12.04.2022
  102


Автор: Қалижан Бекхожин

ДАУЫЛ

І
Жағасын құйын басып Қорғалжынның,
Құс сыңсып, аңдар ұлып болған ың-жың.
Қозғалып қалың қамыс қобыз тартып,
Көл бейне сабасындай толған мұңның.
Қақталып қурайы да қалған қурап,
Қопа боп жапырылған қамыс-құрақ.
Көңілсіз көлдің басы қорқынышты,
Бақырып түнде байғыз, бақа шулап.
Жаутаңдап жапан дүзде жалғыз жатқан,
Көл еді көрген жанды жабырқатқан.
Оңаша, ен жазықтың түкпірінде,
Нәр татпай көшпенді жұрт талып, қатқан.
Қуғыны қу өмірдің Дүйсендер де,
Көз таса келіп еді осы көлге.
Көп болды жатыр міне, бір түбекте,
Кездескен төнген сонау кеселдерге.
Қопаның арасына күрке салып,
Құс атып, аңды аулап, сүзіп балық.


Базарын күтіп Дүйсен жатыр еді,
Ойына кешікті деп күдік алып,
Дүйсенмен болып бірге жорық түнде,
Сол Базар кеткен еді Өрігіне.
Сайдағы ауылда қыз қалып еді,
Бара алмай мешіт жаққа еріп бірге.
Өрігін алып мұнда келіп ол да,
Түспекші Дүйсендермен қуғын жолға,
Таба ма алдан бақыт, дарқан өмір,
Ұстай ма әлде күрес туын қолға? –
Алдағы өмірлері шат бола ма?
Арманды үміттері ақтала ма?
Осындай сағым ойлар елес қағып,
Төртеуі жетпек еді Ақмолаға.
Ал көлдің басы ың-жың, бұлдыр тұман,
Қамыста ыңырсыған, аң шулаған.
Аспаннан кейде нөсер жасын атып,
Шыңғырған қырдан – бұлан, шөлде – құлан.
Жығылған көлге келіп, талып киік,
(Жанына Мариямның салып күйік.)
Маңырап буаз марал миға батқан,
Атты екен қандай жауыз, қайтып қиып?
Ботасыз боздап інген құмға шөккен,
Иесі, ботақаны қайда кеткен?
Мыж-мыж боп жатыр төбе қу қабырдай,
Бәрін де дүлей дала жұтты ма екен?
Осылай сұп-сұр дала тұмандатып,
Тұрғандай айналаға мұң таратып.
Көз тігіп,
күңгірт түсті төңірекке,
Қайғырып қалды Дүйсен ойға батып...


ІІ
Жұбатып жүректерін тәтті сырмен,
Екі жас үміт етті таңғы өмірден.
Тұңғиық түндей түсті көл күрсініп,
Алыста улап-шулап аң жүгірген.
Түнеріп тұрған бұлттай төбе жақтан,
Кім екен дүбірлетіп келе жатқан?
Жортқан бір әлде аң ба, қуғыншы ма,
Даланы дүрліктірген, түнді оятқан?
Мылтықты, түсі суық бір салт атты,
Асығыс бері қарай келе жатты.
Мылтығын кезеп Дудар қалды тұрып,
Паналап көлге біткен көк құрақты.
Салт атты шолып келді, қарай маңын,
Көргендей күркенің бір қарайғанын.
Қасына сол күркенің таяу келіп,
Естіртіп «Мариялап» тұр айқайын.
Жүрекке жылы тиді осы дауыс:
«Бұл өзі кім болды екен үні таныс?
Базар ма? Бірақ даусы мұның басқа.
Алексей қайдан келсін, майдан алыс...»
Сол бір үн жүрегіне ереуіл сап,
Мариям қалды тыңдап сақшы құсап,
Қараса танып Дүйсен салт аттыны,
Жүгіріп бара жатыр жайып құшақ.
Дүйсенге ашып жатқан кең құлашын –
Мариям күлімдеген көрді ағасын.
Дүйсенді құшаққа алып сағынышпен,
Алексей құшты, сүйді қарындасын.
Ұялып қылығына тоқтай қалып,
Қарады ағасына жаутаң қағып,
Не дер деп ескі досым бұл таң іске,
Дүйсен де сырын үнсіз қалды бағып.


