12.04.2022
  124


Автор: Қалижан Бекхожин

ГИМАЛАЙ САРЫНЫ

І
Зәулім құздар,
Заңғар құздар,
Мүйіздері көк тіреп,
От найзадай,
Ақ найзағай
Төбесінде күркіреп,
Аңдай шұбап,
Бұлттар тулап,
Кеудесінде бұрқанған,
Азулы асқар,
Істік тастар
Темірдей мұз құрсанған.
Бұрқан-сұрқан,
Түтеп боран,
Жұлдыз қашқан басынан.
Күн биігін,
Тұңғиығын
Тұман торлап жасырған.
Зілді кектен
Нөсер төккен
Сол баяғы сарыны.
Дамылдамай
Тұр Гималай –
Азияның тәңірі.


* * *
Тау ұрпағы,
Тас тырнағы,
Найза тісі бір қарыс,
Мұзды асуға,
Құз басына
Шықты ма бір жолбарыс?
Сұсты мылқау,
Тәкаппар тау
Өзі патша бұл маңға,
Ғарышына
Бір ұшуға
Жетпей талған қыран да.
Күндегідей,
Түсі дүлей
Ақ сеңгірлер тұр асқақ.
Қарлы құйын,
Салып биін,
Сауырында ойқастап.
Боран басқан,
Боз жартастан
Сұр сүңгілер тұр түсіп.
Құламада
Жалғыз қара
Жатыр неге тырмысып?
Алапатта
Бұл апатқа
Сонша неге ынтазар?
Әлде аң ба,
Есалаң ба,
Кім өзі бұл құз құмар?


ІІ
Қапсағайда қасқа тасқа асылып,
Жылжыды ол шың басына асығып.
Тырнақтары тас қырымен тістесіп,
Еңбектесе, тізелерін тас ұрып.
Жорықты ол таң сәріде бастады.
Ашық еді Гималайдың аспаны.
Кенет шыңнан дауыл шықты бұрқырап,
Құзбасармен қырғын майдан ашқалы.
Ойлады ол түу ұшпаққа шығармын,
Дабылдармын төбесінде құзардың.
Соқты боран...
Ол жұлқынды қалғандай,
Арасында, мұхиттағы мұздардың.
Қанша уақыт шыңға қолын созғалы
Ол денесін енді әрең қозғады.
Жігіт еді жолбарыстай шүйделі,
Индияның осынау жас боздағы.
Ол жұртының аты мәлім, саңлағы,
Албырт Харша,
талай тауды шарлады.
Арманы тек – Үнді туын желпінтсе,
Қарт Гималай, Күншығыстың шаңырағы.
Қайран елі, көрсетсейші көптігін,
Неге мұнда туыстары жоқ бүгін,
Индияның даңқын көкке көтерген
Басып былтыр Эверестің шоқтығын?


Жалғыз ба бұл?
Жоралары жүр қайда?
Жанашырың
болса жақсы мұндайда.
– Ей, Акст,
Арқан таста,
қайдасың? –
Бір де жан жоқ,
Құйын даусын тыңдай ма?
Жаңа ғана ербеңдеген бір бейне,
Сол Акст қой,
Енді оралып келмей ме?
Ол сатымал әкелуге тиісті,
Харша шыққан, қаупі күшті деңгейге.
Ол шаршады, тайғақ таспен тіресіп.
Мұз киімі кіреукедей сіресіп,
Әбжыландай құздан сырғып ысқырып,
Ақ құйындар асыр салып жүр есіп...
ІІІ
Ал кертеште
Қарлы шатыр ішінде,
Отырды топ,
Ала-құла пішінде.
Кейбірінің үрейі ұшып көзінен,
Кейбірінің ашу сыздап түсінде.
Құрама топ,
Сан қиырдан қосылған.
Достар емес,
Кездескендер тосыннан.
Бұларға жат –


Бір-бірінің тілдері,
Бұларға жат –
Арктикадай осы маң.
Бұл асқарға,
Бір күні жоқ борансыз,
Келді бұлар:
Американ, француз,
Итальян, неміс, швед,
Ағылшын,
Бәрін тартқан, –
Тәңірсініп тұрған құз.
Күнбатыстың ығай-сығай түлегі.
Сайыпкерлер,
Не сиқырды біледі.
Арасында швейцарлық сарша қыз,
Жалғыз сол-ау,
Балдай жұмсақ жүрегі.
Бұл топта бар
Азиядан екі ұлан,
Келген еді,
Ата жердің атынан.
Бірі Науми,
Өткір Жапон жігіті,
Бірі құзда
Арпалысқан батыл жан.
Сол ғана жоқ... бұл шатырда
Шатқалда –
Ол тырмысып,
Аласұрып жатқанда,


