12.04.2022
  113


Автор: Қалижан Бекхожин

ЖАУШЫҚҰМ КӨШКЕНДЕ

І
Шабуыл жасағандай тау шыңынан,
Дулы топ атой берді
«Жаушықұмға»
Қадалды найзадай сом азулылар,
Айналып қаусырғаны дәу шұқырға.
Асауға, құм төбенің кебір белін,
Созды экскаваторлар кеңірдегін.
Зіркілдеп бульдозерлер танктердей,
Сөгіп жүр Шардараның өңірлерін.


Түксиген бұл жапанның қырқасынан,
Жүйткіді машиналар құм тасыған.
Әр тұстан бұрқ етеді шаңды құйын,
Бораған қалың қардай бұрқасыннан.
Шығады шулы жастың дауыстары,
Аз уақыт –
бұлар мұнда танысқалы.
Жұлқынып майдандағы жауынгердей,
Ай өтті «Жаушықұммен» алысқалы.
Жапанға, іргесі аулақ салтанаттан,
Келіпті ынталылар шартараптан –
Кавказдан, Днепрден, Ферғанадан,
Сібірден, Ашхабадтан, Арқа жақтан.
Бұлардың «Жаушықұмда» өші бар ма?
Қалайша келіп қалды осы маңға?
Көшеде кербезденер жігіттер ғой,
Желігі жастық оттың басылған ба?
Уа, жастық!
Ұмтылады аңсап бәрін,
Отанның қиын қырын, алшақтарын.
Кезеді Мұз мұхитын, тайга қысын,
Шығады от тауына Камшатканың.
Жұпыны киген қазір киімдері.
Қыз емес,
бетін өпкен қиыр желі.
Дүбірі Шардараның естілгенде,
Жастар ғой келген қызып бүйірлері.


Бұларға жат та шығар қиыр сыры,
Кебектей қуырылған қиыршығы.
Тандырдай қақпышталған қапырық шөл.
Еседі қоламтадай тымырсығы.
Дария бетінше аққан қыр серісі,
Заманның өтті талай төңкерісі.
Құрыққа шалдырмаған қашағандай,
Жан-жаққа жайылмаған кең өрісі.
Шоғындай тас көмірдің күйіп-жанған,
Шардара – елсіз арал тұйықталған.
Қаңсыған аталардың аңқасындай,
Осы шөл –
болды жұртқа күйік, арман.
Қайда сол өткендердің оралғысы?
Обалар, қу молалар қараң түсі,
Арыған ат тістейтін көкпегі жоқ,
Сарғайған жантағы мен тораңғысы.
Көл еді-ау, мұңы жұрттың өткендегі,
Сермелді құмға талай кетпендері.
Суалып «Өгізарық», «Есекжыра»,
Сортаңын елі құмға төккен еді.
Заман ғой тегеурінді, тезі күшті,
Қанатын қиырларға жазып ұшты.
Осынау өксіп жатқан сорлы шөлге,
Көреген Партияның көзі түсті.
«Күрмегі қыңыр қырдың шешіледі»,
Көркейсін, көкорайдың есіп желі.


Дария толқындарын жайып қырға,
Жұртына құт болсын шөл несібелі!»
Дабылдай шақырған зор шабуылға,
Тарады кереметті сарын құмға.
Қадалды шымыр қолдар,
сілкінді бел,
Асаудай қамшы тиген сауырына.
ІІ
Ал мынау «Жаушытөбе» асқындады,
Әлде бір тас қамал ма астындағы?
Қопарғыш машинаның азуларын
Төсіне тереңдете бастырмады.
Төнсе де аран ауыз қаусырмалы,
Тас тиіп найза тістер қаршылдады.
Гриша арпалысты түске дейін,
Қордасы тау төбенің аршылмады.
Үймелеп кірпігіне құйын шаңы,
Сол бір сәт ыза буды Гришаны.
«Нәлет құм! Шайтан соққыр!
Өртеңгір!» деп,
Жігітің тас төбемен ұрысады...
Сөзіне еріп шофер жолдасының
Келген ол жағасынан Волгасының.
Сүйген қыз қалды, кейін келемін деп,
Албырт жас сағынып жүр сол ғашығын.
Тоқтатып мотор күйін гүрсілдеген,
Жігіттің даусы шықты:


