12.04.2022
  198


Автор: Қалижан Бекхожин

ҒАЛИ АҚЫН

І
Жетісудың сән-көркі, айбыны мен салтанаты болған Жоңғар Алатауының асқар жоталары алысқа тартады. Оның заңғар бір мүйісі теріскейіндегі саржазыққа барып жантаяды. Бұл бізге өлең-жырдан аты мәлім
«Ешкіөлмес» тауы. Ғали ақынның бала бесігі осы оқшау арал секілді, шет қиядағы Ешкіөлмес бөктері. Мал баққан момын шаруаның жеткіншегі, қаршадай Ғали әке тәлімі бойынша қозы баққан күндерінде Жоңғардың түксиген жоталарына алыстан асқақтаған алып құздарына таңырқай қарап, сырлы сұлу сеңгірлерге талай телмірген секілді.


Шаншыла біткен заңғар құз Қарасаң басың айналар.
Тереңде өзен дамылсыз Дөңбекшіп жатқан айдаһар. Балапан жайын көргенде Мұзартта жалғыз ақ үрпек Менің де кенет кеудемде Сілкініп кетті бір бүркіт, -

деп жыр етеді Ғали ақын сол қия-құздардан алған өзінің балалық әсерін кейініректе жазған бір өлеңінде. Тегінде, қозыкеш бала мазасыз маңыраған қошақандарды иіріп тастап, шаншыла біткен заңғар құздар мен сондағы қыран құстардың балапандарымен сырласуды – өз кеудесінен де сілкініп бүркіт ұшса екен деп арман еткен көрінеді.
Оқымаған, момын малсақ әке – жеткіншегі Ғалиды оқыта алмапты және Орекең Ғалидың бала шағында, ерте қайтыс болыпты. Туысқан ағалардың қарамағында қалған бала Ғали енді қозы бағудан безіп, оқуға талпынады. Ғали алғашқы сабақты 1920 жылы ауыл молдасынан алып әліп-бимен танысады. Бірақ қия-құздардың қиял құсы ол оқуды місе тұтпай, өзге білімді іздейді. Зерделі ініге білім беруді мақсат етпеген туыстардың жүгірінісінен ығыр болған Ғали, бір сары тайға мініп сағымды белдерге қарай тартып отырады. Білім жорығына тайға мініп жортақтаған қарша бала сонау Ешкіөлместен бері созылған қия-қия тау жоталардан тебеңдеп асып Алматыға жетеді.
Бұл 1922 жыл еді. Бұл тұс, Ұлы Октябрь социалистік революциясының айбынды және ізгі қуатының арқасында еркіндік, теңдік алған қазақ ауылының қалың кедей жас, жетім-жеткіншектері оқу іздеп қалаға қаптай ағылған кезі еді. Мыңдаған сол жарлы жастың бірі болған Ғали Алматыға келіп, өзіндей жас балапандармен бірге жылы ұя табады. Ол әуелі Абай атындағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Келесі жылы Алматының халық ағарту институтының дайындық бөліміне түседі. Мұнда жылы пана, қамқорлық тапқан және білім шырындарынан таңдай жібіткен жайдары Ғали өмірінің осы бір шағына ризалық білдіргендей, жаутаң көзі ұлы Лениннің жылы жүзді кескініне түседі. Сол бір мейіріммен мөлт еткен бір өлеңінде:

Қарадым дидарыңа көппен бірге Жылынып мәңгі нұрын төккен күнге. Өзімді шуағында сездім ылғи, Жетімдік шығып кетіп естен мүлде, –


