12.04.2022
  171


Автор: Қалижан Бекхожин

ҚЫР ҚЫЗЫ ТУРАЛЫ ЖЫР


Соқ нөсер, Низамидің сөздеріндей!
Құба қыр қуаң тартты өзгерілмей.
Жаңбырдан өрген сымдай шымылдық құр,
Торлан түз, айналада көз көрінбей.
Демік көк шапқан аттың тынысындай,
Көн қыр ғой жатқан қатып қыры сынбай.
Аспанның алдаспаны жарқылдай бер,
Қыпшақтың жауға тартқан қылышындай.
Долы бұлт безектеді, жын қақты ма?
Құйылды көк саумалы құрғақ қырға.
Қаламым, екпіндеші сел жауындай,
Басып-басып алайын ырғақтыма.
Орыстың сақтап ойға кең өлеңін,
Шығыстың гүл сөзіне кенелемін.
Жыр мінсем қарабайыр он бір жолды,
Далама желдей жүйткіп жөнелемін.
Дариға, не көрмеді баба далам,
Жылы жоқ жау шаппаған, таламаған.
Аралдай қыпшақ жерін дұшпан қоршап,
Теңіздей тобыр толқын қамалаған.


Жау емес қазір бейбіт қырын басқан,
Нөпірін көк теңіздей құйған аспан.
Қасқиып құлын-тайлар кісінейді,
Даланың жасағындай қиқуласқан.
Жұртпыз ғой ат жалында ойнап өскен,
Құйындап ай тұяқпен, апай төспен.
Атамыз, күреңдері күмбірлесе,
Толқыған, күй ескендей көкей кескен.
Қызық қой көк нөсерде жылқы үйірген,
Мейлі, жай атса да бұлт түйілген,
Қылаңдап ақбоз атпен жылқышы жүр,
Қайырып қашағанды бір бүйірден.
Жапанға түнек көші таяп қалды,
Шекпендей шуда бұлтпен сай қапталды.
Оралды сол жылқышы үйіріне,
Адырдың айдап қуып саяқтарды.
Тұнып тұр көк теңіздей жауынға маң,
Үйір тұр жұмыр жұбы жазылмаған.
Неліктен шетке қарап тықыршыды,
Боз айғыр әлденеге азынаған?
Қорғаны үйірінің сол жануар,
Толқындай ширақталған сом жалы бар.
Қалқада қасқыр жүрсе, жау таянса,
Сезетін сәуегейдей болжамы бар.
Осқырды арыстандай жерді тарпып,
Боз тарлан кісінеді көкке қарғып,


Тай, құлын шұрқырасып шыр айналды,
Топ қасқыр тап берді ме шеттен қарпып?
Бөрі емес, аланның бұл аламаны
Қасқырдай шапқан жұртқа даладағы.
Хазардан қарақшылар жортқан талай,
Малы мол көшпендіні талағалы.
Астында ақмоншақ ат жылқышының,
Түнекте кім аңдасын түр – пішінін.
Жұлдыздай ағып өтіп құраулайды,
Шақырып құт тумасын жылқысының.
Арқырап бозайғыры шыға келді,
Артынан үйірлесе шұбап ерді.
Сартылдап ақ сойылдар, көк сүңгірлер,
Шақалдай шапқыншылар шулап өрді.
Тобыр бұлт тор сымдарын жазбай тұрды,
Таптады тік тұяқтар саздай қырды,
Алғайға озып біреу төне қалды,
Бөгеуге топ бастаған бозайғырды.
Мінгені асылы ма араб аттың?
Немесе тұлпары ма Қарабахтың,
Таянды арқан бойы бозайғырға,
Дәу қара, тобырдағы дара шапқын.
Ақмоншақ шырқап алда қылаңдады,
Жылқышы қарап артқа құраулады.
Оқ тиіп сауырына, қайран айғыр,
Омақа құлады да, жерге аунады.


