12.04.2022
  99


Автор: Қалижан Бекхожин

АРЫСТАН ШАҺ ПЕН НИЗАМИ

Үшінші хикая
І
Ай мен күн Қаф тауынан жылжып жатты,
Уақыт та талай терең сырға батты.
Ақынның аспан нұрлы сиясынан,
Ганжәнің дариясындай сырлар ақты.
Хұжыра пейіш оған Ганжәдағы,
Айнала албырап тұр алма бағы.
Аулада мәуе теріп Әппағы жүр,
Низами қарап оған толғанады.
Алмадай ақ жүзінде қызыл шырай,
Ай қасы имек әліп сызығындай.
Жұп-жұмыр бүлдіршіндей шағын дене,
Көрген жоқ ақын, сірә, қызды мұндай.
Өтсе де, біраз жылдар, өзгермеді,
Әлі де балғын қалпы қыз бейнелі.
Ұл сүйді асыл жардан, рақат көрді,
Әлі де жаны сырлы, наз кеуделі.
Мұңайтқан жалғыз ғана туған дала,
Жау басып, әлде қыры бұғауда ма?
Тірі ме, ер әкесі бейхабар ма,
Әлде сол жорықтағы шығанда ма?


Жарының осы мұңын тыңдап ақын,
Әппақтың жұртын ойлап толғанатын.
Төркінге апаруға сәті түссе,
Зияпат сыйлық жинап қамданатын.
Ақынның таусыла ма әбігері,
Бітеді біткен кезде жан жігері.
Әуре боп ұзын жолды, жырымызбен
Жүрміз ғой шығандамай әрі-бері.
Күні жоқ Низамидің тәркі мүлде,
Әппақты апармады-ау төркініне.
Сыйлайтын қайын жұртын адал күйеу,
Ежелден ер біткеннің тәртібі де.
Не дерміз ұлы шайыр, қазір саған,
Нәр таптың шөл жаныңа қыз аңсаған.
Қыпшақтың қызын құшып, жұрты жайлы,
Айтпадың, кінәлі ме соған заман?
Уақытқа жүктейміз ғой қиындықты,
Қызының дала мұңлы күйін күтті.
Әппақтай жарды сүйсем жортып жаяу,
Жетер ем, болса жері қиыр тіпті.
Әппақ жүр миуа талдан жүзімді үзіп,
Тек сол бір сағынышы жүзін бұзып.
Саяда шайыр отыр «Жеті арудың»,
Жырына бат қайықтай сүңгіп жүзіп.
Ақынның бұл бір шабыт кезеңі де,
Тулаған жыр бұлағы өзегінде.


Ұлы жүр көбелекті бақта қуып,
Жар мен ұл көрік берген ғазеліне.
Мүсіркеп немересін көктем күні,
Әкесі опат болды өткен жылы.
Мұңайсаң ән шырқайды ару жары,
Даланың құйындайды өктем жыры.
Сондай жыр кеудесінде тасып жатты,
Келді сәт сұлуына қасын қақты.
Асылды иығына наз еркесі,
Сырлы ақын аймалады асыл затты.
Ақынның ғашығы екеу – жар мен өлең,
Сөз емес одан басқа арман деген.
Мейлі ғой, қартайсам да Низамидей,
Жырымды махаббатқа арнап өлем.
Жарынан Әппақ күнде жыр тыңдайды,
Ертегі, сұлулардың сыры жайлы,
Ақынның лебізінен елестейді,
Ғашықтың періштесі Шырын, Ләйлі.
Осындай сәтті күндер күлім қақты,
Елһамның теңізіне ақын батты.
Ал Әппақ өрмек өріп, жібек тоқып,
Күндегі ырзығының себін тапты.
Шабарман келіп қалды Арыстаннан...
«Жүр шаһқа дегеніне қарысқан жан!
Шақырды тақсыр өзі ықыласпен
Жомарт қой иегінен ырыс тамған».


«Ізіме түсіп неге қалыспады,
Селжуктің мынау көкжал арыстаны?» -
Деп ақын ойланды да, жүріп кетті,
Ойымен Арыстанның танысқалы...
ІІ
Атабек Арыстан шаһ отыр тақта,
Қаһарын төккен талай атырапқа
Аңсаған алапатты аласұрып,
Не ойлады тыныш тауып со бір шақта.
Өзеннің жағасына шатыр тікті,
Жинады қошаметкей шағын жұртты.
Патшалық салтанатпен сәулет құрып,
Шаһардан Низамиді шақырыпты.
Иілген қол астында талай жұрт бар,
Сескенген Селжук десе халайықтар.
Қолында қанжар емес, қауырсын ғой,
Сол шайыр әміріне қалай ықтар.
«Дастанын сыйламақ па Ахсатанға?
Сөзі нық басылғандай тасқа таңба!
Құптай ма менің артқан уәзипамды,
Байқайын жырлатам ба, қақсатам ба?»
Ойланып отыр, міне, Арыстан шаһ,
Азумен тілін қайзап қарысқан жақ.
Көңілін танбур сазы әрең тербеп,
Мадақтап гуілдеген дауыстар шат.
Шапаны жайнап жауһар зүбәржатпен
Тұсында парсы кілем жалт-жұлт еткен.


Зәмзамдай шарап құйып жомарт сақи
Нөкерлер масайраған салтанатпен.
Тағына төнген басын көтерді шаһ,
Сорайтып түкті мойнын атан құсап.
Қос нөкер Низамиды алып келді,
Қасына алтын тақтың ақынға шақ.
Қолын шаһ сілтеп еді тынды думан,
Бір мақам ерек шықты ырғып дудан.
Тыңдаса, Низамидің өз ғазелі,
Айтымпаз әуез етіп, елтіп тұрған.
Шалқыта Қызыл шаһтың құзырында,
Қосылып кетті шайыр өз жырына.
Арыстан қасын қағып бөгей қойды,
Ақынның ерік бермей қызуына.
«Білгірсің шаһ пен шақты жақсы байқар,
Арналды әлдекімге «Хафт пайкар».
Мен Қафпын, шөкім бұлт қой Дербенд әмірі,
Шерімін сондайларды бір-ақ шайқар.
«Жырыңды Ширван шаһқа бақшылама,
Өзгеден тірлігімде бақ сұрама.
Жомартпын Атымтайдай ақын үшін,
Маған қи дастаныңды жақсы, жаңа.
«Ордамның қадірлесең құт аясын,
Сыйлаған қазынаммен құтаясың.
Беретін тартуым мол, жаз шайырым,
Хосрау-Шырын қыздың хикаясын.


«Абхаздың адырынан қыстақ берем,
Сен үшін күң мен құлды нұсқап берем.
Ат берем әбзелімен, тұрманыңды
Қытайдың жібегімен тыстап берем...
«Осыған ризамысың?» – дегенде шаһ,
Ақынның бойын ыза кетті құрсап,
Есіне түсті байғыз әңгімесі,
Сол жұртты көрген еді барып бір сәт.





Пікір жазу