12.04.2022
  103


Автор: Қалижан Бекхожин

АТАЛАР САРЫНЫ

І
Ол келеді қиыры жоқ шығаннан,
Оның түсі –
Тораңғыдай қуарған.
Шай үймелеп сақалына жыңғылдай,
Ұрты солып, кеңірдегі суалған.
Неткен шөлейт!
Алаулап тұр жалын күн.
Керімсал да алмайды бір дамылын.
Тепеңдейді, қамшылап шал сауырын,
Астындағы жалы қысқа жабының.
Иә, сол ғой.
Қазір сарша сақалды,
Әулетіне енді ата атанды.
«Қалған Сырдан» ауған сонау Ағабек,
Отыз бес жыл шекті талай сапарды.
Сол бір шақтан дәуірдей көп жыл өтті-ау...
Ауылына түскендей бір құлап тау,
Қаһатшылық қысымынан көшті жұрт,
Нәрлі жаққа, туған жерден жырақтау.
Есінде сол бейуақытта ауғаны,
Қимай құмын қайта-қайта аунады.


Жалғыз ол ма колхозынан жылысқан?
Мақталыға ауды бүкіл ауданы.
Ол жақта да нәрге талай зарықты,
Кетпен шауып, қазды жаздай арықты.
Елемеді маңдайының сортаңын,
Атамекен жерін ойлап қамықты.
Бірақ ісін орындады тындырып.
Бұрынғыша шапшаң басып, тың жүріп.
Кетті бір күн дауылымен соғыстың,
Қайтты кейін қабырғасын сындырып.
От майданның ұшқындарын ала кеп,
Жұмыс десе жалындады Ағабек.
Ағаш екті өзі кірген колхозға,
Жайнасын деп жапырақтар ала-көк.
Қайран қырсық!
Мұнда да су жетпеді.
Омырылды тасқа тиіп кетпені.
Азу тісі майрылғандай мұңайды,
Молайды да шаштың бурыл-көктері.
Алданышы – жалғыз ғана қызы бар,
Мүмкін оған ертең біреу қызығар.
Кете барар құшағында сымпыстың,
Сорлы әкенің сонда реңі бұзылар.
Жеңіс жылы,
күн шуақта, көктемде,
Жаңбыр жауып, нұрын жерге төккенде.


Қуаныш той!
Несіп жеңгей ұл тапты!
Ағаң жасы қырықтарға жеткенде.
Есте қалды жеңістей боп сол бір күн,
Мұрасындай өткен қилы өмірдің.
Келе жатыр баласына, бұл қартың –
Әкесі ғой жас инженер Темірдің.
Естіген ол ұлы істің дүбірін,
Телегей су басады деп құм қырын.
Көні кепкен жазирада осынау,
Өткізді ғой ең қызықты ғұмырын.
«Өзен ақса жаңа қазған арнада,
Нәрге балқып, еміренсе сар дала,
Арманым жоқ –
Өлсем сенің төсіңде,
Айналайын, ақ бесігім Шардара!»
Ойлап солай келе жатты Ағекең,
Ұзақ жолы –
елсіз, жапан дала екен.
Қызылқұмның жатыр сұлап қиыры,
Сұлық жандай тамшы суға зар мекен.
Артта қалды Байырқұм мен Бағара,
Таныс талай белдер жатыр арада.
«Арбақалды», «Өгізарық», «Жетімсай», –
Жетімсіреп өксігендей, қарама!
Баяғыдай көні кеуіп талған қыр,
Аңқасында жатыр түнеп арман сыр.


Мынау қай жер?
Жыңғыл басқан өзегін,
Ағекеңнің қонысы ғой «Қалған Сыр»
Аттан түсіп құшақтады шеңгелін,
«Ата жерім, алтын ұям сен, менің.
Шөгіріңдей қайғың батып кеудеңе,
Алыста сен, жүрегімді тербедің.
«Көтерші бір көсегеңді көрейін,
Қартайғанда көтерілсін мерейім.
Ындыныңа жасым тамсын сүт болып,
Көз нұрымды саған төгіп берейін!».
Қайтсын қартың, бесік жерін көргенде,
Сортаң жасы сорғалады шеңгелге.
Кәрілерге қадірлі ғой туған шөл –
Өзге таудан, қияндағы көлден де.
Әне бейіт, анасының қабірі,
Құлағында өлердегі зар үні.
Аштан қатып баяғыда, жұт жылда,
Желмен ескен өлгендердің сарыны.
Қағып шаңды үймелеген шашына,
Ағаң шықты бейіт төбе басына.
Кім болды бұл?
Аржағында зираттың
Жалтырап тұр, көктей жасыл машина.
Ойда жоқта, пәлені бір көруге,
Бөрік астынан шыға келер бөрі де.