Алексей сезіп соны сөйлеп кетті:
«Сүйемін жастарды мен от жүректі –
Ұмтылған еркіндікке сермеп қанат,
Сұңқардай жарып ұшқан көк түнекті.
Екі жас, сүйсінемін қадамыңа,
Ерікті берген жүрек талабына.
Достықпен, батылдықпен ұқсайсыңдар –
Кең дүние, келер күннің адамына.
Есігін ескі салттың жауып қатты,
Екеуің ардақтадың жастық шақты.
Ежелгі ескі көрші орыс, қазақ,
Гүлдентсін достық пенен махаббатты!»
Соны айтып екі жасты сүйіп беттен –
Алексей алғыс айтты ақ ниетпен.
Жадырап соған жаны екеуінің
Әлегін айтып жатыр бастан өткен...
Бұл жайды келген естіп Алексей де.
Соғыстан жараланып қайтқан елге,
Екі жыл азап шекті қан қырғында,
Сондықтан болған еді кекті кеуде.
Темірдей сұм тырнағын елге қадап,
Халықты патша емес пе жатқан қанап?
Сол үшін сорлы солдат жан бере ме,
Қала ма халық ылғи тартып азап?
Деген сөз – күрес керек, күрес керек! –
Естілген Алексейге күркіреп көп,
Айбынды большевиктің дауыл даусын,
Майданнан жұтып алып кетті жүрек.
Аяғын ақсай басып келді еліне,
Дабыл сап әлгі дауыс жүрегіне.
Ызалы Алексейді ашындырды,
Мұндағы күйінішті жұрт реңі де.
Көнбеген сұм ғұрыптың шырмауына –


Естіген екі жастың сырларын да.
Бірақ та басқа дүмпу дүрбелеңі
Дауылдап Алексейдің тұр жанында.
Сол оймен жүрегіне жинап кекті –
Алексей тағы тасып сөйлеп кетті.
Ескендей өрт майданның жалын желі,
Сездірді күйдіргендей көкіректі.
– Қан кешіп екі жылдай сонда жүрдім,
Әлі де бітер емес қанды қырғын.
Ажалға айдап патша момын жұртты,
Тудырмақ ел басына сұмдық-сүргін.
Сондықтан ызалымыз, ашулымыз,
Бұл күнде әрең жерді басып жүрміз.
Отанның арын қорлап обыр патша, –
Азаптан, әрі аштықтан ашындық біз.
Келіп ем жараланып қайтып елге –
Мұнда жұрт батқан тағы қайғы-шерге.
Қазақты солдатқа алсын, депті патша,
Айдамақ момын жұртты қан нөсерге.
Бүлікшіл Ыдырысқа табылды ермек,
Жұртыңды жегідей бір жатыр шелдеп:
«Ақ патша, қызметіне қазақ әзір!»
Деп соғып, атқа мінді әкіреңдеп.
Көген көз жас біткенді айдап-шырмап,
Соғымдай соғысына аттандырмақ.
Қалдырып бай ұлдарын – параны алып,
Жарлының жалғызына дұзақ құрмақ...
Өз жұртын қансыратқан қанқор патша,
Тырнағын енді жайып тұр қазаққа.
Талай жыл түнегінде тұншықтырып,
Айдамақ енді отына – көр дозаққа.
Естідім елдің жасын еңіреген,
Сенделген өзіңдей жас өңшең өрен.


