12.04.2022
  145


Автор: Қалижан Бекхожин

ҚАЗОТЫ

 


Кімдер сүйсе гүлдерін
Өзі сүйген өлкенің,
Соларға айтқан бұл менің
Өсиетім-ертегім.


***
Ертеден де ерте кез
Заманында қыпшақтың.
Тұрған кезде өлкеміз,
Арасында қыспақтың.
Ереуілі болған шақ,
Ер басына күн туған,
Айналасын жау қоршап,
Ел бұғауда бұлқынған.
Жауға шапқан ұлдары
Ата-ананың кегімен,
Көп қағылған шыңдары
Қандар да көп төгілген.
Шаңырақтар шатырлап,
Омырылған бағандар, Бұл аңыздың негізі орыс ақыны Майковтан алынды.


Қыпшақ елі қыспақтан
Азаттықта болған зар...
Болған еді екі жас, –
Білген барлық атырап.
Ерлігімен елге бас
Сұрша менен Атырақ.
Бірі аға, бірі іні,
Өскен бірге қырында,
Сүюші еді жерінің
Басып жүрген құмын да.
Оттай жанған жау десе
Екеуінің жүрегі.
Басқалардан өзгеше
Екеуі де ер еді.
Өлкесіне от салып,
Жау келген соң шатырлап,
Шықты қарсы аттанып,
Сұрша мен Атырақ.
Жолбарыстай екі жас
Жалынды жүз айбарлы,
Сілкінгендей тау мен тас
Жасады зор майданды.
Екеуінің ашуы –
Қара бұлттай көк жүзін
Басқандай, бір тасыған
Атыраудың теңізін.


Найзалары жарқылдап
Жау үстінде ойнаған,
Ақырып ер Атырақ
Жауды үркітпей қоймаған.
Сұп-сұр болып ойқастап
Сұрша батыр түйілген –
Жауларына жай тастап,
Ойнақтап жүр құйынмен.
Жауды қуды ақырып,
Сұрша менен Атырақ.
Соқты жауды жапырып,
Найзаларын қаттырақ.
Неше күндер соғысты,
Қандар ақты өзендей.
Өңшең батыр алысты,
Жандарынан безгендей.
Кетті Атырақ тым ұзап,
Қуып жауды соңынан,
Арттарында қанды із қап,
Алыста шың соғылған.
Кірпік қақпай соғысқан
Қалың жаумен сонша күн –
Сорғалаған ыстық қан,
Денесінен Сұршаның.
Қарай қалса бір кезде,
Ашылыпты көк тұман,


Басылыпты лезде
Соғыс оты ұйтқыған.
Күн жарқырап тұр күліп,
Туған жердің көгінен.
Тау басына ту тігіп,
Еркін дем ап, ел күлген.
Майдан шуы басылып,
Даласы тұр жарқырап.
Тұрды Сұрша аһ ұрып,
Қасында жоқ Атырақ.
Қайда кеткен інісі,
Тастап жалғыз ағасын –
Кетті қалай алысқа,
Қиып туған даласын?
Сол далада жас гүлдер
Көк толқындай шалқыды.
Іздеп жортып інісін,
Батыр Сұрша шарқ ұрды.


ІІ
Жат өлкеде тым алыс,
Ар жағында Кавказдың,
Тапты Атырақ қуаныш,
Құмар болды баққа аз күн.
Өзі қуған дұшпанның
Еліне кеп болды хан.
Ол жерінде басқаның
Сүйді өмірді шалқыған.


Жат елдегі қызықты
Тойлы думан күн үшін,
Ол біржола ұмытты
Туған жерін, туысын.
Ақ орданы салдырды
Бағанасын алтындап.
Ойын-сауық, сән құрды
Тақта отырып Атырақ...
Жетті бір күн хабары
Туған елге, Сұршаға.
Көп іздеген, сағынған
Көрмей оны соншама.
Естіп Сұрша белгісіз
Інісінің хабарын,
Көп отырды үн-түнсіз,
Қар басқандай қабағын.
Бір кез басын көтеріп
Шақырды бір жігітті:
«Барып қайтшы ініме,
Қайтып мені ұмытты?
Қарға жүнді қаттасым,
Үйрек жүнді өттесім.
Інілікті ақтасын,
Мені ұмытып кетпесін.
Қайтсын туған жеріне,
Өз еліне сүт емген.


