Құстар тойы
Күн күлімдеп, қар жібіп,
Сай-саламен су ақты.
Бүршік жарып тал-шыбық,
Көқтем келді шуақты.
Шыбын-шіркей тіріліп,
Қайта шулай бастады.
Көрінгенге ұрынып,
Жүрген жерін ластады.
Қызғылт сәуле құйылып,
Кешкі мезгіл болғанда,
Барлық құстар жиылып,
Той жасады орманда.
Орталары өлең-жыр,
Жан жүректі тербеген.
Шын тамаша деген бір,
Бұрын болып көрмеген.
Кілең дәмді тамақтар,
Исі мұрын жарады.
Тартып сыйлы табақтар,
Аспаз әнге салады.
Бүркіт патша тәкаппар
Деген сөздер бекерлік.
Даңқ пенен атақ бар
Бір басына жетерлік.
Бүгін тіпті жайдары,
Мейірімді ерекше.
Мінезі жоқ жайдағы,
Жүретұғын бөлекше.
Атжалманның басынан
Ептеп мүжіп қояды.
Жұлқи тартып шашынан,
Көзін шұқып ояды.
Айналаға ақырын
Алды-дағы көз тастап,
Аспай-саспай батырың
Кетті кенет сөз бастап:
– Үлкен-кіші, жасымыз,
Қосылыпты басымыз.
Ежелгі жау, қасымыз
– Шыбын-шіркей асымыз.
Бәрінен де жақсысы
Ертеден-ақ осы біз
Табиғаттың сақшысы,
Адамдардың досымыз.
Күмбірлетіп күй-әнді,
Басталғанда тойымыз,
Жәндіктерді зиянды
Қырып-жою ойымыз.
Таң-тамаша етелік,
Ішіп-жеңдер, тойыңдар.
Шыбын-шіркей жетерлік,
Аямаңдар, сойыңдар.
– Ура, ура! Дұрыс! – деп,
Құстар қанат қағысты.
Басталсыншы бұл іс тек,
Жібермейміз намысты.
Қол көтеріп Қарлығаш
Тастады бір електі ой:
– Адам жейтін барлық ас
Таза болу керек қой.
Ал, шыбындар таң атып,
Күн батса да тынбайды.
Түрлі ауруды таратып,
Тағамдарды былғайды.
Сол үшін де мен дәйім
Сақ болуды құптаймын.
Қарастырып ел жайын,
Үй ішінен шықпаймын.
Наныңыздар мұныма,
Айтсам егер шынымды
Бір миллион жылына
Жеймін шіркей-шыбынды.
– Алты мыңын ұстаймын
Мен күніне дәл ымшып.
Тағы да сол қыстайғым,
Деді тұрып сары шымшық.
Шыбынқаққыш:
– Атым да
Тұрған жоқ па әйгілеп,
Біледі алыс-жақын да,
Қаруыма сай білек.
Шыбын десе шырылдап,
Табады ма жан тыным.
Күніне ұстап, қырындап,
Мен де жеймін алты мың.
Тоқылдақ та мақтанды:
Мен бір нағыз палуан.
Күзетемін бақтарды,
Жауларынан алуан.
Тоғыз қоңыз күнінде,
Жүз елудей қабық құрт,
Жейтінімді бұ күнде
Білер болар барлық жұрт.
Қараторғай: Құр! – деді,
– Екі жүздей шегіртке
Жейтін асым күндегі,
Бұл сөзімнен тек үрікпе.
Ал, ұшқанда тобымыз,
Бір тоннасын құртамыз.
Елге пайда онымыз,–
Құлпырады қырқамыз.
Деді тұрып Қарғалар:
– Сөйлейікші енді біз.
Қанат жайып қорғалар
Қант қызылша еншіміз.
Күнде елу құрт жеймін,
Жүз отыз үш тұқымын.
Сонда да ауыз сүртпеймін,
Тағы тілеп құлқыным.
– Көкек, көкек, көкек, –
деп, Көкек шықты ортаға.
– Минутына кетед тек
Он личинка қолқама.
Былай деді Бөктергі:
– Білемісің, күнім-ау.
Егістерге көктемгі
Тышқандарың тірі жау.
Егеуқұйрық, саршұнақ,
Қосаяқ пен атжалман
Құйрықтарын қамшылап,
Жерге жетер ат шалған.
Сондықтан да оларды
Жібермей бос бетімен,
Жиып қойып обал-ды,
Жою керек шетінен.
Ал, мен өзім күнінде
Он саршұнақ, үш тышқан,
Бес атжалман кемінде
Ұстап жеймін тұс-тұстан.
Тышқандарды ең ілгіш
Көзі жайнап Үкінің,
Жауларына кеміргіш
Ол да айтты үкімін:
– Тышқан деген бір сұмдық,
Ауруларды таратар.
Жүрген жері күнде ұрлық,
Оларды кім жаратар?
Көртышқанның отызын,
Көмейге ұрам күн сайын.
Құртып жатыр осы сұм
Қанша астықты жыл сайын?
Бір көртышқан бір жазда
Килограмм дән жейді.
Ұқсаса егер бұл азға,
Мыңы қанша нан жейді?
Ал, есептеп көріңдер
Тышқандарды сол бетпен.
Әділ баға беріңдер
Еңбегіме елге еткен.
Ителгі мен Сұңқар да,
Лашын, Қырғи, Қаршыға...
Қайраттанып бұл таңда,
Сөз сөйледі аршыла.
Жайқалып бақ сау мәңгі,
Жайнау үшін жер үсті,
Жауыздарды, жауларды
Жоймақ болып келісті.
Бойында мол күш-қарқын,
Бес-ақ грамм салмағы,
Ең кішісі құстардың
Королек те қалмады:
– Маған қарап кіші деп,
Бүркіт патшам, қорықпа.
Тал бойымда күш үдеп,
Жарып жүрем жорықта.
Миллионын үш жарым
Шіркей менен масаның
Жылына жеп, құстардың
Бәрінен де асамын.
Бүркіт тұрып бәріне
Алғыс айтты көптен-көп.
Той созылды әріге,
Құстарменен көктем кеп.
Күйін шертіп көңілдің,
Бұлбұл сонда сайрады.
Төңіректе төгілді үн,
Су сылдырап сайдағы.
Тамылжып бар табиғат,
Бұлбұл үнін тыңдады.
Әрі сұлу, әрі шат,
Тынбады күй, тынбады.
Бірі билеп жорғалап,
Бірі әсем ән салды.
Бірі ұшып сорғалап,
Көктем күнін қарсы алды.
Құстар тойын құттықтап,
Қуанамыз, қолдаймыз.
Ұя жасап ұқыптап,
Біз де оларды қорғаймыз.
Құстар біздің досымыз –
Шырқап әнге қосамыз.
Құстар біздің досымыз
Көктем сайын тосамыз.