Поэмалар ✍️
ҚАМБАР АҒАЙ
Бірінші бөлім
І
Кім біледі Қамбарды?
Қозғайыншы бір кеңес:
Қан майданда қаһарлы,
Сонау батыр бұл емес.
Қара қасқа ат мініп,
Бұлттай түйген қабағын.
Құйындатып аң қуып,
Кере тартқан садағын.
Арыстанмен алысып,
Атына оны өңгерген.
Желкиікпен жарысып,
Төңкеріскен дәулермен.
Қыран салып қуғызған,
Көлдің аққу, қазын да,
Көзін салып өтетін
Қырындап қыз Назымға.
Ертегінің өзі емес,
Айтам басқа Қамбарды.
Ұландарым, бұл кеңес,
Саған ғана арналды.
Қызық та ғой ертегі,
Дәріптеген Қамбарды.
Рас қой деп ел тегі,
Неге сонша таң қалды?
Ертегіні білмеймін,
Бүгінгі өмір, бұл шыным.
Шын өмірмен өрлеймін,
Қиялы емес жыршының.
Оқыңдаршы қуанып,
Кешкілікті кеңесте.
Ертегі емес, бұл анық
Өмір сыры емес пе?
ІІ
Мінезі де тым берік,
Осы Қамбар ағайдың.
Кейісе бір түнеріп,
Сөйлеспейді талай күн.
Қалың қасты қабағын,
Жұдырықтай томпайтып.
Делите қап танауын,
Сөйлеспейді сөз қайтып.
Қамалып сөз тұрғандай,
Бүлкілдейтін ұрты да.
Жиырылып кең маңдай,
Жел тұратын мұртына.
Кейігенде осылай,
Әйтпесе ол сабырлы.
Артық сөзге қосылмай,
Сүймес шуды, дабырды.
Қытымыр да жан емес,
Мейірімді, кең пейілді.
Бірақ қайдан үйренді,
Томсара қап, кеюді?
Болушы еді жайдары,
Кешегі өткен бір кезде.
Теңіздей тасып ойлары,
Жарқын еді мінез де.
Күле кіріп шахтаға,
Гуілдетіп бұрғысын.
Көруші еді шаттана,
Өндіріп тас нұрлысын.
Шыға келсе – кең көше,
Бойларымен ой шарлап,
Жігері өсіп он есе,
Адымдайтын алшаңдап.
Салынған көп үйлерге,
Қарай қалып тоқталып.
Тасушы еді ойы өрге:
Бұл қалай деп мақтанып.
Әне, бір зәулім ақ тас үй,
Тіпті, қандай тамаша!
Қызғалдақтай жас ылғи,
Көз тойдырған қараса.
Қамбар ағай шахтадан
Қайтса көріп сол үйді.
Ширап бойы шаршаған,
Шалқытатын көңілді.
Қуанбайтын ол текке,
Қарашығы, құлыны –
Болушы еді мектепте
Оқып жүрген бір ұлы.
ІІІ
Баласы еді бір ғана,
Өскен жалғыз шынардай,
Толықсыған тұлғада,
Толқындайтын сыр бардай.
Өсті бала ойнақтап,
Кеудесін кең көтеріп.
Жылдам басып жыл аттап,
Қиялына от беріп.
Беті нарттай жайнаған,
Желкілдеген айдары.
Өрге шауып ойнаған,
Жас киіктей сайдағы.
Мөлдір қара көзінде,
Шоқ бар еді бір отты.
Жалындап тез өзі де,
Жандырғандай жүректі.
Қарсы шауып боранға,
Зырлататын ағызбақ.
Жүгіріп қансонарда,
Аң қуатын жалғыз қап.
Жұлдыздай ағып адырдан,
Зырлаушы еді шаңғымен.
Жарыста кеп алдынан,
Оқуын білген алдымен.
Айтайықшы білімін,
Алдымен білім керек қой.
Жақсы білген оқуын
Бар еді онда зерек ой.
Құмартып шын ынтыға,
Оқушы еді кітапты.
Өмірін сүйді құлшына,
Мектебін тым ұнатты.
Қуанды әке ұлына,
Өмірге бала көрік деп.
Сүюші еді қызыға,
Атаушы еді Серік деп.
Еркін өмір, бақыт шақ,
Өсірді оны өндір қып.
Қандай қызық болашақ,
Бітпек еді онжылдық...
ІҮ
Жайнап қана тұрды күн,
Жарқырады алтын жаз.
Қызықты ғой жаз шіркін,
Жан жадырап, көңіл мәз.
Жағалауын Жездінің
Желкілдеген гүл басты.
Гуілдеді көбелек,
Шіркей де әнді шырқасты.
Жүгірісті жас ойнақ,
Бітті сабақ биылғы.
Көздерінде от жайнап,
Қуалап жүр құйынды.
Сол күн Қамбар ағай да,
Болды тіпті көңілді.
Алып еді ол ойға
Серігін жас өмірді.
Ол бітірді тоғызды,
Бітпек биыл онжылдық.
Сонысы шаттық туғызды,
Ойға шапты ой зырғып.
«Бітірер оны Серігім,
Бітірер тез ВУЗ-ын да,
Білімнің басып көрігін,
Балқытар тау-құзын да.
Егер болса ұлымда,
Мендегі бар өр жігер.
Егер болса ол мұнда,
Ең жауапты инженер.
Билесе бір шахтаны,
Билесе кенші – мені де,
Қатар болса шарттары,
Терең болса кені де.
Жан білмеген тастарды,
Қопартса тым тереңнен,
Таң қылса бар жастарды,
Жаңалық бір өнермен.
Үйретсе маған забойдың,
Тіпті шапшаң әдісін.
Жарыста озып талай күн,
Болса өнеге әр ісің!
Иә, солай болмақшы,
Оқып, балам өседі.
Демалыс бүгін тым жақсы,
Рекордтан кейін кешегі...»
V
Жатыр еді жантайып,
Ойлап соны шаттықпен;
Қарай қалса ұлына,
Көкірегі шалқып кең.
Ақтара оқып кітабын,
Отыр еді Серігі, –
Келешекке, өмірге,
Арта түсіп сенімі.
Кенет сол күн бұзылды,
Басқандай бір қара бұлт,
Келді хабар бір зілді,
Құйындай тез таралып.
Алтын бесік – Отанға,
Салды дұшпан тырнағын.
Бұзып кетті сол хабар,
Қамбар ағай сырларын.
Деді келіп парткомға;
– Майданға мен барайын.
Елірген сұм дұшпанға
Ереуілдеп қарайын.
