Бәйшешектер
(Ертегі-поэма)
1
Келді қырға гүл көктем,
Масатыдай құлпырып.
Ақтарылды нұр көктен,
Мейірлене күн күліп.
Жан-жануар оянып,
Әдемі бір ән келді.
Бәйшешектер бой алып,
Белеңдерге сән берді.
Жайқатылды жас тал да,
Бұтағына бүр шығып.
Тірілгендей тастар да,
Басталды бір тіршілік.
Келеді Арман жүгіріп,
Кеудесін кең кере бір.
Тәтті ауадан сіміріп,
Сергіп қалды дене бір.
Шықты қырға ол демде,
Желпілдетіп танауын.
Көзі тұнды көргенде
Бәйшешектер алауын.
Бірін жұлып алғалы
Қол созды Арман ұмсынып.
Сол бәйшешек алдағы
Сөйлеп кетті күрсініп:
– Ей, балақан, балақан,
Маған текке ұрынба.
Аялаған алақан
Балдырған ем бұрында.
Еркесі едім ананың,
Еркесі едім атамның.
Ішінде топ баланың
Тентек-сүрей атандым.
Қасарысып, қарсығып,
Тыңдамадым ақылды.
Атам-анам күрсініп,
Амал таппай аһ ұрды.
Ақырында үйімді
Зор қайғыға батырдым.
Жас өмірім қиылды –
Жер астында жатырмын.
Осылып бір ойыным,
Машинаға түсіп ем.
Қара жердің қойынын,
Сөйтіп, ерте құшып ем.
Ойламадым ақырын,
Жол тәртібін білмеуші ем.
Білгендердің ақылын
Құлағыма ілмеуші ем.
Талай рет өткенмін
Кең көшеден көлденең.
Конькиді де тепқенмін,
Қорқамын деп мен неден.
Ақырында бір күні
Машинаға ұрындым.
Тыйып ойын-күлкіні,
Түбірімнен жұлындым.
Неткен қызық, тәтті еді
Қас қағымдық тіршілік!
Өмір сүру жат па еді,
Бақыт іздеп құлшынып?
Көктем сайын қылтиып,
Жер бетіне ұмтылам.
Аз-ақ мезгіл күн сүйіп,
Бәйшешек боп құлпырам.
Мұнша бітік шығар ма
Мына гүлдер ерте өнген?
Бәйшешектер бұлар да
Мен секілді ерте өлген...
Естіген соң шын сырды,
Арман қатты күрсінді.
Ерте үзілген бұл сынды
Аяп кетті қыршынды:
– Мүмкін, ғалым болар ма ең,
Ашып ұлы жаңалық.
Жұртқа мәлім болар ма ең,
Әлемге атың таралып.
Амал қанша, бауырым,
Өкінбе енді өткенге.
Қара жердің сауырын
Көгерте бер көктемде.
2
Гүлден-гүлді аралап,
Тынбады Арман, тынбады.
Естігенін саралап,
Екіншісін тыңдады:
– Мен-дағы бір бала едім,
Сөзге құлақ қоймаған.
Шығарып үй әлегін,
Отты шашып ойнағам.
«От пенен су – тілсіз жау»
Деген сөзді ұқпадым.
Болғаным-ау қырсыздау,
Пеш алдынан шықпадым.
Әсіресе мен аса
Сіріңкені сүюші ем.
Үйде қалсам оңаша,
Қырғидай кеп тиюші ем.
Терезенің пердесін
Жағып көрдім бірде мен.
Деген оймен сөнбесін,
Демеу беріп үрлеп ем.
Көп кешікпей гүрілдеп,
Жалын торды жалмады.
Тұла бойым дірілдеп,
Зәре-құтым қалмады.
Ұра бердім сабалап,
Орамалмен қолдағы.
Жалын үйді жағалап,
Өрши түсті, болмады.
Сәлден соң-ақ шатырлап,
Жанып жатты бар мүлік.
Етек-жеңім лапылдап,
Бас айналды мәңгіріп.
Түтін бітеп танауды,
Қарауытты, тұнды көз.
Кім тоқтатар алауды?
Бәрі-дағы тынды тез...
Құлақ аспай ойлыға,
Қой дегенге күліп ем.
Қара жердің қойнына,
Сөйтіп, ерте кіріп ем.
Көктем сайын қылтиып,
Жер бетіне ұмтылам.
Аз-ақ мезгіл күн сүйіп,
Бәйшешек боп құлпырам.
Естіген соң шын сырды,
Арман қатты күрсінді.
Ерте үзілген бұл сынды
Аяп кетті қыршынды:
– Мүмкін, батыр болар ма ең,
Елін жаудан қорғаған.
