12.04.2022
  147


Автор: Қалижан Бекхожин

АСҚАН ДАРЫННЫҢ АҚЫНДЫҚ ЕРЕКШЕЛІГІ

Тарихи әлеуметтік күрес кезеңдерінде халқына жаршы болған, батыл дабыл қаққан азамат ақындарды біз әрқашанда айрықша бағалап, алдымен атаймыз. Қазақ совет поэзиясының тарихында бұл бағытта Сәбит Мұқановтың алатын орны ерекше екені талассыз. Қазақ даласында революциялық асқақ әуенді алғы сапта бастаушы Сәкен болса, кейін бұл рухтағы қазақтың өлең-жырын өрлетуші, қалыптастырушы Сәбит екенін біз құрметпен есте сақтауымыз керек. Уақытқа белсенді жыршы болу тарапында бұл екі дауылпазға үн қосушы, азаматтық әуенді қостай шырқаушы ақындар аз болған жоқ.
Ұлы ақындардың дарындылық қасиеті, поэзиядағы алар орны шығармаларының бір ғана әлеуметтік мәнісімен анықталмаса керек. Бұл тұрғыдан қарағанда, мен өз басым Ілияс Жансүгіровты қазақ поэзиясында, Абайдан кейінгі аса дарынды, ерекше ұстаздық өнегесі бар, кемеңгер ақын деп бағалаймын. Өлең өнерінің бұл сиқырлы-зергері жасаған ғажайып туындыларды біздің сыншы-зерттеушілеріміз поэтикалық мүсіндері, әсемдігі жағынан әлі де сипаттай алмай келеді. (Бұл ретте филология ғылымдарының докторы Мырзабек Дүйсеновтің «Ілияс Жансүгіров» атты күрделі монографиясын ғана атаған жөн. Мұнда Ілияс поэзиясының ерекшелік қасиеттері жан-жақты сипатталған.)
Жасынан өлең жұлдызына құлшына қол сермеген Ілияс 1921 жылы туған мекені Ақсудан сонау Ташкенттегі баспа орнына өзінің екі дәптер өлеңін

жолдап, жазған хатында «Абайдай болмасам да, мен қиыр түкпірден өлең өнеріне талпынған бір жаспын» дей келе, бұрынғы-соңғы өзге ақындарды емес, тек Абайды ғана нысана тұтатынын ескертеді жас дарын.
Ілиястың жас шағында, жиырма жастағы кезінде жазған «Балдырған», одан кейініректе (1919 жылдары) топтастырған «Қызыл жалау» екі өлең дәптерін Алматыдағы Пушкин атындағы кітапханасынан алғаш тауып әкелген мен едім. 1957 жылы атақты ақынның өз көзі тірісінде жарияланбаған, ешбір зерттеушіге мәлім емес бұл екі дәптерді мен қуанышпен Ілекеңнің ізгі досы Ғабит Мүсіреповке әкеліп көрсеттім. Ғабең екі дәптерді сүйінішпен қарап шығып: «Сөзін маржандай тізген өз өрнегі екен. Шеберлігі сезіліп-ақ тұр», – деп біраз өлеңдерді сүйсіне оқып шықты да, аянышы ма немесе Ілиясқа деген ризалық сөзімен бе маған: «Сендер әлі «Құлагердей» поэма жаза алмай жүрсіңдер» деп қойды әдетінше мағыналы көзбен бір қарап. Бұл салмағы күшті, сөз шеберінің өз тұрғыластарының ішінде, ақындардан Ілиясты ерекше бағалайтынын мен бұрыннан сезуші едім...
Расында да, ертеректе 1914-1919 жылдар арасында жазылған өлеңдерден құралған осы екі дәптерден, Ілиястың жасынан өлеңнің әлеуметтік мәнімен бірге әсемділігін еліге талап еткендігін аңғарамыз. Екі дәптерде ескі ауылдағы топас байлардың, дөрекі атқамінерлердің, дүмше қожа-молдалардың мінез- құлықтарын әшкерелейтін өлеңдер аз емес. Әсемдікті ерекше тағылым тұтқан жас дарын сол кездің өзінде
«Бұлбұлға» деген өлеңінде:


Сайрадың құйқылжытып, құбылжытып, Тамсандың таңдайыңның суын жұтып. Толқыдың толықсытып, емірентіп Қиқуға қызықтырдың, қылдың ынтық, –

