12.04.2022
  145


Автор: Қалижан Бекхожин

ӨЛЕҢМЕН ӨТКЕН ӨРЛЕРІМ

 Менің туған қалам Кереку, яғни Павлодар атырабында, Баянауыл, Ертіс бойларында халқымызға аттары әйгілі тамаша өнер иелері, бірнеше ақындар, әншілерболды.Әріректенбастасақ,атақтыБұхаржырау, Жаяу Мұса, Мәшһүр Жүсіп, Сұлтанмахмұт, Иса, Естай, Майра сынды кемеңгер ақындар мен өнерпаздардың келелі сөздерін, әндерін мен бала кезімнен естіп өстім. Бұхар жыраудың дана толғауларын, жиырмасыншы жылдары шыққан журналдардан оқып танысқан едім, ал менің айналамдағы жасы үлкен туыстарым Бұхар жырау, Жаяу Мұса, Мәшһүр Жүсіп өлең-сөздерін бас қоса қалған жиындарда тағылым етіп айтып отыратын... Сол ізгі ақын Иса Байзақовты мен 1921 жылы біздің Тәттімбеттегі аулымызда көрген  едім.  Орынбордан ба, әлде қай жақтан келген Иса (өзі негізінде біздің Ертістің тумасы ғой) бір үлкен құдалық тойда, одан кейін Қазақстанның автономиясына бір жыл толуы мерекесінде тамаша өнер көрсетті. Иса домбырасын қаршығаның қанатындай жан-жағына құлаштай сермеп, өлеңін құйқылжыта әнмен шырқағанда, көз алдындағы құбылыстарға арнап, қапелімде мәнді, күлкілі өлең шығарғанда қалың жиын мәз болып, Ертіс тасығандай ду ете түскенде менің кенет бір керемет рух сілкінткендей дір ете қалғаным әлі есімде. Сол бір сәтте мен халықты осыншама тербеткен өлең өнерінің керемет қасиет екенін бала жүрегіммен біршама сезінген едім.


Иса ағамен кейін есейіп әдебиетке қадам басқан кезден бастап, сабаз ақын қайтыс болған шағына дейін


 


біріміз – аға, біріміз – іні жағдайында дос болып кеттік... Бала күнгі менің ұстаздарымның ең ықпалдысы өз әкем Нұрғожа болды. Шешен, білімді әке айтқан аңыз, әңгімелер, бұрынғы билер, жыраулар сөздері, тіпті діни қисса, ғибрат хикаяттар уыз бала менің ой-қиялымда


берік ұялаған еді.


Баянауылдағы балташының баласы Нұрғожаның жасынан білімге, өлеңге ынтасы болса керек, дәулетті ағайындар ескіше хатқа жүйрік Нұрғожаны сонау Троицк қаласындағы Зейнолла Ишанның медресесіне оқуға жіберіпті. Сол медреседен діни терең  білім алған Нұрғожа кейін өзінің бір өлеңінде: «Ұстаздан оқыдым мен семинария», – деп мақтанады. Бұл кісі діндарлығынан гөрі ақындықты тәлім еткен еді. Нұрғожа сол сөз өнерімен бүкіл Арқаны аралап, сонау Жетісуға, Маман–Тұрысбек аулына дейін барғанын кейін жұртқа жыр ғып айтатын. Қазанда өз кітабын шығарған Мәшһүр Жүсіптей күрделі ақын болмаса да Нұрғожаныңатақты Ақансерімен, сол Мәшһүр Жүсіптің өзімен, орақ тілді Исамен қақтығысуына қарағанда, кейбір топас болыстарды шенеуіне қарағанда, бұл кісіге өлең өнері дарығандығы шексіз. Кейіннен Сәкен Сейфуллин Ақан серінің өлеңдерін кітап етіп шығарды. Сол жинақта Ақан сері мен Сүйіндік Нұрғожаның айтысы келтірілген. Ақан серіні Нұрғожа сәлем беріп танысу үшін Көкшетауға әдейі іздеп барыпты. Бұрын есімі белгісіз, өзінен жиырма бес жасы кіші, әлдеқайдан пайда болған Нұрғожаны тәкаппар Ақан қабылдамады, сол маңдағы Ашықауыз дегенмен жолығып айтысып кел, – деп Нұрғожаның өтініш хатына Ақан сері кіді жауап қайырады. Сонда Нұрғожа Ақан серіге:


 


Мен өзім тот баспаған асылдаймын, Ешкімге жалынып мен бас ұрмаймын. Ашықауыз молдамен айтыс депсің,


Мен оған көктен түскен жасындаймын, –


 


деп батылдық сөздерді айтады да, айтысқа Ақанның өзін шақырады. Сірә, біздің әкейде бала шағымда байқағаным да бар, албырт ақынға тән мақтаншақтық та болса керек. Сондай көпірме сөзін аңдыған Ақан бір сәтте:


 


Атығай, Қарауылдың тобын жардым, Түрленіп топта сайрап үлгі салдым.