«Құрысын!» – деген
– Инженер, қайда жүрсің?
Қажытты ғой,
Мына бір мызғымайтын қырсық төбең!
ІІІ
Төменде, жағалауда Темір жүрді,
Дария толқын ойын тебіндірді.
Ойпаттан сонау жатқан елестеді,
Абаттай нуы тұнық теңіз нұрлы.
«Жайнаса сол алқаптан шалқып теңіз,
Ежелгі жұтаң қырды сәнді етеміз.
Иә, сонда Алмагүлмен жүзіп бірге,
Бетінде көк айдынның әндетеміз.
Ал өзі қыз емес, пе бір ұшқалақ?
Билеуге, ән салуға тым құштар-ақ.
Әркіммен әзілдейді,
соны көрсем,
кетеді тұлабойым құрыстап-ақ...»
Инженер, оймен талай таңды атырған,
Толғанып туар іске алда тұрған.
Осында келген еді бұрнағы жыл,
Дипломын алған жігіт Алматыдан.
Осы маң –
бесік жері бабасының,
Бұл құмға сүті тамған анасының.
Туса да бұл өңірден аулағырақ,
Жасынан біліп өсті дала сырын.


«Жаушықұм».
Қызыл шақа тастар маңы.
Қаттасқан жоталардай асқардағы.
Батпайды бұған неге болат тістер,
Әлде, бұл аталардың тас қорғаны?
Иә, солай,
Белгілі ғой шежіреден.
Бабамыз бұл жапанды неге іздеген?
Ойрандап жұртымызды жоңғар, дүрбіт,
Босқын ел қаңғып түзде еңіреген.
Сондайға жау қожа ғой шауып келген,
Кез болды, аждаһадай қауіп төнген.
Мелде би, Қоңыраттың көшін бастап,
Бұл белге Жиделіден ауып келген.
Өр ата,
қайта желдей өктеймін деп,
Көктемде келген екен көктей гулеп.
Қоныстап қалған екен Шардараны,
«Бойынан Сыр-анамның кетпеймін», – деп.
Бұл қорған аталардың қалқаны да,
Төбе құм тас дуалдың талқаны ма?
Шапқыншы бұзып кейін бекінісін,
Әр жаққа қоңыраттар тарқады ма?
Басынан «Жаушықұмның» ыза гулеп,
Өткенге ойы солай ұзады көп.
Инженер түйіндеді, динамитпен,
Қасарған тас төбені бұзамын деп.


ІV
Шапшаң қыз – құрылыстың дәрігері,
Бітпейді күнұзақта әбігері,
Аралап дүбір шыққан алаптарды,
Жүргені ертелі-кеш әрі-бері.
Жалындай жүзін аптап жаздың желі,
Жүрсе де сырқат жанға әзір емі.
Алдымен, ауырғанға дәру еді,
Бұл қыздың наз күлкісі, әзіл лебі.
Келеді еңістікке елегізіп,
Керімсал бойын сипап дене қызып,
Шешініп сүңгімей ме дарияға,
Ойланды өткендерін неге тізіп?
Қызық қой өткен жылдар Ташкендегі,
Тамамдап институтты өскен жері.
Елемей өзгелерін, оқысын деп,
Әкесі осы қызды қастерледі.
Әкесі пысықай шал осы күнде,
Көп жүрген сауда-саттық кәсібінде.
Даланың көкжалы еді,
түлкі болып,
Кәнікті шаһардың да тәсіліне.
Бұрын ол көп шарлаған қапас құмды.
Әр іске басын талай шатастырды.
Мәуедей мәпелеген осы қызын,
Бұл әке әлдекімге атастырды.
Басында сусар бөрік, –
ол бір сылқым,


