12.04.2022
  113


Автор: Қалижан Бекхожин

ШЫРМАУДАН ШЫҒАНҒА

І
«Түс кеудемнен бұғау крес,
Албырт жаным көрді қысым.
Тағдыр мұндай тұман емес,
Еркіндіктің бер тынысын!
Жүрегімнен тартқан зәбір,
Иман біткен мейлі тайса,
Жоғал мәңгі жұмбақ тәңір.
Жұм көзіңді, көлгір Айса!
Мүлгіген сұм, өлік икон,
Құдайының сиқын қара!
Неге маған төндің екен,
Монтаны қу, сиқыр – ана?
Уа, қиялым, өршіте бер,
Дауылыңды дарқан жолға.
Кетсін аулақ періштелер.
Жын-шайтандар, жоғал жонға!
Шулы шіркеу, түнек қамал,
Шырмалыппын шынжырыңа.
Жетпедім мен медет табар
Дүниенің шын сырына.
Ал, хаяр поп, кетем мүлде,
Табынбаймын құдайыңа.
Шоқынғанша шіркеуіңе,
Шыңырауға құлайын да!
Серпіл бұлттар аспандағы,
Аш әлемнің қақпасын,


Қайда шындық баспалдағы, –
Сонда жаным ойнақтасын!
Кеттім, міне, жаным азат,
Сүйре мені қиял өрге.
Құдай, пірлер, пейіш, дозақ,
Шаным біткен – көміл көрге!»
...Шықты үйден, Икон қирап...
Еден құшып жатты құдай.
Жастың неге жаны тулап,
Тебіренді қатты мұндай?
ІІ
Түн жамылып тұр Москва,
Асқар таудай мұнары бар.
Қараңдайды бұлт астында,
Крес басты мұнаралар.
Жарқылдайды сансыз шырақ,
Күңгірлейді қоңыраулар.
Жалбыр шаштар жатыр шулап,
Қандай ғана қалың жау бар?
Жауы әлгі жалғыз жігіт
Жат көрінген тәңірге де.
Бұл неткен жас сөзі бүлік,
Бұл тәңірден таңды неге?
Степнов қой! Я, Николай.
Бірақ сөзі қыр түлегі.
Аты солай, жөні қалай?
Неге бөлек сыры тегі?..
Келеді ғой өзі міне,
Көшеде бір күбір қағып.
Қиял құсы кезіп түнде
Сонау қырға кеткен ағып...


Шаным – наным деген мағынада.


ІІІ
... Өсті бала Қайдауылда,
Кезіп Торғай топырағын.
Бақташы боп бай аулына,
Естіп байдың ақырғанын.
Босағасы қысаң дүние,
Төрі алыс жарлы жанға.
Тоғжан ауыр түскен күйге,
Жан тынысы тар заманда.
Жеті бала жемді тілеп
Балапандай аузын ашқан.
Қайран жоқтық – қара түнек,
Көкірегін зілдей басқан.
Сүйеніші – Әлібиі,
Сол қисайған тірлігіне
Қыңыр бала болып игі,
Қой соңында жүрді міне.
Қыңыр неге? Сары бала,
Неге сынық жастай түсің?
Қытымыр бай қаны қара,
Соқты талай шыбыртқысын...
Содан кек те туды бірге.
Шерін бала тұрмыс жайлы
Өзегіне түйді мүлде...
IV
Өзі жүрген тар көшеде
Көп үйлердей ой тізілді.
Өзі аулақ жөнелсе де,
Әлі жақын сол қызығы...


Қайдауыл – жер аты (Торғай облысы).


Жүгіретін екі сырлас,
Асыр етіп алаң жерді.
Қандай мерген, өткір сол жас,
Асық досы – Амангелді.
Сар сағымға көзін қадап,
Қайдауылдың қырларында,
Екеуі де тартқан садақ
Киіктерге, қыр аңына.
Арман еді өссе сүйтіп,
Бірге көріп алыс таңды.
Қолдарына түссе мылтық,
Атса бір күн арыстанды.
Жүйткігендей құлан, киік,
Қиял қандай асқақ еді?
Екі тентек құйын қуып,
Обалардан аспақ еді.
Мүмкін, сонда қойдай жусап,
Жұмбақ сырлар жатқан шығар,
Мүмкін сонда құдай жұмсап,
Жарлыға таң атқан шығар...
Ойнағанда, сырласқанда, –
Түйе құмы – тұйық күмбез,
Торғай жерін бір басқанда...
V
...Жас офицер сөзін тыңдап,
Танысыңдай қатар сырлас,
Соқты бала тез тақылдап,
Шүлдірледі татар тілмәш.
Айтты бәрін – жауыз байдан
Зәбір-жапа шеккендігін,
Еңсесін көп езген қойдан,
Қашып жонға кеткен бүгін.