Қаңғып кеп Сүйіндікті көп мақтайсың Мен іздеп Сүйіндікке қашан бардым? –


 


деп Нұрекеңді тұқыртып тастайды. Сөз қадірін білетін Нұрғожа, ақыры кемеңгер серіге жеңілдім деп ізет білдіреді. Кейініректе, менің бала шағымда, әкем жер-жерде жиналған топ алдында Ақанды айрықша дәріптеп, оның серілік өмірі жайында еліктіре айтқан қызықты әңгімелерін талай естіген едім. Әкемнің сол әңгімелері жадымда сақталып, бірінде мен Ақан сері жайында «Соңғы сайран» атты шағын дастан жаздым.


Сірә, мен алты жасымда хат таныған шығармын. Мені әкем сол алты жасар кезімнен ескіше хат тануға баулыды да, жалдамалы молдасымақтарға діни оқуға берді. Ал менен үш жас үлкен (мен 1913 жылы дүниеге келіппін) Қайыржанды араб әліппесін үйреніп, хат білгеннен кейін, орыс мектебіне оқытты. Әкем Қайыржанды өзінің жанынан артық көріп:


 


Нұрғожа бас жігіттің болған бірі, Тарқаған қалам алса көңіл кірі. Құдайға қазір алса ризамын, Артымда Қайыржаным қалса тірі, –


 


деп өлең де арнады. Мен жас кезімде осы бір жылы сөзді Қайыржаннан іштей қызғанатын да едім. Баласына білім, өнер табуды мұрат еткен әке Қайыржанға былай деп өсиет етеді:


 


Кел балам, ғылым оқы, өнер серік, Хақ жолға ықтихатың болсын берік. Ізденіп, талпынып бақ көзім барда, Мақсұдың ден сау болса тапсын ерік.


 


Әкенің бұл өсиетін Қайыржан ақтады. Оқып, білім алғанының арқасында кейін тарих ғылымының докторы, КазГУ-дың профессоры болды.  Ал  әкем мені дін оқуына қаршадайымнан  шырмап  қойды. Араб әліппесінің әріптерін атаудың өзі бір қиямет.


«Бисін бе, биясін-би, Бә,-би-бо» деген бірдемелерді ежелеп бірнеше күн жаттап қақсайтынбыз.  Алайда, сол бала шағымда араб әліппесін жете білгендігімнен қаншама таңғажайып қиссалар, аңыз-хикаялар, ертегі дастандарды оқып шықтым. Әкемнің қос әбдіресі дастандарға толы болатын. Және қаладағы татар дүкендерінде Бұхарада, Қазанда, Ташкентте басылып шыққан кітаптар көп сатылатын. Бала кезімде сол Қазан, Ташкент шаһарларында басылып шыққан қисса, дастандарды, батырлар жырларын түгел оқысам керек. Солардың ішінен бала кезімде оқығаным – татардың ұлы шайыры Ғабдолла Тоқайдың 1913 жылы шыққан «Көңіл тамшілері» атты өлеңдер жинағы. Әкем Абай, Сұлтанмахмұт, Мұрат өлеңдерін, Біржан-Сара айтысын, тегі сүйсіне оқыса керек.


Мен 1924 жылға дейін жеке молдалардан дін оқуын оқыдым. Совет мектебіне 1924 жылдың сентябрь айында түссем керек. Ол жылы он екіде едім, дін оқуында бес жыл шырмалып жүргендіктің кесірінен қазақ совет мектебінің 3 класында оқуға әрең жарадым. 1929 жылы Павлодардағы орта мектептің алтыншы класын аяқтар шақта комсомол жолдамасы бойынша сонау Қостанай жаққа  тартып  отырдым.  Әлі   ақыл   тоқтатпаған, өз қабілетіңді өзің білмеген албырт  шақ  қой,  оқу іздеп келген жерім Қостанай қаласы емес, Федоров ауданындағы Өтеп оқу-тәжірибе совхозы болып шықты.


 


Ақыры, 16 жастағы мен трактор жүргізуді үш айда үйреніп шықтым. Есімде, сонау Шаңдақ совхозының егінді белестерінде күзде комбайнды тракторға тіркеп (ол кезде өзі жүретін комбайн жоқ) астық орған кездерім. Әсіресе, жауын-шашынды күндерде брезент шатыр ішінде отырып жігіттерге Сәбит Мұқановтың


«Сұлушаш» поэмасын оқып бергенімде, сол дастанды өзім жазғандай мақтанып едім. Расында, бұл жылдары мен сол тұста басылып шыққан қазақ совет ақын- жазушыларының кітаптарын түгелдей оқысам керек. Қыс айында сүзек ауруымен қатты науқастандым да, дәрігердің ұйғаруымен ол оқудан босанып, Керекуіме қайтып оралдым. Комсомолдың жолдамасы бойынша 1930 жылдың басында Ертіс бойындағы Ақсу ауылында мұғалім болып  істедім.  Өзімде  жеті  жылдық  білім де жоқ, есепке тіпті шорқақ едім, ондай қиын пәнге жоламадым, әйтеуір тіл сабағын жүргізіп, білгенімді жас балаларға үйреттім. Мектеппен көктемде қоштастым да, қалама қайтып келдім. Әліме қарамай, аудандық тұтынушылар одағында нұсқаушы болып та істедім.


