
ҰСТАЗ АҒА
Мен, бұл аты әйгілі жазушының дидарын тұңғыш рет 1934 жылдың май айында Алматыда көрген едім. Бұл тұста, Алматыда Қазақстан совет жазушыларының бірінші сьезі жүріп жатты. Бұл сьезге республикамызға бұрын есімдері мәлім ақын-жазушыларға қосыла, өлкеміздің шартарабынан қаламы әлі ұшталмаған мен сияқты жастар да көптеп жиналған еді. Сьезд Пушкин көшесіндегі Қазақ музыка театрында өтіп жатқан еді. Жиынға ертерек келсем, театр ауласында сырттай жүзі таныс келісті кісі бір топ жастармен шүйіркелесіп, күлдіре сөйлесіп тұр екен. Семейден келген танысым:
«Бұл кісі – Сәбит Мұқанов», – деді.
Бұл белгілі жазушының келбетін бұрын мен өзінің сол кезде жиі шығып жатқан кітаптарындағы өз суретінен көруші едім. Қазіргі мына көрінісінде Сәбит ағай өзгеше, жүзі нұрлы, жайдары, көзі жарқырап, бетінде ыстық қан шымырлап тұрған өте жас болып көрінді маған. Москвадан, Қызыл профессура институтынан оқып келген Сәбиттің, сірә, білім-парасаты да, ақындық шабыт қиялы да аса бір ізгі бабында болса керек. Құлпырып сөйлеп тұр. Есімі баршаға ертеден мәлім, шығармаларын өзім ынтыға оқитын бұл жазушыны мен жасы елулерге жақын бір үлкенірек кісі шығар деп ойлайтынмын. «Адасқандар» романын оқығанымда сүйсінгендіктен «Әке, бұл романыңыз маған өте ұнады» деп хат жазғаным бар. Іштей қысылып, ұялып та қалдым. «Әке» дегенім жалындап тұрған жас адам, Сәбең сонда 34 жаста екен- ау.
Бұл тұста аудандық газетте қызмет істеп ысылып қалған мен Сәбит ағайға әдеппен сәлем беріп ем, ол кісі мені бұрыннан танитын адамша жай-күйімді сұрастырып, жылы шыраймен сөйлесті.
Съезд мәжілістері арасындағы үзілістерде жас қаламгерлердің Сәкен мен Сәбитті айнала қоршап, әңгімелерін беріле тыңдап тұрғандарын байқаған едім. Айта кетейін, съезд мәжілісте Сәбең қазақ әдебиетінің өткені мен сол тұстағы жайын талдап ұзақ сөйледі. Сәбит Мұқановтың шығармаларын мен жас шағымнан сүйсіне оқыдым, жиырмасыншы жылдардың ақыры, отызыншы жылдардың басындағы жасөспірімдерге Сәбиттің «Сұлушаш» поэмасы мен «Адасқандар» романы айтарлықтай әсер етті. Мен сонау бала кезімде ауылда «Сұлушаш» дастанының тарауларын өлеңші жастардың домбыраға қосып, әндетіп айтқанын естіген едім.
Сәбит Мұқанов отызыншы жылдардың басында қазақтың өте әйгілі ақыны және прозаигі болды.
Сәбит ағамен жақсы танысқаным 1934 жылдан басталады. Бұл жылы мен КазПИ-дің бірінші курсының студенті едім. Бұл тұста республикамыздың белгілі ғалым, әдебиет қайраткерлері – Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Санжар Асфендияров, Құдайберген Жұбановтар – КазПИ-де дәріс оқитын. Солардың қатарында Сәбит Мұқанов та бізге ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің тарихынан лекция оқыды. Қилы кезеңде революция қарсаңында өршіген идеялық бағыттағы қым-қиғаш бұл әдебиеттің ішкі сырларын, саяси мәністерін тереңірек түсіну үшін Сәбит Мұқановтың лекциялары мен секілділерге, жастарға өте пайдалы болды. Бұл лекцияларға Сәбит Мұқановтың «ХХ ғасырдың басындағы ұлтшыл- байшыл әдебиет» деген ғылыми монографиялық үлкен кітабы негіз болған еді.