Тығылман жер астына,
Теңселгенде ел бүгін,
Сыналған өр тасқында –
Ерімін Амангелдінің.
– Жоқ, – деді партком, – бармайсыз,
Ісіңіз күшті бұл маңда –
Оқ болып сенің мыстарың,
Атылмай ма дұшпанға?
Керексіз ғой сіз мұнда...
Шахтада да майдан бар.
Қырғын салар құзғынға,
Бар ғой батыр ұландар.
Соны айтқанда есіктен
Ентіге кірді Серігі.
Әлдекімге өшіккен
Секілді боп көрінді.
– Кеттім, әке, майданға –
Өтініп өз еркіммен.
Отанымды сақтауға,
Сұм фашистің өртінен.
Жеңуге қас-дұшпанды,
Тасқындаған күш керек,
Қиратуға қамалын
Оқ бораған мыс керек!
Соны ұмытпа, әкежан!
Әкелік сол борышың.
Отқа түсті Ұлы Отан,
Жөнелемін сол үшін!
Бітпей қалды онжылдық,
Келермін тез оралып.
Қирайды жау, жеңеміз,
Келемін, әке, ол– анық...
Кенет Қамбар булыға
Түйіле қалды қабағы.
Қадала қап ұлына,
Көзіне тура қарады.
Бала емес, ол – ер жігіт,
Жайнаған от көзінен.
Қалай жанды ер үміт,
Қандай күшті сезіммен.
Кеше ғана жас бала,
Қалайша тез ер жеткен!
Жау десе тұр сұстана,
Намыс отын өрлеткен.
Құшағына қысты да,
Сүйіп алды маңдайдан.
– Батыр бол! – деді ұлына, –
Шығарма, – бірақ, мені ойдан.
Күлімдеп қана бір қарап,
Жөнеліп кетті Серігі.
Күле бір кеткен сол сипат –
Әкенің болды сенімі...
VІ
Күндер өтті асығыс,
Күркіреп оқты майданда.
Өршіп жатты қан соғыс,
Өтті талай айлар да.
Тереңінде шахтаның
Төңкеріскен бір майдан.
Толқындатып тастарын
Гүрсіл даусы ұлғайған.
Көрінді көп шахтерге
Тас қамалдай забойлар.
Ерлік еткен бұл жерде
Біздің Қамбар ағай бар.
Қашағанда бұрғысын,
Тас қақырап ұшқанда.
Ойлап жүрді: «Бұл мысым –
Қадалды оқ дұшпанға».
Үңгірінен забойдың,
Үн қатқандай Серігі:
– «Әке, жібер оқты тез,
Атайын, жау көрінді!»
Болушы еді дегендей,
Жүргендей бір шахтада,
Тірлігінің белгісі –
Келген екі хат қана.
Хатын оқып өзін бір
Болушы еді көргендей,
Секілді еді сөзі жыр,
Өзі батыр ерлердей.
Майдандағы ерлігін,
Сол хатына тізіпті.
Алып таудың биігін,
Жаудың шебін бұзыпты.
Кеше ғана жас бала –
Ер командир болыпты.
Үлгі болып басқаға,
Бастап ылғи жорықты.
Алыпты көп алғысты,
Атаныпты ер жігіт.
Естіп соны Қамбардың,
Жүрегінде жанды үміт.
Жүрегінде жанды үміт,
Біздің Қамбар ағайдың.
Толқындатып тастарды,
Өтіп еді талай күн.
Борандатып қыс келді,
Бүркеді бұлт аспанды.
Күркіретіп мыс кенді,
Төтен айқас басталды.
Қатты нұқып бұрғысын,
Қатайды Қамбар ағай да.
Сұстандырып сұр түсін,
Үрей салды маңайға.
Соқты қатты сол боран,
Қанды майдан шетінде.
Аяз бетті ер ұлан
Кірді жаудың шебіне.
Алға бастап взводын,
Жау тобымен айқасты.
Қалың қардай боратып,
От пен оғын жау шашты.
Қамалады көп дұшпан,
Азғана бір сол топты,
Қасарысып соғысқан,
Қанға бояп окопты.
Взвод қана жалғыз қап,
Қалың жауға тап болды.
Жас өмірлер жалындап,
Оттай жанар шақ болды.
Әлде қар ма, әлде оқ па –
Бұрқыраған жан -жақтан?
Қарсы шықпай сол оққа,
Көр таба ма окоптан?
«Ал тұрыңдар, достарым,
Кескілесер кез келді!
Оқты боран бұрқырап,
Бұқтырмасын біздерді», –
Деп айқайлап командир,
Кірген еді айқасқа.
Күркіреді зеңбірек,
Оқ тиді екен қай жасқа?
Автоматтар лап берді,
Жықты ма екен бәрін де?
Жүрген біздің Серік қой
Сол шайқастың өрінде.
Жалғыз өзі қалыпты,
Қалың жаудың ішінде.
Жолбарыстай жұлқынған,
Жалын ойнап түсінде.
Бірақ жалғыз жас ұлан,
Қамалаған дұшпан көп.
Жалаңдаған сол дұшпан,
Жарқылдатып атқан оқ.
Граната қолынан
Ұшып барып жарылды.
Жапырылды қалың жау,
От боранды жамылды.
«Отан үшін!» – деді де,
Көтеріле жүгірді.
Ұшты соңғы гранат...
Есіл боздақ жығылды!
«Әкем үшін!» – деді де,
Тұрып, қайта жүгірді.
Оқ тиді де кеудеге,
Серік қайта жығылды.
Оранды да ол жатты,
Туған жердің қарында.
«Отан! Әке!» – деген сөз
Жалындады қанында.
VІІ
Зілі сол бір хабардың
Тасын жарды шахтаның,
Бұзып кетті Қамбардың
Қуанышты шақтарын.
Құлап түскен көк тасты,
Қолына алып қарады.
Жүрегін зор зіл басты,
Түйілді де қабағы.
Ол күрсінді бейне бір,
Кеткендей кен тітіреп.
«Үзілді -ау», – деп гүлді өмір,
Күңіреніп, күбірлеп!..
Уа, сүйікті Ұлы Отан,
Бесігіміз тербелген.
Жастық шаққа жарқын таң,
Қуанышты сен берген!
Біз әзірміз сақтауға,
Сені мәңгі дұшпаннан,
Мейіріміңді ақтауға,
Жалын атып құштар жан.
Жастық шақ қандай тамаша,
Мәз-мереке, шат қызық.
Бәріміз де балаша,
Қызықпен күн өткіздік.