Келер деп сені тосып қалды Базар,
Шеріміз бір болсын деп ел шерімен.
Осылай өкім күшпен ел шырмалған,
Кетпей ме осындайда өршіп арман.
Ерлікті ел күтіп тұр – өздеріңдей,
Ел сүйген ер жігіттен, өршіл жаннан!
Алексей осыны айтып, күтіп жауап,
Дүйсенге ойлы көзбен қалды қарап.
Жеткендей дауыл еніп кеудесіне,
Түксиіп Дүйсен тұрды түйіп қабақ.
Толқыны ар-намыстың кеуде кернеп,
Қарап бір Мариямға кетті сөйлеп:
«Өмірдің қашқыны боп жүре алмаймын,
Жатқанда ел еңіреп, кек нөсерлеп.
Есіркеп, аяп сәби махаббатты,
Азабы ауыр ойдың маған батты.
Заманның зілі айдаған қуғын жанмын,
Табамын қашып жүріп қайдан бақты?
Қорқытып, шың шықса да, оқ атса да,
Құл болып, жүре алмаймыз сұм патшаға.
Шақырам достарымды ереуілге,
Шығатын туды кезең аттан сала!
Өсектің оты лаулап жас жанымда,
Жетейін кегі жанған достарыма.
Жүр бірге, ақылыңды айт Алексей,
Ой тастап жарлы қазақ жастарына!...»
Осы еді Алексейдің сөзі күткен,
Дүйсенге қарады да ізгі үмітпен:
– Мария, кеттік бірге, ауыл жаққа,
Жарлыққа қарсы мынау елді үркіткен!
Өздерін осылайша кектендіріп,
Үшеуі құйындатып кетті жүріп.


Күрсініп Қорғалжын көл қала берді,
Басында құстар сыңсып, аңдар ұлып.
ІІІ
Сайда бір алабы кең, әрі терең,
Топталған өндір жастар, өңкей өрен,
Жарқылдап қылыш, найза қолдарында,
Оқ зулап, жай отындай күркіреген.
Қолына мылтық, найза, шоқпар алып,
Тұс-тұстан жатты қалың топ құралып,
Сол сайдан оқтар зулап, қиқу шығып,
Дабылын ереуілдің жатты қағып.
Кейбірі қылыш қайрап, жарқылдатып,
Кейбіреу асау атын жаңа үйретіп,
Бәйгеге қосатындай баптап күнде,
Орғытып көкмайсаға жүр тулатып.
Қасқиып тұрды Дүйсен ортасында,
Мылтықты Мариямы тұр қасында.
Майданның сырын шертіп Алексей жүр,
Базар тұр қарауылдап қыр басында.
Бірнеше күндер өтті – сонау көлден,
Дүйсендер күн-түн қатып мұнда келген.
Жар салып жігіттерге, достарына,
Кеңескен буырқанып тұрған елмен.
«Патшаның әлегіне, жанған отқа,
Барғанша, барлық жігіт мінсін атқа!» –
Жайылды осы хабар жүйткіп желдей,
Жан-жаққа, қиырдағы атырапқа.
Дүйсен мен Алексейдің сырын ұғып,
Ауылды кезіп
Базар кеткен жүріп.
Шақырған ереуілге жігіттерді,
Жел беріп, жүректерін кектендіріп.


Жан-жақтан ағылып жас, жарлы-жақыбай,
Қосылған осы топқа тас бұлақтай.
Осыны көріп Дүйсен көтеріліп,
Қайнап кек кеудесінде тұр шыдатпай.
Келіпті көп жылқышы достары да,
Сүйсініп келіп білек қосқанына.
Есесін ел кегінің алып енді,
Әлекті салмақ бүгін дұшпанына.
Базардан естіп елдің хабарын да,
Ашуы үйіліп тұр қабағында.
Ежелгі жау Ыдырыс, сұм Андрей
Бүлігін салған елдің адамына.
Керілген көк майсалы кең алапқа –
Толқындай қаптап жігіт толған шақта,
Сөйлеп бір кетті Дүйсен, тебіреніп,
Ұшқандай дабыл қағып ойы аулаққа:
«Достарым, түйілген бір бұлттай сұп-сұр,
Қауіптің астында тұр жастық өмір,
Өндір жас өздеріңдей көгенделіп,
Көзінде ата-ананың жас толып тұр.
Жетті күн етікпенен суды кешкен,
Жетті күн ауыздықпен ат су ішкен.
Келді күн – ер жігітке ереуілдеп,
Алатын еркіндікті, тартып күшпен.
Даланың дауыл екпін түлектері!
Өрттей бір жалындасын жүрек кегі,
Көтеріп ерлік туын жөнелейік,
Қаһарын халқымыздың үдеткелі!
Өршітіп, от тастаймыз жауыз топқа,
Бармаймыз залым патша жаққан отқа!
Жауымыз – патша, болыс бәріміздің,
Қақсатқан елімізді қанды азапта.
Қорлықтың жетті шегі, бүкіл қырда