Бұл 1932 жылдың көктемі еді. Аудандық «Колхоз» атты газетте 8 март – әйелдер күніне арналған тырнақалды өлеңім басылып шықты. Сол бір қуанышым үлкейген шақта алған наградтарымнан да, сыйлықтарымнан да аса артық, бақытты қуанышым еді. Содан кейін жүре-тұра өлеңмен айналыса бастадым. Бұдан бұрын да аздап өлең шығарғаным бар – «Бөрікті қызға», «Абақтыдағы нағашыма» деген секілділер. Кешікпей газеттің редакторы Әлімбек  Жанғабылов (ол да жас еді, менен бір-ақ жас үлкен-ді) мені газет қызметіне шақырды. Әлімбек – сыпайы, шамасынша газет жұмысын білетін іскер жігіт. Мен бұрыннан білетін редакцияда кілең жастар қызмет атқардық. Редакторымыз Әлімбек 20-да, Аукенов пен Төлеутай Ақшолақовтың жастары 17-18-де ғана еді.


 


 


ІІ


Алғаш менің қаламымды ұштаған Павлодардың газеті менің келешегіме кең жол  ашты,  аудандық газет беттерінде жарияланған төрт-бес өлеңімнің шарапатымен 1934 жылы май айында Алматыға, Қазақстан жазушыларының І съезіне Павлодардан делегат болып аттандым.


Сьезд өтіп жатқан күндерде шығармаларын өзім бұрын ынтыға оқыған көптеген ақын-жазушыларды көріп, мерейім өсіп қалды. Солардың ішінен атақты майталман жазушылар Сәкенді, Мұхтарды, Сәбитті, Бейімбетті, Ілиясты көргенім, олардың съезде сөйлеген келелі сөздерін естігенім маған жаңа бір әлем есігі ашылғандай, менің жас қиялымды, өлеңшіл рухымды, ерекше серпілтті. Менің көкірегімде ұмытылмас, бақытты бір сәт – Сәкен Сейфуллинмен сәлемдесуім. Съезде, үзіліс арасында ардақты Сәкен аға съезд өтіп жатқан театрдың алдында бір топ жастарды жайдарман сөзімен  мәз  етіп,  кең  маңдайы  жарқырап  сөйлеп тұр екен. Семей облысының жас талаптарын съезге бастап келген, сол бір тұста есімі белгілі бола бастаған әдебиетші Рахим Уалиахметов мені Сәкен ағайға таныстырып: «Өзіңізге белгілі, Ақан серімен айтысқан Сүйіндік Нұрғожаның баласы Қалижан деген жігіт», деді. Мен өте абыржыған күйде Сәкенге ізетпен қолымды ұсындым. Нұрлы көзін ілтипатпен маған аударған кемеңгер аға сәлемімді алғаннан кейін: «әкең қайтыс болды ғой, қалған қолжазба, өлеңдері бар ма?»деп сұрады. Мен әкеңнің жазғандары қалды ма деп сұрағанына қуанып кеттім де: «Бар, алып келдім, ертең съезге алып келейін», – деп жедел жауап бердім. Сәкен ағай маған үңіле қарады да: Өзіңнің әкеңе тартқан бірдемең бар ма? Әкең атақты Ақан серімен айтысқан ақын ғой, – деп менен жауап күтті. Ардагер ақынның бұл шұғыл, сындар сұрағынан менің қысылғанымнан тұла бойым шымырлап, құлақ шекеме дейін қызарып кеттім.


 


Аздап өлең жазамын, – дедім күмілжіп. Қысылма, жігітім, өлеңді батыл жаз. КазПИ-ге түс, күзде кел, өзім көмектесем, ал Нұрғожаның барша жазбаларын, ескі кітаптар болса бәрін де ертең алып келерсің, – деп маған ақыл-кеңесін айтты абзал аға. Мен шексіз қуанып кеттім. Мәжіліс залында отырғанда Семейден бірге келген жас ақындардың қасында Сәкенмен тілдескен мен, кейін өз мәртебемді биік санап, күжірейгенім әлі есімде. Ертеңіне әкемнің көптеген қолжазбаларын және бірнеше сирек кездесетін ескі кітаптарды, солардың ішінде Әбілхазы Баһадүр ханның түрік шежіресі, «Қазақ тарихы», «Мұрат ақынның Ғұмар қазыға айтқаны» сияқтылары бар, алып келдім, Ұстаз аға Сәкеннен бір ауыз сөз болса да сөз естіп қайтқан мен Павлодарға қайтып келісімен, өлең жазуға құмарта түстім. Сондағы жазған бір өлеңімнен Сәкенге еліктегенім сезіліп тұр: 


 


Бүгін майда, Жұмысшы тап, Ұрандасып, Болып сап-сап,


Капиталмен егесед, –


 


Осылай кедір-бұдыр сөздермен шұбырта беріппін. Мейлі, өлеңім кедір-бұдыр болса да атақты Сәкенге еліктегеніме әлі күнге дейін ризамын.


