09.04.2022
  181


Автор: Абдрахман Асылбек

Кербақпай

Ерте, ерте, ертеде,
Ешкі жүні бөртеде.
Жаттым ұзақ ойланып,
Оранып ап көрпеге.
Ойладым кеп,
Ойладым,
Ой түбіне бойладым.
Таптым жақсы жаңалық,
Ақырыңда қоймадым.
Дедім-дағы дұрыс тым,
Жұмысыма кірістім.
Не нәрсені болса да,
Кері істеуге тырыстым.
Түн жарымда тұрып ап,
Білегімді түріп ап,
Тамақ бер деп жыладым,
Түкпір үйге кіріп ап.
Содан кейін не керек,
«Ән» болды бұл керемет.
Даңғыраттым табақты
Қасықпенен төбелеп.
Жұртты түгел тұрғыздым,
«Өнерімді» білгіздім.
Тап осылай етпесем,
Тыңдар еді күндіз кім?
Мені бәрі байқады,
«Мұның не?» – деп айтады.
Құлақтарын тас бітеп,
Бастарын да шайқады.
Демек,
Менің «мықты әнім»
Ойларынан шықпады.
Ай, менімше, осы жұрт
«Өнерімді» ұқпады.
Қызықпын-ау өзім де,
Бір жалған жоқ сөзімде,
Ойнап жүрдім алаңсыз
Дәл сабақтың кезінде.
Қуысында ауланың
Құмнан балық ауладым.
Тазармақ боп кіршіксіз,
Топыраққа аунадым.
Айтсам егер шынымды,
Бұрқыраттым шылымды.
Шалқасынан құлаттым,
Шалып қалып інімді.
Портфелімді сайлап кең,
Сабақтан соң жайлап мен.
Кіріп бардым класқа,
Қарғып түсіп әйнектен.
Теріс іліп картаны,
«Оюладым» партаны.
Осылайша ойрандап,
Құмарым бір тарқады.
Киімімді тастадым,
Бірақ, оған саспадым.
Қыз киімін көшеде
Киіп жүре бастадым.
Он алтыға толмадым,
Жақсы білем ол жағын.
Бірақ, кешкі киноға
«Кіремін» деп болмадым.
Түсіне алар бұлай кім? –
Жұрт күлсе, мен мұңайдым.
Мұңайса олар, мен күліп,
Неге олай деп сұраймын.
Ыстық үйде жалғыз қап,
Ангина боп, тән қызды-аң.
Ақырында жазылдым
Жегеннен соң балмұздақ.
Жүріп жатса ел жолменен,
Киіп-жарып мен деген,
Үлкендердің алдынан
Кесіп өттім көлденең.
Шын айтамын мен сізге,
Тамақ ішсе ел түсте,
Тойғызбақ боп қарынды,
Ұйықтап жаттым мен түсте.
Ауылдағы достар көп
Ерлігімді қоштар деп,
Қабырғамен сүзістім,
Қайраты мол қошқар боп...
Шошып кеттім:
Түс екен,
Кең бөлменің іші екен.
Мұның бәрі – Өңімде
Жасамайтын іс екен.





Пікір жазу