Ақса да аяғынан қан жаңбырдай,
Туламай сұлай ма тез көкжал мұндай?
Ышқынып тік тұрды да кетті құлап,
Жарқырап ай тұяғы ақ жамбыдай.
Жылқышы бұрып кері ақмоншақты,
Бозайғыр жатқан жаққа қайта шапты,
Көргенде ыңыранған есіл Бозын,
Атынан жая түсті кең құшақты:
– Тұлымың алыптардың айдарындай,
Төл басы, түлік құты айбарым-ай,
Құладүз кісінесең жаңғырыққан,
Әкемнің жауды қуған айғайындай.
«Жылқыма қорған болған ардагерім,
Сақтайтын сені шарам бар ма менің.
Қайдасың батыр әкем, келсең қайтып,
Аланның аш қасқырын қармар едің».
Дегенде, алқымына жармасты қол,
Қандай зіл, тастады ма дәу тасты зор,
Бұрылып қараса әрең – күжілдеді,
Қызыл көз, көмір сақал албасты сол:
– Қалайша енді менен бұлтарасың
Оралды құрығыма қылта басың!
Дәуқара ожар қолмен жұлқыды да,
Сыпырды жылқышының күлпарасын.
Уа, сұмдық!
Жан болды бұл басқа қандай?
Жарқ етті ай сәулелі ақша маңдай.


Сусылдап өрім қара бұрымдары,
Көздері шырақ жаққан тостағандай.
Әйел ме? Көз арбаған не шайтан ба?
Жылқышы? Қыр қызы ғой...
Сол да таң ба?
Жайнаған қараңғыда алтындай боп,
Көрінді бұл жат сұлу сол сойқанға.
Шоқ атып жанарынан үнсіз-түнсіз,
Шап беріп қанжарына ұмтылды қыз.
Дәуқара арқан тастап алды байлап,
Асаудай бұғалықта бұлқынды қыз.
– Қолымды қарақшы сұм, босат жылдам!
Ханың кім қараңғыда ел шаптырған?
Біліп қой, әкем менің Құтан батыр,
Кетпессің одан тірі аттап қырдан!
Оралса түн теңіздің ар жағынан,
Жеріңнен, айрыларсың бар малыңнан.
Ол – батыр аты мәлім айналаға,
Босатар мені жаудың қармағынан».
Әкесі айбыны зор батыр Құтан,
Жау десе жаны қайсар, батыл жұрттан.
Шақыртып князь оны кеткен еді,
Көп болды, оралмады сол жорықтан.
Кез еді сол князьбен ауқымдасқан,
Ұштасып найзалары жауды басқан,
Аттанған Түн-Тарахан қаласына,
Ер Олег Русь үшін жанталасқан.


Әкесі оралмады, бір жыл өтті,
Қыз еді ерке-шора ер жүректі.
Шырмалып жортуылдың құрығына,
Қапыда есіл қыздың еркі кетті.
– Артық па әкең менің әміршімнен?
Өзім де ермін шайқап дәуір сүрген.
Көніксең, тербетемін құшағымда,
Көнбесең күң боласың әмірге сен!
– Найсап! – деп қыз ашулы үн шығарды,
Нөсердей дүбірлеткен қу шығанды.
Қарақшы алпамсадай тап бергенде,
Долы қыз бас бармағын қыршып алды.
Түнекте адасты ма қырдың айы?
Бұзылды дәуқарадай түннің райы.
Жауыз қол шеңгеліне алды қысып,
Тұтылды қыпшақтың сол құралайы.
Жылқыны жортуылдар қуып кетті,
Сел ақты көз жасындай буып көкті.
Әппақтың Ақмоншағы елге шырқап,
Құраққа құлын даусы шығып кетті.
Зілдей түн сұлық белде мызғып жатты,
Бозайғыр дымы құрып, түзге батты,
Уа, тәңір, жар бола гөр, тұңғиыққа,
Даланың әлпештеген жұлдызы ақты...





Пікір жазу