Поэмалар ✍️
ХАН САРАЙЫНДАҒЫ ТОЙ
БІРІНШІ ТАРАУ
Ябид хан
отыр гулеп ордасында.
Сақшылар сайып-қыран
тұр қасында.
Серісі той-думанның
Қорқыт қайда?
Ол – ханның уәзірі де,
қолбасы да.
Ябидтің сауық-сайран
ермегі де,
Желіккен сұрқылтайлар дүрмегіне.
Тойы бұл құдалықтың,
жалғыз қызын
Ұзатпақ оғыздардың бір бегіне.
Ябид хан ұнатады даңғазаны,
Айқарды Жанкенттегі дарбазаны.
Әуейі сұрқылтайлар шуылдасып,
Мақтады той жасаған ханзаданы.
Ару ма мадақтайтын ханның қызы?
Хан үшін – жайнап тұрған таң жұлдызы.
Жиналды шартараптан өңшең даңғой,
Кең қырдың топыр болды шаңқан дүзі.
Келер жол өрген талдан босатылды,
Төседі айналаға масатыны.
Ябидтің дабылымен үркіп қырдан,
Аңдардың шулары да қоса тынды.
Хан қызы,
оранғаны – үлде-бүлде,
Тойына масайрады елтіп мүлде.
Шулаған қыз-қырқындар,
Шерғұт отыр
Елірмей өзгелердей,
шерлі түрде.
Шерғұт қыз –
қарындасы Қорқыт ердің
Бірі емес қыз-ойнаққа желіккеннің.
Түйіліп отыр Шерғұт
сыртқа қарап,
Ойымен қырқаларын
шолып белдің.
Ал ханның
сұрғылт қызда жұмысы не?
Ол ырза мәз-мереке той ісіне.
Жарысқа жүз ат қосты,
озғанына
Бір қалта ділдә тігіп бәйгесіне.
Мәз болды жиналғандар
қызды қоршап,
Шашылды шашу болып күміс-моншақ.
Орданың бағындағы желпілдеген,
Көтерді тойдың шуын құстар аңсап.
Тербетіп сырнай-керней ырғақтары,
Сайрады сандуғаштар гүл бақтағы.
Мәз болды қалыңдық пен мырза күйеу,
Сұлулар түлкілердей бұлғақтады.
Құбылып жанат бөрік қыз басында,
Жайнайды інжу-маржан алқасында.
Еркелеп күйеуіне шұлғыса қыз
Жарқ етер алтын, жақұт сырғасы да.
Бұл тойдан өзіне сый көздеген көп
Құр қалар сол сыйлықты сезбеген тек.
Жүз жігіт тартысып жүр көк бөріні1
Хан меңзеп жүлдесіне қыз берем – деп.
Ханның бұл әуселесін сезді Шерғұт,
Білсін бе хан айласын сезбеген жұрт.
Есіне түсіп өткен хан кесірі,
Шерғұт қыз қапелімде кетті сергіп.
Бар еді Шерғұт қыздың сүйген жары,
Келбетті, әсем еді түр-ажары.
Шерғұтын бөбегіндей әлпештеген
Әрқашан жұбайына құштар жаны.
Қытымыр ханға дәйім айыпкер көп,
Қарайды жан-жағына жайып өрмек.
Жұмсады Шерғұттың сол сүйіктісін,
Бір жұртты сый бермеген
«шауып кел!» – деп.
Бұйрық қой,
Кетті жігіт шабуылға,
Ол жұрттың қарамады шағымына.
Жасағы ойран етіп қыстақтарын,
Айналды айналасы сары құмға.
Озбыр хан
момын елді жазалатты.
Шекті жұрт жойқын күштен
жан азапты.
Сол елдің ер жігіті найза сұғып,
Өзі де сол шайқаста қаза тапты...
Шерғұттың елестеді сүйіктісі,
Өртенді от түскендей күйіп іші.
Масайрап отыр гулеп тойшыл тобыр,
Өзгеден Шерғұттың тек суық түсі.
Жар іздеп қарамады басқа жанға,
Болмады үміті де тосқан алда.
Жанашыр жан ағасы
жалғыз Қорқыт
Демейді қарындасын
бастап алға.
Ойларын Қорқыт аға
кетті бөліп,
Булықты мәз-мереке
топты көріп.
Ордадан кетейін деп ұмтылғанда
Ябид хан қыздың ойын кетті бөліп:
– Сен неге ақ ордамнан жылысасың?
Тойыма жоқ па сенің ықыласың?
Жар құшып отыр айдай
әппақ қызым,
Кең жайып сендейлерге шұғыласын.
Жарыңды жұттың ерте – жесірсің сен.
Әлі де желігің бар,
кесірсің сен.
Не іздейсің?
Ер емессің жауға шабар
Көкисің, далада тек
есіп жүрсең.
Уәзірім, сұрқылтайым –
Қорқыт ағаң,
Бұйырсам – әмірімді ол құптаған.
Несіне абыржимын, жұртым тыныш,
Байлықпен толықсыды шалқып далам.
Хан сөзі шамдандырды
Шерғұт қызды
Жорыққа жігерленген шырқын бұзды.
Айтты қыз:
– Ойламайсың аңғалақ хан
Жаулардан қорғайық деп
жұртымызды.
Күңгейден жөңкіліп жүр
ауған аңдар,
Өріп жүр өрімізде абжыландар.
Көрмейсің,
үрке қашып лашығынан,
Қу жонда қаңғырып жүр сорлы жандар.
Білмейсің сол сұмдықты көзбен шолып,
Жатырсың мешел жандай үйде шөгіп.
Кенеттен ойбайларсың
аңғал ханым,
Жыландай қабырғаңды
жұлса сөгіп...
Шерғұтқа
«Жоғал!» – деді ашумен хан, –
Кім сені мені мұнша басындырған?
Жолама енді менің сарайыма,
Аулақ жүр,
жылан өрген асып қырдан!
Кетті қыз оқты көзбен атып ханды,
Ызаның кеудесінде оты жанды.
Семсерін сермеп мінді бедеуіне,
Сұстанды, қас батырша қатуланды.
«Жау бар – деп
Қорқыт аға сезікті ме?
Расымен шапқыншыға кезікті ме?
Кетпедім бірге неге
ер ағаммен,
Ол шалған жағын жаудың кезіп бірге?
Ағасы кеткен бірге жұбайымен,
Тең бе ол ер ағама?
Сынайын мен.
Қалайша баурап алды
қыпшақ қызы
Жақұтты ләззатымен, шырайымен?»
Шерғұт қыз бедеуімен кетті жортып
Жорықтан бөгелмейтін жаны қорқып.
Расымен кездесті ме қалың жауға,
Қайда жүр жан ағасы –
батыр Қорқыт?