12.04.2022
  94


Автор: Қалижан Бекхожин

ДЕРБЕНД ӘМІРІНЕ ІЗЕТ

Айшықты ордасында әмір Саиф,
Бұрышта ойға батып тұр сорайып.
Жан-жақтан арыстандай шаһтар төнді,
Қайтпекші құдіреті болса ғайып?
Өте ме жолбарыстай жұлқынған шақ?
Алпұрыс аламаны өрді самсап.
Қыпшақтың қырларына қаптай шауып,
Кавказдың қиясында басқан алшақ.
Жортуыл өңшең көкжал жауынгері,
Жортқанда көрші жұртқа қауіп еді.
Ен жатқан елді тонап, малын талап,
Бұл әкім талай олжа тауып еді.
Жау іздеп суырылған сапы қыннан,
Сермелсе сойқандықтың сәті туған,
Үрейлі енді өзі замана ғой,
Хазардың теңізіндей сапырылған.
Тұс-тұстан анталады азулылар,
Бұл жерге Қаф тауындай қызығы бар.
Ежелден ентелеген қиырдан жау,
Көрініп мекендеген жазығы тар.
Дербенд қой аты-шулы сан заманнан,
Дабысы Бағдад пенен Шамға барған.


Ұрланып ұл мен қызы шартараптың,
Құл мен күң базарында саудаланған.
Саифтың ордасы да қазыналы,
Олжа алтын, айдап алған аз ба малы?
Осынау әміршінің аздан бері,
Қабағы әлденеге жазылмады.
Әлгі бір тұтқын қыздан болды мезі,
Даланың тағысы ғой тік мінезі,
Қасына жақындаса тісін қайрап,
Ұшқындап зәр шашады отты көзі.
Ол өзі асқан сұлу һарамдағы,
Сол ғана икіміне оралмады.
Мұнда көп көген көздер, не сылқымдар,
Киіктей аласұрған арандағы.
Қыр қызы артық соның бәрінен де,
Сымбат жас маралдай керілгенде,
Жауһардай жанары да, орақ қасы,
Сүмбіден бұрымдары өрілген бе?
Нәпсінің желігіне жерік пенде,
Аңшыдай құмары бар зеріккенде.
Қызықты осы қызға Әмір алғаш,
Кіргенде сарайына керіп кеуде.
Тұтқындап алып келген Дәуқара да,
Қайғысын қыздың әмір аңғара ма?
Қыпшақтың құралайы Әппақ қой бұл,
Ілінген қармағына маң далада.


Әмірдің әккі қолы шымыр жылдам,
Әппақты сипап қалды бұрымынан.
Озбырдың қарын қағып, ыршыды қыз,
Дұшпанның бұлқынғандай құрығынан.
Саифтың сұқты көзі адырайып,
Тілдеді Дәуқараны тағып айып.
«Келмепсің жуасытып бас асауды,
Тегінде, маған мұндай ару лайық.
«Өшім бар қыр жұртында қыпшақ деген,
Бағын деп пәрменіме қыстап келем.
Төтен бір жорығыма қосылмады,
Сол үшін жаулық жолын ұстап келем.
Ал мынау тағы қызды қос һарамға,
Шалдуар тентектігін тастар онда.
Бұрымын бұрап көндір ырқыма тез,
Сұлу ғой, бірақ онша қас та болма!»
Нәпсінің уын сепкен харамына
Құбылған жүз қазинақ қарауында.
Мүскіндер гүлдей солып, көзін сүзген,
Қойылған бүкір әтек қарауылға.
Сонымен Әппақ түскен жын ойнаққа,
Шырмалды сұлу сәби сұмырай жатқа.
Зарланды ойлап туған ата-анасын,
Ауылын қалған сонау шалғай жақта.
Шарасыз көндігіпті тордағылар,
Біржола батқандар ғой сорға бұлар.


Тек қана қырдың қызы құрсауланған
Ашылмас қара бұлттай арманы бар.
Құмартты жас сұлуға әмір бірақ,
Тұрғанда жасты көзден нұр жарқырап,
Құшам деп жабысқанда, шыңғырды қыз,
Саифтың бетін қағып, қолын тырнап.
Өтті кез, көндікпеді ақ қыз әлі,
Әкімнің сұм ләззатін тапқызбады.
Қаһарлы әмір енді ойын түйді, –
Әппақты күң базарға сатқызғалы.
ІІ
– Ассалаумағалейкүм! Тақсыр Әмір,
Низами құзырыңа келген пақыр! _
Деп ақын алдына кеп берді сәлем,
Дербендке ат сабылтып келген әрең.
Бұрыштан мойнын бұрып Әмір сонда,
Таңданды бұл басқа ма, әлде сол ма?
Жұпыны шапаны бар, сәлде баста,
Қара мұрт, әйгі шайыр әлде жас па?
Болжайтын сәуегейдей болашақты,
Қадап тұр өткір көзін парасатты.
Алайда жүзі нұрлы, нышаны игі,
Ұнатты Әмір байқап Низамиді.
– Шайырсың сөздеріңді Ганжә сүйген,
Ұйыттың дүйім жұртты заржағыңмен.
Оқыдым «Махзан» атты диуаныңды,
Хоштандым сипағандай миуа гүлді.


Сүйсіндім газеліңе сыры терең,
Жырларын махаббаттың қызық көрем.
Толғашы ғашықтықтың мұң-дастанын,
Балқысын мен сияқты сырластарың.
Емеспін Арыстан мен Ахсатандай,
Сүйсінем сөз бұлбұлы қақса таңдай.
Олар кім? Айналасын шаққан шаян,
Білемін көк тұманға батқан аяң.
Арнама оларға сен қасидаңды,
Шаһтар ғой жаны топас, басы әңгі.
Бақшыла маған ізгі мәзір жырды,
Асырам сенің артық қадіріңді.





Пікір жазу