12.04.2022
  107


Автор: Қалижан Бекхожин

ТУЫНДЫСЫНА ТҰЛҒАСЫ САЙ ІЗГІ ЖАЗУШЫ

Би-ағаның есімін мен сонау бала күнімнен есіме сақтап, еңбекші жұртқа көп тараған, газет-журналдарда жиі басылған өлең-жырларын жаттап өстім. Қарапайым халықтың ұғымына тез ұялайтын, бұқаралық тілмен жазылған Бейімбет өлеңдері ауыл кедейлеріне ұнайтын

еді, сондай-ақ мендей шәкірт балалардың жаттап айтуына да қонымды еді.
Би-ағаң сан-салалы мол творчествоның ішінде халық аузындааңызғаайналғансүйкімдібейнесі–Мырқымбай. Мырқымбай жайындағы Бейімбет өлеңдерін оқып білген ауыл кедейлері өзара әзілдескенде бірін-бірі –
«Ей, Мырқымбай, не бітірдің-ей?» – деп сөйлейтін.
Мектептің жас оқушысы мен мектептегі ойын- сауықта сол «Мырқымбай» өлеңін тақпақтап, талай айтқаным ұмытылмастай есімде:


Мырқымбай, Мырқымбай! Мырқымбай! Бай, бай, бай!
Нең бар еді?.. Әй, құдай-ай!
Ауылнайды боқтапсың Шаршап зорға тоқтапсың. Несиеден қорқып
Сары атты сатпапсың...


Содан әрі қыңыр мінезді кедей Мырқымбайдың оғаш қылықтарын өлеңдете жөнелетінбіз. Би-ағаңның Мырқымбай жайындағы бұл өлеңі ертеректе жазылған. Кейін, Мырқымбайдың ауылдағы совет ісіне қатысып, байларға таптық сұс көрсеткені жайында да бір топ жырларында ауыл кедейінің мінезіндегі құбылыстарды бейнелейтін жақсы образ. Бұл бағаның растығын мен Қазақстан кеңес жазушыларының тұңғыш сьезінде өз құлағыммен естідім.
Съезде Сәкен, Ілияс, Сәбит, Мұхтар және басқа да әдебиетшілер қазақ әдебиетінің жағдайы туралы ұзақ сөз сөйледі. Белгілі аға жазушылардан сөйлемеген тек Бейімбет пен Ғабит ағайлар ғана, Ғабеңнің съезде сөйлемеуіне себеп те бар. Шешендер бірін-бірі және өзгелердің де өткен-кеткенін қазбалап сынаса да, бір де бірі Ғабит Мүсіреповті сынамады, қайта бәрі де Ғабеңнің

сол кезге дейінгі белгілі шығармаларын жоғары бағалады. Ал съезде ертеректегі шығармалары сыналған Бейімбет аға өз сабырлылығын берік сақтап, дауға араласпай отырды. Съезде Бейімбет шығармаларын жете бағалаған негізгі баяндамашы Ілияс Жансүгіров болды.
Бұл кісі өзінің баяндамасында: «жазғанының көптігімен, көркемдігімен де Бейімбет алда келеді. Оның қазақ ауылының жан-жағын қамтыған әңгімелері аз емес. «Он бес үй», «Қырман үстінде» сияқты көрнекті әңгімелері. «Қазақ қызы» сынды жақсы романы бар», – деп бағалады. Би-ағаны сынаса, жасымайтын, мақталса, мастанбайтын жазушы екенін сонда байқап қалып едім...
Белгілі басқа жазушылармен қатар Би-ағаңды жиындарда көріп жүрдім. Кішіпейіл, байсалды жазушының ерекше мінезінен бір-екі жәйтті еске ала кетейін. Күзгі айлардың бірінде Би-ағаң жазған «Шұға» атты музыкалық пьесаның спектаклі республикалық музыка театрында қойылды. Театрдың көрермендер залына жұрт лық толды. Спектакльді қоюшы белгілі режиссер Жұмат Шанин, басқа рольдерді атқарушылар Күләш, Шара, Қанабек, Құрманбек тағы басқалары болды. Спектакльді ынтыға көрген көрермен жұрт ойын біткеннен кейін Би-ағаңды ду қол шапалақтап сахнаға шақырды. Көрермендер ішінде басшы қызметкерлер, белгілі жазушылар да отыр еді. Би-ағаң олармен бірге отырмай, балконда отырған. Мен ойын басталарда сәлем беріп Би-ағаңның қасына барып отырған едім. Жұртпен қосыла мен де қолымды қаттырақ соғыппын. Би-ағаң орнынан тұрып, балконның есігіне қарай беттеді. Әкесінің игілігіне қуанған баладай мен де соңынан ердім. Қайран қалдым – көрермендер құрметпен шақырған Би-ағаң театрдың есігінен көшеге қарай адымдап кете барды. Соңынан еріп жақындаған мен:
«Би-аға, сахнаға бармайсыз ба?» – деп қалдым. Мен