Енді кейін қайтпақ емес,
Әке мейлі қатулансын,
Қиялында өткен елес,
Жақсылықтың оты жансын...
– Ал жүр, бала, атқа мін де,
Жүрме қашып сен бұлайша,
«Кездік жатпас қап түбінде», –
Жайнарсың бір Ыбырайша.
Мүмкін біздей сар жағалы,
Бір офицер боларсың да.
Ел-жұртыңды арбағалы,
Мүмкін, шенді тағарсың да.
Бірақ қырдың қоры болма,
Ізде білім, тентек шіркін.
Жөнел бізбен Орынборға,
Жол табарсың ертең бір күн.
Мін бұл атқа, тұл қалдырған.
Туысқаның, кегін түйген,
Атты иесін төбе қырдан,
Жұмбақ мерген, сағым киген.
Өлтірілген өткен айда,
Барлаушымыз тосын жерден.
Іздеп келдік, кетті қайда?
Оны да атқан осы мерген.
Болды ғайып сол бір қазақ,
Жын ба, әлде жел-құйын ба?
Қандай мерген өзі ғажап,
Дәл тигізген бір қиырға.
Қырық қазақ абақтыға,
Қамалды сол мерген үшін.
Шын атты ма, жай атты ма,
Қызғанды ма кең өрісін. –
Кегі бар ма әлде қатқан,


Ескі күні жүр ме есінде?
Туыстары айтар жатқан,
Торғайдың тар түрмесінде... –
Мін, балақай, міне, сол ат, –
Бұл жорықтың парқын түсін:
Құм құшақтап қалды солдат,
Империя даңқы үшін...
Жетім торғай жан сауғалап,
Қонақтайды әр бұтаға, –
Кетті бала, – не сор, не бақ,
Кетсе мейлі барымтаға.
Кетті есінде әлгі мерген,
Қандай батыр, нендей кекті?
Бір сыр жоқ па белгі берген? –
Соны бала білмей кетті...
VІІ
...Жас Әліби – күзгі қаңбақ,
Заман дауыл оны қуған.
Жат қаланы жүрді шарлап,
Базары бар қызық-думан.
Қызық қайда бірақ оған,
Жүрді шаршап тілін шайнап,
Секілді бір қу жапырақ,
Қырдан құйын келген айдап.
Ақ жағалар, сар мырзалар,
Өтер мұнда басып тақ-тақ,
Қандай сыр бар, не ыза бар,
Кететіндей жұртты таптап.
Осы қала онда зор да,
Даламызда шеккен айбат,
Қараушы еді Орынборға,
Момын қазақ басын шайқап.


Шіркеулердей осындағы,
Төрелері қандай асқақ?
Қару-жарақ асынғаны,
Әскер кіммен тайталаспақ?
Жас офицер ақырғы рет,
Құм көшеде ұшырасты,
Көзінде тұр бір қасірет,
Әлденеге түсі қашты?
– Жандаралға жазалымын,
Кетем, шырақ, аулаққа тым.
Сендей сорлы қазақ ұлын,
Мүсіркейтін жан таппадым.
Қош, балақай, не көрсең де,
Жаси көрме тағдырыңа!
Қиын жолға түссең сен де,
Жетерсің бір бақ нұрына.
...Құйын атқан қу көшеде,
Қыр баласы қалды қаңғып,
Шана басын құм жесе де,
Шабатасын алды шандып.
Мүмкін өмір жұтар мына
Талды өзегі, солды жүрек.
Міне, шіркеу, жұрт алдында
Шоқынғандар тілеу тілеп.
Тіленбеді жалбыр бала
Шоқынбады, шошынды да,
Жаутаң қағып жалғыз ғана,
Жұртқа қарап отырды да,
Шырақ шамдай көз бұлдырап,
Жанары да жұмылды тез,
Сар масадай ызың дулап,
Күңгір қақты шіркеу бір кез.