Жастайынан үстем таптан көп езгі көрген, жалшылықтың зардабын тартқан Сәбит Мұқанов сол қанаушы таптың жыршыларына, жоқтаушыларына саналы түрде қас та болды. Ес білген шағынан ауылдағы тап күресіне қызу араласқан, кейін марксизм-ленинизм ғылымының тап тартысы жайындағы қағидаларын оқып-зерттеп терең барлаған бұл, совет ақыны байшыл- ұлтшыл ақын-жазушылардың шығармаларындағы кертартпа пікірлерді революциялық ағымға қарсы жат пиғылдарды өзінің мақалаларында, бізге оқыған дәрістерінде дәлелдеп жан-жақты әшкереледі. «Олар тап жауы» деген қара дүрсін айғаймен емес, бұл пікірлерін, яғни қазақтың ұлтшыл жазушыларының бізге жат шығармалары – орыс әдебиетіндегі ХХ ғасырдың басындағы пессимизмге ұрынған кертартпа ақын-жазушылардың шығармаларымен өзектес екендігін дәлелдеп сипаттады.
Бір ғажабы, Сәбең бізге лекция оқығанда, сол өзі даттап отырған байшыл-ұлтшыл ақындардың өлеңдерін мүдірмей жатқа айтатын. Мен сонысына таң қалып, ұстазыма бір рет сауал қойдым. – «Сәбе, өзіңіз жақтырмайтын ақындардың жырларын қалай жаттағансыз?» – деп едім, ол кісі – «Ленин айтқан ғой, жаудың тәсілдерін жақсы білу керек – деп, және олардың өлеңдерін оқып білгеннен өзің берік болсаң, сен жат идеяға ауып кетпейсің», – деп кеңес берді маған. Мен сол тұста, кейін де: «Осы Сәбең тапшылмын деп айғайшыл болып кеткен жоқ па?» деген бейсаясат күбірлерді көп естідім. Жоқ, Сәбит Мұқанов алдымен қазақ поэзиясында өзінше, Маяковский секілді, жаңа өрнек жасаған үлкен тұлғалы ақын, қазақ совет әдебиетінде тұңғыш рет «Адасқандар», «Жұмбақ жалау» сынды келелі, тамаша романдар жазып, бұл салада бастауыш болған прозаик. Ал сын тарапында, Сәбит Мұқанов өзінің жетекшісі Сәкен Сейфуллинмен бірге, сонау жиырмасыншы жылдардың басында
әдебиет майданында белсене түскен күрескер жазушы. Сын майданына қайтіп белсене кіріспесін анығын айтсақ, ұлтшыл-байшыл ақындар советтік әр мекемеге бүркеніп орналасып алып, біріншіден, советтік құрылысты мансұқ етіп сөз гулетулерін қоймай, екіншіден, жаңа ғана қанатын қаққан советтік әдебиеттің қарлығаштарына сол байшыл- ұлтшылдар жан-жақтан өрмек құрып, тіл біздерін шаншып бақты. Сол тұстағы газет-журнал беттерін зерттеп ақтарып, Сәкен мен Сәбитті ұлтшылардың мұқатып, әжуалап жазған бықсымаларын оқысаңыз, төбе шашыңыз тік тұрады. Революцияшыл, коммунист ақындар Сәкен мен Сәбит әдебиетте, тап жауларының мұндай тәлкегіне шыдамады, оларға қарсы ереуілді күрес ашты. Бұл тарихи жайтты біздің қазіргі әдебиет тарихшылары өздерінің жазбаларында орап кетіп жүргендігі байқалады. Партиямыз бастап жүргізген тап жауларына қарсы күрестерді, әдебиеттегі тарихи белестерді бүркеуге ешкімге жол берілмеуге тиісті және бұл жайды біздің жастар байыпты түсінсін.
Сәбит Мұқанов поэзияның әсемдігі мен эстетикалық сипатына терең барлаған ақын. Бір сәттерде менімен сырласқанда өзіне жат ақындар жайын әңгімелей келіп:
«Олардың арасында өте дарындылар да болды, әттең не керек жаңа дәуірді түсінгісі келмеді, өз дарынын өздері құртты, «хороша Маша, только не наша» деп орыс ағайындар айтқан ғой», – деп қалатын.
Сәбең кейбіреулер ойлағандай соншама зілі қатал да емес еді, тап тартысы тыныстап, жаңа дәуірге көшкен шақта, жиырмасыншы жылдар өз елі қас болған сол ақындардың біреуін қиырдан қазіргі әдебиет айналасына шақыртып алғаны да бар. Ондағы мақсаты ақын ғой, ескі райынан қайтқан шығар, түзелер, байқайық деген еді. Бірақ бұл батыл бетбұрыстан нәтиже шықпады. Ақырында, шақырушы кісінің өзі ұятқа ұшырады...