деп өзінің жетімдіктен мәңгі құтылып, ұлы өмірдің нұрлышуағынабөленгенінмақтанышеткенеді. Расында да сонау сары түкпірдегі елегізер «Ешкіөлместен» сары тайға мініп, қиядағы қалаға қашқан бір кездегі жас жетімек аз жылдар өтісімен-ақ балапан құстай құлпырып, тез жетіледі де, кешікпей ақын Ғали атанады. Астанамыз Алматыға келіп қоныстанғаннан кейінгі жылдарда бұрынғы шәкірт Ғали өз бетінше оқып жүріп, әдебиет майданына кіріседі. Сонау отызыншы жылдардан бастап ақын Ғалидің біздің баспасөзіміз бен әдебиетіміздің түрліше орындарына келіп, көрнекі қызмет атқарғанын көреміз. Көп жылдар бойы Ғали республикамыздыңүніболған«Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында өз қаламымен елеулі еңбек еткенін сүйсіне атағымыз келеді. Бертінгі кезеңдерде Ғали әдебиет журналына, әдебиет баспасына басшылық етіп, әдебиетіміздің өркендеуіне көп қайрат жұмсады. Атақты Жамбыл қарттың жалынды жырларын өз аузынан жазып, жинау ісіне де Ғали ақын баға жетпес еңбек сіңірді. Ол заманымыздың батагөй жырауына көп жылдар рухани серік болып, оның аталық алғысына бөленді. Ғали кейінгі жылдарда Қазақстан Жазушылар одағының поэзия секциясында қызмет етіп, өзімен өкшелес және жас жеткіншек ақындардың талабының өрлеуіне аянбай ағалық көмек беріп келеді. Ғали ақынның өзінің бірқатар сырлы жырларында өзін осы абыройға, асыл өнерге ие еткен бақытты советтік Отанына, ұлы Лениндік партияға жалынды ризалық үндерін шертеді. Ал бір кезде өзінің жабырқау арманды күйін сездіріп:

Тепкіншегім тепеңдеп, Жеті күндей жол тарттым. Әттең қашан жетем деп Алматыға құмарттым.


Сараң басып, сар тайым Сабылды бой алдырып. Жол бойында жантайып
Жаттым талай шалдырып... –


деп мұңайған еді Ғали.
Енді қазіргі Ғали ақынның келелі өміріне сүйсінген біздер:


Машинада шалқиған кім? – қарашы – Өзіміздің Орман шалдың баласы.
Әкесінен жалғыз ғана тай мініп, Жетім бала қалып еді қайғырып. Машинада отыр шалқып ол енді, Машинадан гуілдетіп өлеңді, –


деп аңыз ететін болдық.


ІІ
Ғали ақынның өлең жырлары өз өмірінің мұрат- мақсатымен, көріп сезінген шындық көріністерімен тығыз үндес. Ғалидың алғашқы ақындық лебізі 1927 жылдан басталады. Құз-құз таулар мен арқыраған өзендердің арасында өскен қағілез, зейінді жас айналасындағы әсем сырлы табиғат әсеріне беріледі, алғашқы бірнеше өлеңдері сол тамаша және сұсты табиғат суреттерінен туады.


Шаншыла біткен заңғар құз, Қарасаң басың айналар.

Тереңде өзен дамылсыз, Дөңбекшіп жатқан айдаһар... –


деп басталатын «Ұяда» деген әсем өлеңінен былай қарай, Ғали алғашқы жазған бірқатар жырларында өзі мекен еткен атыраптың суреттерін таңырқай жыр етеді. 1927 жылы жазған «Қиын жол» деген өлеңінде:


Меңіреу өңкей – заңғар құз, Құдия біткен елбіреп.
Табаны шыңырау бір түпсіз, Шатысқан шатқал белгі жоқ. Жақпарға салған өрнектей Бұрала жатыр ирек жол, Тайғаққа салған тіректей, Таянар жерің жалғыз сол, –


деп өрнектейді ақын көз алдындағы шатқал-құздың кереметті көрінісін. Бұл суретте қалам ұстаған алғашқы шақтарынан-ақ Ғалидың сөз кестесіне шеберлік іздеген сезгіш, өнерлі жас болғандығын аңғартады.
Өзі туып өскен табиғат аясының ғажайып сипаттарын жыр ету – Ғали ақынның кейінгі шығармаларында кең орын алған машығы. Бірақ Ғали сол алғашқы жырларынан бастап, соңғы өлеңдеріне дейін табиғатты сырттай таңырқамай, оның құдіретті күштерін адам өміріне, өз ауылының күй-қуатына қабыстыра суреттейді. Жоғарыда келтірілген «Қиын жол» атты өлеңінде қия-қия таулардың арасында көшіп-қонып жол таппай азап шеккен көшпелі елінің мүшкіл халін:


Көшеді жылда жайлауға, Шұбала шулап біздің ел. Салады нелер қинауға Асуы қиын мұзды бел...

деп қынжыла жырлайды.
Ғали ақынның жастайынан идеялық мақсатты берік ұстанғанының бір белгісі – мейлі табиғатты суреттесін, мейлі ен жайлаудағы айнала қонған ауылды суреттесін, таптық түрімен жіктелген, ала-құла ауыл бейнесін анық суреттейді:


Ақ үйлер шаңқан ажарлы, Еңсесі биік мол жатыр.
Қара үйлер шоқпыт жамаулы, Қалтырап желге зорға тұр.
Ақ ауыл маңы көп топыр. Аңыздай өрген мал қаптап, Қара үйлер қасы бос жатыр, Баспаған тұяқ маңайлап.