Бейне бір жас қызғалдақ
Сынды біздің ұландар.
Жайқалған көз алдыңда,
Жапырақтай бұлаңдар.
Тірлікте не қисақ та,
Қимаймыз жасты өлімге.
Қуанышты бұл шақ та,
Жастық гүл ғой өмірге!
Отан өзі өсірді,
Гүліндей жас ұрпақты;
Еркелетті, нұр берді,
Жасап берді гүл-бақты.
Уа, нәлет, жау оқ атқан,
Жас өмірге, түлекке!
Сол боздақтан қан аққан,
Қалды шер боп жүректе.
Не дейміз Қамбар ағайға,
Қатуланса қабағы?
Бірақ берік ондайда
Біздің совет адамы.
Езілмеді қайғырып,
Тістеніп тым сұрланды.
Жалғызынан айрылып,
Ыза - кекпен шыңдалды.
Қайғырғанша егіліп,
Шақырған артық ашуды.
Қамбар іске беріліп,
Қас батырдай ашынды.
Бұзатындай қамалды,
Мелшиген қыр тастарға,
Бұрғысымен қадалды,
Қопарып тез тастауға.
Серігін атқан сол бір жау,
Тас бүркеніп жатқандай.
Түйрей берді сүңгіні,
Тесе бір өткен оқтардай...
Екінші бөлім
І
Қатша шешей жақсы ана,
Мейірімді, пейілді.
Күлімдейді тек қана,
Білмейді бір кеюді.
Анасындай көрінген
Көзіне бар баланың.
Дейді адал көңілмен
Бар баланы «қарағым!».
Асыр салса көшеде,
Ойнақтаса көп бала,
Қуанады шешей де,
«Қарақтарым!» – деп қана.
Көре қалса баланы
Шаңғы тепкен боранда,
Дүбірлетіп даланы,
Допты соққан алаңда;
Зырлап жүрсе, немесе,
Көшеде велосипедпен,
Иә шахмат ойнаса,
Отырса ауыр есеппен;
Иә ағаштың түбінде
Бір жас бала отырса –
Беріле, тым үңіле
Кітапты бір оқыса:
– Серігім ғой аумаған!
Уа, шыбығым, шынарым!
Құшағыма кел, балам,
Иіскейін, шырағым!
Жүзіндегі әжімде
Жасырынып сыр қалған.
Ұл қайғысы әлі де,
Жан түбінде ұрланған.
Жасыратын жалғыз -ақ
Мұны Қамбар ағайдан.
Жалғыз ұлын көп ойлап,
Қатуланған, қарайған.
ІІ
Көк тасындай шахтаның,
Қамбар ағай қатайды,
Дүбірлетті жер астын,
Тас батыры атанды.
Өсе берді нормалар,
Тас толқындар ағылды.
Жөнелді сан тонналар,
Қағып жауға дабылды.
Бірақ қайтып бітпеді,
Жана берді сол бір кек.
Ашу оттай үдеді,
Кекке толды көкірек.
Жалындады өр қуат –
Жүрегін де от алды.
Жайнау үшін жастық шақ,
Қорғау үшін Отанды.
Қалса забой ойсырап,
Жатса тастар ойран боп,
Қамбар ағай сүйсініп
Дейтін: «Міне, майдан!» – деп.
Болушы еді жау қуып,
Жасағандай жорықты,
Болушы еді қырғандай
Біздерге қас полкті.
Нығыз басып аяғын,
Үйіне тез қайтатын.
Жеңісінің баянын,
Кемпіріне айтатын.
Үйдегі бір бөлмеге
Асыға тез кіретін,
Соған көңіл бөлетін,
Соны медеу көретін.
Осы бұрыш ұлының
Болушы еді бөлмесі.
Өсіп еді осы үйде,
Көтеріліп кеудесі.
Жатушы еді осында,
Оқушы еді кітапты.
Сырластары, досы да
Салушы еді ойнақты.
Шырқаушы еді әндерін,
Жатушы еді шуласып.
Кейде еркін таласып,
Кейде достық сырды ашып.
Ұлы кетті... бөлмеде
Болған жоқ бір жаңалық.
Көшіп кетті үйінен
Жәрмеңке, жас балалық.
Балалы үй базар ғой,
Қайда қайран боздағы?
Баласыз үй мазар ғой,
Мұң түтіндеп маздады.
Бөлмесінде тек енді,
Қалды елес боп сол бейне.
Қамбар ағай бөлмені
Айналдырды музейге.
Қойды тізіп бөлмеге
Қатар іліп киімін.
Экспонат секілді,
Жинады бар бұйымын.
Кітаптарын текшелеп,
Зор шкафқа қалады.
Столында сақталды
Қарындашы, қаламы.
Бір бұрышқа үйілді
Жинаған тастары да,
Түрлі ойыншық жиылды,
Ойнаған жас шағында.
Әкеп қойды бөлмеге,
Ескі велосипедін де.
Жайды түрлі суретті,
Бейнесін елестетуге.
Бірге түскен суретін
Достарымен мектепте, –
Шыныға сап шегелеп,
Іліп қойды бір шетке.
Тағы түрлі суретін
Қойды іліп тақтаға.
Қабырғада кілең жас
Күліп тұрды топтала.
Бәрінен де жоғары,
Жарқыратып нұр бетін –
Сұр шинелді баланың,
Іліп қойды суретін.
Қабырғада сүйкімді,
Тұр лейтенант күлімдеп.
Қамбар ағай сүйсінді:
«Осы менің ұлым!» – деп.
Омырауында ұлының
Тұр ордені жарқырап.
Дәл төріне үйінің,
Жағылғандай шам-шырақ.
Құрметтеп сол бөлмені,
Қамбар ағай сақтады.
Сақталғандай сол жерде
Ұлының жас шақтары.
Әйеліне тапсырды:
– Мұнда енгізбе басқаны.
Жоғалмасын кітабы,
Шашылмасын тастары.
Менсіз ешкім кірмесін,
Ойнамасын бір бала,
Бүлдірмесін бөлмесін! –
Тек тілегім сол ғана.
ІІІ
Үш жыл өтті, әлі де,
Қанды майдан тынбады.
Ұлы Совет елінде
Көк теңіздей тулады.
Қан бүрікті қасқыр жау,
Жараланды жеріміз.
Болды айнала өрт-алау,
Жана түсті көгіміз.
Құрсаулы көк темірлі,
Жау ойнатып найзағай.
Өртеуге жас өмірді,
Жарқылдатып төкті жай.