түсіне алмадым. Әлде спектакльдің немесе әртістердің орындауында бір кемшіліктерге наразы болды ма екен. Әлде, мадақты, дандайсуды ұнатпайтын кішіпейіл жазушы сахнаға шығып қайқайып тұруды өзіне ләзім көрмеді ме екен? Мен осы соңғы жорамалды Би-ағаңа лайық көрдім.
Осыған орай, тағы бір жәйтті еске ала кетейін. КазПИ-дің үшінші курсында оқитын кезім. Бұл шақта газет-журналдарда біраз өлеңдерім мен мақалаларым жарияланып, әдебиетшілерге таныс бола бастаған едім. Би-ағаңның алдында да өлеңдерімді алып барып оқығаным бар. Институтта үздік оқыдым, әдебиет үйірмесінің жетекшісі едім. Сәкен, Мұхтар, Сәбит, Ілияс ағайлармен студенттердің кездесулерін өткізетінбіз, студенттер енді Беійімбет ағамен кездесуді тіледі. Мен алдын-ала Би-ағаңның үйіне барып КазПИ-дің студенттері сізбен дидарласуды қалайды деп, келісімін өтініп келдім. Ол кісі келісімін берді. Соған қуанған мен институтқа келе сала ертең сағат алтыда, үлкен залда атақты жазушы Бейімбет Майлинмен кездесу болады деп құлақтандыру жазып шегеледім. Және де профкомның мөрін соғып студенттерге шақыру билетін тараттым. Ертеңіне айтылмыш сағатта студенттер залға лық тола жиналды. Бір сағаттан аса уақыт өтті, Би-ағаң жоқ, студенттер маған: – Шақырған жазушың қайда?– деп шулай бастады. Мен, сабыр етіңдер, қазір келеді, дедім де, ән шырқай беріңдер, ол кісіні қазір алып келемін, – деп жүгіре жөнелдім. Үйіне барсам, Би-ағаң сабырлы өз қалпында, жазу столының қасында, қағазға бірдемелерді түрткілеп отыр екен.
– Би-ағау, сізді студенттер сағына күтіп отыр ғой, ұмытып кеттіңіз бе? – дедім абыржи сөйлеп,
– Ә, солай ма еді? Ертең Қостанай жаққа жүруші едім. Аралайтын жерлерімді, жазатын тақырыптарымды жобалап отырып кездесуді де ұмытып кетіппін. Тегі мені мақтайтын жиындарға қатысуға құмар емес едім.

Жастар жиылып күтіп отырса, амалсыз барайын,
– деді. КазПИ-ге беттедік. Келсек залда студенттер масайрап қосыла ән шырқап жатыр екен. Шырқаған әні Би-ағаң жазған «Жалбыр» атты музыкалық пьесадағы
«Маусымжан» атты ән екен. Сол тұста сахнаға шыққан
«Жалбырды» да жұртшылық сүйсіне қабылдаған еді. Студенттер шырқаған бұл әнді естіген Би-ағаңның жүзіне разылық нышаны барын байқап та қалдым...
Кездесуде мен Би-ағаң творчествосы туралы қысқаша сипаттама шолу жасап өттім. Мадақтауды хош көрмейтінін еске сақтап, тұжырта сөйледім. Екі-үш студент Би-ағаңның өлеңдерін оқып берді. Абыржымай сабырмен, пайыммен тыңдаған ардагер жазушы жиынның ақырына дейін отырды. Жиналған студенттерге арналған сөзінде: – Жастар, әдебиетті жақсы оқыңдар да жақсы біліңдер, оқуды бітіргеннен кейін халыққа әдебиетті насихаттайтын сендерсіңдер, өркендерің өссін, шақырғандарыңа рахмет, – деп тоқталды. Би-ағаң түрегеліп жүре бастады. Біздер, үш-төрт студент, қаумалап сыртқа шығардық та, үйіне дейін шығарып салдық...
Сол кездесуде бұл үлкен жазушының мансап, мадақтан аулақ кішіпейілділігін тағы да аңғарған едім...
Халқымыздың кемеліне келген кемеңгер жазушысының өмірі содан бір жылдан кейін кенет үзілді...
Бірақ, Бейімбет Майлиннің қадырлы шығармалары мен ардақты есімі жұртшылық есінен кеткен емес. 1964 жылы әдебиет қауымы, Бейімбет шығармаларын сүйіп оқитын оқырмандар Бейімбет Майлиннің жетпіс жасқа толуын тойлап өткізді. Би-ағаңның бұл юбилейлік мерекесін басқарған сол кісінің абзал досы Ғабит Мүсірепов болды. Айта кетелік, Бейімбет пен Ғабит ағаларымыздың достығы – жыр болғандай жақсы өнеге. Бейімбет тағдырына жаламен бұлт төнген шақта, бір

жиында Ғабеңнің: «Партияға, совет заманына берілген адам Бейімбетті қараласаңдар, мені қоса айыптаңдар!»
– дегені сол кезде аңыз болып тараған. Аласапыран, кездейсоқ кезде мұндай араша сөзді тек Ғабең секілді асыл адамдар ғана айта алады.
Би-ағаңның 70 жылдығына арналған жиынды Ғабең өзінің сағынышты жылы сөзімен ашты. Ақырында, сол жиынға қатысып отырған Би-ағаңның жұбайы Күнжамал жеңгейге сыйлық – жібек шапан жабуды маған тапсырды. Мен абзал жеңгемізге шапанды арнайы өлеңмен жаптым:



Өмірдің асқан шақта қия жарын, Қырандай қайтқан жоқ па қиядағың? – Күлеке, күлімдеші бүгін тойда, Қасында отырғандай Би-ағаңның.
Сездірмей сағыныштың ауыр зілін, Сақтадың серігіңнің сабырлығын. Жаңғырды алау шалған бәйтерегің. Күлеке, күлімдейтін шағың бүгін. Би-ағаң отырғандай ортамызда, Той сыйын ағамызға тартамыз да. Арындай Би-ағаның асыл жеңгем, Жабайын сол торқаны арқаңызға!


Ардагер ұстаз жазушы Бейімбет Майлин халқымен бірге, әдебиетімізбен, жас ұрпақпен бірге мәңгі жасай бермек.





Пікір жазу