12.04.2022
  361


Автор: Қалижан Бекхожин

ӘППАҚТЫҢ АЖАЛЫ

Төртінші хикая

І
Пайғамбарым киігіңе қарашы,
Солған жоқ па жанарының қарасы?
Түс көрдім де, елестеді түнімен,
Мал сыңсыған қайран қыпшақ даласы.
Алты қанат ақ күмбезім көрінді,
Ақмоншағым белдеуінде керілді.
Боз іңгенім жоқтап ерке ботасын,
Боздағанда, күңірентті жерімді.
Зар илеген анам даусы естілді,
Қайғы басқан мархаббатты кескінді.
Сағындым ғой, мейірімі мол анама, -
Бұл дүниеде теңемеймін ешкімді.
Құлыншағым кісінеді желіден,
Қозым маңырап көгенінде егілген.
Әкем неге кебенегін шешпейді,
Ат үстінде сөйлеспейді менімен?
«Әкетай-ау», – деп артынан жүгірдім,
Кенет тасқа соғылдым да жығылдым.
Шыңғырдым да шошып, міне ояндым,
Бұздым білем өрмектерін жырыңның.


Зікір салып безілдейсің түнімен,
Машайықтай бұл жалғаннан түңілген.
Білем, сенің әр лебіңнен нұр тамар,
Ғашықтарға шәрбат беріп тіліңнен.
Мүсіркеші мұндарыңды, жан ием,
Сағындым ғой жайлауымды кең иен,
Құбыла көріп туып өскен қырымды,
Дала жаққа басымды мен күнде ием.
Қапа болдым Қаф тауынан торлаған,
Зеріктім мен есек жеккен арбадан.
Ақмоншақпен бөкен қуып құйғытқан,
Айқай менің ұлан-асыр сар далам.
Қайтемін мен қаланың тар сарайын,
Сыртқа шығар жазыққа бір қарайын.
Көкжиектен көрінер ме ауылым,
Көрінсе бір көтеріліп қалайын.
Шатыр тікші көк майсаға, сұлтаным,
Көрейінші арайланған қыр таңын.
Алтыбақан тепкен сіңлім дауысы,
Естілер ме ар жағынан қырқаның.
Қырға шығар жұлдыз болып жайнайын
Бұлбұлымсың гүлдей солып қалмайын.
Тым болмаса қозы сатып әперші,
Жалғызымды алдандырып ойнайын...
Назын айтып Әппақ әрең басылды,
Асылының иығына асылды.


Төнген ақын аруының көзінен
Мөлдір, жарқын сыр дүние ашылды.
«Перизатым, түсіндім мен назыңды,
Қыр қызысың аққу түсті, қаз үнді.
Жаббар жазса көрсетемін далаңды,
Саяхатпен өткіземін жазыңды.
Ақша тотым, ұқтым назды сырыңды,
Мұңың қан боп тамырыма жүгірді.
Қызыл шаһқа ерегісіп бөгеп ем,
Бастайыншы арнап саған «Шырынды».
Құралайым, сағындың ғой қырыңды,
Мүсіркейін жас күніңді бұрынғы.
Көк майсаға шатыр тігіп берейін,
Әперейін жас қозы мен құлынды.
Саялаған менің мәуе ағашым,
Маған мирас – ұлан тапқан анасың.
Апар десең жүгірейін арқалап,
Көрсетуге қырыңның бір қарасын».
Ағытқандай жүрегінің тұсауын,
Ақын жайды Әппағына құшағын.
Әй, Низами, ұмытпассың мәңгіге,
Ләззатыңның оты жанған бұ шағын!
Кенет дауыл шайқағандай жүзімді,
Рақат хұрма сабағынан үзілді.
Шабарманның даусы шықты тағы да,
Мұнда неге бұқадай ол кіжінді?


«Қайда, шайыр, келдім іздеп қиырдан,
Ширван шаһтың әмірімен бұйырам:
Сыртқа шық та, мін қосалқы атыма,
Шамахаға жетем озып құйыннан.
Құзырына шақырады Ахсатан,
Бақыттысың босағасын аттасаң.
Жаңа жазған дастаныңды ала жүр,
Мол сыйлыққа жарисың,
тек мақтасаң».
Мұңдар ақын түйілді де қабағы,
Жаутаңдаған Әппағына қарады.
«Ашығар ма мектептегі ұланым,
Ризығы аз қайтіп бұлар қалады?»
«Данышпаным, бізді неге аядың,
Уайымдама, ұлыңа мен аямын.
Бар патшаға, әлей болсын сапарың,
Тезірек қайт, бал ашытып қоямын...»
Лебізіне балқыды да жарының,
Жүрегіне жақты үміт жарығын.
Атқа мінді, қайта түсті сүюге,
Басын иген хұрма талдай аруын.
Ақын кетті миуасынан нәр алып,
Ойы жүйткіп, шиыр жолдай таралып.
Тұрды Әппақ алма талға сүйеніп,
Қарап жолға күн батқанша қарайып.