Жасыл мәуе, көк нулы
Өртелді ормандарымыз.
Отқа түсті толқынды,
Толықсыған дәніміз.
Балдырған жас баланың
Тұлымдары тұтанды.
Ақ шашын да ананың
Жалаңдаған өрт шалды.
Өртеді жау үйлерін
Украина туыстың.
Бұзды шаттық күйлерін
Әлегімен ұрыстың.
Нелер сәби жас ұлан
Бесік етіп вагонды,
Көшіп соғыс тұсынан
Күншығысқа жөнелді.
Ата - анасы бірінің
Қалды майдан шебінде.
Кейбірінің туысы
Ұшыраған өлімге.
Кейбірінің анасы
Партизандар тобында.
Кей әкенің белгісіз
Бары яки жоғы да.
Жас қозының көзіндей,
Жаутаң қағып көздері,
Жетім сәби сезіммен
Мейірімділік іздеді.
Бірақ Ұлы Одақтың
Бауырмал ғой адамы.
Бір туысқан кісідей
Ынтымағы, талабы.
Көшкендерге кең ашты,
Есігін де, төрін де.
Жайды ыстық құлашты,
Біздің қазақ елі де.
Кілең бір жас баланы,
Тиеп майдан шебінен,
Келді поезд Жездіге
Өзгеше бір шерумен.
ІV
Қатша шешей оңаша,
Жалғыздықтан жалықты.
Үйден шығып қараса,
Күн де еңкейіп қалыпты.
Күн астында құм белде
Көк шатырлы вокзал бар.
Сол арада жүр неге
Сонша қалың адамдар?
Жүретіндей сапарға,
Кемпірлер де бұл жерде –
Әлде сонау майданнан
Балалары келген бе?
Қатша шешей ақырын,
Басты аяғын сол жаққа:
«Әлдеқандай қарағым
Келді екен!» – деп қонаққа.
Келсе вокзал басында
Танымайтын топ бала,
Қоршап соның қасында,
Кемпірлер жүр топтала.
Өңшең балғын, көк өрім,
Жаутаңдаған жас ұлан,
Бәрі қандай сүйкімді,
Кеткің келмес қасынан!
Қатша шешей мейіріммен
Көп балаға қарады,
Көздерімен телмірген
Ішті тартып барады.
Ескі көрші Айша апай,
Тұр құшақтап біреуін.
Нұрланыпты тапқандай,
Ежелгі бір тілеуін.
Секретары парткомның
Сөз сөйледі сол жерде.
«Жас ұландар қарап тұр,
Жаутаң қағып сіздерге.
Қарсыласып сұм жауға,
Ата-анасы көбінің,
Қаза тапты майданда
Бақыты үшін елінің.
Туысымыз, досымыз,
Украина еліміз.
Мына тұрған жас өндір,
Біздің де өрендеріміз.
Емес бұлар панасыз,
Бәріміздің баламыз.
Жаутаңдаса жас сәби,
Қайтіп қарап қаламыз!
Салынады көктемде,
Бұларға үй, бақша да.
Салынады мектеп те,
Табылады басқа да.
Қазір тар ғой қаламыз,
Әзір тұрған үй бар ма?
Қазір қайдан табамыз,
Баспананы бұларға?»
Осы кезде Айша апай
Деді: – Пана боламыз,
Бер біреуін өзіме,
Өзіміздің баламыз.
Өсірейін мәпелеп,
Еркелесін, ер жетсін.
Жайраң қағып сол бөбек,
Жанымызды тербетсін.
Тірі болса туғаны,
Өздері кеп әкетер.
Егер тірі болмаса,
Балалықты бізге етер.
Айша апай солай деп,
Қасындағы баланы:
– Осыны мен алам, – деп
Көпшіліктен қалады.
Қатша шешей тұр еді,
Балаларға таңданып,
Әлгі бір сөз өзіне,
Сөйлегендей арналып.
Ұйып кетті ізгі ана,
Сөйлемеді сөз бірақ,
Орнынан сәл қозғала,
Тұра қалды көз қадап.
Бұйра шашы жалбырап,
Қоңырқай жүз бір ұлан.
Алма беті албырап,
Бәйшешектей құбылған.
Мөлдір көзі жаудырап,
Қарағандай Қатшаға,
Осы бала кетті ұнап,
Ұқсамаған басқаға.
– Келші бері, қарағым,
Серігімдей екенсің!
Сені сүйіп қаладым,
Қалайша сен бөтенсің?
Бөтен емес, ұлымсың,
Серігімдей серік бол! –
Мұз жүрегім жылынсын,
Келші, – деді созып қол.
Жаутаңдаған сол бөбек,
Жат анаға жабысып,
Ана көзі мөлтілдеп,
Кірпігінен жас ұшты.
Бауырына басты да,
Мұздап қалған аяғын,
Кең құшағын ашты да,
Сүйді бетін баланың...
V
Қамбар ағай шахтадан,
Қайтты үйіне алшаңдап.
Бүгінгі зор рекордтың,
Екпінімен ой шарлап.
Келсе үйіне – Серіктің
Ашық жатыр бөлмесі.
Ішінде жүр екен кім,
Басынған ба, бұл несі?
Тастарын да Серіктің,
Қолына алып тұр қарап.
Бұған берді ерік кім,
Ойы бар ма ұрламақ?
– Ей, тұрымтай, кімсің сен,
Не ғып жүрсің бұл жерде? –
Бала жат бұл кісіден
Сасып қалды үндеуге.
Шыға келді ас үйден
Қатша шешей сол кезде,
Нұры шалқып түсінен,
Қуанышпен бір кезде.
– Е, кемпірім, мұның не?
Мына біреу бала кім?
Қайдан келді? – деді де,
Түйді Қамбар қабағын.
Қатша шешей сабырмен,
Күйеуіне тіл қатты:
– Кейімеші налып, сен,
Түймеші құр қабақты.
Асыңды іш, әуелі,
Асықпашы, айтармын.
Жас балаға кімсің деп,
Бетін неге қайтардың?
Келді екеуі ас үйге,
Алып бірге баланы.
Қамбар ағай сәбиге,
Түсіне алмай қарады.
Қатша шешей сөйледі:
– Келді алыстан бұл бала.
Жас болса да өмірі,
Аянышты сыр ғана.
Ата-анасы бар екен
Украина жерінде.
Душар болған сол мекен
Сонау дұшпан жебірге.
Бомбасынан сол жаудың
Өртеніпті қаласы.
Аранында шырмаудың
Оққа ұшыпты анасы.
