12.04.2022
  276


Автор: Қалижан Бекхожин

ҰЛЫ ТЕБІРЕНІС

Түзге біткен, шынар ұлым,
Тірілттің бе, ақыр мені.
Сен нұрысың сыңарымның,
Есті сенен ақын лебі.
Құлағыма күбірледің
Разы болсын анашым деп.
Махаббаттың сырлы шерін,
Анама арнап жазасың деп.
Зарламай ма кәрі бұлбұл,
Сүмбіл гүлі сарғайғанда,
Қолым мұзға қарысып тұр,
Елһамымнан әл тайған ба?
Қалды сынып қауырсыным,
Көкке қалай шарықтаймын?
Махаббаттың ауыр сырын,
Шертпей қалай зарықпаймын?
Шапқан атым жолда талды,
Жүре ме ол соқсаң қамшы?
Көрсете ме қалған таңды,
Қан көзімнен аққан тамшы?


Өгіздеймін шыр айналған,
Қозғап ауыр дермен тасын.
Қайыры жоқ қу жалғаннан,
Не табады шерлі басым?
Жаншылды ғой хұрма талым,
Қайтіп ашам оразамды.
Анашыңмен бір жатамын,
Жырмен айтып жаназамды.
Қайтіп қиям аруымды,
Өнер десе қайнар қаным.
Қидым саған дарынымды,
Менің сәби пайғамбарым.
Бұл фәниде терең бойлап,
Бақыт көлін өткен бар ма?
Ей, перзентім, тұрмын ойлап,
Тағдырың не күткен алда?
Бұл жалғанның көз ілмейтін,
Инесі көп қадалатын.
Айласы бар білінбейтін,
Мансұқ болар ғадалатың.
Ғүмырыңа білім бұлақ,
Қаныға жұт өсиетім.
Кім болсаң да сақта бірақ,
Әз әкеңнің қасиетін.
Жайбарақат сандалғаннан,
Жемісін жер азап артық,


Пейіштегі дыр-думаннан.
Еңбек етсең – дозақ артық.
Сығырайып әр күн жанып,
Зорға сөнген шырағданнан.
Жасын артық жарқыл қағып,
Тез өшсе де, тулап жанған.
Таршылықпен талмаусырап,
Жыр жазуға талмадым мен.
Жоқшылықтан қайыр сұрап,
Патшаларға бармадым мен.
Арбап көрді Ахсатан да,
Жаз деп Ләйлі-Мәжнүніңді.
Патшаларға ар сатам ба,
Арзытам деп азығымды.
Арпа, бидай деп бергені,
Уыстасам, қауыз екен.
Патшалар мен бектер мені,
Орға жығар жауыз екен.
Жоқ, мен сонау машқарыңда,
Іздемеспін төрден орын.
Ғұмырымның ақшамында,
Ашам ғашық перделерін.
Мен жанымды зақым еттім,
Махаббаттың шеріменен.
Мінбесінде ақыреттің,
Сайрамаспын керіле мен.


Күншілдерім күмпілдейді,
Мысқалы жоқ тұтып алар.
Алтынымды күміс дейді,
Қарға тұмсық пітнәлар.
Мәйханада гулеп-шулап,
Көкігенде астам олар.
Шайыр бар ма мендей бірақ,
Асқан сұлу дастаным бар.
Бұл заманда мүсіркейді,
Соқырларды «қырағы» – деп.
Есекті де мүсіндейді:
«Пайғамбардың пырағы» – деп.
Мейлі солар сұңқылдасын,
Бас ием бе надандарға?
Түсінбесе тұрғыласым,
Байқар мүмкін заман алда.
Кім өксиді мен өлгенде,
Қай жақын бар мені жоқтар?
Көтеретін өлеңді өрге,
Жүрегімде әлі шоқ бар.
Мүсіркеген мазлұм едім,
Мұңды қозғап мен кетейін.
Ғашықтардың наз жүрегін,
Бәйітіммен тербетейін.
Перизатым ұшты көкке,
Жайды маған оң қанатын,


Ей Низами, жасты төкпе,
Парызың бар толғанатын.
Тебіренші жырмен өзің,
Бейуақытта батпа мұңға.
Махаббаттың жыр күмбезін,
Соқ сүйкімді Әппағыңа.
Әппағымдай ару, абзал,
Ардақтаймын Шырын қызды.
Ғашықтарға жалындап жар,
Қалсын мәңгі жырым ізгі.
Жүрегі тас патшалар да,
Сұлуларға басын исін.
Әппағымдай асыл жарға,
Хұсрау да жанып күйсін.
Күңірентемін Мәжнүнді,
Махаббаттың дұғасымен.
Жаттап менің наз үнімді,
Қыз сырласар мұңдасымен.
Зарын айтып бейбақтардың,
Бұл фәниде қалсын Ләйлім.
Жүрегімді мен ақтардым,
Тарасын деп ғашық қайғым.
Уа, Әппағым, сиынамын,
Аш түнерген аспанымды.
Ағытайын сыр бұлағың,
Арнап саған дастанымды.


Арманым не бұл ғаламда,
Қалса жасап адам атым.
Тудырамын толғанам да,
Махаббаттың ғаламатын.
Жүзім-сынды жырларымды,
Жұрт шараптай жұтсын елтіп.
Ей, Низами, мұң-зарыңды,
Дүниеге жеткіз шертіп.





Пікір жазу