ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ӨНЕГЕЛІ ҰСТАЗЫ
Сағындырған ақын
1940 жылдың күзі болса керек, біз, үш ақын астанамыздағы бір көшемен тауға қарай өрлеп келе жаттық. Алатау асқарларына жаңа ғана жауған аппақ қар биік құзға күндегідей өзгеше айбын беріп тұр еді. Біз мәңгі жаңарып, айбат шегіп тұратын асқарға таңдана қарадық. Сол бір ғажап, сұсты көрініс әсер етті білем, қасымдағы бүркіт сынды, өр қабақты, әрқашан сергек ақын:
Ақшалап басын қар көміп, Аспанның төсін арда еміп, –
деп бастады да, әлденеге селт ете қалғандай, кенет кідіре қойды.
– Бастадың ғой, Тайыр, енді бөгелме! – деді, сол жаңа ғана жауған ақша қардай шашы ақшаланып қалған үлкеніміз Ғали. Тәкең әдетінше айналаны бір шолып алды да, қарлы асқарға қарап өлеңдете жөнелді:
Ақшалап басын қар көміп, Аспанның төсін арда еміп, Анасындай алтын күн, Сел жіберіп, бір жауып, Жел жіберіп бір желпіп Ауық-ауық құшақтап, Әлсін-әлсін нұр сеуіп, Есейген асқар Гималай... Сол күннен нұр ала алмай,
Басы мұнар, бауыры қар, Гималай, асқар неге олай?
Өлеңді дәйім асқақтап шалқи оқитын Тәкең соңғы бір жолдарда дауысын дірілдете, бәсеңдеткендей болды. Жанымызды тебіренткен осы әуенге Ғалекең екеуміз де еріксіз қосылып кеттік...
Сол тұманнан шыға алмай, Жүрегі қара, көзі көл, Гималай сорлы сор маңдай...
Біз, үш ақын бұл тебіреністі жырды баяу ғана толғанып жырладық. Сол бір күздерде осы даңқты жырды айналаға ақынның есімін естірте айтуға біздің хақымыз да жоқ еді... Бірақ құдіретті жыр бізді өзінің шерлі әуенімен қозғап кетті.
Гималай сорлы, сор маңдай! –
деп тебіренгенде үшеуіміздің кеудемізде сол бір толқынды жырдың иесі – ардагер ақын Ілияс Жансүгіровтің аруағы күңіреніп тұрғандай еді. Бірақ сол есімді естірте атамадық.
– Шіркін, ақын еді ғой, – деді Тәкең, асқар тауға қадала қарап. Ол тау басындағы бұлттар арасынан ақын ағасын аңсап, іздегендей болып көрінді маған.
Менің көзіме де әрқашан терең сабырлы, парасатты ақын зор тұлғасымен елестей қалды. Қазақстан совет жазушыларының бірінші сьезінде Ілекеңнің баяндамасын тыңдап, тағылым алған мен кейін ардагер ақынды жиі көріп жүрген едім...
Тайыр Жароков пен Ғали Ормановтың өздері де сол тұста аға ақын болып танылған кездері. Бұларға іні – менімен қанаттас ақындар – Жұмағали Саин, Дихан Әбілев, Қасым Аманжолов, Қапан Сатыбалдин, Абдолла Жұмағалиев болып біздер поэзиямыздың жаңа
бет алысы, өнеге дәстүрі жайында көбірек сырласатын едік. Жақсы өнеге тұтқан аға ақындарымыз Сәкен, Сәбит, Бейімбеттер өлең өренінен гөрі прозаға ойысып бара жатты сол кезде. Саяси-әлеуметтік әуендер біздің өлең-жырларымызға жақсы дәстүрмен өрістеген шақ. Бұл бағытта біз секілді кейінгі толқынға Сәкен, Сәбит, Бейімбеттер өз ықпалын күштірек тигізген еді. Отызыншы жылдардағы қазақ поэзиясы күнделік науқанға үн қосқан, дулы, екпінді поэзия болды, қасиеті деосынәшінентабылды. Совет жазушыларыныңбірінші сьезінен кейін поэзия өнерпаздары өлең-жырда жаңа көрік, бейнелі сыр іздене бастағандығын байқадық.
«Трактор тыр-тыр» деген секілді ызыңдардың сауатты оқырман жұртшылықты жалықтырғандығын сезген еді сөз жүйріктері. Поэзияда сол тұста, алдымен, бейнешілдік, сыршылдық тапшы еді. Жалаң үгіт, сырдаң сөзуарлық басым еді. Біз, жастар қазақ поэзиясында бейнешілдік пен сыршылдықты терең толғаныспен ізденуші – алдымен Ілияс Жансүгіров екенін өзара сүйсіне атаушы едік.