Ал әкесін білмейді,
Өлі ме әлде тірі ме?
Бұл баланың үрейлі
Қайғысы бар түрінде.
Жетім қалған ұланға
Ізгі пана боламын.
Телідім мен туғанға,
Анасымын баланың.
Басты дереу ашуға
Қамбар ағай осыған.
Жауап айтқан асыға,
Адамдай бір шошыған.
– Не деп тұрсың абдырап,
Тірілгендей Серігің.
Жат балаға жадырап,
Қайдан туды сенімің?
– Жас бала ғой нәресте.
Сүттей таза жүрегі.
Ұмытар ма бәрі есте,
Әкесін ол біледі.
– Білсе білсін, ер жетсін,
Бізді ұмытпас бірақ та.
Алданайық, шер кетсін,
Жас дауыс кеп құлаққа.
Жалғыздықтан жасыдым,
Жабырқадым, кейідім.
Мерейіне жас ұлдың
Көл секілді пейілім!
Өсіремін осы ұлды,
Қақпа менің бетімнен.
Ұнап қалды кескіні,
Желбіреген кекілмен.
– Жоқ, болмайды! Басқаның
Баласына қызықпан.
Серігім жоқ, безгемін
Бала деген қызықтан, –
Деп зілденіп қараса,
Жас баланың көзіне.
Тұр мөлдіреп жараса,
Нұрлы көзі өзіне.
Тұрып қалды сұрлана,
Аңсап туған баласын.
Қозғап кетті бұл бала
Жүректегі жарасын.
Кіріп келді сол кезде
Секретары парткомның,
Өтімді еді бұл сөзге,
Бұрғысындай шахтердің.
– Иә, Қабеке, түндегі
Құтты болсын ісіңіз,
Абыроймен үнемі
Тағы да өрлей түсіңіз!
Таңғажайып рекордты,
Жасапсыз ғой ерлікпен.
Алғыс айтты зор тіпті,
Шахтадағы ер біткен.
Құтты болсын, Қабеке,
Қайта туған балаңыз!
Бұл да Отанның түлегі,
Балаңызға санаңыз.
Жұртың сізге тұр сеніп,
Өсіріңіз мейіріммен,
Серігіңдей бұл серік,
Құтылыңыз кеюден.
Ал, шешеке, той жаса,
Бүгін бала таптыңыз!
Ұрпақ гүлдей жайнаса,
Бәріміздің бақытымыз.
Деген кезде, ізгі ана
Сүйді құшып баланы.
Қамбар ағай таңдана,
Сол балаға қарады.
VІ
Қатша шешей көңілді,
Қасында жүр жас бала.
Жұбанышы, сенімі,
Алаңы жоқ басқаға.
Ұлдың аты Жора екен,
Жақсылыққа жоры деп,
Серігіне көріп тең,
Қойды атын Жорабек.
Есіл ана мейірімді,
Көкірегі күмбез ғой.
Атын қойды сүйкімді,
Серік, Жора – бір сөз ғой.
Жасы биыл жетіде,
Есті бала бірақ та.
Нұр жайнайды бетінде,
Ұқсап көзі шыраққа.
Мінезі де сүйкімді,
Момын ғана әдепті.
Әрбір іске икемді,
Тіпті жақсы әдетті.
Десе шеше «еркешім!» –
Жылылық бір сезілген,
Мейірімділік сәулесін,
Ұғушы еді көзінен.
«Күнім!» - деген сөзіне,
Күнде үйреніп құлағы.
Жылылықты сезіне,
Күлім қағып тұрады.
Уыз еді өз тілі,
Емген сәби кезінде,
Мынау өзге жұрт үні
Тиді қалай сезімге?
Сөзде емес, жүректе
Мейірімділік тегінде.
Ұқты бала сөз түгіл,
Бұл ананың лебін де.
Осы үйде шын туғандай,
Еркін өсті жас ұлан.
Күндіз-түні бір қалмай,
Анасының қасынан.
Ана байғұс елжіреп,
Бауыр басты бөбекті.
Балқып соған шын жүрек,
Тіледі шын тілекті.
Бөлмесінен Серіктің
Білді Жора сыр ашып.
Жолдарындай жорықтың
Жатты тағдыр ұласып.
Ойлы көзі тұнғандай,
Суретіне Серіктің,
Сағыныштан туғандай,
Қарайды кеп төніп тым.
Қатша шешей разы боп,
Қуанады осыған.
Аймалайды Жорасын,
Сипалайды шашынан.
Бірақ Қамбар келерде,
Шығады бұл бөлмеден.
Кешкі алаң-елеңде,
Абыржыған ойменен:
«Орындалмай қалды ма,
Әлде бүгін нормасы?
Әлде ашуы жанды ма,
Бір жұмысқа болмашы?
Ашық па екен қабағы,
Кешікті ғой немене?
Алдынан шық, Жоражан,
Әлде шаршап келе ме?»
Қамбар ағай шахтадан,
Шығып кеште алшаңдап.
Үйге шапшаң аттаған,
Қырды кезіп, ой шарлап.
Шықса Жора алдынан,
Қарайды да таңданып.
Жетектейді қолынан,
Жүректе бір ой жанып.
Қандай жақсы балалық!
Әйбәт бұйра шашы да,
Келе жатыр жарасып,
Томпаң қағып қасында.
Жүрегі сол сезіммен
Жалындады түлеп тек.
Мерей тауып көзінен
Сөйлемеді бірақ көп.
Үшінші бөлім
І
Қанат қағып қаңқылдап,
Келді аққу-қаздарым.
Туды көктем жарқырап,
Жаңғыртты жер жазғы әнін.
Жағалауын Жездінің,
Желкілдеген гүл басты.
Гуілдеді көбелек,
Шіркей әнді шырқасты.
Қызу еді сол бір ән,
Дүбірлеткен жер үстін,
Қуанышпен шалқыған,
Көктемі еді Жеңістің.
Ойран болды құзғын жау,
Қансырата соқтық біз.
Биігіне Берлиннің
Дабылдата жеттік біз.
Көрсеттік біз дүниеге,
Өрлікті де, күшті де,
Желбіреді қызыл ту
Рейхстагтың үстінде.
Аңтарыла бар әлем,
Сонда бізге қарады.
Шалқыды зор кеудемен
Советтің ер адамы!
Шықты қайта ойнақтап,
Құлын-тайдай жас ұлан,
Шаттық даусын алшақтап,
Жеті қырдан асырған.
Жорабек те асыр сап,
Көп баламен жүр бірге.
Жас балалық қызық шақ,
Көктем қонған көңілге.