Күмбез тамнан шықты
Садыр ырсиып,
Тәуап етіп әкесінің көріне.
Көрген жан ғой сұмдықтарды не қилы,
Сәлем беріп, Ағекеңе жымиды.
– Ағекең бе?
Есенбісің? Кездестік,
Туған жерден табысқаның түбі игі.
Естіп едім бетпақ шөлге кетті деп,
Қилы заман...
Қырсықтары өтті көп.
Қартайыпсың...
Колхоз ісі ауыр ғой,
Естіп едім, бейнетті көп шекті деп.
Өзім болсам –
тірлік еттім Тәшкенде,
Құдай сірә, несібемді кескен бе?
Сая таптым жәрмеңкедей қаладан,
Күнге күйіп, сендер құмды кешкенде.
Ағекең тұр үнсіз қарап Садырға.
Ұяттан бір қылаң бар ма арында?
Сезініп тұр, найсап қалпы, аумаған
Әкесіндей, жатқан мынау қабірде.
Бұл өңірдің көкжалы еді – марқұм ол,
Елді жеуге, озбырлыққа нарқы мол.
Арғы атасы Қанай датқа секілді,
Өртеп өтті айналасын шарпып ол.


Өтті сол бір бай төстеген ауыр күн.
Есінде тек зардаптары зәбірдің.
Жалшы болды Ағабектің әкесі,
Көрде жатқан әкесіне Садырдың.
Бұл да сондай сойқан еді ұждансыз,
Күні бар ма өткен даусыз,
не лаңсыз?
Шегір көзі қызыл шоқтай шатынап,
Тиісетін талайларға бұл арсыз.
Сөзге ділмәр, орағытар бұлыңнан,
Сау шығады талай ордан жығылған.
Тәңір, сірә, мұндайларды жебелеп,
Айла-шарқын мол берген ғой бұрыннан.
Баяғыдай екі көзі қызарып,
Сәбіз мұрны, кетіпті сәл ұзарып.
Кірпі шашы буырланып тікендей,
Ажымында арсыздықтан із қалып.
– Иә, сен де зытып едің қашқындай,
Неғып жүрсің қу молада қасқырдай?
Жатыр екен әкең қайтып тып-тыныш,
Қабірінде мейманасы асқынбай? –
Осы бір сөз жанына шоқ тастады,
Сол ежелгі кесірлігін бастады:
– Әкем тыныш. Көрін сенің бабаңның
Жатыр ертең топан суы басқалы.
«Оқытыпсың сорайған сол балаңды,
Ойрандауға атаң жатқан молаңды.


Менің бабам көрді талай сұмдықты,
Көрмей кетті, – мола бұзған заманды!»
Түтесе де ішіндегі от кегі,
Одан әрі сыр ашпады, сөкпеді.
Ағабекке ажырая бір қарап,
Қайқаң қағып машинаға беттеді.
Ал Ағабек тұрды бейіт басында –
Не естіді?
Неткен сұмдық расында.
«Не істемексің жүгірмегір жалғыз ұл!»
Бүкжеңдеді кершолаққа асыға...
ІІ
Ұшқындарын төгіп жерге оттай күн,
Қолың тисе, күйдіреді шоқтай құм.
Бұл неткен күн!
Жұмылғанша жанары,
Қызуы бір кетіп дамыл таппайтын?
Еске түссе Еділінің шалғайы –
Гришаның тамылжиды таңдайы.
Алау қақтап арқасы да қожалақ,
Көң секілді қуырылған маңдайы.
Сырдария!
Шын құт екен бұл маңға,
Қаңқасын күн, аңқасын шөл буғанда,
Суға сүңгіп сергиді де Гриша,
Шүйіледі тас түйілген құм жарға.


Сүймен тісті зор ожауы шаншылып,
Қопарады омбы құмды қаусырып.
Жатыр жаңа жағалауда жар өсіп,
Жатқандай бір жер астынан тау шығып.
Обыр сомның азулары қаршылдап,
Тобыр құмның кеңірдегін аршымақ.
Гриша жүр ойып терең апанды,
Жаңбырдай тер маңдайынан тамшылап.
Ал Алпысбай,
Шөлдің көнбіс түлегі,
Машинада әндетеді, күледі.
Дарымай ма оған шөлдің аптығы? –
Шөлдемейді, дәйім сергек жүреді.
Дүрілдетіп машинасын қаңтармай,
Асығыс ол, ылғи артта қалғандай.
Қуанады құмға толса күймесі,
Комбайыннан астық тиеп алғандай.
– Ей, Гриша, құм дегенде құтың бар,
Асат жылдам обырыңды ұрымтал.
Сусадың ба?
Нуда өскен бауырым,
Сырдың суын «Жигулидей» жұтып ал!
* * *
... Қабырғалар пайда болды қыратта,
Әлі үй жоқ түгел біткен, бірақ та.
Әлекедей жалаңдап-ақ жүр жастар,
Асыққанмен шалағайлық мұрат па?


