Қожалақ
Бала болды ертеде.
Жалқау ма,
Әлде ерке ме,
Кесір ме,
Әлде қырсық па,
Мініп алған желкеге?
Әдеті сол күндегі –
Жуынуды білмеді.
Ата-ананың ақылын
Құлағына ілмеді.
Қанбай ма ұйқы,
Қана ма?
Тұрды ынтығып далаға.
– Қапаланды ата-ана
Бұл секілді балаға.
Тысқа шыға заулады,
Топыраққа аунады.
Қоқыстарды қопарған
Торайдан еш аумады.
Тамағын да ішпеді,
Өз білгенін істеді.
Еш болмаса ұзақ күн
Өзенге бір түспеді.
Киімдері жыртылды,
Етек-жеңі қырқылды.
Үсті-басы қожалақ,
Тұрпаты да бір түрлі.
Ұйпаланды шашы да,
Қиқаланды қасы да.
«Қожалақ!» – деп күлді оған
Барған бала қасына.
Оған намыстанбады,
Өз ісінен танбады.
Тағылған сол таңдағы
Қожалақ ат қалмады.
Қарамады түріне,
Қол-басының кіріне.
Қайтып жүрді үйіне
Қас қарая сүріне.
Күйді күнге қара боп,
Кір-қожалақ бала боп.
Тамақ іш деп қиылды,
Ата-анасы нала боп.
Ішпеймін деп жылайды,
Бұл сөз кімге ұнайды?
Сол бетімен қожалақ
Төсегіне құлайды.
Ала таңнан тұра сап,
Қойған астан бір асап,
Ұмтылды ол далаға,
Сатал саусақ, шынашақ.
Тағы да ол заулайды,
Топыраққа аунайды.
Қоқыстарды қопарған
Торайдан еш аумайды.
Қол-аяғы күстеніп,
Танымастай түске еніп,
Оралады күн бата,
Тұла бойда күш кеміп.
Болды бірде тым қызық:
Бала түрін тым бұзып,
Кіріп еді аулаға,
Секілденіп шын бұзық.
Туса-дағы жарық ай,
Таппай ана жаны жай,
Қожалақтай баласын
Қалды мүлдем танымай.
Бала кейпі тосын-ды,
Ана қатты шошынды.
Қуып шықты қорадан,
Иттер шулап қосылды.
Қосылды иттер абалап,
Жан-жағынан қамалап.
Қожалақты анасы
Танымады – жаман-ақ!
Қожалақты ол маңда
Қорғайтын жан болған ба?
Қашып барып тығылды
Қалың қопа-орманға.
Орманда ол көп жүрді,
Жеміс теріп жеп жүрді.
Ауыл маңын жағалап,
Кей күндері кеп жүрді.
Бірақ, оған кешкісін
Ашпады есік еш кісің.
Жүрді әкетіп Қожалақ
Әркімдердің ескісін.
Тыңдамаған ананы,
Кейбір тентек баланы
«Кеп қалды», – деп, Қожалақ,
Бір қорқытып алады.
Естігенде бұл атты,
Тоса қойып құлақты,
Жылағаны тыйылып,
Күлген бала жылапты.
Содан бері не тіпті
Талай заман өтіпті.
Тентек-сөрей Қожалақ
Торай болып кетіпті.