Оқып міне, екі жыл,
Үшіншіде оқымақ.
Оқымақшы тағы да,
«Өте жақсы» тоқып ап.
Бүгін бала тіпті мәз,
Беті нарттай жайнаған,
Жүрегінде орнап жаз,
Көзінде нұр ойнаған.
Қамбар ағай бір кейпін,
Бұзып кейде аспандай.
Үндемейтін, күлмейтін
Қабағын бұлт басқандай...
Уа, алақай бүгін бір,
Қамбар ағай көңілді!
Көздерінен жайнап нұр,
Кеудесі де керілді.
«Өрем қапты дұшпаным,
Орындалды сенімім!
Жауға тиді тастарым,
Разы маған Серігім!» –
Деп Қабекең қабағын,
Көтере ашты бүгін бір.
Мұртын сипап баптанып,
Езуінде күлкі өмір.
– Ей, Жорабек, кел бері,
Үшіншіге көштің бе?
Боймен емес, ойменен
Өрледің бе, өстің бе? –
Деп Қабекең күлімдеп,
Жорабекке қарады.
Түйілетін бұрын көп,
Жайдары ғой қабағы.
– Өте жақсы бағам бар, -
Деді сонда Жорабек.
Күлім қағып тұр Қамбар,
– Міне, жақсы бала! – деп.
Оқы Серік ағаңдай,
Сонда жақсы боласың!
Ұл боласың маған сай,
Серігімдей баласың!
Үлкен жеңіс іспетті,
Қуанышты үй бүгін.
Міне ғой велосипедті,
Бүгінгі бұл сыйлығым!
Жаутаңдаған Жорабек,
Осы сөзге болды мәз!
Жалындады көкірек,
Кеудесінде туды жаз.
Мініп велосипедті,
Құйындап жүр алыста.
Үлкендермен тең кетті,
Машиналы жарысқа.
Қатша шешей баланы,
Шолды қырдың алабын.
Сығырайып қарады,
«Қайда екен, – деп, – қарағым?»
Қатша шешей қуанды,
Шуақ басқан жер үстін.
Сол бір шуақ думанды
Шуағы еді жеңістің!
ІІ
Жеңісті жыл артына
Жүйрік айлар тіркелді.
Шаттық тиеп халқыма
Елуінші жыл келді.
Ақсаңдаған жауынгер,
Екі аяғын нық басты.
Масайрады қалың ел,
Тойы тойға ұласты.
Омырылған бағанның
Орнын басты зор тірек.
Деңгейінде даланың
Көтерілді күмбез көп.
Қырларында Жездінің
Құрылыстар қаптады.
Жеңіспенен кезіп үш,
Ерлер алға аттады.
Созылды кең көшелер
Асқақ зәулім үйлермен,
Жездіге сол тума жер,
Орнады бақ гүлденген.
Қопарылып дөңдер де,
Ақтарылды астары.
Шықты атылып өрлеуге,
Жер астының тастары.
Терең жаңа сайлармен
Жосаланды жер асты.
Жаңа талап ойлармен
Жездіні бір үн басты.
«Мыс толқыны шалқысын,
Теңіздей боп Жездіде!» –
Деген дауыс жер астын
Дүбірлетті, кезді де.
Қамбар ағай ертерек
Аяғын тез басты да.
Күндегіден тезірек,
Түсті жердің астына.
Бүгін тіпті ашынды,
Екпіндетіп қимылын.
Алғандай қолбасшының
Төтенше бір бұйрығын.
Жер асты қат -қабат
Тас қамалды қатпарлы,
Ұстағандай автомат,
Бұрғысымен оқталды.
Перфоратор шаңқылдап,
Бұрғы шақ-шақ соғылды,
Тас қабырға қақырап,
Кен жапсары сөгілді.
Бірақ екпін бұдан да
Күштірек бір өрлесе,
Перфоратор – бұрғы техникасы.
Алынған зор жоспар да,
Орындалса он есе.
Болар разы, бұл күні,
Орындалса шарттары.
Соқты асығыс бұрғысын,
Дүмбірлетіп шахтаны.
ІІІ
Көшесіне гүл еккен
Сона бір үй шеттегі –
Шеберлікке үйреткен
Жорабектің мектебі.
Жасты қосып жасына,
Есейді, тез ержетті.
Кластан өтіп класқа
Білімін де өрлетті!
Жетіншісі жеткенде,
Шықты былтыр жақсы атпен.
Механиктік мектепке
Кірген-ді бір мақсатпен.
Мақсаты сол – шахтада,
Шеберлікке толған іс.
Әкесіне, басқаға
Етсем деген қолғабыс.
Болсам, – деген, – өнерлі
Тіпті шебер механик.
Шахтада бір беделді
Кісі болсам... – деп анық.
Түсті осы мектепке,
Оқыды шын көңілмен.
Жорабекке осы оқу
Тіпті қызық көрінген.
Түрлі темір тетіктің
Түсінуге түйінін,
Ауыр ойға кетіп тым,
Білген бала қиынын.
«Қиыспалы бөлшектер
Бір -бірімен тістескен.
Осынша дәл өлшеп кім,
Тетіктерін кім шешкен?
Мына бір бөлшек тым бүрлі,
Кәдімгі қозы қарындай.
Мына бөлшек жұмырлы,
Зырлаған ұршық сабындай.
Мына бір темір бедерлі,
Қойыпты ішін қуыстап.
Мынасы тіпті мәнерлі –
Қайда барып қайыспақ?
Керемет қой машина,
Әкесі ғой өнердің.
Жасалды екен қалайша,
Қолымен зор шебердің?» –
Ойлап соны Жорабек,
Бөлшектерге қызықты,
Формасына қарап көп,
Сызды талай сызықты.
Бір жыл оқып мектептен,
Білді талай тетігін.
Білді қалай бөлшектің
Түзеліп те кетуін.
Қалса бірі мұқалып,
Бір бөлшектің елеулі –
Дәл ғып сызып шығарып,
Білді бала егеуді.
ІV
Бейуақытта ол кешкі,
Кетпей қолдан құралы,
Бұзылған бір бөлшекті,
Қиыстырып құрады.
Үйге жиып темірді,
Дүкеніндей ұстаның,
Шеберлікті үйренді,
Аударып тым құштарын.
Қатша шешей қуанды,
Талапты Жорабегіне.
Өнері бар ұнамды,
Жігіт болар тегінде.
Бірақ Қамбар ағайға,
Ұнамады бұл ісі.
Ұнамады қалайда,
Теміршілік жұмысы.
