12.04.2022
  180


Автор: Қалижан Бекхожин

КЕҢ КЕУДЕНІҢ ЖЫЛЫ ЛЕБІЗДЕРІ

І


Алматының алтын күзі еді. Біз, екі балаң жігіт ол кезде Фонтанная аталатын (қазір М.Төлебаев атындағы) көшемен  төмен  қарай  ентелеп  келеміз.  Бағытымыз



  • базар. Лепсі, Фонтан, Сауда және Гоголь аталатын көшелердің аралығында жәрмеңкедей дулы жеміс базары болатын. Біз базар ауласына кіріп бара жатқан сымбатты адамды байқап қалдық. Асыға ұмтылып сол пішіні бөлек адамды көруге құмарттық. Дәл өзі екен. Алматыға жуықта оқуға келген мен, осыдан екі-үш күн бұрын бұл кісіні Қазақ педагогикалық институтының алдынан бір көріп қалған едім. Астанаға келгеніме айға жуықуақытөтседе,біркөругесоншамаынтазарбасымбұл адамның дидарын айқын көре алмай қапа да болғанмын. Сол КазПИ алдында бұл кісіні өзіндей аты әйгілі екі адамның қасынан байқаған едім. Ересек студенттер меңзеген еді, олар – Сәкен Сейфуллин, Молдағали Жолдыбаев және Мұхтар Әуезов екен. Тұлғалы бұл үш кісі баяу ғана адымдап, бабымен әңгімелесіп бара жатты. Алшақтау айналып, алысырақтан   үшеуіне де қызыға, сүйсіне қарап өттім. Онда сәлем беруге батылым бармады. Енді міне, күңіренісі күшті шығармаларымен менің бала шағымдағы сезімдерімді тебіренткен асыл адамның қасында тұрмын. Мұхтар аға қасындағы аққұбаша әйелмен, кейін білдім, жеңгеміз Валентина Николаевна екен, жайма ларектерді аралап өтті де, өрік-мейізі бар столға бөгелді. Өзіне ынтыға қарап жаутаңдаған екі бала жігітті көзі аңдып қалды да, басын бұрып үлкен ойлы көздерімен бізге назар


 


аударды. Әулиені көрген дуанадай дір ете қалдым. Қипақтасам да қол қусырып сәлем бердім. Сәлемімді жылы жүзбен алды да, бізге жақындай түсті. Байқай қалдым – орта бойы, иықты, ықшам денесіне киімі де дәл қонып, жарасып тұр. Сұрғылт жүзі ашаң тартып, шықшыты мен кең маңдайынан парасаттылық әсер сездіргендей. Томағасын жаңа сыпырған бүркіттей, көзіне әбігер ойдан арылған нышан мен әрнеге ынтазарлық байқалғандай боп көрінді маған. Жас болсам да, бұл бітімі де, тағдыры да өзгеше дарынның айтулы деген шығармаларын түгелдей оқысам керек. Менің көкірегімде, зорлықшыл, қараниет билердің қатал қаһарынан құрбан болған «Қорғансыздың күні» жетім бөбек Ғазизаның, махаббат түлектері Еңлік пен Кебектің аянышты тағдарлары дәйім кетпестей орнаған еді. Сол жұртты сүйсіндірген тамаша туындылар тарапында ерсілі-қарсылы жазылған сындармен де біраз таныспын. Оның үстіне, бұл кісіге таңырқай, немесе ерекше бір пейілмен қарауыма тағы бір себеп бар еді. 1932 жылдың июнь айында «Социалистік Қазақстан» газетінің бетінен Мұхтар Әуезовтің «Ашық хаты» деген, біздей жастарды ойға қалдырған сыры өзгеше хабарды да оқыған едім. Ол шақта мен білімім шала болғандықтан, көркем шығармалардың мазмұнынан әрірек жатқан   тұңғиық   бір   сырларын   ұғынбаған да шығармын. Бәлкім, сондықтан да болар, өткен замандарда жұртымыз соншама қасірет-қайғымен, басынан кешкен ескі ауылдың шындық сұмдықтарын жан түршігерлік бағытта соншама терең әшкерелеген әзіз дарынды сыншыларымыз неге түсіне қоймады екен деп қынжылатын да едім. Сондайлықтың сілемдерін көрген асыл жазушының жүзінде жүдеу не кейіс жоқ секілді. Томағасын ағытқан тарланның жүзі ширақ, адымы бекем көрінді. Ал, маған бір батагөй сынды көрінген Мұқаң 35 жаста ғана екен.