Патшаға қарсы халық бұлқынуда.
«Солдатқа жан бермейміз қырғын үшін, –
Деп дала толды қазір толқын туға.
Естідім Алексейден, елдің бірге
Тасыған екпіндері, ерек мүлде.
Торғайдан Амангелді батыр шығып,
Шақырған бүкіл жұртты ереуілге,
Достарым, талай тартыс алдымызда,
Жүректі шыдатпай тұр, шалқып ыза.
Ыдырыс, урядник – қу Андрей
Бүлікті жасап жатыр ауылымызға.
Сондықтан бүгін кешке аттанамыз,
Найзаның күшіменен кекті аламыз.
Ел үшін, еркін жаңа өмір үшін,
Дұшпанның ордасына өрт саламыз!»
Кегімен өрши қалған дауыл күштің.
Жанында жігіттердің жанып ұшқын, -
Бәрі де: – Әзірміз! – деп ұрандады,
Сол сайдың ереуіл үн алып үстін.
ІV
Аулында Ыдырыстың құрып штаб,
Әкімдер жасап жұртқа қуғын қыспақ:
«Қашырған ұлдарыңды табыңдар» – деп,
Әмірін айтты болыс, қатал нұсқап.
Ал бір топ, үй сыртында көк майсада,
Масайрап мәжіліспен тапқан сая,
Хазірет уағыз айтқан: «Қызмет парыз –
Иеміз, әміршіміз – ақ патшаға.
Солдатқа ұлдарыңды жіберіңдер,
Осыны құдай айтар – құран тілер.


Бұл істен кім бас тартса – ол күпірлік!
Патшаға қилап істен дін түңілер...»
Қамшысын сермеп қатты көпке үйіріп,
Ыдырыс хазіретті кетті киіп:
– Жандарал келе жатыр, жақын
жерде
Ояздан жетті бізге қатал бұйрық.
Беріңдер, ұстап анау қашқындарды,
Қалайша өңшең бұзық тасқындады?
Келмесе ертең бәрі өз еркімен,
Ашуым өрттей менің асқынады. –
Түнерген шұбар беттің зәрі шалқып,
Ыдырыс тепсініп тұр беріп жарлық.
Тұрғандай тәңір байқап, патша шайқап,
Бұл жерде құты қашқан жұрттың барлық.
Айқаймен жұрт мазасын алып кейде,
Қылышын жарқылдатқан Андрей де.
Жасырып бай ұлдарын, жасы кем деп,
Жыл қосқан жасын дәл ғып әр кедейге.
Осылай әбігер боп бәрі бірдей,
Қараңғы түн басқанын қалды білмей,
Даурығып дулы сөзбен жүрді Ыдырыс,
Жүрегін басып ыза ауыр зілдей.
Ал сол кез нөсердей бір дүбірлетіп,
Жасағы жігіттердің келді жетіп.
Жарқылдап ат үстінде қылыш, найза,
Дүбірі ақбоз үйді дірілдетіп.
Жарқ етіп, түнді жарып оқтар зулап,
Кеткендей көк шатырлап, бұлты бұрқап.
Жалаңдап ақ сойылдар, көк сүңгілер,
Ақ үйді, алқа топты алды шырмап.
У-шу боп осынау топ жамырасып,
Жан-жаққа жанталаса жатыр қашып.