Мүмкін, ақын болар ма ең,
Кеудеде жыр орнаған.
Амал қанша, Бауырым,
Өкінбе енді өткенге.
Қара жердің сауырын
Көгерте бер көктемде.
3
Гүлден-гүлді аралап,
Тынбады Арман, тынбады.
Естігенін саралап,
Үшіншісін тыңдады:
– Балақай ем мен де бір
Жүрмейтұғын жөн іске.
Ақыл айтса пенде бір,
Тартатынмын теріске.
Дарияға жақындау
Тұрушы едік мекендеп.
«Бола берме батылдау», –
Дейтін әжем бекемдеп.
Шомылам деп шарқ ұрсам,
Адам қосып қасыма,
Бірақ, өзі артынша
Жететұғын асыға.
Бірде апақ-сапақта,
Мал кеп жатқан кезеңде,
Зыр жүгіріп, заматта,
Жетіп бардым өзенге.
Қарап тұрып байыздау
Көрінді де дұшпан боп,
Өзім білер тайыздау
Қойып кеттім тұстан кеп.
ІІІомылған соң шешініп,
Аянайын несіне?
Құлаш ұрдым көсіліп,
Өр толқынның төсіне.
Асау толқын бауырға ап,
Тарта берді тереңге.
Аяқ-қолым ауырлап,
Бата берді денем де.
Үсті-үстіне қылғытып,
Суды жұта бастадым.
Талықсыдым үн бітіп,
Уақытта қас қағым.
Иірімнің тартқанын
Көрмей қалды ешкім де.
Қалдырып тек артқа мұң,
Өтті өмірім еш мүлде.
Жетпей ақыл, сабырым,
Дарияға түсіп ем.
Қара жердің бауырын,
Сөйтіп ерте құшып ем.
Көктем сайын қылтиып,
Жер бетіне ұмтылам.
Аз-ақ мезгіл күн сүйіп,
Бәйшешек боп құлпырам.
Естіген соң шын сырды,
Арман қатты күрсінді.
Ерте үзілген бұл сынды
Аяп кетті қыршынды:
– Мүмкін, әнші болар ма ең,
Жүректерді қозғаған.
Мүмкін, малшы болар ма ең,
Қойы егізден қоздаған.
Амал қанша, Бауырым,
Өкінбе енді өткенге.
Қара жердің сауырын
Көгерте бер көктемде.
4
Гүлден-гүлді аралап,
Тынбады Арман, тынбады.
Естігенін саралап,
Төртіншісін тыңдады:
– Мен-дағы бір ұл едім,
Айтқан сөзді ұқпаған.
Дедім:
«Таудай жүрегім*
Терегім жоқ шықпаған».
Маугли мен Тарзан боп,
Биіктеуге бекіндім.
Жерде жүру арзан боп,
Үй үстінен секірдім.
Ол да аласа көрініп,
Бардым бірде тоғайға.
Шықтым талға желігіп,
Жығылам деу жоқ ойда.
Жақындау бір бұтаға
Қарғып барып іліндім.
Көңіл місе тұта ма,
Одан бетер жұлындым.
Бір бұтаға қашықтау
Арыстанша атылдым.
Керек еді асықпау,
Атылдым да шатылдым.
Түкке ілінбей саусағым,
Төмен қарай ұштым кеп.
Қабырғамнан қаусадым,
Қара жерді құштым кеп...
Көктем сайын қылтиып,
Жер бетіне ұмтылам.
Аз-ақ мезгіл күн сүйіп,
Бәйшешек боп құлпырам.
Естіген соң шын сырды,
Арман қатты күрсінді.
Ерте үзілген бұл сынды
Аяп кетті қыршынды:
– Мүмкін,
Спорт шебері
Болар ма едің әйгілі.
Жарыстарда келелі
Бермейтін бас бәйгіні.
– Амал қанша,
Бауырым,
Өкінбе енді өткенге.
Қара жердің сауырын
Көгерте бер көктемде.
5
Гүлден-гүлді аралап,
Тынбады Арман, тынбады.
Естігенін саралап,
Бесіншісін тыңдады:
– Мен-дағы бір бала едім,
Қиындықты көп көрген.
Ленин сынды дана ерім
Бостандыққа жеткерген.
Жаңа өкімет – жаңа өмір
Келе жатты жанданып.
Салуға іштей әлегін,
Жаулар жүрді қамданып.
Айрылған мал-мүлкінен,
Келді ауылға қашқын бай.
Қулығы асқан түлкіден,
Қорқаулығы қасқырдай.
Арам ниет қауіп-ақ,
Сезіп оның қастығын,
Хабарладым тауып ап,
– Милиция бастығын.