Шапшаң қолдар ұршықтай тез қимылдап,
Жұмылса да жеделдету қиын-ақ.
Епті Ашот, қарап қойып қыздарға,
Қалап жатыр сандық қышты қиюлап.
Ей, жігітім, қой өзіңді мақтамай,
Қайтып жүрсің шебер қызды жақтамай.
Айналсаңшы сары қыздың саусағын,
Сылағаны – сүргілеген тақтадай.
Қойсын ба қыз қабырғаңды жайнатпай,
Қалағы бар шар айнадай, қайрақтай.
Ежігейі қыштың бетін тегістеп,
Әдемілеп нанға жаққан қаймақтай.
Сылақшының жетекшісі Сары қыз,
Күлді қарап,
Ашотқа сол сабырсыз.
– Қала, қала кірпішіңді, телмірме,
Қалма артта,
жарысамыз бәріміз...
* * *
... Желмен ойнап басындағы желегі,
Алма нені ойлап қазір келеді?
«Темір десе – темірдей-ау мінезі,
Неге сонша нығыздана береді?»
«Тауыстым-ау, сарқыттарын сабырдың,
Несіне мен осыншама сарылдым?» –
Деп тістенді сары белде, осы қыз –
Қызы еді ғой аты шулы Садырдың...


Келіп кеткен Садыр мана, таңертең,
Әкесі ғой, кім бар оған келер тең.
Аймалады, маңдайынан сүйді ол:
– Сау жүрмісің, қарашығым, жан еркем.
Базарлығым – мынау саған әкелген,
Мына костюм – шешең менен әкеңнен.
Мына бума – Базарбектің сыйлығы, –
Жақсы жігіт, безбе одан, бекерден.
Сол-ақ екен, бұзылды қыз қабағы,
Әкесіне ажырая қарады.
Қызың өссе – көргеніміз сол-дағы,
Сөйлетпейді-ау, ауызыңды қағады.
– Керегі жоқ, сыйлықтарың құрысын!
Сырттан маған құда түсіп жүрмісің?
Күйеу іздеп саған арыз айттым ба,
Құдай-ау сен, неткен ескі қырлысың?
Өскен қызбен айтысуға бола ма?
Әке тартты төбедегі молаға.
Келе жатыр Темірді іздеп Алмагүл,
Күбір қағып жалғыз өзі далада.
ІІІ
– Әзір болып қалды білем, кең ойдым,
Сол өзекті қаздық та ғой талай күн.
Жігіттер ғой тепсе темір үзетін,
Істеріне қызыға мен қараймын.
Шаршауы жоқ, жайраңдайды шіркіндер
Олардың тек өздеріне ырқын бер, –


Шөл біткеннің төбелерін төңкеріп,
Екпіндері бұрқасындай дүркіндер.
Асау Сырдың жалын бөліп қайырып,
Екі жаққа ебін тауып айырдық.
Сол ойдымға орнатамыз зор ГРЭС-і,
Қара, Темір, басталды ғой дайындық.
Теңіз туып шалқыр ертең Шалғайға,
Сонда мола су астында қалмай ма?
Сонда бізді сөкпей ме, жұрт, –
деді Авдей, –
«Өздеріңде ұждан қайда, ар қайда?»
– Көп ойландық, басқа айла таппадым,
Білем, елде күбір кезіп жатқанын.
Білем, мынау тұнжыраған тамдарда,
Бабаларым, мәңгі тыныш тапқанын.
Шара бар ма?
Бір ғана сол – амалым,
Мүрделерді ақ торғынмен жабамын.
Ұрпақтары көк айдында шалқыса,
Рухы ырза шөлдеп өлген бабаның.
– Жоқ, разы емес, бабаң сені қарғайды!
Сен көмсең де су астында қалмайды.
Жүгірмегір!
Жатсаң түнде, басыңда,
Аруақтар судан шығып сарнайды.
Шошып кетті, жаңғырды ма бабасы?
Сұрғылт тамнан шыққан сол кім?