Расында менің өлең өнерінде шындап берілген шағым, ақындық санатқа қосылар баспалдағым КазПИ-ден басталады. Бұл қазақтың тұңғыш білім ордасында ол кезде республикаға аты әйгілі білікті ақын-жазушылар, ірі оқымыстылар ұстаздық еткен еді. Солардың қатарынан маған өз білімдерімен айрықша әсер еткендер Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Құдайберген Жұбанов, Молдағали Жолдыбаев, Сәрсен Аманжолов, М.С. Сильченко. Бұлар менің ой-санамның, білімімнің жетілуіне зор ықпал жасады. КазПИ-де оқып жүрген кезеңде, өлеңді ара-тұра жаза жүріп, білімімді  молықтыруға ден қойдым. КазПИ-де оқыған жылдарымда орыс, батыс, шығыс классиктерінің белгілі, күрделі шығармаларын түгелдей дерлік оқыған шығармын. Пушкин, Лермонтов туындыларын жаттай оқып, сол жылдары олардың кейбір өлеңдерін аудара бастадым. Ағылшынның атақты ақыны Байронның «Чайльд Гарольд» поэмасының бірнеше тарауларын аударып, қазақ әдебиетінің 8-класына арналған хрестоматияда 1937 жылы жарияладым.


Сьезд тұсында Сәбеңнің дидарын көріп сәлемдескенім бар. Жылы жүзді аға Сәбит Мұқанов өлеңге бейім, оқуда сабақтас өзге студенттерден білімі озық, мені өз бауырына тез бейімдеді. Сәбең бізге ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті туралы лекция оқыды. КазПИ-де мен қазақтың бұрынғы-соңғы әдебиетін, оның тарихын оқып, біліп келіп түскен едім. Сондай қабілетімді аңғарған Сәбит аға 1937 жылы мені өзі дайындап жүрген хрестоматияға соавтор етіп қосты. Студенттер арасында бұл мен үшін зор мәртебе еді.


Сол шақтан, өзінің қайтыс болар кезіне дейін ұстазым ретінде Сәбең, менің біліммен, өлеңмен өсіп өрлеуіме ұмытылмастай ағалық, достық қамқорлығын жасап келді. 1980 жылы июль айында Сәбит Мұқановтың туғанына 80 жыл толған мерекесі тұсында мен Сәбең туралы «Жұлдыз» журналының бесінші санында естелік жазып жарияладым. Сол естелікте Сәбең туралы сыр шерткенмін. Әйтсе де орайы келген соң тағы да айта кетейін. Менің көлемді де күрделі шығармаларымның көбі-ақ Сәбеңнің елегінен өтті. Ол кісі шығармаларымдағы кемшіліктер мен міндерді маған батыл айтатын да, ал сәтті шыққан туындыларыма ұстаздық, ағалық шын пейілмен қуанатын. Менің «Мариям Жагорқызы» – (1950 жылы жазылған) поэмамның жарыққа шығуына кедергі жасаған «достар» аз болған жоқ. Сонда поэмамды қорғап ара түскен, сол шығарманы әділ бағалаған Сәбит Мұқанов болды. Тайталас жиында менің поэмамды бақастықпен даттаушыларға тойтарыс беріп: «Бұл поэма – қазіргі қазақ поэзиясының да, Қалижанның өзінен де үлкен табысы. Бұл шығармадан Қалижанның қаламы төселген мәдениетті ақын болғанын жақсы аңғарамыз», – деген ізгі бағасы менің жас қанатымды өрге қарай сермелте түсті.


Баршамызды өнерге, сөзге баулыған ардақты Мұхтар ағайдан да көп тағылым алған едім. Бұл кісінің КазПИ- де оқыған лекциялары бір академия тәрізді болды маған. Ынтамды аңғарып, оқуымды зер сала қадағалап отыратын Мұқаң КазПИ-ді бітірерде маған «Қобыланды батыр» эпосы туралы дипломдық жұмыс тапсырды. Сол бір жасаңдау кезде «Қобыланды» туралы жазғанымды ерекше бағалап, жұрт көзінше мақтағанда менің шексіз қуанышқа бөленгенім әлі есімде. 1938 жылы май айында Жазушылар одағына мүшелікке өтуіме ұсыныс пікір айтқан да менің осы екі ұстазым – Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов еді.