Ауылдағы осы теңсіздікті көрген ақын Ғали ірі байларға таптық шабуыл жасалған кезде, елдегі жалшылардың оянған сана-сезімін, байлар табына деген өштік ұмтылыстарын жыр етеді. Осы тұста жазған
«Ақсамбайдың әлпеті», «Қойшы мен қожайын»,
«Бетпе-бет», «Түрлерінен түсінем», «Екі ұдай» атты өлеңдерінде ежелгі ұйтқы-үстемдігі талқандалған ірі байлардың іріген күйлерін және ауыл билігін қолына алып масайраған, саяси күреске кіріскен, жарлы- жалшылардың жігер-талаптарын суреттейді.
Отызыншы жылдардан бастап қазақ совет поэзиясында өзгеше жаңа серпіліс туды. Бұл тұс қазақ совет поэзиясында өзгеше жаңа серпіліс туды. Бұл тұс қазақ совет поэзиясының көрнекті қайраткерлері – Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Сәбит бастаған қазақ ақындары қазіргі астана Алматыға топталып, поэзиямыздың бұл тұстағы өзекті тақырыптары ауыл кедейлерінің колхоздасуы, техникаға ие болуы және бұрынғы құлазыған қырларға ірі өндірістердің орнауы секілді социалистік орасан зор өзгерістер еді. Сол дүбірге Ғали

да екпінді үн қосты. Айыра айтатын бір жай – Ғали Қазақстандағы социалистік өзгерістерді жыр еткенде, кейбір ақындарша жалаң үгітке, схематизмге, дулы сөзге ұрынбай, Ғали сол жаңалықтарды жырлауға өзінше жылы леп шығарады. «Басталғанын байқадым» деген шағын өлеңінде, Ғали Төлеңгіт деген кедей шаруаның сөзімен, бұрын тоз-тоз болып берекесі кеткен кедейлер үшін, колхоздасуда құт-береке барлығын әсерлі сездіреді.


Салса да өмір әлекке Жақсылықты дәметтік. Жарытар деп ойлаймыз, Жайын білсек коллектив.
«Бұлақ басы құралса» Дария болар аяғы Көңілдерің құп алса, Соны айтпақ ем баяғы, –


деп кеңес етеді Ғалидің Төлеңгіті. «Мұнда дереу колхоз болыңдар, мал-жаныңды қосыңдар!» – деген байбалам ұран жоқ, мұнда Ғали еңбекшінің өз мүддесін «Бұлақ басы құралса, дария болар аяғы» деген халықтың дана ойымен мезгеп отыр. Осы секілді нәрлі, ұтымды, мәнді суреттермен Ғали өзінің бұл тұста жазған «Нышан»,
«Темір ат», «Өріктің өрнегі», «Қырманда», «Алынған арыз» сынды бірқатар өлеңдерінде кедей бұқарасының ұйымдасқан күштерінің берекелігін, олардың техниканы меңгеріп, жемісті еңбекпен игілік табуын жыр етеді.
Отызыншы жылдардың басындағы біздің поэзиямыздағы тамаша жырдың бірі – Ғали жазған
«Шеңбер» атты қысқа дастан. Қазақ даласының сонау сібірлік шетінен, күнгей белесіне дейінгі құлазыған маңғыт қырды жалғастыра жаңғыртқан Түрксіб темір жолының салынуы халқымыз үшін ғаламат

оқиға болған еді. Ғали өзінің тебірене, рухтана жазған жырында алдымен, асқар құздарды қашап, қияларды қиюлаған, жер танабын тартып, белес-белестен белдеуін шеңберлеген жұмысшы, құрылысшы, қолдары кереметті зергерлерді мадақ етеді.


Шертейін шерім шеңберді, Шеңберді иген шеберді, Қайысқан жерді өнерді, Қаусырған тауды ерлерді, Қашаған асқан белдерді, Қопарған құзар зеңгерді Теңеген теріс тереңді, Қиығын қия кемерді Қиюлап өрген қос болат Сөйлейін сонау зергерді!


