ДЕШТІ ҚЫПШАҚ ТУРАЛЫ ТОЛҒАНУ
Бірінші хикая
Ол заман...
Дулы дәурен, жауынгер шақ,
Алтайдан ағылған жұрт дауыл құсап.
Хазардың айдынынан асып әрі,
Жайлапты құбаң қырды қалың қыпшақ.
Қыпшақ па, құбашық па, құба сақ па?
Жорып жүр шежіреші түрлі саққа.
Тұйық қой бабамыздың жылнамасы,
Ақтарып талай тасты қарасақ та...
Жыршымын құпия аш деп қыспа мені,
Жүрегім сырына тек құштар еді.
Әйтеуір қазақ деген жұмбақ жұрттың
Ұйтқысы, ер атасы қыпшақ елі.
Мекені қиыры жоқ жарты жаһан,
Өжет ел жаудан бұғып тартынбаған,
Алтайда тас қайраған найзалары,
Азаудың суын шайқап жарқылдаған.
Өскен жұрт желдей есіп қыпша қырда,
Құрсалмай нелер жаудың қыспағына,
Парсының елшілері ізет еткен
Айбынды Дештінің ер қыпшағына.
Қыманның мәңгі мұра сөзі қалған
Сол тілмен ұлысымыз уызданған.
Даламда дәуірлеген көне жұрттың,
Тапқыр жоқ тарихын бір тізіп жазған.
Сөзім жоқ аз тайпаны алалаған,
Жұрт па сол бірін-бірі табалаған?
Арғын ба, Байұлы ма, Жалайыр ма –
Бәрі де баяғыдан баба маған.
Сан жұртпен қырлы қыпшақ іргелескен
Кейде жау, кейде дауды бірге шешкен.
Асыр сап ай тұяқпен атой беріп,
Көршіге көз алартып жүрді егеспен.
Заман ғой сыры қилы, күні аумалы,
Татулық сағым кейде бұлаңдады.
Орыс пен қыпшақ жауға қоса шауып,
Болыпты қыз алысып құдандалы.
Кешір дос, кетіппін ғой тарихшылап,
Үңілдім ата қырға алыс, жырақ.
Ертеден не жыры жоқ, баяны жоқ,
Бұл жұрттың емістерін айттым құрап.
Баба тіл қыман туған сөз сәбиі,
Қайдасың, ерлік жыры, ыза күйі?
Ежелде даңқы шыққан сол ұлыстың
Болсайшы жыр данасы Низамиі?!
Жоқ елдің тозған жырын жоқтадым ба?
Талай ру тұңғиыққа батпады ма?
Ол емес, бұл жырымды арнаймын мен,
Әлемге аян сұлу Әппағыма.
Ару ғой ақын сүйген қырдың қызы,
Қыпшақтың көгіндегі нұр жұлдызы.
Жанына Низамидің шербет құйған
Сол бір қыз жырымдағы гүл қырмызы.
Сұлу ғой сипатымен асқан айдан,
Атағы асыл жырмен жұртқа жайған.
Шығыстың сөз қаусарын төккен бұлбұл
Даланың бәйшешегін тапты қайдан?