Соғыстың ақыры кезінде батысқа қарай сапар шеккен мен Москвада Мұқаңнан сәт сапар алып аттандым. Сол тараптан Мұқаңа жазған хатым оның музейінде сақтаулы. Менімен сонша сұқбаттасуды ұнататынын байқаған да едім. Ең бір ұстаздық пейілі менің жазғандарыма сырттай көз қырын салып жүретін. Елуінші жылдардың ортасында «Мәлікке хат» деген мақаласында әділетсіз сынға ұшыраған «Мариям Жагорқызы» атты дастанымды: «Соңғы кездегі жақсы шығармалардың бірі» деп бағалады. Дана адамның сондай ілтипатына ұмытпастай разы болған мен, абзал аға дүние салғанда шын күйзеле өлеңмен күңіренген едім.


Менің, әсіресе, дастан жазу машығыма, поэзиялық тәсіліме мейлінше әсерін тигізген, қазірге дейін теңдесі жоқ ардагер ақын Ілияс Жансүгіров болды. Біз секілді жас талаптар сонау студент шағымызда Ілияс поэзиясын құмарта оқушы едік. Ілияс жазған «Күй»,


«Күйші» атты сұлу, ғажап дастандар бізге поэзияның асыл гауһары болып көрінді. Біз Ілияс ағайдың қыр мұрынды, өр тұлғасын көргенде, жиындарда сөйлеген парасатты, мысқылға толы сөздерін естігенде серпіліп, мәз болып қалушы едік.


Газет, журнал беттеріне өлеңдерім мен мақалаларым жариялана бастағаннан кейін, баспасөз бен Жазушылар одағына қызмет істейтін бірқатар ақын-жазушылармен үйір басып кеттім. Тайыр, Ғали сынды үлкендері аға ретінде құрметті болса, өзім тұстас Жұмағали, Дихан, Қасым, Әлжаппар, Ғабдол, Әли, Қапан секілді ақын- жазушылар менің сырлас достарым болды. Бізден гөрі ойы ересектеу сыншы Есмағамбеттің үйіне көбірек жиналып, жалпы әдебиет мәселелері жайында, өз жазғандарымыз жайында пікір алысып, өзара таласып та қалушы едік. Аға ақын, ақ жарқын Тайыр менің ең сүйікті жанашыр досым еді. Қадірлі, аяулы Тәкең менің өлең-жырларымның шын қамқоры болды.


Жұмағали Саин 1937-40 жылдары «Лениншіл жас» газетінде әдебиет бөлімін басқарды. Менің алғашқы жарияланған өлеңдерім Жұмағалидың   қолынан өткен еді. Мінезді, турашыл Жұмағалиды біз жақсы көретінбіз. Біз бір-бірімізге сүйкімді, ерке де едік. Әсіресе, сол еркелік Қасымда басым болатын. Қасым Аманжолов екеуміздің достасып, сырлас болып кеткенімізсонша, небіркүнді, небіртүндіжекеөткізсек, ғашық жандардай бір-бірімізді сағына іздер едік. Жаңа жазған өлеңдеріміз болса, алдымен екеуміз ғана екшеп қараушы едік.  Жандары  ақжарқын,  мінездері  қилы да албырт, қиялдары ұшқыр сол бір жас достарыммен өткен күндер мен жылдардың жыр боларлық талай- талай сырлары бар. Солар жайлы тебірене бір естелік жазу – менің зор парызым.


1938 жылы июнь айында КазПИ-ді бітіріп шықтым. Оқуымды бітірмей-ақ Қазақстан Орталық Комсомол Комитеті мені Комсомол баспасына аға редактор етіп тағайындады. Бірақ қызмет істегеннен кейін мен бұл баспада бас редактордың да, директордың да міндетін атқардым.1939жылыбіразуақытҚазақстанЖазушылар одағы басқармасының жауапты секретары болып та қызмет істедім. Бір ғажабы – сол жылы Жазушылар одағының басшылығына ылғи жастар барып қалыппыз. Президиумның председателі – Дихан Әбілев, жауапты секретарь – мен, жастар шығармаларына жетекші Қапан Сатыбалдин, литфондының директоры Қасым Аманжолов болды. Ішіміздегі партия мүшесі, бізден бұрын ертерек байсалды болып қалған жалғыз Дихан еді.


Сол шақта мен ұсақ өлеңдерден гөрі дастан жазуға бейім едім. 1938-39 жылдары «Балтабай», «Кек»,


«Орман қызы», «Ақсақ құлан» атты дастан жаздым. Төртеуі де жарияланды. «Орман қызы» Қазақстан Орталық Комсомол Комитеті жариялаған бәйгеде жүлде алды.