VІІІ
Жатыр еді ол маужырап,
Көріп туған Қайдауылды.
Шошып кетті тұрды жылап –
Шіркеу қатты қоңырау ұрды.
«Ізгі алла, әулие, рух,
Уа, Христос жанын биле!»
Жалтыр крес асаны ұрып,
Бір жын төнді Әлібиге.
Жын емес-ау, албастыға
Ұқсаған бір жалбыр шашты.
Сарнап тұрды дәл қасында,
Балақайдан зәре қашты.
Көре қалып бір көшеде,
Қыр баласын қаңғып жүрген
Көп азғырып ол кеше де,
Аяғандай халін мүлдем,
«Керек бала оқығаның,
Оған тегі жол бар бір-ақ,
Жүрегіңе жағар шырақ,
Христосқа шоқынғаның.
Сонда саған – білім тегін.
Кеудең нұрын үдетеді.
Тағы қырдың жетімегін,
Православный ұл етеді!»
Қалың қасқыр қамаласа,
Қайтер еді сорлы көжек?
Жан-жүрегін қаһар баса,
Қақты сонда бала безек.
Жарқылдады жын отындай,
Төбесінен шоғыр шырақ.
Жалбыр шашты – поп.


Икон жанын алатындай,
Кетті бала талмаусырап.
Есі кетті мүскін ұлдың,
Дәрмені жоқ тырмысуға.
Пәрменімен сұсты қолдың,
Тоғытты оны күбі суға.
Айбарлы поп крес сілтеп,
Өшірді атын атаның да;
Кітабына қойды тіркеп,
«Коля Степнов» атануға.
Мойынына мұзды судай,
Түсе қалды суық крес.
Қайран дарқан жан осылай,
Зымыстанға түсті бір кеш...
ІХ
Көндікпей ме бала бүркіт,
Ұстап бақса бір саятшы.
Алғашқыда алабұртып,
Болар тауға шырқамақшы.
Қиял көзін кейде қадар,
Ұясы бар тас қияға,
Тас түйіліп бір күн қалар,
Сол қатулы жас қыран да.
Кек түлегі ашынар да,
Көкке қарап жаяр қанат.
Торда қажып ашығар да
Жат жемінен табар тоят.
Сондай-ақ бұл шырмалған ұл,
Талай тулап бұлқынса да,
Көндікті жат сырларға бұл,
Көнді оқуға құлқын сала...


Оқыды ол ұзақ жылдар,
Шөлден келген жандай сусап,
Тек сорына дұзақ дін бар,
Дарқан ойды қойған тұсап.
Х
Еске түсті өткен күндер,
Осы түнде сол ызадан.
Тұңғыш жанған кек пен жігер,
Семинария, шулы Қазан.
Дін иесі үміт еткен,
Шанымын тек асырмаққа.
Қыр баласын сол тілекпен,
Жіберген-ді осы жаққа.
Міне, бір күн жұрт ағылған,
Көшелерден шаң жүгіріп,
Көтерілген шу-дабылдан,
Қазан қала жаңғырығып.
Өтті халық қатар-қатар,
Тез бұзылған сеңдей ағып.
Қышқырады жая татар,
Сусағандай таңдай қағып.
Жұмысшы мен жастар мұнда,
Адымдарын қатаң басқан,
Мұғалімі Ашмаринға
Әліби де қатарласқан.
Ұстаз енді сол бір ғажап,
Жүрегіне жұлдыз жаққан.
Сүйіп соны бала қазақ,
Өнегесін ұғып баққан.
Енді, міне, өзі мұнда,
Жүр көшеде ереуілдеп.
Ашмарин – Қазанда, семинарияға сабақ берген мұғалім.


