12.04.2022
  96


Автор: Қалижан Бекхожин

ЭПИЛОГ

Бірталай өтті жылдар.
Октябрьдің
Керемет күркіреген оқ дабылын
Даламыз естіп ескі заман зілін,
Лақтырды, азат күнді тапты ауылым.
Толастап түнек желі азынаған,
Еліміз айықты да қайғы-ызадан.
Шырқалып шаттық жыры шығандарда,
Орнады таң-тамаша тойлы заман.
Сырылып тұман-сынды қара лашық,
Нұраның жағалауын қала басып,
Жайнаған орыс, қазақ өрісі бір
Өмірде қаны, жаны араласып.
Төріне тойлы өмірдің толып өлең,
Еркін жас ән шырқаған теңіменен.
Қосылып «Дудар-айға» бәріміз де
Ғашықтың шертіп жүрдік мұңын терең.
Мариям еріп әнмен ереуілге,
Жүргендей жан Дудары ере бірге.
Жеңісін махаббаттың сақтап қалған,


Өлмейтін мәңгілікті өлеңінде.
Ән ғана болды оның жан серігі,
Ән ғана жүрегінің бар сенімі,
Достықты, махаббатты жыр ғып жұртқа,
Ағылған аузынан нөсер үні.
Осылай әнмен шалқып, жырмен жайнап,
Мариям ауыл кезіп жүрді сайрап.
Әлпештеп аруындай Мариямды,
Таңырқап тыңдай берген жұрт масайрап.
Талай жыл өтті солай өлең-жырмен,
Алғысын орыс қызы алды өмірден.
Ақ шалып Мариямның алтын шашын,
Ай түсті жүзіне де әжім кірген.
Алайда, жас қауымға жалын беріп,
Жүр еді ауызынан ән тербеліп.
Самолет самғап бір күн Алатаудан,
Қырына Қорғалжынның қонды келіп.
Жөнелді Мариямды алып көкке,
Бұл өзі әлде түс пе, керемет пе?
Ақ шашты Мариямды қайда әкетті,
От беріп қайта кәрі көкірекке?
Самолет ұшып келіп бұлттан шыға,
Кеп қонды астанаға – Алматыға.
Аспаннан жерге түсті, аң-таң Мариям,
Жиналған мұнда қалың топ ынтыға.
Мариям қосылғандай ғашығына,
Үстіне құрмет гүлі шашылуда...
Масайрап орыс, қазақ думанды жас,
Шырқады «Дудар-айын» қосылды да.
Әкелді сәулетті үйге Мариямды,
Сол үйге салтанатпен жұрт жиналды.
Жүзінен кәрілердің күлкі жүзіп,
Гулетіп жатты жастар айтып әнді.


Мариям той төрінде тұр таңырқап,
Қалайша келе қалды тосын бұл бақ?
Бәрі де қошаметтеп Мариямды,
Жас біткен «Дудар-айын» жатты шырқап.
Жас қазақ, орыс қызы – бәрі бірге,
Сол сарай тұрғандай бір толып гүлге.
Мыңдаған Мариямдар, жас Дүйсендер
Қосылып тапқан бақыт бұл өмірде.
Бұл үйге бәріміз де келгенбіз де,
Құмартып әсем әнге, сән лебізге.
Мүсіркеп махаббатты тұрды мұнда,
Мұқаң мен Валентина жеңгеміз де...
Қуаныш қанат беріп ән мен күйге,
Бір жиын болып жатты сол бір үйде.
Ардақтап әншіл қауым «Дудар-айды»,
Бұлбұлдай Мариямға сүйсінуде.
Достықтың, махаббаттың сәулесінде –
Сақталған осы ән еді ел есінде.
Атынан үкіметтің ақ шашты қарт,
Тақты орден Мариямның кеудесіне.
Құбылып кәрі жүзі шаттықпенен,
Тәжім ғып жұртқа басын иді төмен.
Мариям құйқылжытып гармонын тез,
Толғанып кетті тағы оймен терең.
Жүректің толқын сырын ағытқандай
Жырлады бұрынғыдай қағып таңдай.
Жырлады өшпес мәңгі махаббатты,
Бұғауды бұзып шықан алыптардай.
Тербетіп алдындағы гүл жастарын,
Шақырды «Дудар-айдың» сырластарын.
Шақырды қосылуға, бастады өзі
Достықтың шертілмеген бір дастанын...





Пікір жазу