Поэмалар ✍️
ТЕЛЕГЕЙ ТЕБІРЕНІСІ
І
Өтті қыс.
Дүркін жаңа көктем келді.
Сілкінтіп сауырларын сөккен белді.
Шардара жазды бауырын, лақтырды да
Беліне мәңгі зіл боп шөккендерді.
Жоғалды обалар да, молалар да,
Түксиген бұрынғыдай қара бар ма?
Қадалды жас шынарлар, мәуе талдар,
Жаңадан пайда болған жаға-жарға.
Қаз-қатар қат-қат үйлер сап түзеді.
Әлі де құрылыстың көп тізбегі.
Бойында әзір келте көшелердің
Көтеріп құмды шаңын соқты желі.
Алайда екпіндеген жұмыла жұрт,
Шалқитын теңізі ғой – құмына құт.
Қазылды көл орнындай кең котлован,
Айдындай толқындады алдан үміт.
Жартастай қаланды да кемелері,
Шыңыраудай су астауы тереңдеді.
Уақыттан озып жылдам бітіруге,
Жұлқынды Шардараның өрендері.
Бетондап кенересін жатты Зұфар.
Жүзінде бітер істің шаттығы бар.
Башқұрттың әсем әнін сызылтады,
Жігіт қой мәз-мереке шаққа құмар.
Бетоншы топты өзі басқарады,
Бұл жерден нөпір көзі басталады.
Асауды арандайтын осы құрсау, –
Тұтылған толқындардың тас қамалы.
Көкжалдар жұлқынады тулап мұнда,
Айналып тегеуріні қуат-нұрға.
Ұшқындап жапандарға отты сәуле,
Жосиды арна сулар шуақ қырға.
Осыны біліп Зұфар асығады.
Өзіндей серіктері қасындағы.
Бұл соңғы қауырт кезі, бастауы бұл,
Ойпатқа толқын моншақ шашылады.
* * *
Андрей жүр дамыл таппай күнұзаққа,
Оралып іс қарқыны қызу жаққа.
Тосқауыл су қоймасы бітсе бүгін,
Шардара жетер ертең қызық шаққа.
Жардан ол көз жіберді көкжиекке,
Ұқсайды терең ойпат – кең түбекке.
Бір кезде мұнда теңіз болған шығар,
Созылып орны қалған күнгей шетке.
Көз салды қимылдарға еңістегі.
Теңіздің кеңістігі өрістеді.
Сыпырып шөп шоқысын, төмпешікті,
Сом қолдар түбін құммен тегістеді.
Мұнда жүр Алпысбайлар, Гришалар,
Солар ғой тас қамалдың қырын шабар.
Төңкерген төбелерді, обаларды, –
Жүзіндей айбалтаның құрыш олар.
Бәрі де – «Ертең, – дейді, – ертең! – дейді.
Ісіміз, талабымыз өркендейді.
Жүземіз телегейге ертең түсте,
Күн жерге жанып түссін ертең мейлі».
Айтқандай Темір қайда? – Жағалауда,
Кеткен ғой біткен істі бағалауға.
Мығым ба дамбалары, шлюздері,
Берік пе дүлей күшті қамалауға?
Невадай қазір маған ерке бұл да,
Аққан ғой өз бетінше дарқан қырда.
Дариям мойыныңа бұғау тастап,
Жалыңнан сүйрелейміз ертең қырға...
ІІ
Әркіммен албырт Ашот шатаса ма?
Мінезі қисықтармен отаса ма?
Жүрегі біржолата ауды жанып,
Сылақшы ақсары қыз Наташаға.
Екі жас жобаларын жасап алға,
Қосылмақ теңіз тойы жасалғанда.
Аяғы жараланды Наташаның,
Иі бос іргедегі тас ауғанда.
Келеді ертіп Ашот дәрігерді,
Жаса деп Наташаға барып емді.
От көзі бұрынғыша ойнақтамай,
Айтады әзілін де бағып енді.
– Ол қалай, Алмадай қыз ұнаса да,
Әлі де байқап сені сынаса ма?
Тартынды Темір неге, айтшы, Алма,
Тойларың үлкен тойға ұласа ма?
Сауалға секем алып күйінді ме?
Қабағы Алмагүлдің түйілді де!
– Аспайтын әкесінен маубас білем,
Түйсігі бұл жігіттің қиын мүлде.
«Білмеймін, әкем, сірә, жазықты ма?
Бұл күнгі ел аңысын аз ұқты ма?
Ағекең баяғы бір өштігімен
Болып тұр арамызға қазық сына».
Өзеннің жағасынан аққан шулап,
Екеуі келе жатты оқшауырақ.
Сырларын бөліп кетті сары «Волга»
Кенеттен келіп қалған шапшаң зулап.
Осқыртып от танауын күрт тоқтады,
Қиқулап хабар берді гудок тағы.