Қазақтың сөз қасиетін барлайтын майталман ақын Ілияс өзінің «Дала» дастаны арқылы поэзия даласында жаңа самал соқтырып өтті. «Дала» поэмасының әуеніне, тіл орамына, толғауы толғанысты мәніне ере сол тұстарда жазылған дастандарды, толғауларды еске түсірсек, Ілиястың өнеге дәстүрін бірден байқар едік.
Тегінде, Ілияс Гималайдай ақындық шыңға қиын, қилы ізденістен, қия қырлы айналыстардан кейін келіп шыққан секілді. Байқасаңыздар, Ілиястың күнделікті әлеуметтік тақырыптарға арналған өлең-жырлары, кейбір сол сарындағы дастандары да өзімен тұрғылас Сәкен, Сәбит, Бейімбет немесе өзіне өкшелес Асқар, Тайыр, Ғали, Әбділда сынды ақындардың сол тұстағы шығармаларынан ерекше емес, Ілиястың сол іспетті өлеңдерінде де қыздырма қызыл сөздер басым келетін.
«Гималай» қазақ поэзиясында нажағайдай жарқ етті.
Біз секілді өлеңқұмар жастарды бұл жырдағы ғажап бейнешілдік, әсерлі теңеулер қайран қалдырды. Шығыс еңбекшілерінің империалистік құлдыққа қарсы оянуы секілді терең мәнді саяси тақырыпты шебер ақын қандай әсерлі бейнелермен, тебіреністі сөзбен жырлай білген!
Сол жыланнан жылжымай, Қабағы жабық, қаны арық, Гималай сорлы, сор маңдай!
Бұл өлең Ілиястың қаламдас тұстастарына, талапкер інілеріне ерекше әсер еткенін байқадық. Өзі де келелі ақын Тайыр Жароков, Ілияс шеберлігін айрықша қадірлейтінін мен талай аңғарған едім. Тайырдың кезінде дулы атаққа ие болған «Күн тіл қатты» поэмасында Ілиястың «Гималайдағы» сөз өрнегі, үндеу әуені барын мен сүйсіне сезген едім. Өзі тамаша ақын бола тұра Тәкеңнің «Шіркін ақын еді» дегенінде Ілиясты зор өнеге тұтып, ерекше қадірлеген лебізі бар еді. Жоңғар Алатауының бауырынан Ілиястан кейін қанат сермеген Ғали ақынның да сөз кестесінде, Ілиясша өрнектеу барлығын біз сол тұста байқаушы едік.
Поэзиямыздың асқан шебері, ардагер ұстаз ақынды біздер бұлтты жарып шығатын қырандай сағына күткен едік...
Аз жылдардан кейін ұлы ақын өшпес жырларымен поэзиямызға қайта оралды. Мен сол бір қуанышты сәтте былай деген едім:
Осы бір тебіренген арнау жырда – Толғанды тұнып жатқан арманым да. Бозінген айрылғанда ботасынан, Күйші де күңіреніп қалмады ма?
Сол күйші құдірет бар бармағында, Қу шекті құйқылжытқан зар қағуға,
Үнсіз мен қиялдадым кете ме деп, Қайран күй өсек-жала қармағында? Кеудеме ұялатып күй-әніңді, Қандырып кеттің жырға құлағымды. Сол бір күй жаңғырсын деп, іздеп едім Ізіңді, мініп «Ақсақ құланымды», Жайнатты жылдар гүлдеп қиял-қырды, Күйшінің даласында күй ағылды.
Жас түлек, албырт ойлы қақты қанат, Жұртыңның жүрегіне құя жырды.
Өлеңнің, ұмтылғанда, қала өрін,
Шын жүйрік қайдасың деп қарап едім, Күтуші ем ұшқыр уақыт бәйгесінен Озып бір оралар деп «Құлагерің»,
Уа, жырым, жұлдыз боп жансын,
бұлт күйінсін Халқыма қуанышты бұл сүйінішім. Жаямын поэзия құшағын мен.
Кел, ақын ардагерім, келші, күйшім! Советтің сылтыңы жоқ ақынымын, Ақиқат сырым және батыл үнім.
Тірілді өлең-жырдың аяулысы Қасыңа шақыр аға, шақыр інім! Жырыңмен жаңғырығып тудың тағы. Қайрылып «Азат» күйі шертілгенде Матайда қобызшы шал қутыңдады.
Жырларың өмір үні, жұрттың бағы, Күйшісің, -
коммунистік марштарға
Сол жырың даңқыңа дақ жұқтырмады...