Шатырлап шаңыраққа көк сойылдар,
Қаһар мен қорқыныш үн жатты ұласып.
Алласын айтып құр тек дір-дір еткен,
Кездесіп қалды Дүйсен хазіретпен.
Сойылмен қағып өтті, қалды құлап...
Ыдырыс көрінбейді, қайда кеткен?
Дүйсен жүр сол ауылды шыр айналып,
«Болысты табыңдар!» деп айқай салып.
Ал Базар үйге жылдам еніп кетіп,
Әкелді Андрейді, байлап алып.
Тізімін қолындағы өртеп отқа,
Тастады Андрейді таңып атқа.
Ойрандап болыс үйін ашулы жұрт,
Айбынды үндер кетіп тұр жан-жаққа.
Бірақ та Ыдырыс жоқ, қайда кеткен?
Таба алмай соны Дүйсен жанды кекпен.
«Қоршаңдар көлді жылдам!» – деді де өзі,
Сөйлесіп қала берді қалың көппен.
Лап қойды қалың жасақ көлге қарай,
Көк құрақ біткен екен көл жағалай.
Айна су түнде көздей жарқыраған,
Жатқандай ортасында тығылып ай.
Жігіттер шыр айналып көл жағалап,
Арасын жас құрақтың жүрді қарап.
Қиқулап үркіп қызғыш, көлде – әупілдек,
Күрсініп жатқандай бір көлді арқалап.
Шайқалған қалың құрақ арасында,
Қасқырдай Ыдырыс тұр аласұра,
Дүйсендер келген шақта зытып еді,
Ұрланып мылтығын да ала шыға.
Жасырып жауызды тұр жансыз құрақ,
Сыбдырын естіртпеді жел шуылдап.


Еңбектеп, жылжып қана жүрді Ыдырыс,
Үстінен зу-зу етіп, оқ зымырап...
V
Ішінде абыржыған қалың көптің,
Дүйсен тұр айтып сырын жас жүректің,
«Ағалар, атқа міндік, атой бердік,
Ел үшін, отын үрлеп ескі кектің.
Ғұрпына ескіліктің айтып нәлет,
Жалын жас жүрегімде қайнады кек.
Азды деп айта берсін, мейлі сұмдар,
Сендердің қымбат маған ойларың тек.
Араңа келіп тұрмын қағып дабыл,
Балалық сәлемімді алып қабыл,
Сенсеңдер маған,
жұртым, – тұр, атқа мін,
Түнекте тұншықпасын туған ауыл!
Тегінде кінәлі емес бұған орыс,
Қырсығы патшаның бұл қырғын соғыс.
Сұрқия соның ғана тілегі үшін,
Сендерді сорға жықпақ әкім, болыс.
Соғатын сойылыңбыз, ұлдарыңбыз,
Жалындап қазір кекпен тұр жанымыз.
Азаттық алдымызда шақырып тұр,
Жетейік соған жылдам,
кел, бәріміз!»
Осылай айтып сырын шын жүректен,
Тұр Дүйсен ынтымақты тілеп көптен.
Қалың жұрт ортаға алып өз түлегін,
Алғысын айтып жатты ақ ниетпен:
– Қадамың құтты болсын,
жалынды жас!


– Ғашықтың жолы таза, тілегі рас!
– Мариям өз қызымыз, өз гүліміз.
– Ежелден өзімізбен Жагор мұңдас.
– Орыстың жазығы жоқ, тегі бізге.
– Әкімі әлек салған елімізге.
– Ұлыққа ылғи құл боп жүре
алмаспыз,
Тиетін шығар сірә, теңдік бізге?
– Иә, күт, берер саған патша теңдік!
– Дүйсенжан, өзің баста, соңыңа ердік,
Езіліп жатамыз ба енді тағы,
Елміз ғой, шығайық та жасап ерлік! –
Осылай гуілдесіп тұрған халық
Тағы да шулай қалды түнде жатып.
Дүйсен-ау, қайда біздің әнші келін,
Айтсын да «Дударайын»,
бір тыңдалық!
Дегенде кетті Дүйсен шын қуанып,
(Сезілмей түндей төніп тұрған қауіп).
Жөнелді Ақсұр атпен жалғыз өзі,
Келем деп Мариямды қазір тауып.
VI
Үрейлі Өтебайдың қырқасында,
Мариям Алексейдің тұр қасында.
Неліктен тулады екен, қыз жүрегі,
Қасында Дудары жоқ сырласуға?
Алексей қалып мұнда көп жігітпен,
Келетін отрядтың жолын күткен.
Жандарал аттандырып солдаттарын,
Жолдағы тыныш жатқан елді үркіткен.
Бүлік сап момын елге сұм ниетпен,
От шашып зеңбірегін күркіреткен.