Бояп тұр жылтыр куртка керім сыртын.
Өзі кім? –
Аспаздардың қасапшысы,
Жайнақ көз –
танытып тұр сыр мен сиқын.
Мырза ол – әсем дүние, сән үйдегі,
Гулейді, «Волгасымен» шәниеді.
Қыздарды шолақ шашты, келте етекті,
Иіріп, ресторанда сан биледі.
Жақпады, бірақ неге Алмагүлге?
Қыздарға қызықты ғой үлде-бүлде.
Сыпайы, сырбаз сөйлеп сызылса да,
Базарбек ұнамады қызға мүлде.
Соңына түсті ылғи, жүрді көздеп,
Кездесті тосын тұстан талай кез кеп.
Ол емес, қыз есінде сонау жігіт,
Сона бір мейіз түсті күрең өзбек.
Оқыды ол жігітпенен бір курста,
Көтерсе қыз көңілін сол қылмыс па?
Солмай ма сұлу гүлі қайран бақтың
Желегі сипалмаса со бір тұста?
Осы бір қиын оқу...
Неткен ұзақ?
Мойнына балғын қыздың түскен дұзақ.
Нұрларын мөлдір көздің кітап сорып,
Бал жүзін сарғайтады түндер ұзап.


Па, шіркін!
Қандай ыстық сол бір шағы,
Албырт жас жалын сүйіп, гүл құшады.
Мейірін жүрегінің тапқан қалқа,
Сезімін сырласының ұғысады.
Жырлаймын жас қызығын балдан тәтті,
Мүсіркеп ләззәты мен махаббатты.
Аяймын ерте солған бикештерді,
Солардың армандары маған батты.
Жастықтың аз ба, сірә, сәтсіздігі?
Оп-оңай ұстата ма бақ тізгіні?
Қалқашым, кеш тапсаң да сүйіктіңді,
Кетер тез жаныңдағы дақтың ізі.
Есінде, өткендердің бәрі есінде,
Ондайдың опығы көп, көнесің де.
Денесін жел аймалап, албырт Алма,
Қарады «Жаушықұмның» белесіне.
Көргенде тіл қатпастан күлген Темір,
Шұқылап оба құмда сол дөңде жүр.
Несіне тартынады?
Ұнатпай ма?
Күлгені көрсеқызар елең бе құр?
Бірақ ол жеңіл емес, қызба қаны,
Байқаймын мені өзгеден қызғанады.
Жай қарап тіл қатпайды. Әзілдесем,
Несіне көп сынайды қыз баланы?
Келеді ойлап солай шалбарлы қыз,
Темірге тез баруға арланды қыз.


Бұрылды жотадағы қызу іске,
Мұнда топ тапсырманы алған тығыз.
Қу мекен, ежелгінің жұрнағындай,
Осы бел қалың жыныс шеңгел, қурай.
– Осыны тез жұлыңдар, құртыңдар! – деп
Белесте әбігер боп жүрді Югай.
Агроном, осы құмды қалап келген,
Бұл жердің топырағын қарап көрген.
«Шіркіннің тамырына нәр жүгіртсе,
Көл күріш шалқар еді жалақшөлден»
– Жігіттер, қарамаңдар, қол қанаса,
Отаңдар шеңгелдерді тайталаса.
Орнына орнатамыз жас қаланы,
Бау-бақты өсіреміз таң-тамаша!
Осылай Югай жүрді асықтырып,
Шеңгелді түбірінен басып тұрып,
Жұмыла тартты бәрі,
жатқандай бір,
Мыстандай кәрі шөлдің шашын жұлып.
Аршадай арқаларын күн қақтады,
Алаулап аңқаларын жел аптады.
Қанша қол қырықтықпен қарысса да,
Шеңгелдер саусақтарды шыдатпады.
Жүгірді қызға қарай Ашот неге?
Жұмысқа ынтасыз деп есептеме!