Жұртпен бірге қызып дуға,
Құлағына ерен үн кеп:
«Көтер туын еркіндіктің,
Аттан алға, езілген жұрт!
Босат, патша, еркін жұрттың,
Бұғауыңды тезінен құрт!»
Кенет, міне, соқты дауыл,
Лап қойды да салт аттылар.
Айқай шықты «Сақтан, бауыр,
Жазалаушы солдат бұлар!»
Міне, біреу түсті құлап,
Оқ тиген кім, Ашмарин бе?
Жас жүрегі жанып тулап,
Тұр Әліби бас жағында.
Ұстазының басын сүйеп,
Тұрмады көп қарап мұнда.
Полиция соғып, сүйреп,
Жапты оны абақтыға...
Сонда басын тасқа бала
Соққандай боп күйінді ме?
Онда он алты жаста ғана,
Жас шыбықтай иілді ме?
Оқудан да қуылды жас,
Солай жолы кесілді бір,
Солай оған болды сырлас,
Мың тоғыз жүз бесінші жыл...
ХІ
Содан кейін сенделгені,
Қамалғаны тұр есінде.
Семсерді бір сермер ме еді,
Сұм өмірдің күресінде!
Бірақ жалқы қаңғырған жас,


Таппай орын дүниеден,
Тағы торға қамалды бас,
Тағы кез боп дін иемен.
Көп оқуға құмар басы,
Тағы қайда басты қадам?
Академия – дін ордасы
Ашты есігін Москвадан...
Енді, міне, таң алдында
Қиялына көшкен ұзақ.
Бүгін түнде қараңғыда,
Мойынына түскен дұзақ.
Келе жатыр іздеп міне,
Лебі бірге сырластарын.
Асау ойлар тізбектеле,
Аунатқандай түн аспанын.
Уа, сол достар, тұман жарған,
Құйған нұрды жүрегіне.
Бетінше ақса мынау жалған,
Жоқ тәңірдің тірегі не?
Айса – шата, кімнен туған?
Мынау Енжіл неткен мылжың?
Бір белгі жоқ құдай қудан,
Түскен де жоқ көктен бір жын?
Тәңір шығар патша мүмкін,
Мынау елге жатқан сорлап?
Соның тісін қақса шіркін,
Қанды шоқпар қара солдат!
Еркін солай сырды жастар,
Оңашада айтар еді,
Сондай сөзді бұрын бастар,
Петр қандай қайсар еді!
Айса – исус Христос, хрестиан дінінің пайғамбары.


Петр – Әлібидің досы.


Әліби көп тосқан құлақ,
Ереуілді отты сөзге,
Бұл жігіт те жүрісі жат,
Тез шалынды сұқты көзге.
Осы біреу қыр түлегі
Қиқаңдайды неткен қыңыр!
Христосқа күлді тегі
Әлдекімге етті күбір.
Сөйлеп қалды әзіз қалпе:
– Тұр, жауап бер, қисық лақпа!
Шоқын да айт, сөзді келте, –
Айса діні шын ба, хақ па?
Сенесің бе, кереметке,
Айса күнді тоқтатты ма?
Ғайып құдірет жүр ме көкте,
Шайтанға көк оқ атты ма?
– Жоқ, сенбеймін, бәрі жалған,
Бәрі алдау! – деген еді.
Әлібиді қандай арман,
Енді қайда жебеледі?
... Шіркеу соты қазір, түннен
Жайды сұмдық бір жаманат:
«Коля Степанов азды діннен
Ол – малғұн, ол лағынат!»
XII
–Терезеге Лена төніп,
Әлдекімді түннен күткен.
Түн ұйқысын неге бөліп,
Қандай сырлы тұр үмітпен?
Жазғы түн ғой жақын таң да.
Кешікті ол мұнша неге?


Ерік алып албырт жанға,
Кездесті ме бір бәлеге?
Осылай қыз абыржыған,
Түнгі бұлттай көңіл бұлдыр.
Тек суреттен күліп тұрған,
Кеудесіне төгілді нұр.
Сүйкімді ғой сол бір сурет,
Орыс қызы сүйген қалап.
Ұзын шашты бұл студент,
Тұр өмірге күле қарап.
Осы бір қыз жігітке сол,
Жүрегінен сыр қозғады.
Қыз жанына үміткер ол,–
Өзіміздің қыр боздағы.
Осынау үйде сыр алысқан,
Тұтанысып ұшқын көзден
Қызу жастар жиналысқан,
Гуілдескен ұшқыр сөзбен.
Сол бір сөздер дуылдаған
Әлібиге болды сабақ.
Қыр ұлына көз қадаған,
Аққұба қыз, күлім қабақ.
XIII
Өзі қайда? – Міне ,отыр,
Шеткері бір қоңыр үйде.
Қарқылдайды неге Петр
Шашын қырған Әлібиге?
Уа, архиерей, діндар тақсыр,
Шаштан неге болдың жұрдай?
Жын-шайтанға мұны тапсыр
Күйінбесін қыңыр құдай,
Құтылғанда, күлген қатты,


