11.04.2022
  247


Автор: Тілеубек Батыс

Соңғы нота

Түркістан.
Тағы да кесене…
Тыныштыққа мүлгіген қоңырқай үн,
Әлемнің үні…
Қиялдар тоғысындағы көпшіл ойым дірдек қағады.
Жалғыздықтан ләззат алуды үйрендім.

Беймәлім көшедегі мен - "мен" емес,
Менен гөрі көлеңкем ажарлы,
Сүреңсіз қала - тұманымен асем,
Жапырақсыз ағаш бұтақтары да сұлу.
Ұйқы алдындағы дәрменсіздіктей бір сәт.

Теңселіп келемін,
Өмір нотасының қайсы иіріміне келдім,
Қайсы ырғағын тыңдап,
Қайсы бір кілтін бастым.

Мен күткен соңғы нота әлі ойналмады.
Естілмеді тағдыр әнімнің сұлу әуені…

Мені
Ертеңім мысқылдап,
Өткенім жатырқайды.
Әлдебір бақытты сәтімді есіме түсіріп,
Көше бұрышындағы естеліктер ғана мүсіркейді…

Сол бір үн алыстан тамылжып жетердей,
Сол әуен мені жалғыздықтан құтқарардай,
Әлемді билейтіндей,
Жүрегімді қолыма алып елегіземін.

Шексіз бақытқа бөленетіндеймін,
Бар өмірімді тәркі ететіндеймін сол сиқырлы саз үшін.

Мен,
Ешқандай дүниеге айырбастамас ынтызарлықпен күтемін.
Кәдімгі немесе өмірімнің,
Соңғы нотасын… 





Пікір жазу