– Алмашка,
Бері келші! – деп шақырып,
Есіктен қыздың басы бұлғақтады.
Таныс па, қоңырқай қыз, қасы қара?
Алмагүл жақын барды машинаға.
Есігін ашып дәу қол тарта қалды,
«Тез мін!» – деп ақырды да ашулана.
Дір етті тұла бойы, тартынды да,
Қарады кабинаға алқынды да.
Базарбек! Бір қолында қанжары бар,
Қатер тұр қызыл көздің жарқылында.
– Ашот! – деп шыңғырды қыз
жұлқынды да,
– Мен байың. Жатпен неге жүрсің мұнда?
Менімен жөнелмесең, жарып кетем,
Жауапты әкең сенің қырсығыңа!
Жүгіріп шапшаң Ашот келіп қалды,
Алманы қыспақ қолдан бөліп те алды.
Қанжарын Базарбектің қағып алып,
Өзіне жарқылдатып төніп қалды.
– Өзіңе жан керек пе, жөнел жылдам!
Осынша кәззәп едің сен не қылған? –
Базарбек қатты жауып кабинасын,
Зытты тез қылмыстыдай біреу қуған.
– Мұнымен таныс па едің бұрын тегі?–
Деп Ашот аяп қызды күбірледі.
– Сұрама! – деп Алмагүл басын ұстап,
Кемсеңдеп еріндері дірілдеді...
ІІІ
Аралап атырапты судан жұрдай,
Аулақта Ағабек пен жүрді Югай.
Қырларын «Мыңтөбенің» көрсетіп жүр,
Ақсақал иемсініп бұрынғыдай.
«Күріш те өскен екен бір заманда,
Дария толқын атып тулағанда,
Жайылып «Қалған Сырға» су жолдары,
Дән өрген, тұнжыраған мынау маңда.
Дария кейін неге шалқымады?
(Айтқандай қартың соған алқынады)
Бетіндей көне тастың бедірейген,
Аспанның тамшылары тамтымады»...
Арман ғып судың солай тоқырауын,
Ағекең мүсіркеді атырабын.
Агроном машинадан ырғып түсіп,
Ұстайды әр белестің топырағын.
Шұқиды қыртыстарын саусағымен,
«Жер екен су сағынған, аңсары кең.
Ақсақал, бұған суды сіміртеміз,
Бастаймыз теңіз тойын таң сәріден.
Бұл жонға канал бітіп су ағады,
Шеңгелдер,
төбе құмдар жоғалады.
Бұл жерге толықсиды күріш кені,
Ырыспен мекеніңіз жаңарады.
Мейірмен емізеді ана – Сырың,
Естисіз еміренген дала шуын,
Өзіңіз ауған жұртқа орнатамыз,
Совхоздың құтты жаңа қалашығын».
Соны айтып
сызып алып
топырақтың,
Отырды машинада жадырап тым.
Ағаңа ұнап кетті корей жігіт,
Қоңырқай ұлдарындай Қоңыраттың.
Қозғады машинасын Югай жылдам,
Хабар не радиодан бұл ағылған? –
«Айналып ай шеңберін зымыран кеме,
Оралды шексіз көктің күн жағынан!»
Аман-сау қонды жерге,
Шегіп сайран,
Әкелді сәлем-сауқат сонау Айдан.
Ұшқырдың аты «Восход» күннің құсы,
Қанатын күн астында самғап жайған!»
– Керемет! Ойды көкке шапқызатын,
Қуаныш бойға жігер тапқызатын.
Ағеке, – деді Югай, – мирас болсын,
«Восход» деп қояйықшы совхоз атын...»
ІV
Шығаннан шұбатылып шаң келеді.
Қалайша құм төбелер дөңгеледі?
Апырау, көшіп жүрген қайдағы жұрт,
Шұбырып іздестірді шөлде нені?
Түйелі, машиналы самсап қалың
Халайық келе жатыр айдап малын.
Тиелген шаңырақтар, үй-мүліктер,
Келеді жайлау бардай сайлап бәрін.
Ағекең тани кетті алғы көшті,
Өз аулы, тастап кеткен бұл белесті.
Келеді бір қияннан көшіп қайта,
Есіркеп қоныстарын қалған ескі.
Сонырқап жаңғыратын қуаң жерді,
Қалың көш асты талай бұлаң белді.
Көшіріп күріш күткен корейлерді,
Төменгі Сыр бойынан Хван келді.
Ежелден жерді кезген аймағы кең,
Азабы өткен бірге сайранымен.
Түбінен түрікпеннің келді мұнда,
Адайлар атанымен, тайлағымен.
Сұраса, келгендердің бәрі маман,
Бірі жоқ ауыр іске арындаған.
Югай тұр келгендерге мақтап жерді,
Бойына әлі құты дарымаған.
– Жұмыс көп, бұл қоныстың шұғыл ісі.