Мұқаң біздің  қайдан  келгенімізді,  нендей  мұрат-


 


мақсат көздейтінімізді де сұрастырып  кетті.  Менен үш жас кіші Төлеутай әдеппен үнсіз тұрды.  Ал мен әдебиеттен білгендерімді және осы кісінің өз шығармаларымен таныстығымды сәл күмілжіп жеткіздім. Содан кейін:



  • Мен малбағушылар институтына оқуға келдім – дедім.

  • Әдебиетке құмар екенсің, талабың бар көрінеді, КазПИ-ге түскенің мақұл еді, – деп маған үлкен ойлы көздерін тоқтатып қалды...


 


ІІ


1934 жылдың декабрі болса керек. Қазақ педагогика институтының аудиториясында енді мен сол атағына құштар адамның өзінен дәріс тыңдап отырмын. Сол 1932 жылдың күзінде-ақ малбағушылар (қазіргі Зоовет) институтынан жылысып, өзімнің Керекуіме қайта оралғанмын. Жазған бірлі-жарым желдірме өлеңдерімнің жебеуімен ауданық газетте бір-екі жыл қызмет істедім де, отыз төртінші жылдың күзінде Алматыға келіп КазПИ-дің әдебиет факультетіне оқуға түстім. Айтқандайын, сол жылдың июнь айында мен қазақ совет жазушыларының бірінші съезіне делегат болып қатыстым. Бүкіл Павлодар атырабынан «емге табылған» мен болсам керек, саусақпен санайтын шамалы жырларымның арқасында әдебиет өлкесіндегі қасқа мен жайсаң бас қосқан жиынға қатынасқанға өзімді бақытты санаймын. Сол жиында Сәкен, Сәбит, Бейімбет, Ілияс, Ғабит сынды ағалардың өнегелі сөздерімен Мұқаңның да шешіле, кеңінен толғаған лебізін де тыңдаған едім. Енді міне, білгір жазушы ұстаздық мінберде сөйлеп тұр. Тыңдаушылар, бірінші курстың студенттері жас жағынан да, білім дәрежесінен де ала-құла болатын. Мен әдебиеттен өзімнің аздап болса да мағлұматым барлығына мардымсындым ба қалай, сөйлеп тұрған Мұқаңның тап алдында, бар


 


ынтамды аударып қадала қалыппын. Осыдан екі жыл бұрын көргенімдегідей емес, сондағы ашаң, қуқыл жүзі қоңырқайланып, бас бітімі де толымданып кеткен секілдіболып көріндімаған. Дөңес, кеңмаңдайыжазыла түсіп, қағазға қарамай, толғана сөйлегенде, бұл кісіні мен баяғы Платон мен Аристотельдердің бірі ме деп қала жаздадым. Дәріс тақырыбы – қазақтың ерлік жырлары жайында еді. Мұқаң толғап тұр – бағзы замандардан бері әр қилы халықтардың ертегі-жырлары бір асулы кезеңдердегі айбынды әміршінің немесе қолбасы батырдың есіміне, дәуіріне тоғыса туады. Арабтың ертегі-жырлары көбінесе Арун-әл-Рашид халифаның есіміне орай туса, орыстың бір сала аңыз-ертегілері айбарлы патша Иван Грозныйдың төңірегіне топтасады. Қазақ топырағына келсек, көптеген аңыз, ертегі жырлар әз Жәнібек пен Тоқтамыс ханның дәуіріне түседі. Ал батырлар жырлары – Қобыланды әр қилы жырларда, аңыздарда аты аталатын – аға батыр іспетті, – деп әрі қарай топшылап кетті... Әлбетте, толғамы да, тілі де өз орамы, өз өрнегімен өзгеше айтымы бар шешеннің сөз нақышын қалпынша келтіріп айту қиын, дегенмен, сондағы сөз мазмұны осылай еді.


