12.04.2022
  197


Автор: Қалижан Бекхожин

ГАНЖӘЛІК ШАЙЫР ЖАЙЫНДА БӘЙІТ

Екінші хикая

І
Ғажап бар ма сәулетіндей Ганжәнің? –
Бағи-бостан өрімдеген жан-жағын.
Бұлбұлдары сұңқылдайды сәріден,
Райхан гүлдің жұпарымен, нәрімен.
Ұшпу шаһар Вавилондай баяғы,
Қасындағы Қаф тауындай аялы.
Сипатында алуан нұр арай бар,
Құбылып тұр зәулім биік сарайлар.
Тәрк болып фәнизаттан, сүюден,
Аш күзендей сопылар көп сүмиген.
Зейнетті кент салтанатты, думанды
Өнерпаздар Мысыр еткен бұл маңды.
Ғұламалар мұнда ағылған жырақтан,
Руми жақтан, Бағдаттан, Ғирактан.
Айтысқан көп кимиягер, хакімдер,
Зікір салған машайықтар – хатымгер,
Тоғысады түрлі жұрттар сыры ұзын, –
Әзербайжан, армян және грузин.
Құмырсқаның илеуіндей базары,
Құл саудасы бай мен бектің мазағы.
Мұнда делдал алыпсатар гулескен,
Байшікештер жұтынған кең өңештен.
Қырдан келген көшпенді бар аздаған,


Курдтың нары жерін жоқтап боздаған.
Мұнда зергер не зиннәтті зерлеген,
Маңдай күйіп, бетін шайған терменен.
Мұнда ұста құрыштарды аптаған,
Қабақ басын кабап етіп қақтаған.
Сорлыларды күнұзаққа сусатпай,
Кәусар суы төгілсейші моншақтай!
Күбірлейді ойлап соны бір пенде,
Өзгелерден түсі бөлек, өр кеуде.
Құзырынан шықты шаһтың сол жаран,
Толқын оймен зердесінде тулаған.
Деген патша:
«Ділмәрсің ғой нәшің зор,
Сарайымда шайырлардың басы бол.
«Елдігімді мадақтасаң разымын,
Әзір саған асыл бұйым нәзірім».
Ақын сонда бұлт басқандай түнерді,
«Мына патша саудаламақ өнерді?!» –
Үнсіз ғана шығып кетті ордадан
Ыза буып, шаһ сөзіне қорланған.
Ордасында тұйықталды Қызыл шаһ.
Мысырдағы мыстан соққан пір құсап...
«Маған алтын – ғазіз жырым бір айтым
Бояу емес сарайыңды сырлайтын.
Қызыл көзді арыстаны селжуктың
Гүл жерімнің миуаларын сен жұттың.
Даңқың бар ма сөздің мөрі түскендей,
Ер емессің айбыны зор Рүстемдей.
Мейлің менің бұл сөзімді айып ет, –
Патшалардан аулақ жүрген – ғанибет...
Тор ішінде тақылдаған тотыдай,
Сайратпашы шаһ алдында, уа, құдай!»
Оны жолда тауыпхана бөгеді,


Шайқыларға қайтып мұңын төгеді?
«Кешір жаббар! Ойлы көзбен қарасақ,
Құр мүлгуде жоқ қой ақыл, парасат.
Үреймен құр бұлар құл ғой табынған,
Мекке емес, Чинға көшсе қағыбаң...»
Жақтырмады сопы біткен лебізін,
Жаһил жаннан ескендей бір жел ызың.
Деді өзіне: әй, диуана мұңайма!
Мазлұмсың ғой, жазығың жоқ құдайға.
«Өкім бізге – көкте Алла, жерде шаһ,
Біз тіліңді қынапқа сал, жүр тұсап!»
Бірақ жыры бүлкілдеді ұртында,
Қыбыр қағып, тікірейіп мұрты да.
Ал кезікті алдынан бір мәйхана,
Кір жігітім, жан-жағыңды байқа да.
Сол бір пана шер жасағы қуғанда,
Содан басқа шарафат жоқ бұл маңда.
Сонда саз бен танбур гулеп сарнады,
Төгілгендей мүскіндердің арманы.
Сонда барсаң мұң тұманы айығар,
Масайраған сонда сайрап шайырлар.
Шарап пенен әйел ашар шеріңді,
Ақындарға арта берме сенімді.
Шарап ішсең сақтана жұт ақындар,
Сырттан сұм тіл сені шенеп тақылдар.
Кіріп келді мұндағының бәрі мәз,
Тербегендей толқын шарап, күйлі саз.
Тани кетті бәрі келген жаранды,
Сөйлей қалды шақпа тілмен орамды:
– Жаңа жұлдыз Ганжә көгін жайнатқан,
Айтсын бізге – ағып келді қай жақтан?»
– Жұлдыз болса, көкте күн мен ай да бар,
Жұлдыз шығар Қаф тауын тек айналар.


– Утарид бұл аспан жайлы сыр айтқан,
Тағылым алған ғұлама ғой Ғирақтан.
Жазар бәлкім, «Шахнаманы» бұл қайта,
Селжуктердің жорығымен молайта...
...Солай бәрі тақылдады мұндарға,
Күншіл достар шын сырыңды тыңдар ма?
Бірін -бірі ұғынатын ақын аз,
Бір ай тату, бір жыл бойы дүрдіараз.
Егер жаббар – шын жаратса пендені,
Жасады ғой бұрын күншіл кеудені.
Шын сырыңды шертер болсаң досыңа,
Бүркелеп айт, ақ жарылып жосыма.
Айтылмасын үйіңде де сыр – арман,
Сақтан, сірә, томсырайған дуалдан.
Сазды тартсаң, сақтана бас пернесін,
Бір ырғағың сырыңды ашып бермесін.
Хилап шыққан сол бір үнің шалдуар,
Пітнәнің құлағына шалынар.
Ниетіңді жатқа жорып шатасқан,
Сақта құдай бейпарасат топастан.
Мәйханадан шықты шайқап басын ол,
Шайырлардың күндесі мен қасы мол.
Келе жатты ойлап солай Ілияс,
Пасықтарға жағына ма иіп бас?
Жеті қилы пәннің білген тылсымын,
Оған тең бе уағыздары діншінің?
Бұл фәниде салауаты өлең жыр,
Ганжәдағы үні дарқан бұлбұл бұл.
Жалғыз ғана жанын тербеп арулар,
Ғазеліне алған ыстық нәрі бар.
Кенет көзі шалып қалды қызды бір,
Ай бетінде қызыл шырай жүзді нұр.
Қасы садақ, кірпіктері жебедей,


Ақын соны өтсін қайтіп елемей?
Ғазелінде көп сұлуды мақтады,
Бірақ бірі жүрегіне жақпады.
Отыз тәулік өтті бастан зымырап,
Кездеспеді жаны сүйер қыз бірақ...
Таңданбай ма, көктен аққан жұлдызға,
Ұшпу ғазел ыршып кетті бұл қызға.





Пікір жазу