Жарықты өшіріңдер
Жарықты өшіріңдер!
Қараңғы түнекте жасайық қылмыс!
Сезіммен қайшы кеп, ойлармен жарысып,
Жарықтың жарықсыздығын айтайық,
Қараңғының жазықсыздығын айтайық,
Көзімде түнеген түндермен қауышып.
Өзімнен айырып, санамның ішінде,
Жалқы болмысыма бойлаған.
Жалғыздығыма ортақтасып,
Күнәмді жариялап, көлеңке түсірген.
Жарықты өшіріңдер!
Шіркін…
Менің құзырым аспандағы қызыл күнді өшіруге жетсе ғой,
Сырғыған уақытты тоқтатар күш бар болса ғой менде.
"Жарықты" шаужайлап,
Табиғат заңына қайшы кеп жасандылықты тудырған.
Өмірді өгейлеп, түнменен тілдесем
Жаһанды батырып шыңырау құрдымға.
Бұл ұйқтау үшін жасалынған шешім емес!
Тасбауыр бұл қоғам ізгілікті көрерде сондай көне,
Әлемнің мейрімін, адамның жылуын сезерде
Тәңір көзіндей тас қараңғы…
Неге?!
Өшіріңдер жарықты!
Жағыңдар, өзіме апарар шынайы әлемнің алауын.
Көңіл құрышымды басатын.
Еркін аспанды лаулатар жасанды "жарықтан да" жарық
Қараңғылық жасасын!
Жарықты өшіріңдер!
Бізді қылмыс жасауға итермелеген жарықты,
Қолдан жасалған жарықты…