Қобыланды жырының тарихы, тумысы тарапында сөйлей бастағанда бір сәтте мен, албырт кезім ғой, әлде аздап білгендігімді сездіріп қалайын дедім де, батылдық жасап:



  • Қараспан тауын сол тұста шапқан ешбір жан жоқ секілді. Қараманға елігіп Қобыланды өз бетінше неге Қазанға шаба жөнелді? – деп қалдым.


Парасатты көздерін маған аударды да Мұқаң:



  • Жырдың өзі халықтың қиялынан туған ғой. Халық өз арманына орай, ежелгі жауынан кек алуға өз батырын жұмсап отыр. Бұл жайлы кейін кең тоқталмақпын



  • деп, әрдайым дәлдікті сақтайтын, өнегелі ұстаз сағатына қарады. Сабақтың соңы еді. Бейсауат сауал қойып, ұятқа қалдым-ау деп қипақтаған пішінімді


 


сезген Мұқаң:



  • Шырағым, уақытың болса, менімен бірге жүрші, – деді маған.


Алматыда ол кезде трамвай, троллейбус деген көліктер жоқ қой, Мұқаңмен жоғары жаяу өрлеп келеміз. Жолшыбай менің хал-ахуалымды сұрап алды...


Мұқаңның ол тұстағы тұрған үйі Өзбек көшесінің жоғарғы орамдарының бірінде екен. Мені үйіне ертіп келді. Үлкен жазушының жұмыс бөлмесі әрі суық, әрі шағын. Шағын бөлмені тарылтып тұрған қабырғаны бойлаған сөре-сөре кітаптар. Мұқаң сол сөрелердің бірінен араб әрпімен басылған журналды маған ұсынды:



  • Мынау «Таң» журналы. Осының ішінде менің Қобыланды хақында жазған – «Ел қиялының ұлы арманы» деген мақалам бар. Соны пайымдап оқып шық, кейін бұл жайында курста баяндама жасарсың.


Бір кезде Ташкентте шыққан бұл журналды бұрын да оқып көрген едім, ардақты адам оқы деп ұсынған соң қуана қойныма бастым. Менің атымды сұрап біліп алған:



  • Қалижан, жақсы әдебиетші боламын десең – көп оқы, халқымыздың  тарихына  байланысты  кітаптар аз да болса бар, оларды қауым кітапханасынан сұрастырып тап, – деді де академик Бартольдты қоса бірнеше авторлардың есімдерін атады. Бұл бір сәтті шақ



  • кемеңгер адам тарапынан маған деген ұстаздықтың бастамасы еді.


Әлі шалағай, мен секілді бірінші курстың студентіне айрықша назар аударғанына мен ерекше қуандым да, піріне қол тапсырған пірәдардай, жатақханаға күпініп қайттым...


ІІІ


Әдебиетке, ғылымға қабілеті, ынтасы бар жас талаптарды айырып тану, оларды демеу – Мұқаңа біткен ұлылықтың бір қасиеті. Талай жас ақын-жазушыларды,


 


талай жас оқымыстыларды да кемеңгер жазушы өнер мен ғылым қиясына жебегені белгілі. Дарынды мен білімдінің сәл де болса сәтті тапқырлығына сүйсіну сияқты ізгі өнегесін өзім білген ұзақ жылдарда Мұқаң бойынан көп-көп аңдаған шығармын... Ұлы жазушының бұл абзал тәлімін бір төбе тұстастары мен қазір өркені өскен шәкірттері әлі талай еске алар...