Бұлар мұнда даңқ үшін керісті,
Бизнесмендей, бұйымдарын сатқанда.
Сорлы Азия!
Көрді талай кезбені.
Піл сауыры
Не сойқанға төзбеді?
Бірақ бұлар кәззәп емес,
Жау да емес,
Серілікпен сапар шеккен өздері.
Достық, бірлік –
Ұқсар күндей жалауға.
Сұмдар ғана,
Құмар қан мен алауға.
Келді бұлар құрақ туын ООН-ның,
Гималайдың құздарына қадауға.
Бұл сайыс қой,
Қайрат сынар, ар сынар.
Боран мен мұз –
Бұл жорыққа қарсылар.
Ту тігуге келді бәрі дуылдап,
Мүмкін мансап желігі де бар шығар.
Талай тауға табандары мөр басқан.
Сайыпкерлер сеңгірлермен арбасқан
Отыр енді денелері қалшылдап,
Баспанада
Құйын шайқап қар басқан.
Неткен дүлей!
Аңдай айдап боранды,


Болды-ау жолға
Әбжыландай оралғы.
Жеті күнде жеті қарыс өрлемей,
Жаңа ғана бұлар шыңнан оралды.
Аңсағандар өр атақты, ер істі,
Жын қақты ма,
Енді неге керісті?
– Бұл сапарда сәтсіздікке себеп бар,
Айырмадық күнгей менен терісті.
Неге ынтықтық
Қыры қиын асқарға?
Жомолуңның
шыңын бір жан басқан ба?
Американ өкілі ғой, даңқшыл,
Дәйім құмар бір қырсыққа бастауға.
Өрлесемші өзім жеке күнгеймен.
Қапы қалдым, дүлей сырын білмей мен.
Саясатта
сілеусіндей орғып ем,
Тап суырға
Ұқсас енді бұл бейнем...
Бейнет шектім сұрапылда қанша күн!
Бұл сапардан
Зор атақты аңсадым,
Гималайдың құзын бассам,
биікке,
Өрлер еді, қызметтегі мансабым?
Құйын қуды арманымды,
Уа, қырсық!
Азиядан қайтқаным ба пақырсып? –
Мазо мырза, –
Франция өкілі,


Сөйлеп отыр, қаны мұздап, тыпыршып...
– Асқарында
аты шулы Альпінің,
қас қырандай
Әлденеше қалқыдым.
Янкиге еріп,
Неге сонша елірдім,
Азияның басамын деп алқымын.
Бағынсын ба мәңгі дүлей бұл құзар?
Мұз мұхиттай тас қамалын кім бұзар?
– Ей, Айле,
Туын ұстап ООН-ның,
Айдаһардың аузына
Өзің бар! –
Итальяндық Маури солай сызданды,
Бастаушыға сұс көрсетіп ызбарлы.
Тоңған қолын отқа жылытып,
бойынан
Сілкіп темір шынжырлардай мұз-қарды.
Кепенедей – қарлы шатыр қушиып,
Асқарпаздар көжектердей бүрсиіп,
Отыр жұтып бықсық тұман түтінді...
Ал Айлс жүр азу тісі ырсиып.
Сөйлей қалды
Американ түлегі:
– Бұл шұбар ту –
Қасиетті ту еді.
Төмен жұрттың қиқымдары біле ме,
Осы туда –
Бейбітшілік тірегі!
Қамал ма сол,
Біз баспайтын құжыр құз.


Сендер неткен ез едіңдер қажырсыз!
Құрбандықпыз Бейбітшілік жолында.
Тыныштықтың желеуіміз – қәзір біз!
Соқты боран,
Кенет шатыр шайқалды.
Дэвид Айлс сөзін жылдам қаңтарды.
Домбы қолдар
Ұршықтай тез түйіліп,
Сермелді де өткір жауап қайтарды.
Жапон жігіт қолын бұрын сермеді.
Ащы даусы мұз шатырды кернеді:
– Отаршылдың жалдабысың,
Айле, сен,
Сенің ойың түндей қара перделі.
Сендер үшін –
Шығыс – соғыс ойнағы.
Өрмекшідей
Тоқисыңдар айланы.
Азияға
жөңкілдіңдер обырдай,
Мол жұтуға
Оңай олжа пайданы.
Янки десе –
Әлем жаны түршігер,
Қанды жұтқан қара жер де күрсінер.
Өртпен жайпап, Жунглиді мүлгіген.
Вьетнамды ойран етіп жүрсіңдер.