Қолынан қан сорғалап бара жатыр,
Қыз көрсе –
шыдамсыз деп өсектеме!
Десек те –
аздап ондай жазығы бар,
Армянның ауызында әзілі бар.
Кім білсін, бойдақпын деп
өзеурейді,
Томпиған төсі барға көзі құмар.
Бүркіттің тұмсығындай имек мұрын,
Бұйра шаш, қара мұрт тұр –
сәндеп түрін.
Танысқан осы жігіт Алмагүлмен,
Сауықта, су басында билеп бұрын.
Жүгірді көріп, міне, дәрігерді,
Ол неге осыншама әбігерлі?
Тырналған қолын сілтеп сөйлеп жатыр,
Ол тілеп тұрған да жоқ қазір емді.
– Күнімен қайда жүрсің, көрінбедің?
Күнішім, ем ғой бізге сенің лебің?
Жалт беріп, саған жаңа
қараймын деп,
Қолыма кіріп кетті шөгірлерің...
Жаралы саусақтарға қыз қарады,
Ем тілеп еріндері қозғалады.
Шөгірін аршып жатса, албырт Ашот,
Қадалды жанып қызға көз жанары.


Гүрс етті...
«Жаушытөбе» төңкерілді.
Ойпырмай!
Ойран етті төмпе құмды?
Аспанға астан-кестен кесек ұшып,
Айнала өрттей құммен көмкерілді.
Зілзәла, сілкінді ме дүлей төбе?
Біреуді атқан тастар сілейте ме?
Тоқташы!
Темір қайда, құм басты ма?
Жан-жаққа борандады зілдей пәле.
Жүгірді дәрігер қыз абыржыған,
(Мұндайда үзілмей ме сабыр-шыдам).
Соңынан Алмагүлдің Ашот кетті,
Ұмытып қол жарасын ауырсынған.
V
Алдында жирен жалды су сырғанап,
Отыр ол ойға батып,
Сырға қарап.
Аптығып ағып жатыр асау өзен,
Айнала шаңқай дала, сұп-сұр алап.
Көпіріп екі езуі долданады,
Қалайша дүлей шіркін торланады?
Алқапқа айдын орнап, қашан мұнда,
Электр жайнатады сар даланы?
Өзеннің арғы жағы терең ойпат.
Шалқи ма сонда теңіз ұлан-байтақ? –


Құрылыстың жетекшісі – Авдей отыр,
Ағысын дарияның сынап, байқап.
Инженер – су барлауға білгір кісі,
Даңқты болып еді бұрынғы ісі.
Қолынан өтті талай әр қиырда,
Бірнеше ГРЭС-тердің құрылысы.
Тартқан жоқ дала оны таң қалдырып,
Ел ісі есін билеп, алған ырық.
Қазақтың бұл шөліне келді Авдей,
Құмынан Түрікпеннің канал жырып.
Тегінде, сәнді қала оған жат па?
Несі бар аулақ қырда, алау жақта.
Жүрмей ме жұбайымен, бөбегімен,
Неваның жағасында, самал бақта?
Көрінер мұндай жанға дала бүгін –
Көгіндей ұшқыр қиял-талабының.
Қиын мен қиыр іздер мінезі ғой –
Асқақшыл біздің совет адамының!
Әлі жоқ тұрғын үйлер бұл жағада,
Төселіп жатыр қазір ірге ғана.
Қаз-қатар қонған шатыр,
Вагон-дүкен,
Асхана кенеп бүркеп тұр далада.
Шатырды шаң шалады, күн ыстайды.
Жігіттер қалай сонда тыныстайды?
Күз таяу, суық ызғар соқса, қайттық,
Қалашық мұнда қашан қоныстайды?
Осылай ойға батып, суға қарап,