Еңбекші халықтың құдіретті өзгерткіш қайратын осылай асқақ әуендермен жырлай келе, ақын түтінін тудай бұлғап жапан қырларды оятқан от арбаны – алыс жүріп арыған ауыл-аймақтың құшақ жая қарсы алған қуанышын құлшына толғап береді. Ғалидің суреттеуінде Түрксибпен келген поезд – даламызға келген социалистік сапардың жүйрігі секілді.
Ғали табиғаттың асау күштерін ауыздықтайтын совет адамының жеңімпаз қуатына өзінің бірнеше өлеңдерін арнайды. Солардың бір туындысы 1937 жылы жазылған «Үлбе» атты өлеңі. Бұл өлеңінде ақын әуелі, долы тағы өзеннің алапат ағысын романтикалық әсерлі сипатта суреттейді:


Алтайдан арқыраған асау Үлбе
Ақ жалын алапат күш көнбес тілге. Ақ көбік ауызынан бұрқыратып, Ашумен ағушы едің өңірінде.

Бұл толқынды жолдардан ұлы Лермонтовтың Терек өзенін суреттеудегі өрен екпіні есіп тұрғандай. Біздің ақынымыз кемеңгер ақынның серпініне ықтай бермей, әдейі ашық телімге барған сияқты. Лермонтов Терегі менің екпініме шақ тосқауыл құдірет жоқ деп сұстанады ғой.
Сондай, бұл секілді сұрапыл күшке Үлбе де ие еді деп бейнелейді біздің ақын.


Мен, рас, тауда туып, өсіп-өнген, Бұлттың аспандағы төсін емген. Құмдағы мұзды жақпар құзды қиын, Айғайлап ойнақ салып жосып өрген. Қойтасты қағыстырып допша үйіргем, Қайратпен малтадай ғып тас мүжігем. Бойыма табиғаттың берген күшін, Билеген адамзат жоқ өзім білген.


Ғали өзінің «Үлбесін» осылай асау Терекке ұқсата, құдірет күш бере суреттей келе, оның түйінін өзгеше шешеді. Лермонтов заманында табиғаттың стихиялық күшіне қарсы тұрарлық қуат жоқ еді, сондықтан да Терек өзені қақтыққаның бәрін қиратып, талқандап келемін, зор кеуде адамзаттың айласына сұс көрсетіп жеңіп келемін деп лепіреді. Лермонтов табиғаттың стихиялық күшін осылай тежеусіз құдірет күш ретінде суреттесе, совет ақыны Ғали, халқының тегеурінді техникалық күштеріне тежелмейтін, құрсауланбайтын табиғат долысы жоқтығын аңыз етіп, ақырында адам игілігі үшін бәйек болған кенді Риддерге нұрын төккен Үлбені паш етеді.
Ғали өзінің 1930-40 жылдарда жазған бірнеше өлеңдерінде өзі өсіп, көріп білген мекендердегі социалистік құрылыс жаңалықтарын, өзгерген өлке суреттерін жыр етеді.


ІІІ
Атамекен жерімізге қаскөй жау қан шеңгелдерін қадаған жылдарда, сол дұшпанға қарсы халқымыздың отаншылдық ар-намысы оттай өршіген кезде, Ғали да қаламымен қайрат шегіп, өзінің патриоттық үндерін жалындата шығарды:


Жалындап кекке толды-ау кеудем мүлде, Жарасар адам аты Отанымен,
Өмір не, одан қалып көрген күн не? Құл етсе азат басын, асау жанын.
Адамның тірлігі не, өлгені не? Кеудеңді қысса сығып, осы намыс, Қалайша ұмтылмайсың сен жеңуге! –


деп тебіренеді, өзінің соғыс жылғы жазған бастапқы бір өлеңінде. Аяулы Отаны үшін фашист басқыншыларымен шайқасуды өзі де мұрат еткен ақын өзінің бірнеше өлеңдерінде Отанды қорғау күресіне қаһармандықты, жанқиярлық ерлікті ардақтайды.
«Ер арманы», «Мәлік», «Қаһарман», «Полковник»,
«Ант» деген өлеңдерінде Ғали Отанымыздың азаттығы үшін, басқыншыларға қарсы қаһармандық айбат шеккен ерлердің батырлық бейнелерін жыр етті. Бірнеше өлеңдерінде совет патриоттарының тегеурінді қимылына төтеп бере алмай тойтарылған, жасыған фашист сүмелектерінің де сиықтарын дәл суреттеп, олардың күйрейтіндігіне сенім туғызады.
Ғалидың Отан соғысы жылдарындағы өлеңдерінде бірнеше жап-жақсы әсерлі лирикалар бар. Бір топ лирикаларында Ғали майданға аттанған жауынгер жастардың туған жерге деген ыстық сезімін, анаға, сүйіктісіне арнаған отты махаббатын жылы леппен, назды сыр ете шертеді. «Май», «Қарт анамдай Алатау»,
«Жер жалауы», «Орамал» деген жырлары осындай