Пролетардың ұлы жазушысы Максим Горькийді творчестволық бағытында да, жас әдебиетшілерді баулып өсіруде де, өзіне өнеге тұтқан Сәбит Мұқанов
- қазақ жас әдебиет кадрларының өркендеуіне зор қамқорлық еткен ұстаз жазушы. Қазақ совет әдебиетін революциялық бағытта бастаушы Сәкен Сейфуллиннің өмір сапары ерте үзілді. Әдебиетіміздің айтулы, асқан майталмандары Мұхтардың, Бейімбеттің, Ілиястың, Ғабиттің қазақ совет әдебиетінің биік дәрежеге көтерілуіне, қазіргі үлкенді-кішілі баршамыздың шеберлікті үйренуімізге әрқайсысы өз үлгісінде көп әсер еткені шексіз. Ал, бұл бағытта Сәбиттің алатын орны ерекше деп мен батыл айтар едім.
Өзінің мейірімді, кішіпейіл табиғатына орай және осы бір ізетті өзінің партиялық парызы деп білген Сәбит аға өзінен кейін қалам сілтеген жастардың барлығына қамқорлық жасап, олардың жазғандарын оқып, ақыл- кеңес беруден ерініп көрген емес. Бір кезде жас, қазіргі көрнекті аға ақындарымыз Асқар да, Әбділда да, Дихан да, кешегі өткен марқұм Ғали, Тайыр, Жұмағали, Сағынғали, Ғафу т.б. өздерінің нелер туындыларын Сәбит елегінен өткізіп, оның жылы қамқорлығын сезінген болар. Есіме түскен соң айта кетейін, ертеректе КазПИ-дегі бір жиында Сәбең сөз реті келгенде Әбділдаға қарап, – Есіңде ме, баяғыда Қызылордада үлкен жиында мойныңа қызыл галстук таққан пионер сені мен мойныма мінгізіп тұрып, тұңғыш жазған өлеңіңді оқытқызып едім ғой, – деді мақтанышпен. Бұл ескерерлік жайтты Әбекең теріске шығармас. Асқар, Әбділда ағалар Сәбеңді бізден бұрын, әріректен көбірек біледі. Бұл кісілер Сәбит ағаларын есіне алып, естелік жазса, кейінгі жас өрендерге қызықты да, өнегелі де болар еді.
Сәбең Қазақстан Жазушылар одағының жетекшісі болып тұрған кезінде творчестволық ұйымдастыру жұмысында аса іскерлік, әдебиеттің өркендеуіне
шын жанашырлық білдірді. Ол кісі басқарған шақта жазушылар ұйымында жаңа туындыларды жиі-жиі талқылау болып тұратын. Жас ақын-жазушылардың шығармаларын Сәбең алдымен өзі оқып алатын, талқылауда өз пікірін ағалық мейірмен, бірақ батыл, айқын түрде ортаға салушы еді. Горькийден, Фадеевтен тағылым алған бұл ардагер, ұстаз жазушы ақын-жазушылардың жаңа шығармалары хақында жиындарда, баспасөз бетінде жиі пікір білдіріп тұрар еді. Кейде мен Сәбеңді сағынып күйінемін де, Сәбеңнен кейін жазушылар ұйымын басқарып келгендер тұсындағы жазушылар туралы, олардың шығармалары жайында не жиында, не баспасөзде бір лебіз білдірмейді- ау! Жас дарын бір жақсы туындымен келсе Сәбең шексіз қуанатын. Оған бір мысал, қазіргі көрнекті романист Әбдіжәміл Нұрпейісов елуінші жылдарға шейін бұрын бір ауыз сөзі баспа көрмеген, әдебиет әлеміне белгісіз, қиыр түкпірде жүрген жас талап болса керек. Сәбит Мұқанов сол белгісіз Нұрпейісовтың «Курляндия» деген тұңғыш кітабын оқып, жапаннан алтын тапқандай қуанғаны, романның жақсаруына сүйсіне көмек бергені есімде.
Сәбең жазушылар ұйымына басшылық етіп жүрген кезінде, тіпті одан бұрын да, кейін де, жаңа жазған өлеңдерімізді, дастандарымызды алдымен сол ағаға оқуға асығушы едік. Кейде Жазушылар одағының сол кездегі жұпыны кеңсесінде, көбінесе Сәбең пәтерінде, мейірімді Сәбеңнің асыл жары, жан серігі абзал Мәкең жеңгейдің қою шайын ішіп отырып, жаңа жыр дастандарымызды оқи беретінбіз.