Демеңдер қызметіміз – ірі, кіші.
Тігіңдер кигіз үйді «Қалған Сырға»
Біткенше тұрғын үйдің құрылысы.
Өртейік кешке мынау жыңғылдарды,
Сол болсын шырқалатын жырдың алды.
Бітеді ертең теңіз Шардараға,
Сүйінші! Мерекеге бір күн қалды!
Югайдың сөзін қостап Ағекең де,
Деп кетті: – Хош келдіңдер бұл мекенге.
Адыра қалған жаннан жаңғырады,
Алдымда бақыт күтіп тұр екен де!
Қараңдар анау жатқан «Өгізарық»
Өмірі көрген емес суға жарып.
Сол жыра канал болып, нәр толқиды,
Қуарған жерімізге нұрдай ағып.
Кел, жұртым, үмелейік игі істі.
Аршиық сол арықтан үйілісті.
Сол жылға канал болып кеңігенше,
Теңізден мүдіртпейік құйылысты.
Ағаңның сөзін бәрі ұнатқандай,
Қолдарын созды көкке гүл атқандай.
Аңқылдап гуілдесті тың қоныста,
Тоғысқан сай-салада бұлақтардай...
V
Бүгінше жалпақ ойпат, шалқар дала,
Бүгінше кең кенере, аңғар ғана.
Жарысып жүйріктердің байқайтындай
Айнала қалың жұртқа толған дала.
Бәрі де болар тойды көздеп келді,
Теңізді жайлайтындар мәз боп келді.
Шашуға шашайын деп мейіз артып,
Бұл тойға өзегі бір өзбек келді.
Жағаның ұшы қайда? Көкжиекте.
Алып тұр алқап шеті күнді иекке.
Бір аудан сиар еді аумағына,
Көлбеген Сырдан әрі күнгей шетке.
Жойқындар бұғалықпен арбасуда,
Босатса шабар еді жарға, шыңға,
Байқауға құдіретін иірімнің,
Авдей мен Темір тұрды жар басында.
Сәріден жиылды жұрт Шардараға.
Зымырап хабар жеткен әр қалаға.
Мұнда тұр жоғарғы жақ өкілдері...
Қазір сел атылады сар далаға.
Шықты күн.
Уа, алақай!
Иә, іске сәт!
Шлюзды аш. Тегеурінге енді мұрсат»
Оң қолын сілтеп қалды Авдей, кенет
Күшті гу жер жарғандай
Шықты шырқап.
Аспандай әп-сәтте бір күркіреген
Зілзала су атқандай жерден терең,
Ашулы арыстандай гүр-гүр етіп,
Көкжалдар өре шықты іркілмеден.
Қалың аң таудан қашып үріккендей,
Лап берді алапат су ұрып селдей.
Топырлап сұр толқындар ырғып кетті,
Тасқындай дүркіндеген ырық бермей.
Құйғытып қырда жасақ аттағандай,
Топан су Қазықұрттан қаптағандай.
Жөнелді буырқанып долы нөпір,
Жолында тау тұрса да таптағандай.
Жалындай өрттен өрген будақ-будақ,
Жөңкілді тобыр толқын лек-лек шұбап.
Айнала, жағалауда анталап жұрт,
Қолдарын шапалақтап тұрды шулап.
Олар мәз арман оты басылғандай,
Алқапқа алтын моншақ шашылғандай.
Алпұрыс асау өзен шашын жайып,
Халқының аяғына бас ұрғандай.
Жапаннан әлем жаңа ашылғандай,
Табылған жерден терең асылдардай, –
Селді сол көріп жастар құшақтасты,
Толқыған көңілдері қосылғандай.
Бұл маңда ойнақтаған бұрын сағым,
Теңізге жаяр енді жұрт құшағын.
Жуықта келген қызы, сүйіктісі,
Бетінен сүйіп алды Гришаның...
Ал нөпір асыр салып алыстады,
Дауылдай дүрілдеді, қарыштады.
Алпысбай, Әлпейістер селді қуып,
Жөнелді машинамен жарысқалы.
Қарай көр!
Пәле шіркін...
Ал жетіп көр.
Зымыра жағалауды шаңдатып бер!
Нөсердей ексімдеген телегейге,
Жазылды арқаларын аунатып жер.
Толқындар зіл қанатын жайып кетті,
Қырсығын кәрі белдің шайып кетті.
Аптығып жетті басы Арнасайға,
Бүйірі бір шығанға тайып кетті.
Телегей ұлан-асыр дүркіндеді,
Күнімен таси берді, іркілмеді.
Сөгіліп қабырғасы тентек Сырдың,
Аптығып арсылдады, күркілдеді.
Ал халық, жағалауда жатты тойлап.
Айнала ұшан-теңіз, әппақ аймақ.
Гуледі телегейдей жеңісті жұрт,
Жапаны Шардараның кетті жайнап...