12.04.2022
  232


Автор: Қалижан Бекхожин

ЕКІ ДОС

(Баллада)
Кеше бала, кеше жас,
Кеше ғана ұялас,
Өскен таудың түлегі
Жан толқыны аралас,
Екі бала – екі жас,
Бесігінен – бірге өскен
Дос болыпты айрылмас,
Бірін-бірі ауылдас,
Санайтын туған бауырға.
Санамай бөтен басқаға,
Серт еткен екі жас бала,
Сақтаған соны көңілге,
Қатер туса өмірде,
Тастамауға, бермеуге
Бірін-бірі өлімге.
Білмеген кекті, қайғыны,
Шықпаған ашу айбыны,
Жас ұлдар бір күн ашынды.
Найзалы мылтық асынды
Жүрегі толды ашуға
Ашуын отпен басуға
Асыға кетті майданға
Ойран сап жауды айдауға.
Оттар ұшқан көгінен,
Дүрсілдеп жерге төгілген,


Қанды майдан ішінде
Жас арыстан пішінді,
Қаз-қатар жүрді екі жас,
Ұмтылып алға жанталас,
Оттар ұшқан оғынан
Өрт салып жаудың соңынан.
Екі батыр, екі дос,
Екеуі бірдей жауына өш,
Соқса да жаудың оттары
Атой сап алға аттады.
Найзалары жарқылдап?
Жақындап жауды алқымдап,
Келгенде жерге от түсті,
Екінің бірі оққа ұшты.
Көрді де соны қайрылды,
Көрді де соған қайғырды
Көзінен жасы боталап,
Тасына кеп жата ғап,
Сөйледі сонда досына:
«Ажал деген осы ма?
Айрылып сенен қалғанша
Өлейінші қосыла».
Бұл сөзді естіп досынан
Басынан қаны жосыған,
Ыңыранып қана тіл қатты:
«Жаудың оғы құлатты,
Жүрегіме кек түсті,
Қарашы достым кім атты?


Байқашы соны кім екен,
Сонау бір неміс сұм ба екен?
Соған бір кегі кетпесін,
Сол мазақ бізді етпесін,
Мен өлсем де сен өлме,
Мен үшін, достым, бөгелме,
Өлтір анау немісті,
Кек үшін тек жөнел де,
Қайта кір майдан шебіне,
Шегінбе, достым, шегінбе.
Айтқан сөзі жадында,
Айналып соқты жалынға,
Қаһарынан кек ұшты,
Өлтіруге немісті,
Жөнелді қайта сол жалғыз
Тастап досын амалсыз,
Айбат еніп түсіне,
Кірді майдан ішіне.





Пікір жазу