– Болу керек бұрғышы,
Талқандайтын тастарды.
Жақсы забой жұмысы,
Ұнатпаймын басқаңды.–
Дейтін ылғи Қабекең,
Бүгін тіпті ашулы.
Не кейітіп тұр екен?
Неге мұнша ашынды?..
– Тықылдатпай темірді,
Қоя тұршы, қарағым! –
Деп Қабекең, зекіді,
Түйе қойды қабағын.
Перфоратор құрғырдың
Біле алмадым тетігін.
Көрдім өтпей бұрғының
Майырылған кетігін.
Әлгі мастер Сергей де
Науқас екен, келмеді.
Ділгер болды дер кезде,
Бөгелді істің өрлеуі, –
Деп Қабекең Жораға,
Күрсіне бір қарады.
Әлде сол бір балаға,
Түйілді ме қабағы?
Үндемеді Жорабек,
Шығып кетті үйінен.
Қала берді Қабекең
Қалпында сол күйінген.
V
Ойланды да Жорабек,
Өзгеше бір тілекпен,
Рұқсат алып шахтаға,
Зымырады клетпен.
Түскендей бір шыңырауға,
Тас өңешпен құлдырап,
Түбі терең шың тауға
Жетті, міне, зымырап.
Штрихтер туннелдей,
Электровоз жүгірген.
Тас толқындап сеңдердей,
Ақтарылған дүбірмен.
Өзектей кең үңгір көп,
Шым - шытырық бұрылған.
Шахта ішіне Жорабек,
Таныс еді бұрыннан.
Кең қуыстар шатқалдай,
Аңғарындай асқардың.
Таулар көшіп жатқандай,
Гүрсілі зор тастардың.
Жора қызық көргендей,
Алға басты тағы да.
Серуендеп жүргендей,
Эльбрустың тауында.
Міне, Қамбар ағайдың
Тас мекені – забойы.
Кесектенген кен тастың
Қопарылған талайы.
Жорабектің қолында –
Шағын ғана жәшігі.
Мұнда құрал-сайманы,
Мұнда алмас, асылы.
Мұнда темір қиғышпен,
Егеуі мен сызғыш бар.
Түйісуге тың іспен
Бала шебер тым құштар.
Қарай қалды, қалайша
Перфоратор бұзылды?
Қосылған қос бөлшектің
Мұқалыпты сызығы.
Бір сызығы мұқалып,
Екі бөлшек тірескен.
Қуат жүрмей тоқталып,
Өтпей бұрғы, сірескен.
Қадап темір сызғышты,
Еппен түртіп қашауын,
Бекітпекші бұрышты,
Бөлшектердің босауын.
Майырылған бүр қырланып,
Бұрынғыдай бола ма?
Дәл сыза алмай қиналып,
Әуреленді бала да.
Қолына алып бөлшектің,
Қырлап отыр бедерін,
Түзелмесе, әкеге
Біле алмады не дерін?
Тіпті сасып, абыржып,
Қашап та алды бармағын.
Көтергендей ауыр жүк,
Тер шылқытты маңдайын.
Қамбар ағай оралып,
Забойына тез келді.
Мынасы кім – Жора ма?
Жора екенін көз көрді.
– Неғып жүрсің бұл жерде?
– Техниканы жөндедім.
– Бүлдірдің ғой тетігін,
Білуші едің сен нені?
– Жоқ, бұзбадым, түзедім.
Міне, байқап қарашы...
– Бұздың-ау сен, сеземін,
Қиысты ма арасы?
Қысылмады Жорабек,
Машинаға ток берді.
Перфоратор зіркілдеп,
Сымды бойлап от келді.
Қамбар ағай бұрғысын,
Тасқа тіреп қарады.
Жалаңдаған сүңгі шын
Тасқа сүңгіп барады.
Түнерген тас қамалдың
Оқтай тесіп бүйірін,
Тасқа бұрғы қадалып,
Бұрқап кетті құйынын.
Зор жотадай тас бүйір,
Қалды лезде тесіліп,
Қамбар ағай іске үйір,
Жатыр міне, шешініп.
Шешінді де, Жораға
Қызыға бір қарады.
Жәрдемші боп бала да,
Көзін тартып барады.
Жалын атып тұрғандай
Ыстық қаны түрінде.
Алма бет пен кең маңдай
Жаралғандай сүюге.
«Сүйер ме еді, шіркінді,
Бірақ қазір уақыт жоқ...»
Перфоратор бұлқынды,
Бұрғысынан атып ток.
– Жоражан, сен бара тұр!
Оқуыңа бар енді.
Түзетілді перфоратор,
Көрейін бір бәлемді.
Қамбар тасқа бұрғыны
Қақырата соқты бір.
Жүрегіне бұл күні
Өр дабылын қақты өмір.
Соқты тасты қаттырақ,
Жігер от боп жанды да.
Жорабегі шамшырақ
Секілді көз алдында.
VІІ
Көшесіне гүл еккен,
Сонау бір үй шеттегі –
Шеберлікті үйреткен,
Жорабектің мектебі.
Осы үй бүгін өзгеше
Жорабекке қуаныш,
Болып жатыр сөз есе,
Комсомолдық жиналыс.
Өрен өрім өңшең жас –
Жүректері жалынды.
Біреулері әсемпаз,
Біреулері сабырлы.
Отыр мұнда Жорабек,
Жаңа келген қонақтай.
Тым сыпайы бала боп,
Отыр тыныш, тіл қатпай.
Тіпті бүгін бала емес,
Өзін балап жігітке, –
Отыр Жора, жай емес,
Беріліп зор үмітке.
«Комсомолға кірем», – деп,
Арыз берген ол кеше.
Отыр соған Жорабек,
Ойы шалқып өзгеше.
Лүпілдейді жас жүрек,
Қуаныш па, сасу ма?
– «Осы арызды ертерек,
Бердім бе екен, асыға!»
Жаңа Райхан қорқытты:
– Сені бүгін сынаймыз.
Қоямыз көп сұрақты,
Көп мәселе сұраймыз.
Кемшілікті айтамыз,
Мінезіңді мінейміз.
Білеміз ғой, байқаймыз,
Сен туралы не дейміз...
– Неге өшікті бұл Райхан,
Жоқ еді ғой жазығым.
Дейді қандай сыр айтам,
Қайрап маған азуын... –
Ойлап соны Жорабек
Отырғанда абыржып,
Сәби шағы – сол әлек,
Ойға келді тамылжып.
Келді асығыс сол бір шақ,
Туған үйі өрт басқан.
