып басылып шыққаннан кейін «Доктор Дарханов» романы, бір күні төтенше жиналыста талқыға түсе қалды. Үйімде өз жұмысыммен шұғылданып отырған маған Зейін абыржыған үрейлі дауыспен телефон арқылы сол жиынға қайтсең де кел деп өтінді. Проза ауылының сыртында жүргендіктен, мен ондай жиыннан тыс жүруші едім. Бара қалдым. Жиналысты ұйымдастырған және басқарған беделді ағай Ғабиден неге екені белгісіз талқылауды ашарда романның авторына шұқшия сөйледі. Менің қытығыма тиген бір сөзі, «ол романның отыз бетін ғана оқыдым, маған ұнамады» деп жиналғандарға өзінің секемал пікірін өткізуді көздеді. Көлемді романның отыз бетін айтып сондай қыңыр тұжырымға келе ме?
«Доктор Дарханов» туралы баяндама жасаған Сейділ Талжанов та романды іреп, сілкіп, мұқата мін тақты. Бұл әдебиетшіні мен жақсы білетінмін де, тіпті ізетпен сыйлайтынмын да. Сонау 1937-1938 жылдары Сейділ Талжанов аздап жазған мақалалары үстінде А.С.Пушкиннің атақты «Полтава» поэмасын аударып, бізді, жас ақындарды таңдандырғаны бар. Тағы да менің есімде қалғаны, Сейділ бір күні біздерге, дуылдап тұрған жас ақындарға, – «Сендерді ақын етіп жүрген қазақтың етістігі ғой», – деп салды. Бұл сөзді көңіліме кіді сақтаған мен кейінгі өлең-ұйқастарымда барған- салған сияқты етістіктерге жоламауға тырыстым. Ал, қазір досымның игілікті еңбегіне әділетсіз қыңыр пікір айтқан бұл кісіге менің қыжырым қозып кетті. Әлі есімде, жақын жерде отырған Сейділге зілдене сөйледім. Жиналыстан дуылдасып тарқадық. Екі-үш күн өткеннен кейін Сейділ ағайды көшеде кездестірдім.

Ұшқыр сөзіме кінәлі адамдай жылы сәлемдестім. Ол кісі де сол сөзіне өзі де абыржыса керек. «Зейінді жақсы көріп аяушы едім. Ақыл айтам деп қисық артқан шығармын, Зейіннің өзінен кешірім сұрадым, сенікінің негізі дұрыс», – деп өкпе емес, жұбатарлық ымыра білдірді. Мен ол кісіге разы болып қалдым.
Зейін пәк жүрегімен доспын дегенге аса мейірімді, ақ пейілді еді. Зейіннің үйінде Сейділ Талжановты, Өтебай Тұрманжановты, сыншымыз Мұхаметжан Қаратаевты және белгілі ақын-жазушыларымыз Әбділда Тәжібаевты, Рахматолла Райымқұловты, Сафуан Шаймерденовті, Қалмұқан Исабаевты, Әбдірашит Ахметовты, тағы басқа достарын дастархан басында сұхбаттасып отырған шақта бірнеше көрген едім.
Маған деген Зейіннің достық сезімін бұрыннан аңдасам да, кейін менің бір басыма тосыннан бір қырсық уақиға төнгенде, оның жанашырлық мейірімін әбден сездім. Сол тұста, бір күні верандада жабырқап жатыр едім, Зейін жетіп келді.
– Түу, Қалеке, осы немене тұнжырап жатырсың. Мен бұл фәниде не көрмедім, нені бастан кешпедім. Төздім де жеңіп шықтым. Сенікі уақытша бір әурелік қой. Жел оңынан шығар. Түңілмей сен де жаза бер! Жүр тауға барып сейіл құрып қайталық! – деп досым мені жебелеп алып кетті.
Творчестволық жұмысқа шабытпен жан сала сүңгіген Зейіннің талайғы зардаптары қосылып, кейінгі шақта сырқаты асқынып, жатып алды. Бұл ахуалға «Сенім» атты кейінгі повесінің әлдеқандай кедергілерден жарық көрмей кешеуілдеуі де, оның нәзік жанына шаншу болып қадалды.
Бұл повесті баспаға тапсырмай жатып, қолжазба күйінде оқыған едім. Өзімнің туған Баянауылым, оның жаңаадамдарыжайлыжаздымдепсолтуындысынмерей тұта айтқан еді маған Зейін. Кітаптың бастамасына эпиграф ретінде менің Баян туралы өлеңімнен бір

шумақ келтіріпті.
Мен Зейіннің осы еңбегінің кедергі тапқанына іштей налып жүрдім, оның үстіне Зейіннің тап сол тұста сырқаты меңдеп, емханада жатып қалған еді.
Көңіл сұрауға бір күні емханаға бара қалдым. Жаңылмасам көктем кезі болса керек. Ауру палатасына енсем, Зекең кефир ішіп отыр, жүзі жайдары, менімен шүйіркелесе кетті.
– Сүйінші, – деді маған, сәл жымия күліп (жайшылықта шек-сілесі қата балаша мәз күлетін),
– Естідің бе, «Сенім» басылып шығайын деп жатыр. Өркені өскір үлкен кісі өзі танысып, басылуға әбден лайықты кітап деп баға беріпті. Сол сәтте кішкене көздері бақыт сезімімен ұшқындап тұрғандай болып көрінді маған.
Аз күн өтті ме, білмедім, кенет суық хабар сездірген телефон безілдей қалды. Менің ол кездегі үйімнен алыс емес емханаға есім кете жүгірдім. Мәңгілік тыныш тапқандай балаша монтиып көз жұмып жатыр екен. Тұла бойым тітіркеніп кетті. Аздан соң бір топ достарымен бірге, көзімнен жас сорғалап, жасымнан бірге өскен аяулы досымның ауыр табытын арқаласып бара жаттым...





Пікір жазу