Демон, құдай құлдығынан.
Қуан сен де жұт шарапты,
Ащы емес қой, дін уынан.
–Ал, көтердім, Мефистофель,
Қайдасың деп дауыстаймын.
Кетсін менен кеңіс тобыр,
Қайта туған Фаустаймын.
Күліп солай екі боздақ,
Таң алдында құрды кеңес,
Сол бір таңда қиял маздап,
Шет қиялар берген елес.
XIV
–Туар таңмен кеңестім мен,
Маған жаңа жан берді күн.
Коля Степнов емеспін мен,
Енді Әліби Жангелдинмін!–
Деді жігіт достарына,
Күлімсіреп тұрды қарап.
Лена соны қостады да,
Оған назбен қойды талап:
–Жабырқадың жерде бөтен,
Өз еліңнен кетіп алыс.
Зарықты ғой туған әкең,
Сен үшін көп етіп намыс,
Құмар едім естіп сырттан,
Момын жұрттың мерейіне
Сағынып көп сен ынтыққан,
Сол қырды мен көрейін де...
–Сүйкімді ғой серуен дала,
Жайнап тұрса жалтыр аспан,
Маған ыстық сай-салада
Қой-қозылар жамырасқан.


Көрінеді ыстық маған,
Сонау қалған жалбыр лашық,
Келсе соған туыс-туған,
Жалбағайлар жабырласып,
Сағындым мен әкемді де
Құм төбеде қалған жылап.
Достарымды өскен бірге,
Сағындым көп, толғандым-ақ,
Бірақ сонда мұздар жүрек,–
Көрінсе сол ел елесі;
Тулар мүмкін ыза тілеп,
Жанға түскен көлеңкесі.
Түксиіп құр жатқан шығар,
Байға басын иген құлдар.
Жүрген шығар қалбалаңдап,
Қой соңында әкем сорлы.
Бажылдап бай алған жалдап,
Көтерді ме сойқан қолды?
Еңкейді ме, есіл жұртым,
Түйілген соң жат жұдырық?
Ұлық-төре бұзып шырқын,
Жатса қайттім атып-ұрып?
Сонда менің –дәрменім не?
Қайнар мүмкін, құр зығырдан!
Қайралдым ба ел кегіне,
Әбжыландай ыза буған?
Өнерім не, білімім не,
Қайда маған қару, қайрат?
Сорға батқан сор еліме,
Қалай барсын қиял жайдақ!
Айтып соны тұр мұңайып,
Жас Әліби жаны күйген
Албырт Петя сыры ғайып


Өзгеше бір ойлар түйген,
Кенет сөйлеп қалатын да,
Ақындарша қолын сермеп,
Мініп қиял қанатына,
Кетер еді қияға өрлеп.
– Қырға барсаң жаның жүдеп,
Қайта тағы күйінеді,
Ізгі бақыт жолын тілеп,
Кел, кезейік дүниені!
Кел, жаһанды аралайық
Әлем сырын ашайық бір,
Қиындыққа қарамайық,
Кереметті жасайық бір?
–Ұшқыр досым, қаржы қайда?
Қарға мініп кетеміз бе?
Жұрттан қайырым табылмай ма?
Ізгі ниет етеміз де!
Күншығысқа жаяу кетіп,
Ораламыз күнбатыстан.
Дүние біткен қалған бекіп,
Емес шығар тар зымыстан.
Мүмкін ашар дарқан әлем,
Алдымыздан кең қақпасын.
Ғайыбы көп сырлар терең
Алдымызда ойнақтасын.
Әділ шындық қай тарапта,
Қайда бақыт сағымдалған?
Барамыз біз сондай жаққа,
Көрсін соны сағынған жан.
Шулы батыс, сырлы шығыс,
Жат өлкелер таң-тамаша...
Қандай қызық жаяу жүріс,
Төтелейміз таудан аса.


* * *
Қиял жүйрік кетті бірге,
Қанат қақты екі сырлас,
Ленаның көз түкпірінде,
Мөлтілдеді моншақтай жас.
Қыз ба Лена жігіт қияр? –
Төк жалынды, жанын биле!
Тоқта, ұшқыр үміт-қиял! –
Тік көзіңді Әлібиге...





Пікір жазу