деп әнші-құсқа назды да сырбаз күй шертеді. Өлең өрнегін түсінер жанға осы шумақта әсерлі, әсемпаздық сезім жатыр.
Жиырмасыншы жылдардың орта кезінде әдебиет өнеріне ізгі тағылыммен, көп ізденіспен келіп, қызу араласқан Ілияс Жансүгіров өз есімін, өзінің өлең өрнегін жұртшылыққа тез де кең танытты. Рас, бұл тұстағы әлеуметтік-саяси тақырыптарға арналған бірқатар өлеңдерінің өзімен тұрғылас ақындар жырларынан айырмашылығы оншама емес те еді. Ал 1930 жылы жазған «Дала» дастанынан бастап, жыр дүлдүлі Ілияс поэзия жазығында бауырын кең жазып аршындап жүйткіді. Советтік даланың әр алуан жаңа өзгерістеріне ынтыға, құлшына үн қосып келген дүбіршіл ақын:


Жүрегім, жырым, сенікі, Кеңесті далам, кең далам! –


деп алып, сол далада керуендеп көшкен халқының күңіренген баяғысынан, азаттық туын көтерген бергісіне дейін тебірене шеру тартады. Кезінде бұл поэма қазақ өлең-жырының келелі, күрделі туындысы болып табылды.
«Дала» поэмасынан кейін Ілияс поэзияның өзгеше жаңа қырына көтеріліп, романтикалық серпіндеріне кең құлаш сермеді. Сол кезеңде көп ақындардың шығармаларында қалыптасқан даурықпа, трафареттік әуендерден, көріксіз бейнесіз жалаң үгіт-жырлардан үрдіс бой тартып әсемдікке, сыршылдыққа, терең бейнелі толғамға көшкен дара ақын Ілияс Жансүгіров болды. Бұл тұста өз халқының сөз дарындылығын зердесіне мол түйген және орыстың ұлы ақындары Пушкин мен Лермонтовтан ізгі ғибрат алған алғыр ақын өзінің жаңа жыр өрнектерімен қазақ поэзиясын жаңа биік сатыға көтерді. Тамаша өлең-жырдың

бағалылығы, мәнділігімен бірге поэзияның негізгі көркемдік қасиеттері метафора, гипербола, эпитет, ассонанс, аллитерация сынды бейнелеу тәсілдері болса, Ілияс бұл ретте кезінде алдына жан салмаған суреткер болды. Абай өлеңнің көркемдігін классикалық өнегелі сатыға көтергеніне шек жоқ, Абай философиялық, лирикалық, дидактикалық өлеңдердің, әсіресе, жеті- сегіз буындық өлеңдердің ғаламат үлгісін жасап кетті. Толғау, эпикалық жыр өнегесі, халқымыздың ауыз әдебиетінде ертеректе өте шебер бейнеде қалыптасқан. Сондай жыр, толғау формасының асқан жүйріктері Бұхар жырау, Махамбет сынды кемеңгерлер. Меніңше, бұл бағытта, теңеу, әсірелеу, бейнелеу тәсілдері ерекше
«Біржан сал мен ақын Сараның айтысын» ғана сүйсіне атауымыз керек.


Ой желке, қамыс құлақ қара көкпін, Тұнықтан жүзіп ішпей қанбайтұғын. Айнымас қанды балақ ақиықпын Тұяғым тиген қасқыр оңбайтұғын, –


деп асқақтап әсірелесе сал Біржан,


Қамысты терең көлдің сұқсырымын Қаңғырған шалдырмаймын қаршығаға, –


деп бейнелейді өз бітімін сері қыз Сара.


Бұл мысалдарды келтіргенде айтпағым – тегінде Жетісу наймандарының ортасында туған «Біржан
– Сара» айтысының он бір буынды өлең өнегесінің әсірелеу, теңеу тәсілдері Ілияс сынды өзгеше суреткерге кезінде айтарлықтай әсер еткендігі байқалады. Өзінің өлең өнеріндегі жаңа өнеге ақынның 1929 жылы жазған «Күй», «Күйші», «Құлагер» сынды әсем, сұлу дастандарына, музыкашылар тілімен айтсақ, бұл үш

симфониялық поэмаға увертюра ретінде шығарған
«Әсет» деген өлеңінде ақын былай шалқыды:


Ән салсаң, Әсеттей сал аңыратып, Жайлантып, қоңырлатып, мамырлатып. Аққудай аспандағы әнді өрлетіп, Қондырып қоңыр қаздай мамырлатып. Боздатып саулы інгендей күңірентіп, Нөсердей нөпір төккен жалындатып.