ІV
Бұлар солай сілтеді де гулесті.
Қиқу сөздер қар құйынмен үндесті.
Ұмытты олар – қиядағы Харшаны,
Сырттан суық, қорқынышты шу есті.
Әлдеқайда арыстандай гүрілдеп,
Ақжал боран әлек сап жүр дүбірлеп.
Кенет сырттан Акст кірді алқынып,
Судан шыққан саршұнақтай дірілдеп.
Тұла бойы
Қаптамадай мұзды қар.
Бет домбыққан, қабағында тұр ызғар.
– Неменеге
аң-таң болып тұрсыңдар,
Өңшең найсап, өр көкірек нығыздар.
Үсіп барам,
Құй вискиді, құй жылдам!
– Харша қайда?
– Сұра оны құйыннан,
Өз басымды алып қаштым ажалдан,
Әрең жеттім құламалы қиырдан.
Шыдамады швейцарлық сары қыз:
– Мұнда шулап отырғанда бәріміз,
Сорлы Харша, мұз қияда қалыпты,
Ойламаппыз, қайда ұждан-арымыз?
– Тастап оны,
Акст, неге сен қаштың?
– Мен өзім де сұрапылмен арбастым.
Айғай салдым,
Ол қайтпады, жылжыды,
Жабысты да жақпарына жартастың.


Алай-түлей боран басты тау ішін.
Естідім тек:
«Арқан»
деген дауысын.
Біреу үшін өлейін бе,
Жылыстым...
Бәріне де кінәлі ғой дауыл сұм.
Айтты соны, бүлк етпеді жүрегі.
Айыққандай оған көктің түнегі,
Бокал ромды сімірді де жантайды,
Капиталдың асыранды түлегі.
Абыржыды швейцарлық Иветта:
– Көмек үшін барайық та бейбаққа!
Бәрі үнсіз,
Кейі теріс айналды...
Айлс әрең күбірледі бір уақта:
– Ұқсап тағы, қызғаншақ бір аңшыға,
Барған өзі қиялары тар шыңға.
Құтқаруға, бұл апаттан үндісті,
Гуманист қой, мистер Мазо барсын да.
Тау кеткендей астында бір сілкініп,
Мазо дереу қиқылдады жұлқынып:
– Француздың зиялысы мені сен,
Жұмсамақсың ұсақ жұртқа күлкі ғып?!
Әлде мені келіп тұр ма басынғың?
Мен мысымды талайлардан асырдым.
Азиаттың қолтығынан сүйе деп,
Сен қорлама Бонапарттың нәсілін!
Барсын Хэстон, ағылшынның өқілі.


Үндішіл боп,
жаңа ғана көкіді!
Аясын да тым болмаса бір ұлын,
Индияға батқан ел ғой өкімі.
– Сен даттама
Британия билігін!
Түсінді ме
оның игі пиғылын,
Өз бетінше лағамын деп оңар ма,
Жабы жұрттар, бас-басына би бүгін –
Хэстон сөзін соза берді міңгірлеп.
Басталды дау,
қыза қалды ду-дүрмек.
Ағылшынша, французша, немісше,
Итальянша, – өз тілінде шүлдірлеп.
Виски дауға жанар майдай от берді.
Жақ-жақ болып, жаудай бәрі шектелді.
Керісті де күнбатыстың қулары,
Азиатты ұмытуды еп көрді.
Соқты боран,
Керней тартып, ышқынып,
Қар күркенің жабығынан ысқырып,
Шықты сыртқа Иветта мен Науми,
Рюкзагына арқан саты қыстырып...
Боран бүркеп көрсетпеді тау басын.
Ол құшақтап жатыр екен қай тасын?
Екі қамқор жанұшыра жүгірді,
– Ей, Харша, қайдасың, сен қайдасың?