Мен, сірә, жасымда қисса, дастандарды көп оқығандығымнан болар, сюжетті және тарихи поэмалар жазуға машықтандым. Мен жазған поэмалардың мазмұндары тарихта және өмірде болған оқиғаларға негізделеді. Ең тұңғыш жазған поэмам «Кек» болса, оның негізгі геройы Балтабай Баратбаев – Павлодардағы азамат соғысының ері, поэмадағы уақиғаны бастан кешкен қаһарман. Одан кейін жазылған «Ақсақ құлан» аты шулы Шыңғысхан ұрпақтарының даламызды астан-кестең еткен алапатынан туған уақиға «Ақсақ құлан» атты күй аңызға негізделді. «Орман қызы» қазақ әдебиеті  мен  өнерінің  1936  жылы  Москвада өткен онкүндігінің әсем салтанатына кейін үн қосқан шығармам болды. Ұлғайған шақта шығарған «Мәриям Жагорқызы», «Дала комиссары» (Әліби Жанкелдин),


«Сұңқар туралы аңыз» (Сәкен Сейфуллин), «Соңғы сайран» (Ақан сері), «Кремль сақшысы» (Әли Сәрсенбин), «Ертіс хикаясы», «Әппақ-Нама» (Низами) баршасының басты кейіпкерлері тарихта, өмірде болған адамдар.


Бір кезде  ғалым  боламын  деп  те  әуестенгенім бар. 1940-42 жылдары тіл-әдебиет ғылыми-зерттеу институтында қызмет атқардым. Осында жүріп өткендегі батырлар жырларын, жыраулар мен толғауларын құмарта оқыппын. Және де бұл тұста патриотизмді көтере түсу мақсатымен өткендегі батырлар мен әлеуметтік қайраткерлерді дәріптеу кең өріс алған еді. Сол әуенге беріліп мен 1940 жылы аты шулы Кенесары, Наурызбайды мадақтайтын «Батыр Науан» атты поэма жазып едім. Бұл дастанның қателігі жайында ол кезде ешбір сын айтылмаса да, кейін 1950 жылдары бұл поэмадан көресімді көрдім. Сол поэманың терістігін айтып өзіме қадалған қатал сындар маған ұмытылмас сабақ болды.


1942 жылы партия қатарына ендім. Мені партия орындары бұл жылы Алматы облысының Жамбыл ауданына көктемгі егіс жайындағы командировкаға жұмсады. Әйгілі Жамбыл жыраудың үйінен атақты революционер Әліби Жанкелдинді кездестірдім. Бұдан бұрын соғыс басталған кезде азамат соғысының айбынды комиссарымен бір әңгімелесіп, радиоға репортаж ұйымдастырғаным бар. Жамбыл қарттың сарайында кішіпейіл Әлекең мені жылы жүзбен қабылдады. Әліби мен Жамбылдың кеңестері өзінше бір хикая. Әлекең мені қасына ертіп, ел аралады. Кез- келген адамдарға өзінің өткендегі ерлік өмірінен әңгіме айтуды артық көретін Әлекең, бірге жүріп үйреніскен соң маған өткен шақтарынан көп сырлар шерткен еді.


 


1960 жылы жазған «Дала комиссары» атты дастаныма революция ерінің өз аузынан естіген бірқатар хикаялар негіз болды.


Ұлы Отан соғысының әскери қызметін 1932 жылдың жазынан 1946 жылдың февраліне дейін атқардым. Артиллерия мектебінде – курсант, саяси состав курсында – тыңдаушы. Ташкенттегі әскери газетте – журналист, бөлімдерде саяси қызметкер болып түрліше міндет орындадым. Сол сапарда жүргенімде 1945 жылы Польша жерінде ақын Сағынғали Сейітовты және Жұбан Молдағалиевты кездестірдім. Сағынғалимен бұрыннан сырлас болатынмын. Ал Жұбан өлеңді жаңа жаза бастаған жас ақын еді, онымен тез достасып кеттім. 1944 жылы «Шеру» атты өлеңдер жинағым шықты.


Соғыстан оралысымен әуелі Тіл-әдебиет институтында, кейін Жазушылар одағында біраз уақыт қызмет істедім. 1949 жылдан бастап осы уақытқа дейін бірыңғай творчестволық жұмысқа беріліп келемін.


Соғыстан кейінгі дәуірде өз қадарымша қаламымды белсендірек етуге талаптандым. 1948 жылы «Көктем» атты өлеңдер жинағым шықты. Сол тұстары бір қуанышым–совет әдебиетіне ақылман болған Александр Фадеев бір пленумда жасаған баяндамасында менің


«Сырдария көкпары», «Келтемасат» деген баллада пішіндес екі шығармамды жаңа тақырыпқа жазылған тәуір туындылар қатарында бағалап атап кетті. Сөйтіп бұл хабарды «Правда» газетінен оқығаннан кейін Москваға тартып отырып, тура Фадеевтің өзіне жеттім. Жылы жүзбен қабылдап, менімен жақсы сөйлескен Фадеев менің жаңа өлеңдерімді орыс тілінде шығартуға ұсынды. 1949 жылғы қазақ совет әдебиетінің онкүндігі тұсында Москвада «Под звездами Москвы» атты орыс тілінде тұңғыш жинағым шықты.