1938 жылдың май айы болса керек.  КазПИ-ді аяқтар шақ еді. Профессор Мұхтар Әуезов менің дипломдық жұмысыма «Қобыланды батыр жырының тарихи негіздері» деген тақырыпты ұйғарды. Мен көптен көңіл аударып жүрген бұл тақырыпты аз уақыт ішінде өзімше топшылап, жедел жазып тапсырдым. Бұл студенттік жұмысты жазар алдында, Мұқаңның ақылы бойынша, академик Бартольдтің Орта Азия, Жетісу халықтарының мәдениеті жайында жазған еңбектерімен танысқан едім. Солардың бірінен айналасындағы жұрттармен жауласқан Ғазан мен Қубек бектің есімдерін кездестірдім. Қобыланды жырындағы Қазан хан мен Көбікті сірә осылар болмас па екен деп, жорамал жасадым да, осы ойымды әлгі дипломдық жұмысыма қыстырып жібердім. Сол студенттік жазбамды қарап шыққан Мұқаң кейін: «Бұл жорамалың әлі де дәлелді керек етсе де, батылдық, солай іздене бер, сенің әдебиетші ғалым болуға қабілетің барға ұқсайды», – деп айтқаны әлі есімде. Ғазан хан жөніндегі бұл пікірімді мен екінші бір ұстазым Сәбит Мұқановқа қосыла құрастырған әдебиет хрестоматиясында да кейін қайталаған едім.


Мені әдебиетке жебелеген екі ұстазым – Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов сол 1938 жылдың май айында менің Жазушылар одағының мүшелігіне өтуіме де сеніммен кепілдік берулері мені өлең-жыр өрлеріне қанаттандыра түскен ізгі жолдама іспетті болды.


Ұстаздық етуді өзіне табиғи шарт тұтқан бұл дарын жас талаптылардың шығармаларына мейіріммен,


 


қамқорлықпен назар аударғанын біздер көбірек сезінген едік. Қамқорлық – тек жебеу ғана емес, әділдік, терең талғам төрелігі. Бұл тарапта менің «Батыр Науан» атты поэмам хақында Мұқаң сездірген түйінді пікір есіме орала берді. 1940 жылдың көктемі болса керек. Жаңа ғана жазылған сол дастанымды Мұқаңа оқып беруге асықтым. Менің қаламдас достарым бұл шығарманы әжептәуір мадақтап, мені желіктіріп те  қойған  еді. Бұл тұста біздер жас ақын-жазушылар Мұқаңның айналасында зор бәйтерек қасындағы шынарлардай бұлғаңдап, етене үйір болып кеткен едік. Сондай мейірмен Мұқаң үйіне еркін ендім. Бұл кезеңде ол кісінің жаңа қонысы Калинин көшесіндегі аумағы кең, еңсесі биік әсем үй болатын.


Жылы жүзбен қабылдаған Мұқаңа дастанымды желдірте оқып шықтым, ілтипатпен тыңдаған ол кісі ойға батып, сәл іркіліп қалды. Аздан кейін:



  • Төркіні қиын тақырыпқа батылдық жасаған екенсің, Қалижан. Қазір бұл бағдармен көтермелеп жатса да Кенесарының басы даудан аршыла қояр ма екен? Әлгі бір атышулы пьесамды қайта түзетуге менің батылым жетпей отыр. Әдетінше мұрнын сипап, естірте сәл дем шығарып алды да: – Науанға орыс офицерін дүрелетіп қоюың да сөкет сияқты. Ел намысын әпербақандық әрекетпен шешпес болар, сірә... тегінде байқа, басқа сарын қайталанса – дастаныңа көрік бермес, тарихи тақырыпқа терең толғам, сақ көзқарас керек болар, – деп ойлы, үлкен көздерін маған қадады. Жиындарда байқаған едім, асыл туындыларын түрлі саққа жорып, әлдекімдер сынап жатқанда  бұл  кісі бар тебіренісін ішке тартып, үнсіз күреңіте қалатын. Қазір, бет-әлпетінен сондайлықты сезе қойдым. Мақтау күткен мен абыржып қалдым, поэмамды бүктеп алдым да:

  • Кешіріңіз, ойланайын, – деп үйден шығып кеттім. Қараңғы кеште көшеде келе жатып ойға қалдым. «Бұл


 


ақылшым не деп кетті? Әлде ұшқары жырладым ба? Даулы кейіпкерге бекер ұрындым ба?»