V
Құйын басқан,
Мұз жартастан,
Ақ бұршақтай қар ұшып,
ол қимылсыз,
Жатты үнсіз
қолы тасқа қарысып.
Түссе төмен,
Кілкілдеген
Шыңылтырдай тайғақ тас,
Қиын құрсау,
Асты – шыңырау,
Ұшқаныңды байқатпас.
Достар қайда?
Қапсағайға,
Тастамай ма арқанды?
Саты күтіп,
Дәті бітіп,
созамын деп қар талды.
Сомдай еді, күлдіреді,
саусақтары, мұз қарып.
Бет үсіді,
Қоңыр түсті,
Шикі өкпедей бозарып.
Мұз қусырып,
Дымы құрып,
Тас бауырлап ол жатты.
Ал, Иветта,
Сол бір шақта шарықтады жан-жақты.
Дүлей боран,
Ашып аран,
Мұнша неге долданды?


Жерге құдай,
Өзі Гималай,
басың неге торланды?
Уа, тәңір-тау,
Серпі мылқау
Сұрапылдың түнегін!
Мұз секілді,
Құз төсіңді,
Құшқан сенің түлегің.
Қалды таяу,
Шыңға сонау
қонақтайтын күн мен ай,
Көзі мұңлы,
Өз ұлыңды,
аясаңшы, Гималай!
Не керемет,
Харша кенет
Қолын созып қозғалды.
Сынық атып,
Сықырлатып,
Құрсауланған мұз-қарды.
Жаңа бір сәт,
Айдын құсап
тынған еді бұл қия.
Шыңды жарып,
Күндей жарық
Жайнай қалды Индия.
Таңғажайып,
Гүлін жайып, мың мәуелі ағашы,
Ұлын көріп,
Жүзім беріп,
еміренді анасы.


Пілге мініп,
Сақ-сақ күліп,
сүйіктісін шақырды.
Сілкіп қарды,
Ол қозғалды,
тынысымен ақырғы...
Сұрапылдың зіл қаһары
басылды.
Гималайдың көк күмбезі ашылды.
Әппақ құзға, мұнараға күн қонып,
Ақ моншақтай сәуле
жерге шашылды.
Қыз киіктей тастан тасқа қарғыды.
Тіл қатпады
Қарлы таудың барлығы.
Қыз іздеп жүр қиялардан Харшаны,
Оны іздеткен жүрегінің жарлығы.
Науми қайда?
Адасты, әлде жоғалды.
Мырзалар ше?
Жын соқса ғой соларды!
Қайсар Харша,
Сұңқары ғой үндінің,
Шыққан шығар шыңға сонау жоғарғы.
– Харша! Харша! –
Айғайлады қыз тағы.
Жаңғырықты Жомолуңгі құздары.
Бірақ жауап қайтармады...
түксиді,
Обалардай қиялдардың мұз-қары.


Қыз биікке әрең жылжып өрледі!
Қарай қалды, –
Қандай сұмдық көргені!
Шошығаннан шыңғырды қыз, теңселді,
Жығылды да қолын құзға сермеді...
Түу қияда мұз сүңгілер жарқырап,
Құламадан жатты сеңдей қар құлап.
Тұрды сүлде оранғандай кебінге,
Тау қырынан басы төмен салбырап.
Қайран Харша!
тастай қатып қалыпты.
Шар сауыттай
мұз-қар бойын қарыпты.
Соңғы бір сәт туған елі еске кеп,
Қозғалды ма ұмытып сол қауіпті?
Джентельмендер сонау таса шатырда,
Шарап жұтып, әлі гулеп жатыр ма?
Достық, бірлік – олар үшін бұйым ғой,
Пайда, мансап қажетіне сатуға.
«Ей, кәззәптар, арсыздар!
Ұжданы жоқ неткен пасық жансыңдар?
Ара түспей тағдырына адамның
Бір-біріңмен ырылдасқан аңсыңдар.
Достық, бейбіт –
Сондай желеу сөздерге
Машықсыңдар шыққанда шет серуенге.
Не дейсіңдер ажалы үшін Харшаның?
Күллі әлем нәлет айтар сендерге!»


Шыр-шыр етті швейцар қыз осылай.
Ол жүгірді от ашуы басылмай.
Қар шатырға шулап кірді сарша қыз,
Жерге түскен құламаның тасындай...
* * *
Көк түнерді,
Өтсін тыныш түн қалай?
Сұп-сұр бұлттар,
қайтсын енді туламай?
Аспанында нажағайлар күркіреп,
Құздарынан жасын атты Гималай.
Соқты дауыл,
көк тобырын қуалай.
Қара бұлттар, сілкінді де бурадай,
Төкті селін, көз жасындай үндінің,
Күңіренді, тау тәңірі Гималай...





Пікір жазу