абзал есімдерді қозғайды. Бір өлеңінде майдан жорықтарында жортып күйзелген досына:


Жабырқау тартты жадамай, Жайыңды, інім жадыңа ал. Жауыннан бұрын нажағай, Отымен көзге шалынар, –


деп ерлікқуатжұмсаса, екіншібір жырындамайдандағы жарын сарғая күткен жас келіндеріне сырбаз ақын
«Сәулешім төсегіңді түрлентіп жинап қойшы, басқаға өзіңді қия көрме, кешікпей жарың келеді» – деп елпілдейді.
Ғалидың соғыс кезіндегі лирикаларынан «Қарағай»,
«Емен» атты екі өлеңін де ерекше атаған жөн. Орыстың классикалық поэзиясынан жақсы тәлім алған тапқыр ақын осы қысқа екі өлеңінде, шапқыншы жаулардың қастық сұрапылынан қаймықпайтын, жасымайтын, Отанымыздың ұлы тұлғасын өте шебер бейнелеген.


Сапырса бұлтты жел-дауыл, Қайыспас зәулім қарағай.
Сұрапыл дауыл басылар. Ойнаса көкте нажағай. Қаперіне алып оған бір, Қайыспас зәулім қарағай. Сұрапыл дауыл басылар Әзелден аян әркімге.
Мөлдіреп аспан ашылар Қарағай көктер мәңгіге! –


деп қайыспас қарағайды жырласа, енді «Емен» деген өлеңінде:


Жаудың оғы денесін, Жарып барып тоқтатты.

Емен қоймай кәдесін, Жазда тағы көк тартты. Жапырағы жасарып Жазылғандай сынақтан. Денесіне күш алып, Зәулім емен тыныққан, -


деп жараланса да жапырағы қайта жасарған зор еменді жыр етеді. Бұл екі өлеңді Ғали 1941-1942 жылдары жазды. Зұлмат жау жерімізді жұлмалап жатқан шақта, сол секілді оптимистік сенімдерді туғызу – ақынның абзал өнері дер едік.
Найзағайдай күркіреген соғыс даусы тынысымен-ақ зор қарағайдай, жапырағын кең жайып, қайта көктеген Отан жырын ақын сүйсіне жырлай бастады.


– Уа, халқым, қажымайтын ер екенсің, Кіргізген қолмен жердің берекесін, –


деп Ғали жазық қырларға толтырған дала ерлерін, даңқтарын жырлады.
Соғыстан кейінгі алғашқы жылдарда жазған өлеңдердің ішінде «Бетпақдала» деген жыры өте әсерлі, жылы жазылған. Ақын бұл дастанында:



Көңілді қозғап тағы да, Келелі күй ғажайып: Көрікті дала жайында, Жаңа бір дастан жазайық.


Сағырақ қарап картаға Сарынын күйдің тыңдайық, Созыла жатқан Арқаға, Даламыз тола бір бәйіт, –

деп жаңғырған, жаңарған жапанды қызық хиқаяларға толы деп мақтан етеді. Бірақ бұл жапан мұндай сүйінерлік күйде ме еді?


Алатау, Арқа арасын, Қаңсытып Бетпақ алшайтты. Қыруар қазақ баласын, Қарата жүріп қартайтты.


Халықтың қарулы қолдары ғасырлар бойы құлазып, қаңсып жатқан қу жапанның жүрегін қайта соқтырғанын, қалың сауырлы, бұж-бұж қырларға темір жол тартылып, жапанға жан біткенін ақын қашанғы бір шерін тарқатқан адамша, тебірене елжіреп жырлайды. Халқымыздың арқасына біткен жауыр секілді сор Бетпақтың көркейген келешегін елестетіп:


Оралып тағы сол уақта, Жазармын жасыл бақшасын. Жанымды жайып Бетпаққа, Жалбырай жүріп ақ шашым, -


