12.04.2022
  97


Автор: Қалижан Бекхожин

ТЕРЕҢСОР СЫРЫ

 


Тып-тыныш кеш, жел жусап,
Көл толқынын жиырды.
Жерлестерім ән шырқап,
Жарқабаққа жиылды.
Жіктемессің айырып,
Бәрі бірдей көрікті.
Шашын келте қайырып,
Тракторшы келіпті.


Қарасаң бір саңлақ,
Сылаң қаққан сауыншы,
Күміс қоңырау сыңғырап,
Шыққанда наз дауысы.
Отыр алда балташы,
Құрылыстың шебері.
Қандай әсем, байқашы,
Тас үйлердің бедері?!
Бірі келген Тамбовтан,
Бірі таулы Оралдан.
Жиналыпты жан-жақтан,
Туыстарым оралған.
Келіпті мал басынан,
Жәкең қарт та жиынға,
Өтіп талай асудан,
Жүрген басқа қиырда.
Отыр талай көшкендер,
Бұрын құтсыз қоныстан.
Шартарапта өскендер,
Көп жұлдыздай тоғысқан.
Солар үшін жырымды,
Отырмын мен күбірлеп.
Күй сыбырлап бұрынғы,
Өрлеп жаңа дүбір кеп.
Сергей қайда қарады,
Жұртты мұнда шақырған?


Күліп еді қабағы,
Айша шықты шатырдан.
– Жігіттер, тез тыныңдар,
Дамылдасын қыр-қия.
Сендерге тың сырым бар,
Келе жатыр – химия.
Ол да жердің сіңлісі,
Аты – Айша біліңдер.
Тыңдағы бұл тың кісі,
Бауыр тартар бұлың бел.
Шашу етіп алдынан,
Қыр моншағын жайса да,
Мынау дәндер шалқыған,
Кем көрінді Айшаға.
Сонша молға дәмелі
Айтар өзі дәлелін.
Таныстырсын әуелі
Ақынға сөз беремін...


Дәнсіз онда боз белім,
Дүзге бұзау бағамын.
Онда мен де өзгемін,
Зыр жүгірген баламын.
Сор басында шағын жұрт,
Малдары да азғана.
Тартқан бәрін сар үміт;
Иен мекен, жаз, дала.


Ауыл деген атағы,
Жиналғандар әр жерден.
Әр қаланың жатағы,
Әр кәсіппен әлденген.
Онда соны білдім бе?
«Тереңсорға» мәз едім.
Ырыс бардай түгінде,
Жайраңдаған жаз елім.
Бағып малын, жалаңдап,
Жерден тағы дәметті.
Жосаланды алаң жақ,
Серік ағай дән екті.
Бәсеке ғой бәрі де,
Бұрқыратты шаңдақты.
Кестелі жер керіле,
Әдіптеді жан-жақты.
Сол жаз менің жадымда,
Аулымыз дән өсірген,
Желге, күнге, жалынға,
Кетті зая несібем...
Өктеді жел мамырда,
Құйындады топырақ.
Асыр болды дауылға,
Дән себілген атырап.
Серік ағай әбігер,
Жер ісіне белсенген.


«Ақтамай ма кәрі жер,
Бейнетін де ел сенген?»
Жас анасы емізген,
Айша онда нәресте...
«Ақ бөпешім» дегізген,
Сәби қалпы әлі есте.
Әкесін сол кездегі
Кеюсіз бір көрмедік.
Айша бірақ сезбеді,
Бесігінде тербеліп.
Қарап сонау егіске.
Қара бұлттай түнерді.
Құйын тулап еңісте,
Дән себілген құм ерді...
«Тереңсордан» осындай,
Басталды бір жаз алды.
Тамшы жоқ көз жасындай,
Аспан неге сазарды?
* * *
...Кектемін сол шілдеге,
Баяны да бар ұзақ.
Алау тиіп сүлдеме,
Аптап еді аңызақ.
Өртелді ме күн көзі,
Кірпіктері ұшқындап?
Түтеп көктің күмбезі,
Жалындады түстік жақ.