Солдатқа бермедің деп жастарыңды,
Жандарал жан алғыштай жүрді әлекпен.
Алексей естіп соны, қырда қалып,
Тұр еді жандаралдың жолын бағып,
Қалдырған сонда Дүйсен Мариямын,
Қатерін шабуылдың ойына алып.
Қайран жас жалындаған от жүрекпен,
Жарына жортып кетті Ақсұр атпен.
Шуылдап қалың қамыс қобыз тартып,
Сумаң жел, сыбырласқан жас құрақпен.
Қиқулап көлдің құсы шықты көкке,
Күрсінді үрей салып әупілдек те.
Ер Дудар көл жағалап келе жатты,
Сақтап бір Мариямын тек жүректе.
Естілмей желден басқа бір де сыбыс,
Қоғаның арасында тұр Ыдырыс.
Ақсұр ат қылаң етіп шыға келді.
Жүрегін билеп кетті бір сұмдық іс.
Ежелгі аңдыған жау өр көкірек,
Мылтығын кеудесіне қойды тіреп.
Албырт ер келді жақын, басып қалды...
Дір етіп толқын ыршып, көл тітіреп.
Ақсұр ат жөнелгенде жалын бүркеп,
Жарқ етті көк түтінмен жалғасып от.
Қыршын жас құлап түсті, қан сорғалап,
Ұялап кеудесінде қорғасын оқ.
Шайқалып жас құрақтар, қамыс шулап,
Шаңқылдап шағалалар, торғай шырлап.
Күрсініп көл күңіреп, түн түршігіп,
Селк ете қалды айнала талмаусырап.
Үрейлі оқ даусымен түнді оятқан,
Ауылдан шықты дауыс:
– Аттан! Аттан!


«Жігіттер, қалайсыңдар, өлтір сұмды,
Аяулы сабазыңа оғын атқан!»
Жөнелді жас өрендер, кетті асыға,
Күрсіну, күңірену көл басында.
Жас боздақ жатыр сұлап ыңыранып,
Көре алмай Мариямын мұңдасуға.
Ер досын көріп Базар жатқан сұлап,
Үстіне құшақ жайып түсті құлап.
Көзінен ыршып жасы: «Бауырым!» – деп,
Елжіреп жаны жанып, жүрек жылап.
Құрбан жас қолын созып достарына,
Арманды көз қиығын тастады да:
«Мариям! Мариям!» – деп ұмтылды тез,
Сол есім дем үдетіп жас жанына.
Көтеріп қан ыршыған көкіректі,
Орнынан өрен күшпен тұрып кетті,
Дірілдеп даусы шықты... Дауыл тұрып,
Сол дауыс алып кетті жарып көкті:
«Достарым, ұмтыл жауға,
алыңдар кек,
Шақырды әне дауыл, күркіреп көк.
Атты таң... Қайда менің Ақсұр атым?
Жанымды, жаудың кегі барады өртеп.
Қайдасың, Марияшым, үнің қайда?
Келші тез, қосылайық «Дударайға...»
Көтерші мені назды дауысыңмен,
Басталды, әне, майдан, терең сайда!»
Ұмтылды айтып соны – тағы,
бірақ,
Жығылды қайран сабаз талмаусырап.
Естіп бір соңғы даусын Мариям да,
Үстіне жан жарының түсті құлап...


***
Оққа ұшты, өліп міне, жатты боздақ,
Мұңдарын махаббаттың кетті қозғап.
Аңырап азалы түн, күңіреп көк,
Сол жасты жоқтағандай дала боздап.
Жарының кеудесінен басын алмай,
Мариям еңіреген жас маралдай.
Ес-түссіз жаны езіліп жатыр ғашық,
Жүрегін біреу жұлып тастағандай.
Жалғыз-ақ еріндері кемсең қағып,
Бебеу сап баяу үнмен кетті налып.
Сол көлдің тебіренді толқындары,
Қайғысы Мариямның көкпен ағып;
Ыршып жас жаңбырдайын бетін жуып,
Зар илеп, толқын шашын жатты жайып.
Азасы аяулы ердің аспанды алып,
Далаға шалқып шері кетті ұлғайып.
Жүгірмей тына қалды жел де ыршып,
Құс біткен үн қосқандай көлде сыңсып.
Тұқырып басын төмен, теңселіп жұрт,
Тамшылап ыстық жастар көзден ыршып.
Мариям күңіреніп, күйіп-налып,
Әлсіреп сол бір шақта қалды талып.
Үрейлі жан ұйқыда жүрек іздеп,
Жоғалтқан сол ғашығын алды тауып.
Құшақтап жан Дударын сүйіп қатты,
Наз айтып ғашығына мұңын шақты:
«Кешіктің мұнша неге, Дударжаным,
Сарғайттың мұнша неге махаббатты?»..
Сүйді де Мариямын көп сағынған:
«Қалмайын жібер, сәулем, жасағымнан,
Шақырды, ереуілге жібер мені!» -
Деп жары шығып кетті құшағынан...