ІІ
Көп күндер өтті көштей нала күймен,
Әлі де бір хабар жоқ Низамиден.
Қақты ма басын әлде Ахсатан шаһ,
Ақынға кеудесінде ыза түйген.
Әппақ тұр құлазыған жолға қарап,
Зердесін абыржытқан ой қамалап.
Алыстан мұз қабақты Қаф тауы тұр,
Тәж басын темір тордай бұлт алқалап.
Иілді мүсәпірдей қалтырап тал,
Жыландай сусылдады жапырақтар.
Ит ұлып, құмырсқалар қаптай өрді,
Ганжәға жетті ме екен жат бір ақпар?
Сұмдықтың нышаны ма, сақта Құдай,
Қорған бар сұрапылға Қаф тауындай.
Сескеніп хұжыраға кірді Әппақ,
Ән шырқап кеуде шері ақтарылмай.
Шейхының жайды ізгі жайнамазын,
Айтуға мінажәтін, қайғы назын.
Бұл күнде мұсылманша хат танитын,
Жаңарған басындағы жайға ләзім.
Диуанын алып қолға Низамидің,
Сиынды: «Абзал ием, ғиззат игім!
Сақтасын сені тәңір, Қамбар атам,
Өзіңе ақ сүтімді назбен идім.
Сақтай гөр, құдай, жалғыз құлынымды,
Төндірме басымызға бүлің күнді.


Сақтай гөр әкешімді, анашымды,
Сақтай гөр ел-жұртымды, дүйім қырды!
Әумин!
Ашты енді сыр дәптерін,
Шаһбаз ғашықтардың жырлап шерін,
Бастапты Шырын қыздың хикаясын,
Жорыққа көтеріпті жыр ләшкерін.
«Қозғады Шырын қыздың сыры мені
Ерке еді, Әппағымдай сұлу еді...»
Толғапты осылайша дастан басын,
Қалайша Әппақ бұған шаттанбасын.
Жүзімен тауап етіп сол сөздерге,
Жарының алды сүйіп қолтаңбасын.
Ұйықтаған жеткіншегін аймалады,
«Құлыным, Мұқашым!» деп айналады.
Өзі де мүлгіп кетті таң сәріде,
Сезбеді бұлан-талан айналаны.
ІІІ
Қаф тауы қаһар шашып шайқалды ма?
Басталған ғарасаттың сойқаны ма?
Ұйқылы Ганжә түнде дір-дір етті,
Айдаһар ысқырғандай айқаруға.
Аспанның айрылғандай бақыр қабы,
Астыңда жер шатынап қақырады.
Әп-сәтте бұлан-талан бола қалды,
Ганжәнің гүлді-жасыл атырабы.


Туғандай бейбіт жұртқа ақырзаман,
Көшелер шуға толған азан-қазан.
Ұршықтай шыр айналды зілзәлә жер,
Бұрқырап көкті басты топан-тозаң.
Атпай таң, күн тұтылып, тұмандатты,
Дүр етіп бәйтеректер құлап жатты.
Дәу тасты әңгелектей домалатып,
Шатқалдан қалың нөпір шулап ақты.
Жамсады өлілердей миуа ағашы,
Сұлады мешіттердің мұнарасы.
Құлады шаһ ордасы қаусап жерге,
Жермен-жексен болды да Гүл қаласы.
Мытылып мазлұмдардың лашықтары,
Қаңғырды жан біткеннің қашып бәрі.
Шықты әрең ыңыранған әйел үні,
Бебеуі сәбилердің қашықтағы.
Не шара? Бейбақ Ганжә, сорыңнан көр...
Қайтпекші алапатқа соғылған ел?
Шарт еткен нажағайдай тына қалды,
Безгектей апшысын тез қуырған жер.


* * *
Низами жетті, міне, жан ұшырып,
Алдында ойран қала жатты сұлық.
Іздеді хұжырасын орны мыж-мыж,
Жүрегі мұз құйғандай кетті суып.
Жүгірді есі кетіп таулы жаққа,
Баланың дауысы шықты
бір аулақта.
Апыр-ау, перзентінің бебеуі ғой,
Құдая Әппағымды аман сақта!»
Келсе ол қайран ару жатыр сұлап,
Қасында балақайы отыр жылап.
Зілзәлә болған жердей басы меңзіп,
Сорлы ақын жар қасына кетті құлап.
Әппақты
көз іліп сол мүлгіп жатқан,
Шошытты, тарсыл үйін солқылдатқан.
Далаға ұлын ертіп жөнелгенде,
Басына құлап түскен баған соққан.
Маңдайдан сорғалап қан ізін жуды,
Жығылды, айтар соңғы сөзін білді.
«Құлыным... сәлем... әкең бақыл болсын», -
Деп есіл Әппақ
мөлдір көзін жұмды.


Сәріде тебіреніп сарнады ақын,
Сабалап жаңбыр жаспен жыр қанатын.
Иіскеп маңдайынан аруының,
Көтеріп алып келді тауға жақын.
Соңында дедектеді жас ұланы,
Ыршыған ыстық жасы басылмады,
Әппақтың жан азасын жырмен айтып
Бейітке қойды биік асудағы...





Пікір жазу