1949-50 жылдары «Мариям Жагорқызы» атты поэма жаздым. Менің бақытыма қарай, сол жылы Мариям Жагорқызы Алматыға, композиторлар съезіне келді.


 


Атақты «Дудар-ай» әнінің авторын үйіме қонаққа шақырдым. Жасында еркін, сері өскен, қазақ жігіті Дүйсенге ғашық болған орыс қызы Мариям сол бір хикаялы шақтарынан маған қызық сырлар шертті. Сөйтіп, 1950 жылы «Мариям Жагорқызы» атты дастаным жарық көрді. Кейін түзетіліп қайтадан басылып шықты. Бұл поэма 1956 жылы Н.Сидоренко аудармасы арқылы Москвада орыс тілінде жеке кітап болып жарияланды.


Алпысыншы жылдарда саяси әлеуметтік әуенге, күнделікті дүркінге үн қосқан көптеген өлеңдермен қоса біраз поэмалар да жаздым. Бұлар: «Дала комиссары», «Ақан Ақтаев» (кейін «Тұрлаулы тағдырлар» болып түзетіліп қайта басылып шықты),


«Менің мекендестерім» және «Сұңқар туралы аңыз», 1956 жылы «Таңдамалы шығармаларым» қазақ тілінде, 1959 жылы Москвада орыс тілінде кітап болып шықты. Түйіндеп айтсам, аударма – менің творчествомның күрделі бір саласы. Мен көп дүниелерді аудардым. Жігіт кезімде Пушкин, Лермонтов, Байрон, Некрасов, Маяковскийлерді қызыға аударсам,                                  содан        кейін қалмақ эпосы «Жоңғардан», қырғыз эпосы «Манастан» бірнеше тараулар, туысқан халық поэзиясынан Науаи, Назым Хикмет, Якуб Колас, Самед Вургун, Микола Бажан өлеңдерін, қытай, араб, Куба, Африка, Индия ақындарының бірқатар жырларын, Европа классиктері Байрон, Гете, Гюго шығармаларын әр кезде қазақ тіліне аударып шығарған едім. Кейінгі жылдары белорус ақыны Максим Танктың өлеңдерін, азербайжан ақыны Расул Рзаның «Ленин» атты поэмасын жеке кітап етіп аударып шығардым. Аударма саласындағы менің бағалы еңбегім – азербайжанның ұлы ақыны Низамидің


«Жеті ару» атты көлемді дастанын қазақ тіліне аударып шығуым. Мұндай асыл қазыналарды халқымызға ана тілінде таныстыру бір ғанибет болса, солардың әсем сырлы поэзиясынан алған әсерім өз творчествома зор өнеге, ғибрат болды.


Москвада  өткен  съездерде  (1936   жылғы бірінші   съезден   кейінгілеріне),    қазақ    әдебиеті- нің онкүндіктеріне белсене қатысып келдім. Бұл жиындарда орыстың белгілі ақындарымен танысып, кейін дос болып кеттім. Сол достарымнан – Павел Шубинді, Ярослав Смеляковты, Илья Сельвинскийді, Михаил Луконинді, Николай Сидоренконы әрқашан ізгі мейіріммен еске аламын. Қазір тірі, Москваның жақсы ақындары Владимир Соколов пен Владимир Цыбинді айрықша дос тұтамын. Есімі аталған а қындардың бәрі де менің шығармаларымның орыс тілінде аударылуына, кітап болып шығуына пайдалы көмектерін көрсетті, өздері де менің жырларымды сүйсіне аударды. Москваның Гослитиздат пен «Советский писатель» баспаларында бірнеше кітаптарым жарық көрді. Солардың қатарынан «Мария дочь Егора» поэмасын (1951), «Избранные стихи и поэмы» (Гослитиздат, 1959) деген орысша таңдамалымды, «Сказание о славных» поэмалар жинағымды (Сов.писатель, 1969), 1980 жылы Гослитиздаттан шыққан «Избранное» атты өлең- поэмалар топтасқан кітабымды өзіме ақындық мәртебе тұтып, зор сүйініш етемін. Қазақтың «Жазушы» баспасынан да 3-4 кітабым орыс тілінде басылып шықты.


Ертеректе менің «Мариям Жагорқызы» атты поэмам қырғыз тілінде аударылып, кітап болып шықты.


«Әппақ-Нама» атты  дастаным  азербайжан,  сондай- ақ бірнеше шығармаларым өзбек, тәжік, түркімен, қарақалпақ, башқұрт тілдеріне аударылды.