«Жоқ табаны тасқа тиген тарланның әншейін сақтықпен ескерткені шығар бұл, қайткенде бастырып шығаруым керек». Кешікпей дастанымды аз ықшамдадым да, «Тарту» деген жалпы жинаққа қосып жариялатып жібердім.


Жалғыз бұл жайт емес, Мұқаң тұлғасының ұлылығына қарамастан, өзінен кіші талаптыларды өзінің творчестволық арнасына тартуға батыл еді. Бұған Әбділда мен Әлжаппармен қосыла жазған пьесалары, кейбір жас ғалымдармен бірлесе жазған мақалалары дәлел.


 


ІҮ


Ұлы адамға лайық қасиет – жас ақын-жазушылардың көк өрім шығармаларың өсіп-жетілуіне кеңес, тағлым берумен ғана шектелмей, Мұқаңның жас талаптыларға тікелей қамқорлық жасайтыны, қиындыққа душар болғандарға жанашыр аға болғандығы зор өнеге еді.


Өз өмірін жыр етпегенде, өзінің тамаша туындыларында ғашықтықтың сырлы пернелерін тебіренте шерткен бұл сабаз, кейде біз секілді жастармен әзілдескенде:



  • Әр кеудеде бір жұмбақ махаббат болар, тұйық сыр бар, соны сыршылдықпен әсем ағыта білген ғанибет,



  • деп өз жүрегіндегі бір құпия түйіндерді сездіргендей болатын.


Мұқаң көптеген ақын-жазушыларға, мұқтаж болып қалған жағдайларда, өзінше дербес литфонд секілді болды. Бұл жәйтті қазіргі көзі тірі, сақаланған ақын- жазушылар да құрметпен еске алар. «Бір шығарма жазып жатырмын, қаражатым жетісе алмай тұр» дегеннің Мұқаң меселін қайырмаған болар. Ұстаз аға тарапынан мұндай мерейді өз басым аз көргем жоқ.


1945 жылы  Орта  Азия  әскери  аймағында  саяси


 


қызметте жүріп келген мені әскери, саяси басқарма майдан тарапында қызмет атқаруға жіберді. Сапар жолында Москваға тоқтадым. Одақтың жазушылар ұйымының кеңсесінде Мұқаңа кездесіп (әкемді көргендей) қуанып қалдым. Жылы жүзбен, сағынышты сезіммен жайдары рең білдірген Мұқаң:



  • Өзің баяғы Шоқан кезінің офицеріне ұқсап қалыпсың. Бәлі, мынау киімің де өзіңе қонып тұр. Ташкентте әскери газетте қызмет істейді деп естіп ем. Хат жазуды да машық көрмейтін әдетің бар екен. Ал, қайда бет алдың? – деп жай-күйімді сұрастырып кетті.


Баратын бетім сірә Польша, Чехославакия жерлері болса керек деп, жайымды түсіндірдім. – Жүр, Қалижан, тамақтанып отырып әңгімелесейік, – деп Мұқаң мені сол ауладағы ресторанға апарды. Ол кісі өзі сөйлеп кетті:



  • Халық өте хош көңілді. Майдан алауының, жеңіс отының ыстық лебі ескендей көше-алаңдардағы жұрттың бәрі-бәрісі мәз-мейрам. Жеңіс таңы жарқырай бастағанына шек жоқ. Ал сен бір қызық шақта сапар шегіп барасың. Сәтін тауып Европа шаһарларын мол арала, ел-жұртын танып, біліп қайт. Жыр-дастан жазуға, зерттеуге көп жайларды тоқи бер... – деп ақыл айта бастады.


Сөз арасында қыбын тауып:



  • Көп жерлерді кезуге қаражат жетпейді! – деп қалдым бұл кісінің ықыласын аңдып отырған мен. Әдетінше мұрнын бір сипап қойды да:

  • Әлбетте, қаражатсыз саяхат шегу қиын ғой, қалтамда молдық та жоқ еді, мың сом берейін, жолыңа, соны ұқсатып жеткіз, – деді. Қуанғаннан «Алақай!» деп айғай салғым келді, Мұқаңның қасқа маңдайынан ұшып тұрып сүйіп те алмақ едім, ұятсындым, рахметімді сірә, жеті рет қайталаған шығармын. Көшелерді біраз аралап, әңгімелескеннен кейін дана қоштасарда маған, үлкен көзін қадап:


 



  • Жолың болсын, Қалижан, жеңіс қызығын майдан оттары сөнген жерден тойлап қайт. Маған хат жазып тұр, мол-мол жырмен орал. Ұлына бата берген қариядай қолымды қысты. Мен ұлы адамның мархабат- мейіріміне бөленген ыстық әсермен, жеңіс парадына қатысқан жауынгерше алшаң аттадым.