Өзін алып кеткенмен,
Достары аман қалыпты.
Сұм жауыздар кектенген
Маған аңду салыпты.
Бірде бойлап бұлақты,
Балық аулап жүр едім.
Келді шауып бір атты,
Танымадым түр-өңін.
Тым сұсты екен әлгі адам,
Жүрек тулап, шошынды.
Сөйлеп кетті ол жалма-жан:
«Ұстаттың ба досымды!?»
Тартынбадым мен де одан,
Тез жинадым есімді:
«Халық жауы ол оңбаған,
Жолы енді кесілді!»
«Ах, солай ма, жетпегір!»
Деп, қанжарды қадады.
Қыршынынан кетті өмір,
Қанға бояп даланы.
Аясында алтын күн,
Білім алсам деп едім.
Қадірменді халқымның
Ұлы болсам деп едім.
Қапылыста қас тұлға
Ерте қиды желкемді.
Жатырмын жер астында,
Құшып туған өлкемді.
Көктем сайын төменнен
Жер бетіне ұмтылам.
Күн күлімдеп төбемнен,
Бәйшешек боп құлпырам.
Естіген соң шын сырды,
Арман қатты күрсінді.
Ерте үзілген бұл сынды
Аяп кетті қыршынды:
– Бұл өлімің – ер өлім,
Үзілгенмен тым ерте.
Ұмытпайды сені елің,
Ұмытпайды гүл өлке.
Бәйшешек боп бұралып,
Құлпыра бер, бауырым.
Ерлігіңді мұра ғып,
Жыр қылады ел, бауырым.
6
Гүлден-гүлді аралап,
Тынбады Арман, тынбады.
Естігенін саралап,
Алтыншысын тыңдады:
– Бала едім мен ибалы,
Алтыншыда оқығам.
Мектебіміз қирады
Сұм соғыстың отынан.
Ауылымыз шап-шағын
Айналды азап алаңға.
Сыртқа қарай қашса кім,
Жайратты жау табанда.
Түс әлеті болғанда,
Ауылдың бар еркегін
Қамап ескі қорғанға,
Мұнай шашып өртеді.
Ал мен болсам,
Шатырдан
Бұл сұмдықты көргенде,
Таныппын ес-ақылдан,
Тыныс бітіп кеудемде...
Көзімді ашсам,
Түн іші,
Сансыз жұлдыз төбемде.
Ән мен күлкі үй іші,
Түстім жайлап төменге.
Ауылдың бір адамын
Деген оймен көрем бе,
Терезеден қарадым,
Әрең-әрең дегенде.
Ішіп алған құнығып,
Кіл немістер билеп жүр.
Соқтығысып, сүрініп,
Бірін-бірі сүйреп жүр.
Қарулары бұрышта
Тезектей боп үйілген.
«Тұрыс болмас ұрыста»,
Тию керек бүйірден.
Қарауылы ол да мас,
Босағаға құлапты.
Сезер емес ол сабаз,
Кессең-дағы құлақты.
Автоматын жұлып ап,
Аузын аштым қораптың.
Терезеде тұрып ап,
Оқты қарша бораттым.
Шалып жатыр шалғыдай,
Автоматым тырылдап.
Ән менен би қалды жай,
Қырылды жау,
Қырылды-ақ!
Әлде, оқ-дәрі салынған
Жәшіктерге от түсті.
Жойқын күшпен жарылған
Үйдің күлі көкке ұшты.
Жүретұғын кезімде
Білім қуып нар қасқа,
Бірге кеттім өзім де,
Жауымды алып жамбасқа.
Өлімнен еш шошымай,
Бетпе-бет кеп тұрып ем.
Жер қойнына, –
Досым-ай,
Сөйтіп, ерте кіріп ем.
Көктем сайын төменнен
Жер бетіне ұмтылам.
Күн күлімдеп төбемнен,
Бәйшешек боп құлпырам.
Естіген соң шын сырды,
Арман қатты күрсінді.
Ерте үзілген бұл сынды
Аяп кетті қыршынды:
– Бұл өлімің – ер өлім,
Үзілгенмен тым ерте.
Ұмытпайды сені елің,
Ұмытпайды гүл өлке.
Бәйшешек боп бұралып,
Құлпыра бер, бауырым.
Ерлігіңді мұра ғып,
Жыр қылады ел, бауырым.
7
Гүлден-гүлді аралап,
Тынбады Арман, тынбады.
Естігенін саралап,
Жетіншісін тыңдады:
– Мен баласы ем шопанның,
Мыңғыртып мал айдаған.
Қасиетті Отанның
Ен жайлауын жайлаған.
