Поэмалар ✍️
КЕЛТЕМАСАТ
(Жауынгер аузынан)
І
Сонау алыс шет өлкеден,
Сақтап келем бір сағыныш.
Жүрек оты озып менен,
Сағынышты тез алып ұш!
Көрші барып тауды туған,
Сүйші барып тасын таныс!
Құр томсарып тұйық тұрған,
Мен кетерде майданға алыс.
Елестейді сол бұлдырап,
Бұлт астынан жасыл мұнар.
Шың күзеткен қарауылдап,
Жалғыз шынар тұрған шығар.
Сүйікті еді сол тау маған,
Бесігіндей жас баланың.
Өсіп едім бауырында,
Тербелгендей таспен жаным.
Күндерімде қойды баққан,
Мекен етіп тау жотасын.
Баласындай мұңын шаққан –
Құшақтаған таудың тасын.
Қараушы едім тастарына,
Білмей сырын тым жасырын.
Әлде тастың астарына,
Тықты ма екен тау асылын,
Жалынсам да, айтсам да сыр,
Мелшиген тау түк тыңдамай.
Жатушы еді түксиіп құр,
Мәңгі шөккен қарт бурадай.
Мейлі жатсын үндемей тас,
Қызықтырған мені бірақ:
Таудан аққан тас моншақтай,
Күркіреген күміс бұлақ.
Масатыдай таудың түгі,
Жасыл бұйра белеңдері.
Шыңырауы шатқал жігі,
Жайылған қой төмендегі.
Қуысына қонған үйлер,
Құсындай бір қонақтаған,
Сол үйлерден шыққан үндер,
Тау жаңғыртып, тояттаған.
Әне қырда, бұлт астында,
Елестеген жалғыз шынар.
Қалған ағам тау басында,
Қарап мені тұрған шығар.
Солар маған сағынышты,
Тау мен ойды тербетейін.
От жүрегім алып ұшты,
Жүгірейін, тез жетейін.
ІІ
О, керемет, қайда ауылым?
Бір қала тұр шың астында.
Не қаптаған тау бауырын,
Өзім әлде адастым ба?
Тау үстіне, тау ма біткен,
Анау алып, не қарайған?
Кім бүйірін дүбірлеткен,
Тауға қимыл келді қайдан?
Пайда болған ақша сарай,
Түсім бе, әлде не керемет?
Қаз-қатар боп тау жағалай,
Тізіліп тұр үйлер бөлек.
Жұлдыздай боп жымың қағып,
Неткен сәуле тауда жанған.
Жатқан шөгіп – енді не ғып,
Тас жарқылдап, тау тұтанған.
Келіп, міне, тау қасына
Таң-тамаша тұрмын қарап.
Мыжырайған қырқасына,
Біткен екен қала ғажап!
Бірақ бұл не, жер астында,
Не керемет дүбірлеген?
Мәңгі қатқан тау, қасымда
Сол дүбірге дірілдеген.
Жатушы еді мәңгі дүлей,
Бір тіл қатпай түлегіне.
Кеткен едім сырын білмей,
Сақтап арман жүрегіме.
Дүбірлейді енді неге,
Жер астында бар ма майдан?
Әлде тауға жан біткен бе,
Тасқа қуат келді қайдан?
ІІІ
Кеттім сүңгіп жер астына,
Түсіп келем төмен қарай.
Таудың асты таң-тамаша,
Жарқыраған зәулім сарай.
Үлкен қала көшесіндей,
Жүріп келем аңғарымен,
Таудың асты – қызық майдан,
Қарап тұрмын таң қалып мен.
Дүбірлеткен жердің астын,
Ол күн емес, шартылдаған.
Тітірентіп таудың тасын,
Соққан қайла шаңқылдаған.
Омырылған тастар атқан,
Таудың тулап тасқынындай,
Жарылған бір снарядтан,
Шыққан отпен тас құйындай.
Тасқындаған қара тастар,
Теңіздің бір толқынындай.
Соқса қайла – тұрған батыр,
Тас қалмаған опырылмай.
Тау құлатып, тас түйреген,
Қайласымен қандай адам?
Құшағынан тани кеттім
Қайла соққан – менің ағам.
Құшақтастым, көп сүйістім,
Сағыныппын көрмей ұзақ.
Сипаладым күйелі үстін,
Еркеледім бала құсап.
Сырымды айтып сағынышты,
Ерлігімнен шерттім кеңес.
Дедім: – Аға, туған тауым,
Жүрегімнен кеткен емес.
Басымды иіп бауырына,
Міне, бүгін келіп тұрмын.
Бес жыл бойы жансыз тауға
Жан біткенін көріп тұрмын.
Мелшиген тау, лашық үймен
Күндер есте пана болған.
Тау түрленген, үй өзгерген,
Көріп тұрмын – қала болған.
Сөйледі ағам, сонда маған:
– Ерлігіңді естігемін,
Қан майданда анталаған
Дұшпаныңды кескіледің.
Естіп соны жігеріме,
Лапылдаған қайрат келді,
Сені сүйген жүрегіме,
Майдан оты ойнап келді.
Сен түйресең онда найза
Қаптап келген жауға басқын.
Қайрап алып мұнда қайла,
Тітіренттім таудың астын.
Тау үстіне тау тұрғыздым,
Қалап қойған қара алтыннан,
Меңіреуге жан кіргіздім,
Құр мелшиіп қарап тұрған.
Соқса қайла – таудан өмір
Толқын атып туады екен.
Толқын атып туған көмір,
Жаңа өмірге қуат екен.
Тау қуатын тартайық біз,
Қатқан қара тастарынан,
От екпінмен асайық біз,
Бесжылдықтың асқарынан.
Естіп соны қайда дедім,
Сақтап қойған маған қайлаң?
Кетпеп еді жауға кегім,
Ер сынасар бұл да майдан.
Сүйген тауым – Келтемасат,
Тас отымен жарқылдасын.
Дүниеге дүбірін сап,
Қайла даусы шаңқылдасын!
Соқтым, міне, қақырата,
Қабырғасын тас қамалдың.
Таудың тасын лапылдата,
Тас толқынның бастап алдын.