Аз уақыт өткеннен кейін, барған атырабымнан көріп білген әсерлерімді білдіріп, Мұқаңа хат жаздым.


 


V


Атақ-даңқы әлемге жайылса да ардагер жазушы кішіпейілді де, кейде кенет білінетін баладай сәби мінезділігі бар еді. Мұқаңның бұл қасиеттерін әлі талайлар шежірелеп айтар. Есімде қалған бір-екі жәйтті жаңғыртайын. Елуінші жылдардың басында менің «Мариям Жагорқызы» дастаным жарық көрді. Сол поэманың эпилогында:


 


Бұл үйге бәріміз де келгенбіз де, Құмартып әсем әнге, сән лебізге, Мүсіркеп махаббатты тұрды мұнда, Мұқаң мен Валентина жеңгеміз де... –


 


деген жолдар бар еді. Поэмамды оқып шықса керек. Жазушылар одағына сол күндері бара қалып едім. Парасатты жүзінде жайдары шуақ ойнап Мұқаң:



  • Бәрекелді, Қалижан, дастаның сәтті шығыпты, қуанып қалдым, Валентина Николаевна екеумізді де дастаныңа қосымша кейіпкер етіп алыпсың. Орынды тапқансың,– дей, мейірлі   лебіз   білдірді.   Мұқаң сол болымсыз төрт жолға неге мән берді деп, кейін ойлансам – алдымен өзінің сол бір жылы сөзге балаша мәз болатыны да шығар,  екіншіден,  әз  аға  өзінің асыл жарын, аяулы досы Валентина Николаевнаның арасындағы айнымас махаббат та – Дудар мен Мариям Жагорқызының ғашықтығындай өзгеше бір


 


абзалдық барын разылықпен түйсінген де шығар. Ұстаз жазушының артынша «Мәлікке жауап» деген мақаласында менің бұл поэмама ерекше жақсы баға бергенін де, мен әлі күнге мақтаныш етемін. Пәк көңіл, сәби мінезділігі емес пе? Америкаға саяхат жасап барған бір сапарласы Мұқаңа төрт ауыз өлең арнапты. Мұнда тұрған ешқандай ізеттілік жоқ секілді. Сол аударманы оқыған Мұқаң маған телефон соғып:



  • Қалижан, бәрекелді, дән риза болып қалдым. Шипачевтан да, сен сөзіңді жандандырып жіберіпсің, – дегені ғой.


 



Қалам ұстаған біздердің көбіміз үшін, алуан саладан айдыны кең білімі бар Мұқаң бір энциклопедия еді. Өз басым, сонау шәкірт болып, дана ұстаздың дәрістерін тыңдағанда да, мәңгі жасайтын асыл туындыларынан да, келелі кеңестерде толғаған парасатты сөздерінен де көп-көп білім, ізгі тағылым таптым десем – асылық емес.


Өз халқының тарихынан, сөз өнерінен, ғылым өрісінен мұнарадай мұра соққан бұл шаһбаз өзге халықтардың тарихын, әдеби қазынасын терең барлаған кемеңгер еді.