Отырды Авдей...
Ақты Сыр сырғанап.
Тамаша!
Келеді, әне, сал мен баржы,
Құрылыс бұйымдарын артып, қалап.
Ал енді – қызу жұмыс басталады!
Қалаймыз қу өңірге жас қаланы.
Қуанып жар басына шықты бастық,
Үй салар алаңға көз тастағалы.
Бұрқ етті жай түскендей «Жаушы» сонда,
Дүркіреп жөнелгендей даусы жонға.
Темір ғой,
Қопарған сол тас төбені,
Басталар құрылыстың – басы сонда.
Авдейге мәлім еді Темір ісі,
Жас маман, албырттардың сенімдісі.
Кездессе қандай қиын,
Коммунист қой,
Қиналып көрген емес оның түсі.
Іске сәт!
Бригадир Югай қайда?
Тынымсыз адам еді ол мұндайда?
Қарай көр!
Қолмен қырқып жүргендерін,
От беріп бұл жыңғылды опырмай ма?
Күлімдеп келді Югай, қолы жара.
– Осынша әуресің бе, таппай шара?
Шеңгелді өртеу керек, тамырымен,
Шеккенше көп бейнетті жұрт қаншама!


...Аздан соң өрши қалды өрт елесі,
Үйтілді түкті құмның кер төбесі.
Бұлттардай,
буралардай ауды жалын,
Тып-типыл болды жұрттай өртең осы.
«Жаушықұм» шеңгелімен ауды бірге,
Қуғандай қиын шептен жауды мүлде.
Авдей мен Югай тұрды,
Қолбасшыдай,
Көз тастап ұшып жатқан дауыл күлге.
Айтқандай Темір қайда?
Төбе жақтан,
Сол шығар үшеу болып келе жатқан.
Ашот пен Алмагүл ғой қасындағы,
Іздеген инженерді тау құлатқан.
Біледі сақтануды құм түлегі,
Жарғышты қойып,
аулақ отыр еді.
Тас төбе опырылып жарылғанда,
Қыз жетті, сыртқа шығып оттың лебі.
Сезді ол Алмагүлдің алқынғанын,
Байқады жанарының жарқылдарын.
– Саумысың, Темір? – деп қыз елпілдеді,
Аңдатып аянышын, жарқын жанын.
Ұқса да қыздың осы әбігерін,
Дей салды –
«Тірімін ғой, дәрігерім».
Осындай кей жігіттің әдеті бар,
Бәлденіп жасыратын жанның лебін.


Сондайдан өрбиді ғой өсек пәле,
Қасына еріп келді Ашот неге?
Ал Темір білдірмеді қызғанышын,
Емес қой құр елірме, есекдәме.
Үшеуі келе жатты күле қарап –
Ойран бел, шашылған тас, күйген алап.
Түксиген таудай еді мана ғана,
Жазықтай белең болды, міне, ғажап!
Осылай сілкінді де дүлей құм бел,
Момынсып жатыр дауыл гулейтін жер.
Төпелеп тас пен құмның топырларын,
Жөнелді бульдозерлер, грейдерлер.
– Жүр, Темір, барайықшы су басына,
Сүңгуге, ән салуға, сырласуға.
Бір мезет тынықсайшы!
Шаршадың ғой,
Кеңесім жанашырлық ұғасың ба? –
Алма қыз айтып соны қарай қалды.
Күн шалған жүзі нарттай арайланды.
Білемін, сиқыры бар сондай көз ғой
Есінен адастырған талайларды.
Ежелден айтатын сол өсиетім,
Шын сүйсең –
Әулиең сол бас иетін.
Қалқашым,
өзің баура бозбаланы,
Кетірме махаббаттың қасиетін...



VI
Мәз күлкі, шулар басты сол жағаны,
Сылаң Сыр жүз бұралып жорғалады.
Керімсал есті баяу, күн еңкейді,
Тыныштық бөлегендей сар даланы.
Тынышсыз жас ойнақтар жиектегі,
Әзілдің ағытылған тиектері,
Құмдақта отыр кейі,
кейі суда,
Толқынды сүзгілеп жүр иектері.
Қызық қой жігіттерге қыз жүрген жер.
Судағы аққу қаз ба тізілгендер?
Бағана бір машина қыз келіпті,
Қуанды қызға жаны үзілгендер.
Ішінде сарысы бар, қоңыры бар.
Бәрі де сылқым екен көңілге ұнар.
– Жігітім, бұлар гүлдер шөлге біткен!
– Айтпашы, таңғажайып өмір бұлар!
Гүлді бақ орнағандай қу өңірге,
Жаңғырды, қызды жаға ду-дүбірге.
Бұлқысып ақ сазандай жұмыр белдер,
Тастайды шоқтай ыстық сыр көңілге.
Шіркіндер судан шығып керіледі,
Па, шіркін!
Анау неткен керім еді!
Ақ балтыр, аршын төсті ақсары қыз,
Ашотқа асқан сұлу көрінеді.


