11.04.2022
  277


Автор: Тілеубек Батыс

Әлқисса

Мен осынау ақымақтарға зәру емес ғасырдың,
Сорына туған масылмын.
Болжамы белгісіз көріпкел болашақтың қабақ шытқанын
Көз жасын сығымдаған көлеңкелерім ғана жасырды.


Күніне бір парағын жоғалтса кәлендір,
Әлдебір қымбатты затымды ұрлайтын әлем бұл.
Қайталап тыңдай беретінімдей
Өзіме бейтаныс әуенді.


Қоп-қоңыр жайлаудың самалы ескенде,
Арғымағының жалынан әкеме көрінген жұлдыздар.
Тауларда мекіреніп ұйықтар алдында
Шаңырақ саңлауынан анама көрінген жұлдыздар.
Маған да нұрын төгетінін сезгендей
Жылуын шашады түнгі ызғар.


Жеті қарақшы шертетін беймәлім әуенге байланған уақыттар,
Тұншықса менің көзімдегі жастарға.
Әлдебір шындығын айтып қояды астарлап.
Менің тағдыр әнімнің әлқиссасы
Сол жексенбі күні басталған.


Долы найзағай жарқ еткен сол сәтте,
Ол жылап ойанды,
Ауаға бояулы түстерге мұң шағып.
Көгілдір көктемдер нұр-шүлен шашқанда
Ол күліп ойанды,
Жұлдыздар тілінде тыныстап, бусанып.


Тағы бір бейтаныс адамдар есіме салады,
Оңтүстікті бетке алып жыл құстарымен бірге сағынышымның қайтқанын,
Сол сағынышқа кәлендірдің үш парағы дірілдегенін
Тек жұлдыздарым ғана айтпады...


Қара бұлт торлаған ертеңгі,
Бұлыңғыр аспанымның аржағынан
Маған не айтады жұлдыздар.
Менің тағдыр әнімнің соңғы пернесі басылғанда
Саған не айтады жұлдыздар.
Ал, қазыр ойналған бұл әуен-
Фортопиянаның үнінен де ауыр
Табиғат тіліндегі мұңлық-зар.





Пікір жазу