Поэмалар ✍️
БЕТПАҚДАЛА ЕЛЕСТЕРІ
І
Қуырылған жалын атып,
Құла жапан құм өрінен
Келе жатыр дауылдатып,
Машиналы бір керуен.
Көшкен шығар керуендер,
Күңіреніп бұрынғыда.
Ескен шығар шерумен жел
Кегін артып құйын құмға...
Машиналы бұл керуен
Айдап өзі енді желді,
Әкеледі алыс жерден
Москвалық инженерді.
Жас инженер жан-жағына
Келе жатыр оймен қарап.
Жан-жағында, жолдарында
Құм сусыған құйынды алап.
Қапырық шөл, ызың шулы
Күн аптаған жалын ұрып.
Көрген талай жүргіншіні
Жабырқатып, жалындырып.
Жас инженер отыр жайнап,
Көрінгендей ғажап аймақ.
Қиял ұшып, қырды бойлап,
Жас киіктей салып ойнақ.
Оған дала таң-тамаша
Теңіздей бір толқын атқан.
Елестейді жалт қараса,
Сел дария шалқып аққан.
Белгі қадап бұлың белге,
Кейде салып істік бұрғы.
Түсе қалып кейде жерге,
Уыстайды ыстық құмды.
Сергек шофер бір жолдасы
Киіп-жарып жота белді,
Бір жолдасы керуен басы –
Қарт бақташы Атагелді.
Қарт бақташы жүзі нұрлы,
Қаба сақал, биік қабақ,
Келе жатыр шолып құмды.
Өр қабағын түйіп қарап.
Өтіп еді елу жасы
Елбең қағып осы құмда.
Талай жортқан ол бақташы
Осы құмның асуында.
Таныс өткен төбелері,
Мал отарын өзі бастап.
Есінде өлген түйелері,
Құмға бұлдыр ізін тастап.
Кейде жаяу жүріп тіпті,
Тапқан жолды тас боранда.
Сол қария бұл жорықты
Келе жатыр бастап алға.
Сеңсең бөркін кейде сілкіп,
Күлімдейді инженерге:
«Мына арада сусын жұтып,
Жатып едік әне жерде.
Мына арада соқыр құдық
Болушы еді, жоғалыпты.
Мына белдің құмын қуып,
Қурайларын жел алыпты...
Жалып түтеп бұл белесте,
Малдарымыз көп қырылған.
Бұл бір бетпақ құм емес пе,
Өзектерін от қуырған?!» -
Инженерге айтып соны,
Қарт бақташы күрсінеді.
Маңдайында – құмның соры,
Жүзінде де – құм сілемі.
«Жоқ қария, қайғырмаңыз,
Сұр заман ғой ол кешегі.
Құмнан кекті қайырамыз,
Шөлдің зары мәңгі өшеді.
Сайрандайсыз ертең әлі
Бұл жапанның жайлауында.
Жайылады өрде малы,
Колхоз қонып жан-жағына...
Солай, солай...» деп, инженер
Алға қарап күлім қақты.
Шалдың алып бойын жігер,
Құмды шолып келе жатты.
ІІ
Алдарында сұрғылт төбе,
Артында ойнап құйын қалды,
Атагелді шошып неге,
Сол төбені ойына алды!
– Тоқтайық, – деп, осы араға,
Шал қолын бір сілтеп еді, –
Инженер де түсе қала,
Бұрғылады сұр төбені.
Атып жатыр Атагелді,
Топырақты терең ордан,
Бұрқыратып жота-белді
Батқан өзі белуардан.
Болушы еді осы құмның
Арасында жалғыз құдық.
Қарт бақташы талай бұрын
Түнеп өткен қаңғып жүріп.
Шыға ма деп сол бір құдық,
Қазып жатыр құмды опырып.
Қопарылып бұрқ-бұрқ,
Кеткендей бір құйын тұрып.
Самай терін сүртіп қана,
Шал тағы да ойға кетті:
«Күйігің көп қырсық дала,
Талай-талай қайғың өтті.
Түсті-ау еске құмның тағы
Өткендегі сұм елесі.
Баққанымыз байдың малы,
Болдық жапан сүмелегі.
Шалшық та жоқ осы дүзге,
Мал шығандап келгем қуып.
Жалғыз ғана сусын бізге,
Болып еді бұл қу құдық.
Жаттық түнеп... Таң алдында,
Құйын дауыл көтерілді.
Тас бұрқасын тарап қырға,
Төбелерді түтіп ұрды.
Үдей соқты дауыл үш күн,
Бет-бетімен малым ықты.
Өзім құлап, талып түстім,
Құдық беті жабылыпты.
Өзегімді шөл қуырып,
Жапан дүзде жаттым талып.
Қара топан шаңы буып,
Көрге тірі баттым анық.
Тек бір малшы іздеп келіп,
Тірі тауып алды мені...
Шөл дауылдың тізбектеліп
Тұр кеудемде әлі кегі.
Содан бері сұр төбеге,
Сұрлана мен қараушы едім.
Басса екен деп су-селебе,
Бұл даланың боран, шөлін...»
Ойлап кетті жас инженер...
Көзіне оның елестеді:
Орман, сулы, жасыл ну жер
Осы меңіреу белестегі.
Осы құмды өткен жарып,
Қаналдардың толқыны есті.
Тасқын сумен оты жанып,
Жапан дүзде туған ГЭС-ті.
Айтып соны күлімдеді,
Қасындағы қарияға,
Жүрегінің түбіндегі,
Шалқып сыры әр қияға.
«Құмда туған құрылыстың,
Жолдарында ізім қалып,
Қолымдағы бір уыс құм,
Қышы болса тез қаланып, ...
Яки мына топырақтан,
Торқаланып толқыса егін,
Жобаларым толып жатқан,
Ұнап жұртқа, тапса сенім, –
Яки қазған мына белден
Шықса бұлақ шулай ағып,
Малшы қазақ сусап келген,
Жұтса суын шөлі қанып, –
Сөйтсе шіркін...»–
Дейді ішінен,
Жас инженер москвалық,
Жалын шығып жас түсінен,
Шаттығындай достың анық.
Сергіп соған Атагелді,
Жұлқынады қайланы ұрып,
Қопарғандай жота-белді,
Жатқандай бір майдан құрып.