деп игі мұратындай ыстық сыр шертеді. «Бетпақдала» дастаны Ғалидың бұл тұстағы жалынды шабытпен, шебер жазған келелі жыры.
СоғыстанкейінгідәуірдегіҒалидыңшығармаларында өзекті орын алған тақырыптар – өзі туып-өскен баяғы шатқал шыңдардың, жота-белестердің бүгінгі өзгерген суреттері. Айта кететін бір жай – біздің поэзиямызда өзінің туған, өскен өлкесін Ғалидай көп және әсерлі жырлаған ешбір ақын жоқ. Ғали өз өлкесінің құз-шыңдарын жыр еткенде жас шағындай оларға қарап таңырқап немесе үрейленіп тұрмайды. Енді баяғы «шаншыла біткен сол зеңгір құздардың» биігіне шығып жота-жоталардағы жаңа өзгерістерді шабытпен шолады, өзі сол өзгеріс майдандарына аралас

жырлайды:


Ерте бір шығып биікке, Айнала шолып қараймын, Көремін сол бір суретте, Суретін нұрлы сарайдың,
(«Биіктегі бір ойлар».)


Көңілге қанық жатталған Болса да бәрі көзге үйір. Баяғы бұйрат қатпардан, Көремін сурет өзге бір.
Қамысты қойнау түбектен Өшіпті соқпақ бұрынғы. Жалғасып бір жол әрі кеткен, Орапты ой мен қырымды.
(«Қоянды қойнында»)
Ақын жасынан өзі таңырқап өскен тау, төбелерде пайда болған жаңа бір көріктерді осылай сүйсіне келе, сол тәкаппар тауларды өзіне бағындырған құдіретті күштерді – совет адамдарынының қуатын жыр етеді.


Тынысы, күші ерекше, Оларға тосқын болар кім? Тауымды тиеп әкетсе, Жетіп тұр күші олардың.


Енді Ғали жырларындағы адамдар, ерте кездегідей тау-тастың арасынан өтуге жол таба алмай дағдарған көшпенділер емес, Ғалидың ендігі кейіпкерлері – құздарды көтеріп тастайтын алпамыс ерлер. Ежелден құм-белестерге бұлжымас тәңірдей болып асқақтаған
«хан тауының» құлатылуын ақын:


Қопарыла құлаған Қалды таудың шұқыры,

Хан үйінің қираған Шаңырағы сықылды, –


деп шебер суреттейді. Өзі көрген бұрынғы меңіреу, құз-қиялардың біздің совет адамдарының ырқына бағынып, халық игілігіне айнала бастағанын Ғали өзінің «Қапшағай» өлеңінде:


Қартқа оны ұқсатушы ем мен бұрын Әлдекімге салған үнсіз көз қырын. Ақырында әжім басып дидарын,
Қарай-қарай тауысқан құр көз нұрын,–


деп бұрынғысын елестетіп енді:


Сонау аңғар сәуле қадап мың моншақ, Түрленетін күн жетіпті қызға ұқсап, Біздің жарқын адамдардың жүзінен Көз алдымда көрініп тұр сол бір шақ, –


деп, Қапшағай тауының ертеңгі сәулетті көрінісін аңыз етеді.
Ғали өз өлкесінің табиғатын қаншалықты сүйсе, сол табиғат дүниесіне пайда болған жаңа өзгерістерді, кереметті игіліктерді де сондайлық ыстық сезіммен, сүйінішпен жырлағанын біз оның кейінгі жылдары беріле жазылған бірнеше өлеңдерінен айқын сезінеміз... Ғалидың соңғы жылдары аңсары көбірек ауған тақырып – малшылар өмірі, жайлау жырлары. Осы жаңадан жазған жайлау жырларының ішінде ерекше бағалылары: «Әсеріне тоймаймын», «Жоңғар жұлдызы», «Асы», «Ғазиза», «Қойшының қосы»,
«Түсінікті сияқты», «Үш бұлақ», «Тыңдар ем» сияқты өлеңдер. Бұл өлеңдерінде Ғали нөсерді, қиялы асқар адырларда асқақтай жүріп мал баққан ерлерді және сол еңбекші малсақ жұрттың ізгі мінез, пейілдерін,

жетіскен ырыс дәулетін хоштана суреттейді: «Жоңғар жұлдызы» деген өлеңінде:


Көк ала таудың басында, Ғажайып бір шал көрдім мен. Нажағай бұлттың қасында Жан екен нағыз көп жүрген. Шалғында жылқы шұрқырап, Жонда шүйгін қой жатыр, Тіршілік жырын тұр тыңдап, Құлағын түріп сол батыр, Қарайды қалың түлікке Бақытқа толып нұр жүзі, Жарқырап өзі биікте, Сықылды Жоңғар жұлдызы, –