Ана ұлын құшақтап,
От алаумен арбасқан.
Шығарды ұлын далаға,
Ана байғұс құлады.
Құлап сорлы бала да,
Тұман түнде жылады.
Содан соң не? Поезбен,
Оны әкетті бір жаққа...
Қамқор тапты бұл дүзден,
Жетті міне, бұл шаққа...
Кіріп келді секретарь,
Өзіміздің Омарбек.
Жаутаңдады Жорабек,
Бір жақсылық болар деп.
Қарамады ол бірақ,
Өзі тіпті байсалды.
Жиналғанға бір қарап,
Отты көзбен ой салды.
Қолына алып тізімін,
Келгендерді тексерді.
– Кеше қайда болдың деп? –
Көп тексерді Жексенді.
Жайдары еді мінезі,
Күнде футбол тепкенде,
Неге сұсты бұл өзі,
Өзгеріп те кеткен бе?
VІІІ
Жағалай қарап алды да,
Сөйлеп кетті салмақпен:
– Біздің Жора жайында,
Мәселені ойлап кең:
Жөн айтыңдар Жораға,
Комсомолға енуге.
Жақсы жігіт бола ма
Осы жігіт тегінде?
Белгілі ғой өмірі,
Білесіңдер бәрің де,
Өскен бірге бала ғой
Өзіміздің дәуірде.
Оқуға да жақсы бұл,
Мінезі де әдепті.
Әр іске де икемді,
Әрі ақылды, әрі епті.
Бірақ осы Жорабек,
Саясатқа жетік пе?
Халықаралық жағдайды
Үйірмеде өтіп пе?
Жоқ, болды ғой, – ендеше...
Үйірмеге бара ма?
Саясатты білмесе,
Ол комсомол бола ма?
Мысалы, ол біле ме
Кімдер отыр Тайванда?
Вьетнамды қай сұмдар
Айналдырмақ майданға?
У шашпақшы құт жерге,
Қандай қара басқырлар,
Еліктеген Гитлерге
Қазір қандай қасқыр бар? –
Деп секретарь шынымен,
Жорабекке қадалды.
Білген жандай сыры кең,
Жержүзілік хабарды...
Жаутаң қағып Жорабек
Қарай қалды жан-жаққа.
Жөтеліп те қалды бір,
Аз ойланып алмаққа.
Қалды азырақ бөгеліп,
Қанша білгіш десе де,
Ең бірінші жиылыста
Сөйлеу қиын мәселе.
ІХ
Шықты жуан бір дауыс,
– Сөз сөйлеймін рұқсат па?
(Қамбар ағай асығыс
Келе қапты бұл жаққа...).
– Ал, сөйлеңіз, Қабеке,
Сынайсыз ба, Жораны?
– Әкесі ғой, баласын
Сынауына болады.
Оқталған бір мергендей,
Қамбар ағай қарады.
Сөз аузына тез келмей,
Жиырылды қабағы.
Сасып қалды Жорабек,
Сыңай ма деп әкесі.
Сезілмеген, сірә, көп
Бар да шығар қатесі?
Қамбар аға сөйледі:
– Сөз сөйлеймін сендерге,
Шешендігім емес бұл,
Кек жанып тұр кеудемде.
Коммуниспін, әкемін,
Жеткіншегім бәрің де.
Қатарына қосылмақ
Менің Жорабегім де.
Өмір өзі бала қып,
Берді бізге Жораны.
Бұл баламен жазылды
Жүрегіміз жаралы.
Мен білемін Жораның
Жүрегінің лебін де,
Өзім кепіл боламын,
Комсомолға енуге.
Шешесіне, маған да
Өзі тіпті сүйкімді.
Үйір жақсы адамға,
Әрбір іске икемді.
Оқуда да бұл озық,
Әрі шебер, өнерлі.
Түзеп берді бұл тозық,
Мұқалған бір бедерді.
Перфоратор түзелді,
Жорабектің қолымен.
Бұл болмаса жарыста
Артта қалып қойып ем.
Саясатқа тым жүйрік,
Мен айтайын білгенін.
Жорабектің аузынан
Үйренгенім бұл менің.
Айрылдым мен боздақтан,
Қаза тапты майданда,
Жас қыршынға оқ атқан
Лағынет жаусын айуанға!
Бейбіт жатқан ел едік,
Бүлікшіл жау өрт салды.
Кеудемізбен бүркедік,
Жау бұрқаған оқтарды.
Өмір үшін шаптық біз,
Жағаластық өліммен.
Тыныштықты таптық біз
Қанымызбен төгілген.
Өмір қайта жасарды,
Шаттық енді еліме.
Қайғыдан жаным босанды,
Өсті Жорабегім де!
Бәрің де жас сәулесің,
Жұлдызындай Отанның.
Жарқырайды сендермен
Алда тұрған атар күн.
Шаттық, тыныш бұл жақты
Отан өзі орнатты.
Қандай жауыз бұзбақшы,
Сендер сүйген сол бақты?
Біз бермейміз ерікті
Құтырған қанқұмарға.
Жас өмірді көрікті
Ездірмейміз сұмдарға!
Көтерілді әлемде
Жұрт дауысы күшті бір.
Бейбітшілік бар елде –
Сұм соғыста сұсты тұр.
Жас дауысы – өр дауыс,
Көтеріңдер зор үнді.
Бейбіт заман қорғаныс,
Сақтауға жас өмірді.
Жастық даусы сел – тасқын,
Болсын әлем көгінде.
Комсомол боп үн қоссын,
Менің Жорабегім де! –
Деген кезде жас қолдар,
Көтерілді жалаудай.
Әкеге үн қосқандар,
Жалын атып алаудай.
– Қанды соғыс болмасын,
Жаса мәңгі жастық шақ!
Сәбилер жетім қалмасын,
Гүлдей берсін жас ұрпақ.
Мөлдіреген көздерден
Жарқырады жас өмір.
Шаттық толқын сөздерден
Жөнелді жыр есе бір.
Тұрды Жора орнынан,
Айғай сала жаздады.
Ой қиялым сарсылған
Оттай қайта маздады.
Бақыттымын бұл шақта,
Сол бақытты сақтаймын.
Комсомолдық бір сапта,
Ақ сенімді ақтаймын!
Көтерді кең кеудесін
Біздің Қамбар ағай да.
Көріп жастық сәулесін
Жалын шашқан маңайға.
Сүйіп беттен Жорасын
Кеудесіне басты бір, –
Жазып соғыс жарасын
Жалын атқан жас ғұмыр.