«Күй», «Күйші» поэмаларында Ілияс өлең өнерінің кереметін әсерлі түрде халыққа жеткізе білді. Жоғарыда Әсет әншіге арналған өлеңіндегі шеберлік, әсемдік талапты өзі меңгерген сұңғыла ақын күйшінің тағдырын терең сазды толғаныспен адуынды, алымды теңеулерімен бейнеледі.


Алатау күй тыңдады ауылдай боп,
Тас балқып, толқып жатты бауырдай боп. Аңқылдап алтын күрек домбырадан, Құйылды жазғы жылы жауындай боп.
Қағылды кейде бір күй дабылдай боп. Бұрқырап кетті түтеп дауылдай боп. Әлде кеш, әлде дауыл, әлде ат шапқан, Әйтеуір қырдан қашқан сарындай боп.


Поэзиядағы әсемдікті, асқақ әуенді мұрат еткен сыршыл суреткер «Күйші» дастанында тарихи уақиғаны реалистік адыммен кең толғайды. Поэмада аты-шулы Кенесары ханның тыныш жатқан момын халыққа – үйсін еліне келіп жасаған озбырлығы, әлегі елестетіледі. Ақынның суреткерлік ғажабы – мұнда Кенесарыны сипаттауға Ілияс бұрынғы-соңғы ақындардан өзгеше тәсіл бейне тапқан. Біреулер теріс түсінікпен бұрын Кенені ардагер деп мадақтаса, кейін біреулер оны жауыз, шайпау ханша қарындасы момын

жұртқа әңгіртаяқ орнатып жатқанда, ордасында ойға батып бетінше отырған Кенені:


Жанжалды үй-арасы ұсақсынып, Арыстан отыр барлап – тісі ақсиып, –


деп айбарлы ханды дәл, әсерлі теңеумен бейнелейді.
Торға түскен сорлы күйшіге азар көрсеткен шалдуар ханшаны:


Алдияр! – ауызыңа әзер түсті, Алақтап алды-артына назар түсті Кіргендей болып кетті бір сарайға, Алтын мен жібек жайған базар түсті. Ханша мынау аппақ сазан түсті, Көріндей әзірейіл ажал түсті,
Жыланнан сырға таққан жолбарыс қыз, Сықылды жын патшасы, дажал түсті.


деген сипаттамада қандай әсерлі бейне, ойнақы да тапқыр теңеулер жатыр! Сөз жоқ, Ілиястың поэзиядағы ең күрделі туындысы «Құлагер». Кезінде бұл поэманың жария болуы қазақ әдебиетіндегі айтулы уақиға болып табылды. Расында да, «Құлагер» – түнек замандағы халқымыздың қиян-кескі тұрмыс-тұрғыларын, ұлттық өмір сипаттарын, топас байлар мен дөрекі төрелерін бейнелейтін кең тынысты келелі туынды. «Құлагер»
– негізінде тар замандағы дарын тағдыры туралы тебіреністі поэма. Қазақ совет әдебиетінде «Құлагер»
– өзінің тарихи-әлеуметтік мәнісі жағынан, көркемдік қасиеті жағынан Мұхтар Әуезовтің «Абай», Сәбит Мұқановтың «Ботагөз», Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлке» атты зор туындыларымен теңдес өнегелі, үздік дастан.
Ілияс Жансүгіров – құлашын құздарға сермеген шабытты шағында өз дарынының биіктігін сүйінішпен

сезінген ақын.


Тегінде кәрі құлақ сұңғыласың. Сондықтан сұлу сөзді жыр құласын Соғайын сөзімнен бір сұлу сарай,
Я көрсін, я көрмесін тұрғыласым. Халқымның қуанышты бұлбұлымын, Жұртымның жүйрігінің дүлдүлімін, Көтеріп көптің көңілін күнде жауып Жүлде алар жұма сайын туды күнім.


Халқының асқан бұлбұлы, жұма сайын жүлде алар шағында құлагердей мәресіне жетпей үзілді шабысы. Бірақ, Ілияс Жансүгіров халқына поэзия асылынан өшпес қазына қалдырды.





Пікір жазу