Аспан қырдай қурылды,
Көрінбеді меңдей бұлт.
Қарғап өрттей қу күнді,
Сапырылды сеңдей жұрт.
Жұрт құдайға бас ұрып,
Көкке қарап аңырды.
Серік ағай ашынып,
Сөкті тура тәңірді.
Кеуіп жердің таңдағы,
Солды бидай көктеген.
Түкірік нәр тамбады,
Тарылды бұл, көк неден?
Келді бір күн күрт індет,
Қойға тиді топалаң.
Ұшты сиыр дүркіндеп,
Бұтадай, тез отаған.
Кеткендей бір жалап өрт,
Айналаны, алшақты.
Елге тиіп оба-дерт,
Талай жанды жамсатты...
Ұмыттым ғой, көбін мен,
Бірақ сол күн есімде.
Найза төнді көгімнен,
Түс ауа, не, бесінде.
Қайырдық біз бұзауды,
Алыс қырдан асырға.


Қызық көрдім ұзауды,
Құрмаш болса қасымда.
Түсі қызыл, сүйір тік,
Көкте жүзген құйыршық.
Оқ жыландай иіріліп,
Атты кенет шиыршық.
Қарауытты булығып,
Сағым басқан сары алап.
Қызық көріп жүгірдік,
Санымызды сабалап.
Айналды тез дауылға,
Боратып құм құйынды.
Біздің момын ауылға,
Қара пәле түйілді.
Ауыл біткен у да шу,
Айғай шығып әр шеттен.
Құдайдан деп бұл ашу,
Жалбарынған, зар шеккен.
Иірілген зіл қара,
Басатындай еңсеңнен,
Болатындай зілзәлә,
Киіз үйлер теңселген.
Жүгірдім мен үйіме,
Шошыдым да ойбайдан.
Шешем қақсап бүйірде,
Әкем мүлгіп қол жайған.


Үрейлендім үйімнен,
Шайқалып тұр шаңырақ.
Уық біткен иілген,
Сынатындай қақырап.
Құрым түндік желпілдеп,
Дауыл ұрған сабалап.
Керегелер селкілдеп,
Саңғырады сағанақ.
Қара сұмдық астында,
Қалшылдады ауыл тек.
Шын албасты басты ма,
Құтырды ма дауыл – көк?
Әкеден сәл ұрланып,
Жабықтан мен қарадым.
От құйрығы тұр жанып,
Айдаһардай қараның.
Уа, ғаламат, уа, құдай,
Кетті ме көк шатынап?
Әлгі қара бомбыдай,
Көлге түсті шатырлап!
Астан-кестен айнала,
Көп лашықтар домалап,
Тұмандалды сай, дала,
Қара жалын қамалап.
Көлге қарай ұштым мен,
Көруге сол ойранды.


Бу бұрқылдап үстінен,
Көл зығырдай қайнады.
Есі кеткен жұрт мұнда,
Азан-қазан, жүр жылап.
Жоғалған үй жұртында,
Тұрды Серік тұнжырап.
Асау аспан ашуын,
Бұрқап, оқтай құм атып,
Кетіпті қу лашығын,
«Тереңсорға» құлатып.
Айша жатты шырылдап,
Үй жұртында, жөргекте.
Ана қайда? Сыр ұрлап,
Түнеріп тұр жер, көк те...
Желбауына шырмалып,
Шықпай сорлы далаға,
Үймен дауыл бірге алып,
Сорға батты ана да...
Серік ағай жүгірді,
Шыр айналып көл басын.
Көлге қарап бүгілді,
Жоғалтып жан жолдасын.
– Ауылымызды аунатқан,
Мынау, сірә, албасты?! –
Деп гулесіп жан-жақтан,
Желді сөздер жалғасты.


Сөйледі Әбіш молдекең,
Көк сақалы селкілдеп.
«Күнәсі көп бұл мекен,
Кеттің бәрің еркіндеп.
Құдай жоқ деп есірді,
Жастар әбден бұзылды.
Серік бастап кесірді,
Жосалады дүзімді.
Одан-бұдан байыдың,
Зекетсіз мал жиналды.
Аллаға көп айыбың,
Ұмыттыңдар иманды...
Бұлттай кезген аспанды,
Болатын бір мұғаллақ,
«Тереңсорға» тасталды,
Құдай соны бұғаулап.
Айдаһардай басы бар,
Жалмар әлі талайды.
Бұл қоныстан қашыңдар,
Қанды көлі қарайды.
Құрмалдығын беріңдер,
Сауап тілеп тәңірден.
Кетем, маған еріңдер,
Құтсыз мынау өңірден!»
* * *
Серік ағай бір ғана,
Тәңірге бас имеген.