деп Социалистік еңбек Ері Жақамбай қарттың тұлғасын бейнелейді. Осы мал бағушы шалдың еңбегіне сүйсініп, ақын оны «нажағай бұлттың қасында жүрген – ғажайып шал» екен деп мадақ ете, әсерлей суреттейді. Малшылар жайындағы бір топ өлеңдерінің пернелері осындай абзал бейнелер мен ғажап көріністердің сырын, күйлерін шертеді.
Ғали жырларының өзектері алыс мекендерге тартады: бірде өндірісті Алтай жыр болса, кейінде кербез Көкшетау мен қыр сұлуы Қарқаралы суреттеледі. Бірде зор мақтаныш ұлы Москва жыры болса, бірде еркіндікке ұмтылған сонау мұңды Мысыр толғанады, бірқатар жырларында Жетісу малшылары жырланса, кейінгі жазған бір топ өлеңінде Арқадағы тың қырларды жаңғыртушылар сипатталады. Тақырып жағынан Ғали таршылық еткен емес. Заманымыздағы күнделікті саяси уақиғаларға белсене үн қосушы ақынның бірі – Ғали. Ғалидың саяси лирикаларының ішінде көсеміміз Ленин жайында жазған өлеңі аса ынтық сезіммен жазылған. «Ленин мавзолейінде» деген өлеңінде:

Әлсіреп тұрып едім мен де қарап, Бір мұңды балапандай ыстық қанат!
Жұмыр жер, жұт басына, жүзіп-батып Дариға, жатыр еді-ау, сол бір сағат... –


деп мұң шертеді ақын, данышпан көсемнің өлімі жайында. Осы бір шумақтың өзінде қандай жанды сурет, қаншама шындық сезім жатыр! Шебер және әсерлі жазған.
Бірсыпыра өлеңдерінде Ғали совет халықтарының достық пейілдерін жыр етеді. Бұл ретте қытай, қырғыз ағайындарға арнап жазған бауырмалдық жырлары жылы леппен шыққан. Ғали – негізінен лирик ақын. Жоғарыда келтірілген қай өлеңінен болса да ақынның сыршылдығы айқын сезіліп тұр. Ғали жырлаған көрініс-құбылыстардың бәрі де, өзінің ақындық жүрегімен сырласып, үндесіп жатады. Сондықтан да Ғали саяси тақырыпқа жазсын, шаруашылық тақырыпқа жазсын өлеңдері әсерлі, ұнамды шығады. Бірқатар лирикаларында Ғали өз көңіл күйлерін, жастық махаббат сырларын шертті.


Жалт етсе жанды шарпыған, Көзің бір шыра нұр ма екен? Көңілінде үміт талпынған Көрініп содан тұр ма екен?
Сәуледей сырмен мөлдіреп, Телмірген терең көл ме екен? Толқыса баяу дірілдеп, Қозғаған нелер болды екен?–


деп елжіресе, екінші бір өлеңінде:


Ғашықтың күні шерменде Сыйғызбас оңай сені үйге,

Ойнақтап жүрек кеудеңде Салады шіркін не күйге, –


деп тебіренеді тарлан ақын бозбалаша.
Ғали орыстың дана ақындары А.С.Пушкинді, Лермонтовты асыл өнеге тұтып, олардың шығармасын оқып, аударып, көп тәлім алған ақын. Сонымен бірге ұлы Абайдың да, тілге шебер ақын Ілиястың да Ғалидың ақындық өнеріне еткен әсері зор. Көңіл күйлері мен махаббат сырларын шертуде Абайша леп шығарса, Ғали табиғат суреттерін бергенде Ілиясша толғанады:


Зейінді сырлы өмірдің Көңілге түссе сәулесі. Адамға біткен сезімнің Жаңғырар алған пернесі.
(Ақынға.)


Асау бір ойың кей-кейде Кеудеңді сығып тебірентер Шамам бір келмей қой деуге, Қызыл бір тілді сөйлетер.
(«Асау бір ойын».)