Қарашы!
Аруақтай түсі құп-қу Ағабек,
Соны көріп үрейленді баласы.
– Ұл болмағыр!
Неткен өзің қырсықсың.
Мынау бас па, шүйкесіндей ұршықтың?
Оқыдың ба баба көрін құртуға?
Сенің сұмдық пиғылыңнан түршіктім.
Сонау ойпаң, сонау жазық беткейге,
Топан суын қаптатсаң да жетпей ме?
Бабаларды тұңғиыққа батырсаң,
Қасіреті ұрпақтарға кетпей ме?
Сен жүзқара атанарсың ұрпаққа,
Аталардан белгі бар ма бұл жақта?
Қалған мұра – мына күмбез бейіттер,
Мәйіттері жатқан бақи құндақта.
Ауыл ауып, онда құмға қонған үй,
Ел аңырап, шертілетін құмда күй.
Ауылымды алып шыққан қамаудан,
Аруақты Асық ата, Мелде би,
Жоқ киемді бастырмаймын топанға!
Егер сүйтсең – кетем суға батам да, –
Деп тепсінді ашу буған Ағекең,
Көр басында,
күн қияға батарда...
Темірді іздеп, төбелерді шарқ ұрып,
Дәрігер қыз, келген жаңа алқынып,


Сөйлей қалды, араласып бұл дауға,
Оқыған қыз, имене ме тартынып?
– Дұрыс емес, Темір мұндай шешімнің,
Мола қалса астында сол нөпірдің –
Қу сүйектер қалқыр теңіз бетінде,
Микробтары суға жайып кесірін.
Жүрсе суда өлі бастар ырсиып,
Шошымай ма жүрегіміз түршігіп?
Өліктерден суға індет тарайды,
Мүрделерден жұқпасы бар
құрт шығып.
Мүрделерді алу қажет қопарып,
Көму керек бір төбеге апарып,
Басқа жөн жоқ, кешіріңіз, атажан,
Пікірімде болса тегі қаталық.
Дәрігердің сөзін Авдей қостады,
Бір түйінді Алма шешіп тастады.
Тың қонысқа көшсін ата-бабалар,
Қорған болсын туған жердің тастары...
Ағаң үнсіз Алмагүлге қарады.
Ақылды қыз, сөзі дұрыс жаңағы.
– Кімнің қызы едің, балам, – деп қартың,
Саусағымен сар сақалын тарады.
– Әкем аты – Садыр, мүмкін білерсіз...
«Қап дүние-ай!
Садыр ма сол сүреңсіз?»


Шал күрсінді.
Темір аң-таң.
Тұр, Алма, –
Кәрілердің сыры қилы – білерсіз...
ІҮ
Осынау қырда таудай заңғар оба көп,
Ел қонбаған мәңгі бақи дала деп –
Ойларсың да,
көшпенді ғой бабамыз.
Іздерінде қалдырған бір қала жоқ.
Кезбе жұрт па мекендеген жапанды?
Тозғын ел ме, таптаған жау қаһарлы?
Қайтып сақтап қалған сонау аталар,
Қиыры жоқ мынау жарты жаһанды?
Әлпейіс жүр ойсыратып обаны,
Құм аударса – батырсынып қалады.
Бұл заңғарды қопармасын қалайша,
Теңізіне ертең бөгет болады.
Әлпейіске ауыр тиді бұл оба,
Тістескен тас – қорған ба, не мола ма?
Ертедегі тау көшірген алыптай,
Арпалысты жалғыз өзі далада.
Болат азу қалды бір кез қапырып,
Көтерілді бір аумақты жапырып.
Текше тастар, күйген қыштар шашылды,
Арасынан сырлы құмыра атылып.


Машинадан ырғып түсті Әлпейіс,
«Мына тастар – тас емес қой жай тегіс?
Өрнекті ғой мынау сырлы құмыра,
Мұнда сыр бар,
қазамыз ба қайтеміз?»
Ойланды да мола жаққа қарады,
Жиналыпты жан-жақтың көп адамы.
Көшіріп жүр мүрделерді баяғы,
Мұрасындай мәңгілікті бағалы.
Онда емес, мұнда қымбат мұрамыз,
Құм түбінде жатқан шығар жыр-аңыз.
– Ей, инженер, моланы қой, кел мұнда,
Асылдарды құмнан алып шығамыз.
Келді Темір.
Көзі жайнап түйілді.
Байқады ма жерден шыққан бұйымды,
Текше тас пен құмыраға ой тастап,
Жасады ол өзінше бір түйінді.





Пікір жазу