Жаңылмасам, 1949 жылдың көктемінде болса керек. Москвада өтетін қазақ әдебиетінің декадасына дайындық жұмысына өзіне көмектесу үшін мені Алматыдан арнайы шақыртып алды. Бір сәтте, ресторанда тамақтанып отырғанымызда мен Сәбеңе
- «Тап қайшылығын, тап тартысын біздің поэзияда
алдымен жырлаған Сұлтанмахмұт, содан кейін сіз ғой» деп қалып едім. Сұлтанмахмұт кедейшіл болғанымен, қайшылығы көп ақын, бізді, еңбекші тапты, революцияны жырлаушы алдымен Сәкен ғана», – деді тайсалмай. Мен әлденеге қысылып қалдым.
1960 жылдың жаз айында, Сәбең бастап мен және ақындар Ә.Абайділданов, Ә.Ахметов болып, Алтай, Тарбағатай атырабын араладық. Сол сапарда үлкен бір жиында Сәбең халқымыздың мәдениет өркені жайында сөйлей келіп, біздің әдебиетіміз қазір жер жүзіне мәлім әдебиетке айналды. Мен бірсыпыра шетел жерін аралап келдім. Сондағы бір сүйсінгенім – біздің қазақты бірқатар шет жұртшылық біледі екен. Қазақты шет жұртқа танытқан – «Абай» романы, оны жазған – менің ұлы замандасым Мұхтар Әуезов», – деп мақтаныш етті. Қай заманда болсын, ұлы, ірі ақын-жазушылар қарым-қатынасында, мінездерінде қайшылық, немесе бақастық секілді пендешіліктер де бола береді. Бірақ шын дарындар бәрібір бір-бірімен табыспай қоймайды,
осыны кейінгі ұрпақ дәл түсінуге тиісті.
Енді өз басыма келсем – Сәбит ағаны мен сонау студент шағымнан бері әлі күнге дейін өзіме ұстаз тұтып келемін.
1934-1938 жылдары мен ҚазПИ-дің әдебиет факультетінде оқыдым. Әдебиетті жақсы түсінгенім де, өлең-жыр дүниесіне алғаш қанат қаққан кезім де осы жылдарда болса керек. Менің қаламгерлік жас қанатыма дем беруші де – Сәбит Мұқанов. Әлде менің әдебиет тарихынан харбардарлығым ұнады ма екен, әлде дарын танығыш қырағы Сәбит аға, осыдан келешекте ақын шығады деп үміттенеді ме екен, мені өз бауырына тартып, баули бастады. Менің балаң өлеңдерімді жиі тыңдап, ақыл-кеңес берді.
С. Мұқановтың халықпен, еңбек адамдарымен байланысы, өз еңбек ортасынан шыққан ірі жазушының қарапайымдылығы біздерге ерекше өнеге болды. Қазақ
жазушыларының қатарында Сәбиттей республиканы көп аралап, еңбеккерлер ортасында көп болған адам жоқ та шығар.
1960 жылы Сәбит Мұқанов бастап, бір топ ақын Шығыс Қазақстан облысына творчестволық сапарға шықтық. Бұл сапарда біз Тарбағатай, Зайсан, Марқакөл, Күршім аудандарын араладық. Бұл аудандардың жұртшылығы, еңбек адамдары, шопандар өмірі бұл маңға келмеген, сырттан сағынышты, өздерінің сүйікті жазушысы Сәбит Мұқановты, дәл мағынасында ат шаптырып, той жасап қарсы алғанына мен куәмін. Күршім ауданына таянғанда алдымыздан (Сәбеңнің алдынан) алыстан бір аяулысы оралғандай, қырық қыз бен қырық жігіт ән шырқап шыққаны есімде.
Бір ғажабы, барған ауылдардың ақсақал шопандарын бұрыннан танитындай, туысындай көріп солармен құшақтаса кетеді. Төбе-төбедегі жиындарда шешіле, жадырай, жұртты күлдіре сөйлеген Сәбең кешкілікті мәжілісте де отырғандарды мәз етіп отыратын. Түнде бізге арналып жатқан киіз үйде менімен қатарлас жатқан Сәбең, мен ертерек оянсам да, төсегінде жоқ болып шығады. Бақсам, Сәбең күн шыға оянып алып, сонау белестегі шопандар арасына кеткен екен. Қарасам, сол шопандармен әңгімелесіп, қолындағы дәптеріне керекті жайларды жазып отырады. Сәбеңнің бұл өнегесін ұлғайған шағымда мен өзіме тағылым етіп келемін.