Ұмытпасын мені де,
Бақыт тауып жат елден!»
Айтып Сұрша сәлемін,
Аттандырды жігітті.
Жігіт желдей жүйткіді
Мініп алып жүйрікті...
Келді кіріп сәлеммен
Аппақ алтын ордаға.
Сауықпенен, сәнменен
Атырақ отыр ортада.
Айтты тұрып жас жігіт
Ағасының сәлемін,
Жат өлкеден құтылып,
Тапсын деген өз елін.
Тыңдамады сәлемін
Ағасының Атырақ.
Ұмытқандай өз елін,
Ол кетіпті жатырқап.
Ішінде алтын орданың
Ән менен күй гулеген.
Балқытқандай ол жанын
Сауықпенен, шуменен.
Естіп соны ер Сұрша
Қапаланды, қайғырды.
«Неге ұмытты ол мұнша
Туған жерін айбынды?»


Тағы жазды оған хат:
«Туысқаным, қайт елге!
Елден безіп, жерге жат
Адал жігіт кетер ме?!
Мұнда саған қызық бар,
Мұнда жақын туысың –
Қандай жігіт қызығар
Жат өлкеге, құрысын!»
Тыңдамады, қайтпады
Туған елге Атырақ.
Жат өлкені жақтады,
Жат өлкеден тапты бақ.
Күн өткізді думанда,
Салтанатқа қызықты.
Жат жерде хан болғанға,
Туған жерді ұмытты.
Ыза жанды Сұршаның
Өртеп іштен намысын.
Бөтен елге Атырақ
Қиды-ау елін сән үшін!?
Қайырым деп қалайша,
Құрығандай амалы.
Кезіп кетті ер Сұрша
Қиыры жоқ даланы.
Көлбеңдеген теңіздей,
Көк майсадан ескен жел.


Көрсе көңіл шалқыған,
Қандай қызық өскен жер!
Иісі аңқыған қазоты,
Түсті бір кез көзіне.
Сүюші еді Атырақ
Оны бала кезінде.
Көріп Сұрша сол гүлді
Жұлып алды даладан.
Гүлді беріп жіберді
Атыраққа тағы адам.
Келіп жетті сол адам
Ақ күмбезді ордаға.
Ақ күмбезде той-думан,
Қызық сайран бір ғана.
Сырнай-керней тартылған,
Әндер шыққан арқырап.
Ақ тағында отыр хан,
Ол хан – біздің Атырақ.
Келген жігіт Сұршадан
Төрге басты қадамын.
Ханға қарап шырқап ән –
Шырқады әнін даланың.
Күңіренген күйімен
Жұрт жүрегін қозғаған –
Тартты дала қобызын,
Бозінгендей боздаған.


Әлде неге хан үнсіз
Қалды қатып түнеріп?
Әлде бұл күй көңілсіз –
Кетті ме екен ой беріп?
Елші сонда қойнынан
Қазотыны алды да,
Тастай қатып отырған
Қойды ханның алдына.
Алып гүлді қолына,
Иіскеді Атырақ,
Иіскеді тағы да,
Иіскеді қаттырақ.
Өзі туған даланың
Ол сүйікті гүлі еді.
Балқытқандай гүл жанын,
Жарылғандай жүрегі!
Хан Атырақ қаһарлы
Сол отырған тағында, –
Жас баладай жылады,
Гүлді иіскеп тағы да.
«Хан болмаймын жат жерге,
Бақыт үшін, күн үшін.
Шақырып тұр мені елге,
Туған өлкем, пейішім!
Жат өлкеде мен тапқан
Мынау қызық дүние –
Туған жердің нұр атқан
Жетпейді екен гүліне.


Хан болғанша жат елге,
Құл болайын далама,
Туған жерге жетейін,
Тез жетейін ағама!»
Соны айтты да Атырақ,
Гүлді басып төсіне –
Тақтан түсті, жөнелді
Шаттық ойнап түсінде.
Даласына жүгірді
Құтылғандай қапастан,
Дала қандай көңілді,
Шатыры бар көк аспан!
Кеуде кере дем алып,
Туған жердің лебімен,
Ер Атырақ қуанып,
Көрісті кеп елімен.
Келді туған үйіне,
Құшақтады ағасын.
Топырағын сүйді де,
Кезіп кетті даласын...


 





Пікір жазу