Әкем қатты сенетін,
Менің балам малсақ деп.
Атын маған беретін,
Отарынан шаршап кеп.
Бірде анам толғатып,
Түс әлеті ауғанда,
Күтіп әкем зор бақыт,
Жүріп кетті ауданға.
«Сақта отарды бораннан,
Ұмытпа әрі қасқырды.
Көп ұзама қораңнан», –
Деп, мұқият тапсырды.
Шайдай ашық аспаным
Көңіл шалқып, тасыдым.
Жөн болар ма сасқаным,
Қойды қырдан асырдым.
Кешке дейін қойларым
Қалауынша жайылды-ақ.
Көргеннен соң тойғанын,
Болдым кері қайырмақ.
Көтеріліп жел кенет,
Суырды ұлпа қар-ұнды.
Мен де алға ентелеп,
Тез жинадым малымды.
Айдай бердім шамалап,
Таппасам да ізімді.
Үскірік жел сабалап,
Жалайды кеп жүзімді.
Қоншым менен қойныма
Есірік жел қар үйді.
Оралып кеп мойныма,
Қолымды да қариды.
Сақ-сақ күліп сақылдап,
Көрсетеді күштілік.
Атымды да тақымдап,
Тұншығамын түшкіріп.
Бар мақсатым –
Малымды
Қораға аман жеткізу.
Салып келем барымды
Екпінменен етқызу.
Өлдім-талдым дегенде,
Қораны да таптым-ау.
Қойды қамап әреңге,
Қақпаны да жаптым-ау.
Одан кейін үздігіп,
Сол арада құлаппын.
Қатырыпты мұз қылып
Долы боран, шұнақ түн.
Оңай емес ойлыға,
Өнбей жатып үсіген.
Қара жердің қойнына
Осылайша түсіп ем.
Көктем сайын төменнен
Жер бетіне ұмтылам.
Күн күлімдеп төбемнен,
Бәйшешек боп құлпырам.
Естіген соң шын сырды,
Арман қатты күрсінді.
Ерте үзілген бұл сынды
Аяп кетті қыршынды.
– Бұл өлімің ер өлім,
Үзілгенмен тым ерте.
Ұмытпайды сені елің,
Ұмытпайды гүл өлке.
Бәйшешек боп бұралып,
Құлпыра бер, бауырым.
Ерлігіңді мұра ғып,
Жыр қылады ел, бауырым.
8
Гүлден-гүлді аралап,
Тынбады Арман, тынбады
Естігенін саралап,
Тағы бірін тыңдады:
– Едім мен де бала бір
Ой жүгірткен алысқа.
Жасап жүрдім корабль,
Жетпек болып Марсқа.
Бекініп бір сарайға,
Кірісемін кеш-түнде.
Бұл ісімді алайда,
Сездірмедім ешкімге.
Корабльді ақыры
Болған күні бітіріп,
Құпия есік арқылы
Сыртқа шықтым сытылып.
Алдын ала дайындап
Қойған жерге жеткіздім.
Артығымен майын да ап,
От беріп, гүр еткіздім.
Қақ жарып түн-түнекті,
Содан көкке атылдым.
Жалын орап жүректі,
Самғап бара жатырмын.
Кемем кенет жарылып,
Қара жерге құлады.
Үзілді де нар үміт,
Сөнді көздің шырағы.
Көк төсіне талпынып,
Алғаш рет ұшып ем.
Осылайша шарқ ұрып,
Жер қойнына түсіп ем.
Көктем сайын төменнен
Жер бетіне ұмтылам.
Күн күлімдеп төбемнен,
Бәйшешек боп құлпырам.
Естіген соң шын сырды,
Арман қатты күрсінді.
Ерте үзілген бұл сынды
Аяп кетті қыршынды:
– Бұл өлімің – ер өлім,
Үзілгенмен тым ерте.
Ұмытпайды сені елің,
Ұмытпайды гүл өлке.
Бәйшешек боп бұралып,
Құлпыра бер, бауырым.
Ерлігіңді мұра ғып,
Жыр қылады ел, бауырым.
Зымыран боп заңғарда,
Ұшпасаң да аспандап,
Кейінгі ұшқан жандарға
Бола білдің баспалдақ.
Бәйшешектер – нұр гүлдер,
Қыршынынан кеткендер,
Шындап бола білдіңдер
Болашаққа өткелдер.
Ерте үзілген өмірлер,
Тамшыдай боп дір етіп,
Шешек ата беріңдер,
Туған жерді түлетіп.
Ерлік істер жаңғырып,
Жылдан-жылға лапылдар.
Мақтан етіп мәңгілік
Жырлай берер ақындар.