Айтыңдар, қызықпасын жігіт қалай? –
Қос анар томпиғанда жұмыртқадай,
Жанары ұшқындаса, қарағанда,
Жүзінде жайнай қалса қызғылт арай!
Қараймыз тастан ойған мүсінге де,
Топастар әсемдікті түсіне ме?
Таңырқап тракторшы Алпысбай тұр,
Жиекте тұрған қызды, төсін кере.
Ал Темір отыр құмда ойнағансып.
Ынтасын тек жұмысқа қиған жансып.
Сызғыштап алдындағы топырақты,
Жобалап шиден белгі қойған шаншып.
Жігітім, жасырасың сырды неге?
Бейрауа, сезбегенсіп күбірлеме! –
Қарасаң, сені неге абыржытты
Судағы бүлдіршіндей жұмыр дене?
Бірақ сол сақтап отыр сырын мықтап,
Қозғалып кірпіктері жыпылықтап.
– Бал ашып отырсың ба? – деп Алмагүл,
Ақ тісін ашып күлді сықылықтап.
Ал қыздар жиектегі ырғалады,
Көрсе де бүгін ғана бұл жағаны, –
Кейбірі жігіт көрсе бұлғалақтап,
Кейбірі қасақана бұлданады.
Шіркіндер, балғын жас қой, сұңғақ талдай,
Қайтсын-ай, масайрамай, бұлғақтамай.


Уыз қан тамырында қайнаса да,
Бетінше кеткен жоқ қой сыр сақтамай.
Жоқ бұлар – әдептілер, ақылдылар,
Жұмысқа, ауыр іске батыл бұлар.
Өз бағын тастап келді көк өрімдер,
Шығанға жастық албырт дәтін сынар.
Келген жоқ рахат жер деп шөл даланы,
Комсомол берді нұсқап жолдаманы.
Кім білсін, табар бақыт жұлдызын да,
Жанғанда жан үміті, өр талабы.
– Гриша, суға неге шомылмайсың?
Өзіңе өзің неге сыбырлайсың?
(Нәписа – татар қызы, сөз қағытты)
Сақалың өсті, неге қырынбайсың?
– Сен үшін сақалымның керегі не?
Әр қыздың сөзіне мен еремін бе?
Сүйкімді сол қызыммен сүңгіп өстім,
Еділдің тегеурінді тереңінде.
Өзен бе?
Жайылма ғой Сыр ағылған,
Келе ме жалдап өтсем сирағымнан?
Қайдасың, қайран Еділ?
Бойлаушы едім,
Аңсап кеп дән шалқыған қырларыңнан.
– Гриша, қыңыр сөзге желігің бар.
Әр жұрттың өз жерінде Еділі бар.


Даттама менің сырлы дариямды,
Ежелден еміренген еліме ұнар.
Бұл өзен бабамызды сусындатқан,
Несібе жағалауы шылқып жатқан.
Емшегін өзбек, қазақ, тәжік емген,
Достықтың арнасы ғой, шырын атқан.
Бұл менің ата жерім, бауыр белім,
Сүйемін осы құмның дауыл, желін.
Мүмкін сен үйренерсің, үйленерсің –
Бұл жақтан жүрегіңнің тауып емін, –
Деп кетті осы маңның Әліпбегі,
Сыр десе жалындайды жанып лебі.
Инженер үй құрылысын басқаратын,
Жерінің тарихына қанық еді.
– Сүйіктім қалды Еділ жағасында,
Қалмаймын басқа қыздың жаласына, –
Гриша қасындағы сырнайды алып,
Сайратты саусақтары аласұра.
Жүргенде қияндағы жолды қиып,
Тартатын құйқылжытып Волга күйін.
Қыпша бел, жалаң төстер көтерілді,
Бәрін бір серпілткендей жонда құйын.
Шиедей күрең жүздер шырайланды,
Ұршықтай ақ балтырлар шыр айналды.
Қошқардай түкті кеуде жылпос Ашот,
Алмаға «билейік!» – деп сұрай қалды.