Мен  тек  тарихи  тақырыптарға  ғана  ден  қойған


«көнегер» ақын емеспін. Менің көптеген өлең кітаптарымда (шамасы орысша, қазақшасын қосқанда


50 шақты кітап болар) өзім тірлік еткен дәуірімнің жарқын сипаттары, дархан тыныстары, менің замандастарымның  еркін  еңбектегі  ерліктері,  Отан соғысы майдандарындағы қаһармандық күрес ері, Жезқазған кеншілері, Маңғыстау мұнайшылары, Тарбағатай тың өрендері, Зайсан шопандары, қазіргі жастардың махаббат, наз үндері – шын шабытпен жырланса керек. Кейініректе жазылған «Тұрлаулы тағдыр» (жас инженердің тағдыры мен өнегелі ісі жайында), «Менің мекендестерім» (тың көтерген жастар жайында), «Шардара» (жапан түзде теңіз орнатқан ерлер жайында), қазіргі шақтың тамаша, өр адамдары туралы сүйсіне жырлаған дастандарым...


Жиырмаға тарта жазған поэмаларымның қатарынан



  • «Ақсақ құлан», «Мариям Жагорқызы», «Сұңқар туралы аңыз», «Соңғы сайран» атты дастандарымды менің ақындық өнерімнің мәуелі бәйтеректері деп мақтаныш етсем, сол дәрежеде кейін жазылған «Әппақ- Нама» атты поэмамды поэзия орманындағы ерекше өсірілген әсем шынарға ұқсатамын.


Өзімнің лирикалық шығармаларымды, үлкенді- кішілі    дастандарымды                        жазу                бағытындағы                 ұзақ сапарымда       дәйім   ізденіспен            келген         ақынмын. Поэзиядағыбастықасиет– метафора, әсірелеу, бейнелеу, эпитет, ұйқас сынды ерекше сипаттарды жырларымда өрнектеуге          өз                    өнерімді                барынша                  жұмсап  баққан жыршымын. Мен өз дастандарымда оқырман қауым сүйсінерліктей әсем сөз өрнектерін келістіре жасадым, деп сүйініш             етемін.           Поэзияға                                 қарадүрсіндіктен, білгішсінуден,     сөзуарлықтан,         ақындық      машығым шираған шақтан бері қаламымды қашық ұстап келемін. Бұрын жазылған кейбір дастандарымның көркемдік сапасын әсемдей түсу үшін, сол шығармаларымды шеберлік талабымен кейін қайта қарап өңдеуім де осы мақсатқа байланысты. Менің белгілі дастан, жырларымның поэзиялық қасиетін әр тұста тиісінше жоғары       бағалаған   Мұхаметжан                               Қаратаев,                     Серік Қирабаев, Мырзабек Дүйсенов, Әбділхамит Нарымбетов сынды білгір, ғалым сыншыларға шын пейілмен разымын.


Мен, поэзияның сын мәселесіне белсене араласып келдім. Өзімнің тұстарым мен інілерімніңшығармалары жайында мақтап та, сынап та бірнеше мақалалар жаздым. Сол мақалаларым 1969 жылы «Дәстүр мен жаңашылдық» атты кітап болып басылып шықты.


Өлең кітаптарым соғыстан кейінгі дәуірде үздіксіз шығып келеді. Жеке өлең жинақтарыма қосыла әр кезде «Таңдамалы», «Үш кезең», «Жеті дастан»,


«Мамырстан», екі томдық «Алты асқар», «Ардагерлер туралы аңыздар», «Бақыстан-Байтағым» сынды поэмалардан құралған көлемді кітаптарым жарық көрді. Ең кейінгі жазған «Қорқытпен тілдесу» – бұл өзі аңызға айналған Қорқыт-күйші туралы драмалық дастанның прологы іспетті.


Драма саласында да тәжірибе жасап жүрмін. Астаналық  театрларда  «Егер  жүрек  шын  берілсе»,


«Ұлан асу» пьесаларым көрініс тапты. Кейбір облыстық театрларда  «Нөсерден  кейін»,  «Гималай  сарыны»,


«Ұлан   асу»   пьесаларым   көрініс   тапты.   Жуықта


«Әзірейілдің әлегі» атты пьеса жазып бітірдім. Аталған пьесаларымның арасынан «Ұлан асу» атты пьесамды айрықша атамақпын. Бұл – халқымыздың жоңғар қалмақтарына қарсы жасалған тарихи күресіне арналған шығарма. Менің ақындық өнерімді, халқымның аз да болса кәдесіне жараған жырларымды партия мен үкіметіміздің тиісінше бағалағанына өзімді өте бақыттымын деп санаймын. Мен екі мәртебе Еңбек Қызыл Ту орденімен, Халықтар Достығы орденімен және Қазақ ССР Жоғарғы Советі Құрмет грамотасымен және бірнеше медальдармен наградталдым.


1978 жылы жарық көрген «Менің замандастарым» атты өлеңдер жинағым үшін Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болдым.


Бұл құрметтің салмағын ойлағанда, талғамы биік оқырман халқымның кәдесіне сай жаңа туындылар


 


жасау, заман сырларын құлшына жырлай беру үзілмес парызым деп тебіренемін.





Пікір жазу