12.04.2022
  349


Автор: Қалижан Бекхожин

СЕРІ КҮЙШІ

(Дастан)
ҚОРҚЫТПЕН ТІЛДЕСУ
ПРОЛОГ
Сырдың бойын жебелеп
Мен келемін,
Ұшқан құспен жарысты,
Желді өлеңім.
Екі шектей тартылған
Қос келісті
Күйді шерткен қобызға
Тең көремін.
Ата жырдың бұл дария
Бастауындай.
Ерке өзен жоқ түзімде
Басқа мұндай.
Шалқар дала көркі ғой:
Кербез дария
Шолпы таққан сұлудың
шашбауындай.
Сары атандай маңқиған
Төбе, дөңдер,
Қалып жатыр қиырда.
Дөңгелеп жер,
Поезымен жарысты...
 Оздым алдан,
Құшақ жайды,
Көк майса, көлбеген бел.
Жасыл жаға
Аясы абат гүлі.
Моншақ тізіп мәуеден.
дарақ тұрды.
Жайлаулардан жайнады
ауыл, қыстақ,
Төбесіне айдардай
Қадап туды.
Өрлеп өттім өлеңмен
мың асуды.
Асқақтатып ақ шашты
бұл басымды,
Өлеңіммен тербетіп әлдилеймін,
Шадыман шақ сәбиі –
Мирасымды.
Көне мола – мұрасы баяғының,
Дархан далам
Халқыма ая бүгін.
Бұрынғының абызы – азагер ғой,
Қасіретпен тұсаған баяу үнін.
Ата қырым,
сүйемін аспаныңды.
Жыршыңмын ғой арынды, асқақ үнді.
Дәуірімнің жұлдызы – жас ұрпаққа
Бастаймын «Бақыт-наме» дастанымды.
Бұл неткен ащы дауыс шыққан түннен?
Поезым шайқалды ма?
 Селк еттім мен.
Дария жағасында – көне мола,
Күңіренді маған күнмен, өктем үнмен:
«Ей, түсігім!
Масайрап сен
Мұнша неге көкисің?
Қияға сен
Қырандай серпілмей,
Қасыңдағыны
Қарғадай шоқисың.
Дүрмектен думан өріп,
Күрмектен торғын тоқисың.
Маңғазсың!
Беймазасың.
Отты күймеге мініп,
Өрттен ұшқан
Жалындай гулейсің.
Алыстағыны аңдап білмейсің,
Шым-шытырық әлемің,
Сұм сойқандар жүр ғой торлап.
Солардың шуын
Құлағыңа ілмейсің.
Ұлысыңның арманын толғап,
Азасын шеккен
Абыздарды неге тілдейсің?
Мен,
Ат жалын тартып мінгеннен
Жұртыңа ата атандым.
Сарнамай саған түннен,
Көрімде қайтып жатармын?
Сен сонша неге әуейісің?
Сұрапылы көп әлем исін,
Мен көрде жатып сеземін.
 Жұрт тағдырын көп ойлап,
Көрге кірдім мен бейбақ.
Енді сенің кезегің...»
Кенеттен күрмелді күй,
үн үзілді.
Мүлгіді қайран күйші
мұңы зілді.
Әлде мен түс көрдім бе,
ояумын мен,
Күй тербеп,
заулатқандай поезымды.
Сол үнге көрден шыққан
ұйып мүлде,
Кеудемді тебірентті
күйі түнде.
Мойнымды созып поезд әйнегінен,
Бас иіп, тауап еттім бейітіне.
Жасымнан күйшілермен сырлас
жаным
Күй тербеп,
еміренді бұл дастаным.
Әйгілі Қорқыт ата – сері күйші,
Пірімдей билеп мені
жыр бастадым.
Халқымның сүйсінемін аңызына,
Сақталған қызық сырлар ауызында.
Сол аңыз қаламымды жебеледі,
Дем беріп,
бұл дастанды жазуыма.





Пікір жазу