Сәті түсіп бір жылы мен Мұқаңа еріп Фрунзе қаласына бардым. Атақты «Манас» эпосы жайында, оның түрлі нұсқалары хақында қырғыз әдебиетшілері екі ұдай пікірде, екі жақты таласта екен. Қырғыз академиясының үлкен залында қайран Мұқаң тереңнен толғана, тау суындай ексімдеп, ағытыла жөнелді. Қырғыз зерттеушілеріне ғылыми, тарихи әділ төрелік айтып, бір тұжырымға келтірді. Айтысушылардың бірі, қырғыздың белгілі жазушысы Түгелбай Сыдықбеков оңашада маған:



  • Мына қазақтың қас қыраны Алатаудың қиясына самғап шыға алды да, шоң эрудициясымен айтысқан


 


екі жақты бірдей бұқтырды-ау. амал не, төрелігіне жүгінеміз де, – деп, сүйініш білдірді.


Қырғыз халқының ұлы қазынасы «Манасты» Мұқаң жан-жақты терең барлағаны өзінің белгілі мақаласынан де сезіліп тұр.


Біз бір топ ақын, алуан уақиғалы Манас жырын қазақ тіліне аударған едік. Мен аударушыға қоса құрастырушы да едім. Мұқаңның белгілі, көлемді ғылыми мақаласын сол кітапқа алғы сөз ретінде жіберуге ұйғардық та, келісуге Мұқаңның үйіне бардым. Жазу столында отырған Мұқаң орнынан тұрып мені жылы жүзбен қабыл алды.



  • Мақалаңызды алғы сөз есебінде жіберуге хилап емессіз бе? – деп едім бұрын мұндайын баспадан шығара алмай жүрген біреудей, кәдімгідей жайдары тартып қуанып қалды.

  • Бұл мақаланы орысша жазып едім, қазақшаға Айқын Нұрқатов  аударды.   Жариялағандарың әбден мақұл. Ал, өздерің «Манасты» еркін меңгеріп аудардыңдар ма? Біздің батырлар жырларындағы сөз орамдарға дәл келетін ұқсастықтар көп. Осыны сақтағайсыңдар, – деп ескертті. Әлденеге сәл ойналып қалды да:

  • Аудармаларыңды өзім оқып шығар едім. Шымкент атырабын аралап келген едім, ішкі сарайымның бір жеріне «сүйел» шыққан деп отыр дәрігерлер. Ертең емханаға түспекпін, - деді.


Мұқаң Москвадағы Боткин емханасында жатқанда көңіл сұрап барғаным бар. Одан жазылып шыққан еді. Сондай бір өткінші сырқат шығар деп, сорлы басым Мұқаңның «сүйел» дегеніне мән бермеппін... қайтыс боларынан бір-екі ай бұрын мен Мұқаңның үйіне барып, сүйінші сұрағандай-ақ.



  • Мұқа, мен машина сатып алдым, – деп дүние, үйге мақтаныш айтып қалып едім, – Кәне, көрейін, – деп есік алдына ере шықты.


 



  • Бәрекелді, құтты болсын! Өзі ақындарға лайық аспан түсті екен, қызығын көр – деп сәл бөгелді де,



  • сен мұнымен қалада көше кеземін деп елікпе, жер- жерді арала, кең даланы шарықта, ел көр, жер көр! Ел тірлігін, жер сипатын көп көрсең – жазғандарың да мәнді-мәністі болады, – деп маған қоштасқандай қолын бұлғады...


Халқымыздың төбесіне алтын айдардай болып біткен ұлы адаммен, дана ұстазбен бұл соңғы қоштасуым екен...


Ардақты Мұқаңның өз үйінің ауласына қойылған азалы табыттың қасында тұрып, мен былай толғандым:


 


Көтеріп құз қайғыны тастар едім, Болмаса құздан биік асқан ерің. Әлемге қазақ даусын таратып сен, Далама даңқ берген асқар едің.


 


Бағына, ел-жұртымның талайына, Сен ұқсап туған едің Абайыма.


Халқымның мақтанышы, ардагері, Атыңды бүркемекпін қалай мұңға?


 


Жырлаймын дірілдетіп қаламымды, Тебірене және мақтан дала күллі, Көтеріп асыл сөздің мұнарасын, Дауылдап жазығында дана тынды,


 


Сол сұлу мұнарадан сырлар тарап, Жөнелер ғасырларға жыр арқалап. Жұлдыздай қатар жанған төбемізде, Асқардан Абай, Мұхтар тұрар қарап...





Пікір жазу