Міне бұл өлеңнен Ғали кемеңгер ақындарша, Абайша, Ілиясша толғанып отырғандығын сүйсіне сезінеміз.
Ғали – біздің поэзиямызда өз үні, өз өрнегі бар көрнекті суреткер. Оның ақындық үнінің өзгешелігі лиризммен шықса, сөз өрнегі шеберлігімен, суретшілдігімен көрінеді. Ертеректе жазған:


Шаншыла біткен заңғар құз, Қарасаң, басың айналар.
Тереңде өзен дамылсыз, Дөңбекшіп жатқан айдаһар, –

деген, әсем суреттерден бері құз, шыңдарға, өзендерге, егін көркіне, ер адамдар тұлғасына лайық Ғали талай келелі теңеулер, метафоралар, әсірелеулер тауып, біздің поэзиямызға сұлу нақыштар енгізді.
Ғалидың ақындық шеберлігінің бір қасиеті – жырлайтын пікірін жалаңаш жеткізе салмай, суретпен, бейнемен кестелеп отырады. Ертеректе жазған «Өзен» деген өлеңінде:


Жіңішке жіптей арықтар Жете алмай шөлге үзілді...–


деп, шөл далаға жете алмай суалып қалған шолақ арықтарды көз алдына қонымды суретпен келтіреді.
«Боз торғай» деген шағын өлеңінде:


Кей тұрысың тым қызық, Аспанға іліп қойғандай, –


деп торғайдың кейбір сәтте көкте дірілдеп тұрып қалатын кезін дәл суреттей қойған. Халық несібесі егін жайларының көріністерін әсем теңеулермен өрнектейді. Бір өлеңінде бидайды «құндыз жонды, құрақ бойлы» деп суреттесе, бір өлеңінде күрішті «суға ұйыған қорғасындай» деп бейнелейді суретші Ғали:


Сұлының кере қарыс шашақтары, Тарының қызыл шоқтай моншақтары. Күнге тік қарай алмай күнбағыс тұр, Басына үлкен келіп кәмшаттары... –


деп егін салтанатын қызықтыра сипаттай келіп:


Адамның ауыр терін жерге тамған Астық тұр қауызына құйып алған, –

деп сабағы майысқан сәнді егіндер, еңбек сәулеті екендігін ақын шебер сездіріп тұр.
Тіпті жаңа көктеген мақта алқабын суреттегенде де Ғали:


Керулі кесте секілді, Көзіңе сол бір атырап. Әшекей түскен бетіне,
Көрінбей мақпал топырақ... –


деп оны түрлендіре, қызықтыра әсемдейді.
Ғали ақынның лирикасы да, шеберлігі де халықтың өмір шындығын, заман сырларын айқын, әсерлі суреттеуге арналды. Ғали шығармасында өмірден алшақ эстетиктік лирикалар немесе пікірі жұмбақ символистік әшекейлер жоқ. Тіпті табиғат көрінісі немесе күйлерін толғауға арналған лирикалық қысқа жырларының өзінде әлеуметтік, халықтық, өмірлік сырлар шешіліп отырады. Бұл ретте Ғалидың кейінді, соңды жазған өлеңдерінің ішінде «Күш», «Жаңбыр», «Сенің өзің»,
«Күн», «Үш бұлақ», «Жүрек» атты лирикалары – терең мағыналы және өте көркем жырлар. Бұл өлеңдерді түгел талдаса, Ғалидың ақындық өнеріне сүйсінген үстіне сүйсіне түсер едік. Олай талдауға мүмкіндік болмағандықтан, бір-екі мысал келтірейік: «Үш бұлақ» деген өлеңінде:


Құяды құздан үш бұлақ, Көк ала толқын сапырып, Нажағай мұздан күш құрап, Төгіле дүзге талпынып,–


деп бұлақтың табиғи сұсты ағысын суреттесе, келесі екі шумақта сол асау бұлақтың, бау-бақшаны, асыл жайлауды көркейтуге мол нәр болып жатқанын жыр етеді. Ал, «Жаңбыр» деген өлеңінде жалт-жұлт еткен

нажағайдан сауғалап жауған жаңбырды әсем суреттей келе:
Өлең де солай төгілсе, Кернеген сенің ойыңды. Кеудең бір кернеп өзінше, Сезесің жеңіл бойыңды, –


деп мағыналы түйінді теңеу жасайды.
Ғали өзінің ақындық өмірінде советтік өз өлкесінің жалықпас жыршысы болды. Өзінің тамаша ақындық өнерін социалистік өмір шындықтарын жырлауға, халқымыздың ерлік игі істерін жырлауға және жаңарған, өзгерген, өлкеміздің сұлу сипаттарын суреттеуге аянбай жұмсады. Өзінің еңбек сүйгіштігімен, дарындылығымен Ғали қазақ совет поэзиясының өрлеуіне елеулі үлес қосты. Ғалидың орыстың атақты классиктері Пушкин, Лермонтов, Толстой шығармаларын қазақ тіліне аударуы да бағалы еңбек. Коммунист, ақын Ғали – біздің әдебиетіміздің көрнекті қайраткері.





Пікір жазу