Мынау Сордай сұрлана,
Қарап көлге күйреген.
Айналды да бірнеше
Іздеп Сордан жұбайын,
Кесір көкпен тілдесе,
Қоса тілдеп құдайын.
Кете барды бейуақта,
Алып қолға бөбегін.
Кетті содан қай жаққа,
Естімедік бебеуін.
Сұмдық деген сөз өктеп,
Қарсы шықты бұған кім?
Сөйлеген тек безектеп,
Біздің Уақит мұғалім.
Оның сөзін тыңдай ма,
Үрейлі жұрт, үріккен.
Не жаздық деп құдайға?
Қарап көкке күдікпен.
Пәле төніп аулыма,
Түкпірдегі керең сол,
Әр тарапқа ауды да,
Қараң қалды «Тереңсор»...


Абыржыды қалың жас,
Қарап көлге, Айшаға.
Сөз бастады қарындас,
Көлге мұңын жайса да.


Өткенді көп қумады,
Өткенін көп қозғама!
Айтты өзі туралы,
Ұзақ емес, азғана.
Тағдырын сол бұрынғы,
Мен де келте қайырам.
Құтқарып тез жырымды,
Сүрдей қатқан қайғыдан...
Сонау шетте шарқ ұрып,
Күйін жаңа түзеткен.
Әке бір күн алқынып,
Қайтыс бопты сүзектен.
Қалды қызы бестегі,
Бөтен ана бақты ма?
Айша еркін өспеді,
Сор жетімдік батты да.
Қызды солай шет қалған,
Максим көрші аяды.
Жетімекке детдомнан,
Тапты жылы аяны.
Өсті Айша, сол пана
Бесігіндей тербетіп.
Қуды жылды қыз бала,
Көк шынардай ер жетіп.
Болды жылы мекені,
Сібірдегі зор қала.


Мектеп – өмір жетегі,
Оқу – арман, сол ғана.
Қызық жылдар ВУЗ-дағы,
Өтті қызық көктемдей.
Құлаш ұрды қыз-дағы,
Оқу – терең өткелдей.
Ұстаздары баулыған,
Тең болыпты әкеге.
Ұшырыпты баурынан,
Ғылымдық бір мекеме.
Өзі тілеп Сібірден,
Келді мынау мекенге.
Бірақ өткен сырын мен,
Түгел баян етем бе?
Бар шығар бір мұңы да,
Бар да шығар арманы.
Толқын сынды ғұмырда,
Аттай ма дәл арнаны.
Жырдай ма бір тізбегі,
Өмірдің көп ырғағы.
Кінәлі ме қыз тегі,
Алданыстың құрбаны.
Сол ма шіркеу бетіне,
Кім белгілер күйемен?
Мейлі соған бекіне,
Айрылысыпты күйеуден.


Сырласқанда мен кеше,
«Адасыппын» деп қалды.
Айыпты кім ендеше?
Дегенімде тоқталды.
Сынап оны кінәлап,
Өкінішке жүзбеді.
Кей әйелше сыналап,
Қылмысты да тізбеді.
Әлде қозғау ауыр ма?
Жүректегі жараны?
Жоқ па, сірә, дауы да,
Түйілмеді қабағы.
Сонысын мен ашпадым,
Алдымдағы жиынға,
Оймен шолып аспанын,
Ол қарап тұр қиырға.
Ол сөйлеп тұр жағада,
Айналаның тың бәрі.
Дәндер жусап далада,
Жерлестерім тыңдады.
«Мені желі тербеген,
Бесігімде, құндықта,
Туған мынау кер белең,
Шақырды ма бұл жаққа?
Әйтеуір мен құмармын,
Құмына да, көгіне.


Білмей қайтып тынармын,
Анашымның кегіне?
Әлде көктен тасталған,
Метеор ма, жасын ба?
Жайды тартқан аспаннан,
Көл де сірә, асыл ма?
Жұмбақ сынды сор бейне,
Бірақ бұл ма, мәселе?
Қызық па сол Сергейге,
Сортаңға дән өсе ме?
Еміренбес қыр-қия,
Еңістерін тілгенмен.
Тыңдаңыздар химия,
Не тілейді Тың белден!»
Сөйлеп кетті осылай,
Әр белге ой жүгіртіп,
Басқан ізге қосылмай,
Өзінше бір тың жыртып.
Айдай жайнап жағада,
Айша тұрды күлімдеп.
Айтылған сыр бағана,
Келді маған күбірлеп.
Құтсыз қоныс керең сол,
Ауған ауыл, бәрі есте:
Жайды жұтқан «Тереңсор»,
Жылап жатқан нәресте...





Пікір жазу