С. Мұқановты қалың қауымның қадірлейтінін аңғартатын тағы бір жәйтті еске ала кетейін. Сол сапарда жүргенімізде Күршім ауданының еңбекші жұрты, партия, совет басшылары Сәбеңе және бізге айрықша зор құрмет көрсетті. Олар атақты Алтай асқарының жалғасы, бір биік тауды кәдімгідей ресми қаулы алып «Сәбит асқары» деп атады. Қалың жиын, домбыралы жастар арасында атына тау сыйлаған бұл ізгі қауымға разы болған Сәбең, сөйлеп тұрып көзіне
жас алды. – Айналайын халқым, ақынға ат мінгізген, шапан жапқан талай елді көріп ем, ал ақынға тау сыйлаған сендердей жомарт елді көрген емеспін, мың рахмет!» – деп тоқтады Сәбең. Халық құрметі – халықшыл жанды осылай тебірентсе керек. Сәбиттің өзге тұстарынан бір ерекшелігі – жұрт алдында, жиындарда сөйлегенде, немесе азғана топ арасында да әңгіме айтқанда тыңдаушыларды өзіне тез баурап, тез жадыратып жіберетін. Әлеуметтік, әдебиеттік жайларды мағыналы түрде баяндай келе, кейде, тыңдаушыларды қызықтырамын деп, бір аңыз-ертегілі жәйттерді өзі беріле шертіп тым әсірелеп жіберетін де әдеті бар еді, жарықтықтың.
Есімде, Сәбеңнің бір кезде Цейлонға сапар шегіп қайтқаны ақиқат. Міне, сол сапарынан Марқакөл жағасында шалқи әңгіме шертіп тұр.
- Мен, – деп кетті Сәбең, – (Цейлонда мұсылмандар да бар екен), қалың жыныс орман ішінде тұратын имамның ағаш шатырына келіп сәлемдестім, сіздерге бекер, маған шын, көргенімді айтайын, имам екеуміз әңгімелесіп отырғанда алдымызға ұзындығы 20 метр қызыл бас кесіртке іргеден жорғалап келеді... Имам дұға оқып еді, әлгі жыланнан да ұзын кесірткелер ғайып болды.
Көңілді жұртты күлдіру үшін әзіл ретінде мен: –
«Сәбе, осы сіздің әлгі кесірткелеріңіздің ұзындығы Тарбағатайда 7 метр, Зайсанда 10 метр, енді 20 метрге қалай ыршып кетті, – деп қалып едім, Сәбең абыржыған жоқ, әдетінше қулана күліп, – Қалижан оның анадайы да, мынадайы да болады, – деп сөзін жалғастыра береді. Сәбеңнің жұртты көңілдендіру үшін әсірелей айтқан мұндай әңгімелері біз үшін де қызықты еді, ондайларды
естігенде масайрап қалушы едік.
Сәбит Мұқановтың творчестволық асыл мұрасы халқымыздың, жас ұрпақтың игілігі болып әдебиетіміздің алтын қорында мәңгі сақталатынына
шәк жоқ. Ал менің жүрегімде ерекше сақталатын жайттар – ізгі ағаның маған көрсеткен қамқорлығы.
Сәбеңнің әдебиетке ұстаздығы, жас дарындарға қамқорлығы, қызық мінездері жайында әлі талай мақала, талай естеліктер жазылар. Сәбитсіз қазақ совет әдебиетінің өсіп қалыптасуын, өркендеуін ұғыну, немесе баяндау мүмкін емес. Сәбит – қазақ совет әдебиетінің ұрығын себушілердің көрнектісі, қазақ әдебиетінің орманында Сәбит Мұқанов асқақ бәйтерек секілді, менімен бұрынғы-соңғы тұрғыластар сол бәйтеректің айналасындағы шынарларымыз.
Сабаз ағаны мен соңғы рет Абай атындағы Опера- балет театрының алдындағы скверден көрдім. Басында қара береті бар, үстінде жеңіл киімі бар Сәбең креслода отыр екен. Мені алыстан көріп қалып: – Әй, Қалижан, қайда барасың, бері кел! – деді. Мен әдетімше ізетпен сәлемдестім. Сәбең: – Қолыңдағың немене? – деп сұрады. Қолымдағы қалың екі папкада екі томды таңдамалы шығармаларым бар еді, оны менің 60 жасқа толуыма байланысты баспа шығармақ еді. Соны естіп білгеннен кейін Сәбең: – Қалижан, сен де алпысқа келіп қалдың ба? – деп таңданды.
- Мына жинақтарыңды маған бер, өзім алғы сөз жазайын, сенің алпыс жылдық мерекеңді өзім басқарамын, – деп маған аса бір сүйінішпен қарады. Екі томдығыма қайран ұстазым алғы сөз жазды. Бірақ тойыма қатыса алмай ертерек көз жұмды. Асыл кемеңгер ағаның, халқымыздың сүйікті ардагерінің бейнесі дәйім менің жүрегімде.