Сілкініп Темір тұрды құмнан жылдам,
(Шыдамсыз қызғаныш қой сыр алдырған)
Алманы бұраң белден іліп алып,
Жөнелді басып биге думан құрған.
Ашот па абдырайтын осындайда?
Ондайда ер намысы ашынбай ма?
Кетті ол сары қызды бұлғаңдатып,
Билесе жан ырғағы қосылмай ма?
Сырықтай Темір әрең тербеледі,
Қалайша қозғалысы тең келеді?
Темірдің қолтығында жұмыр Алма,
Бұлтыңдап әңгелектей дөңгеледі.
Бұл қызға, сырын ашып үндемеген,
Айқасқан білектері күйді неден?
Қараса, кірпіктері тұр қағылып,
Қимылы қандай әсем би билеген!
Рахаттың жібін үзді шыққан бір үн.
(Сылтау көп ғашықтарға келер қырын)
Шақырды
– Темір, бері кел, – деп Авдей.
(Тілдесер мезгіл жоқтай бұдан бұрын).
– Немене?
Не боп қалды қазір сонша?
– Білдің бе, бізге қолдар келді қанша?
Соларды құрылысқа бөлейік те,
Қойманың котлованы қазылғанша.
Жаңғыртып ««Жаушықұмның» құрым
түсін,
Бастайық тұрғын үйлер құрылысын.


Әуелі бірер барақ салу қажет,
Қыс түспей баспанада тұру үшін.
Бұл іске Әліпбек пен Югай барсын
Қасына ығай менен сығайды алсын.
Бәрі де сай тасындай қыз бен жігіт,
Қалаушы, сылақшыға ыңғайлансын.
Темір, сен, қазу ісін үдете бер.
Әп-сәтте алаулаған күндер өтер.
Тас тоңды қыста қалай қопарамыз,
Өтпесін осы тұсың бір күн бекер.
– Бұл күзде үй біте ме?
Құрал тапшы.
Қалайша жолсыз құрылыс құралмақшы?
Әуелі тастақ жолды салу керек,
Тек сонда жұмысымыз болар жақсы?
Ал, мынау секеңдерден не шығады?
Олар тек думан десе асығады.
Бетінше келгендер ғой,
бетті қағып,
Тіл алмай кейде бізді басынады.
Түзеді Темір сөзін Әліпбектің.
– Қайда сен іс тізгінін алып кеттің?
Жастар ғой, таныс емес мұндай іске,
Бұларды баулу керек әлі көп күн.
Несіне қиын ғой деп қынжыласың?
Бауыр тарт, бәрі сенің тұрғыласың.
«Құрал аз, жол қайда?» – деп жүресің бе,
Жастардың жұмылдыра бұр құлашын! –
Темірдің сөзін бәрі мақұлдады.
Тегінде қиындыққа батыл бәрі.


Өзендей тегеурінді ұмтылмай ма,
Қосылса, коммунистің ақылдары.
...Билеп жүр қыз бен жігіт алқалана,
Жағада жаутаңдаған Алма ғана.
Темірдің көзі түсіп тыпыршыды,
Тұрғандай алма пісіп сол жағада.
Қарады бәрі бидің ойнағына.
Ал кенет,
әлде бұлбұл сайрады ма?
Ормансыз, жадау Сырдан сызылды ән –
«Жүрмісің сәулем «Сарман бойларында».
Нәписа, татар қызы, сол жырлаған,
Әсем ғой, күміс даусы сыңғырлаған.
Гриша сырнай қосты,
би де тынды,
Тұнғандай Сырдың беті шымырлаған...





Пікір жазу