Селк етті, талған Мариям шошып кетті.
Қараса жаңғыртып жұрт жер мен көкті.
Келеді «Дударайды» дауылдатып,
Оятып қайғы басқан қан жүректі.
«Мариям Жагор деген орыс қызы,
Он жеті-он сегізге келген кезі.
Қазаққа Дудар деген ғашық болып,
Сондағы Мариямның айтқан сөзі.
Дударари-дудым!»...
Зар етіп осы жырды жас, кәрі де,
Иіліп Мариямға тұр бәрі де.
Осы өлең бұрынғыдан шалқып қатты,
Үстінде ер Дудардың тербелуде..
Жүр Базар тұтандырып қайта кекті,
Меңіреу сол қамысқа тастап отты.
Өртелсін Ыдырыс та, сұмдық іс те,
«Өртеңдер! Тезірек!» – деп әмір етті.
Күркіреп кеткен ыза, желдеп жалын,
Алқызыл алау басты көлдің маңын.
Қамыс та, Ыдырыс та жатты жанып,
Түн сырғып, күтті дала жаңа таңын..
Ал Базар, қайта қарғып мініп атқа,
Дабылын тағы қағып тұр жасаққа.
– Жігіттер, аттаныңдар, тез жүріңдер,
Ойранды жауыздарға жасамаққа!
Қайғысы ер Дудардың бізге батты,
Мариям, көтер басты, тұр, таң атты.
Алысқа Дударайың шақырып тұр,
Шырқа деп,
ерлік пенен махаббатты... –
Соны айтып, шеру тартып кетті жүріп,
Жандарал шыққан жаққа бетті бұрып.
Жөнелді «Дудар-айды» айтып бәрі,


Сол әнді жандарына ту ғып тігіп.
Жаны оның жайнағандай туларында,
Көтеріп алып кетті Дударын да.
Мариям есін жиып көтерілсе,
Жаутаңдап Ақсұр аты тұр жанында.
Атының жалын сипап Мариям да,
Тыңдаса шалқып әні тұр шығанға.
Шақырған жорыққа кім «Дударайлап»,
Жүр ме екен Дудар жаны әлде сонда?
Алыста өрттей қызыл туды таң да...
Басталды әне майдан жауыздарға.
Мариям айқай салды: «Дударым!» – деп,
Әлде ол,
кетті ме екен озып алға?
Майданда атой беріп шырқап әнді
Шақырған Дудары ма Мариямды?
Ақсұр ат жебеп әндей сол бір топты,
Сол шепке Мариям да барып қалды.
Шаңқылдап тұяғы да шапқан аттың,
Даусы да шыққан оқтың,
жарқылдап тым –
Бәрі де жаңғыртқандай «Дударайын»,
Үніндей жастық шақтың, махаббаттың.
Жас қазақ ұмтылғанда атой беріп,
Кеткендей күңіреніп үн көтеріп,
Шырқап бір «Дудар-айды» тиіп жауға,
Қылышын жарқылдатқан кеуде керіп.
Сақтап бір сарбаздары өр көңілге,
Жар жанын әкеткендей өлеңінде.
Жаңғыртып жас даусымен.
«Дудар-айды»,
Өзін де шақырғандай ереуілге.


Тұрғандай шеру тартып достарына,
Дудары сол майданның аспанында.
Елестеп айбынды ер рухыменен,
Енгенде Мариямның жас жанына.
Кіргендей кеудесіне шалқып жалын,
Жүректің кетті қозғап толқындарын,
Мариям еніп кетті сол майданға.
Дабыл ғып «Дудар-айын», айтып жарын...





Пікір жазу