Неліктен?
Бір күні тыныс белгілері топталды,
Бір мәселеге тоқталды.
Соның іпіінде қаралатын,
Негізгі деп саналатын
Мынау болды –
Ол сұрау болды.
– Емеспіз разы
Балалардың біразы
Сауатсыз жазады,
Алып болды мазаны,
Неліктен?
Орнынан тұрып нүкте:
– Түсінбеймін, – деді, түкке?
Дүниеде болып жатқан
Жаңалықтарды толып жатқан
Сөйлемде мен хабарлаймын,
Бірақ орнымды таба алмаймын.
Сөйтіп, бір ойдан бір ой бөлінбейді,
Қызметім көрінбейді.
Неліктен?
Үтір де ұшып тұрды,
Ашу қысып тұрды.
Осы жұрт тегі
Танымайды ғой деймін мені.
Сайлаубай, Мұрат, Марат,
Орынбай, Ермек, Жанат,
Секілді бірыңғай балалар
Мені жоққа санап,
Еш жерге қоймайды
Шынында өздері не ойлайды?
Неліктен?
Нүктелі үтір айтты:
– Дұрыс,
Аяқсыз қалмасын бұл іс.
Абайлап қараса,
Менде де көп жұмыс.
Жалаң ойды жалғастырам,
Күрделі оймен алмастырам.
Кейбіреулер мұны білмейді.
Орныма қойып жүрмейді,
Неліктен?
Көп нүкте де күрсінді:
– Қорлықты кім көріпті бұл сынды?
Әлгі... әлгі... Кім еді?
Балалар жақсы біледі.
Өзі жалқау,
Сабаққа марғау.
Көп нүкте қою керек деп
Мұғалім ескертсе ғана,
Сол Дәулетхан деген бала
Үш нүктенің орнына кеп,
Қояды бесеу... алтау...
Неліктен?
Айтыстан бұл маңдағы
Дефис те құр қалмады.
– Мен де біраз жұмыс атқарамын,
Бірақ, не деп мақтанамын?
Комбайн-самоход,
Вертолет-самолет.
Телефон-автомат,
Қым-қиғаш, қат-қабат
Секілді сөздерге
Көп жерде
Болса да керектігім,
Мені елепті кім?
Ілінбей қалып жүрмін,
Осылай налып жүргін.
Неліктен?
Қос нүкте атып тұрды,
Ашуға батып тұрды.
– Жалқаумен барабар,
Мысалы мына балалар:
Әбділ, Әбен, Ерік,
Сұлтан, Нұрсұлтан, Берік.
Бар екенін қос нүкте
Олар сірә естіп пе?
Жалпы,
Жалқаудың салты –
Ертеден кешке дейін ойнайды
Мені керекті жеріме қоймайды,
Неліктен?
Сызықша да жақындай кетті,
Қос нүктені мақұлдай кетті.
Әбділ, Әбен, Ерік,
Сұлтан, Нұрсұлтан, Берік
Осылардың бәрі
Бір-біріне серік.
Ойынға құныққан,
Мені де ұмытқан.
Егер екі адам сөйлессе,
Әр сөйлемнің алдынан,
Соңынан жалпылауыш сөз келсе,
Бірыңғай мүшенің артынан,
Бастауыш та, баяндауыш та
Леп тұлғалы сөз болса,
Бір-біріне көз болса,
(Мысалы: Ақын – алдымен азамат,
Гагарин – бірінші космонавт).
Ортасында тұратынымды,
Тұрмасам мағнасын бұратынымды
Кейбіреулер білмей келеді,
Көзіне ілмей келеді,
Неліктен?
Былай деді жақша:
– Ақыл көзбен бақса,
Мен де қажетпін,
Қысылған жерде әжетпін.
(Яғни көмекпін,
Не болмаса – керекпін).
Кейбір түсініксіз сөзді,
Ашып жіберіп көзді,
Қосымша түсіндіремін,
Осыдан-ақ білсін күшімді менің.
Амал не?
Кейбіреу аңдып-бақпайды,
Керекті жерімде ашып-жаппайды,
Неліктен?
Тырнақша да шынын айтты,
Өкпесі мен мұңын айтты:
– Орыным бар менің де:
Жаңа сөздер өмірде
Пайда болса қолыма алам,
Басқа сөзден бөліп алам.
Ұштасса жер мен көктің аралығы,
Ашылса мұз-мұхитта кеме жолы,
Оған айғақ: «Восток-4» кораблі,
«Ленин» атомледоколы.
Айтқан сөздер кейбір кезде.
Мағананы берсе өзге,
Оған да мен бара қоям,
Тырнақшаға ала қоям.
Амал не, мені де
Қыстырмайтын беліне
Сауаты шала кездеседі бала,
Неліктен?
Орнынан тұрып,
Жадырай күліп
Былай деді леп:
– Менің міндетім көп:
«Алақай! – деп, – алақай!».
Қуанса да балақай,
Кейде ойнап уралап,
Төске шауып туралап,
Шаттық ұран салса да,
«Бестік» баға алса да,
Бірінші мен тұрамын,
Салтанат құрамын.
Әйтсе де кейбіреулер ұқпай жүр,
Ойымнан шықпай жүр,
Неліктен?
Сұрау соңғы сөзді қорыта сөйледі,
Айтар ойын молыта сөйледі.
– Білім аз-аздан кұралады,
Соның бәрі менен сұралады.
Кімде-кім,
Білмек үшін
Бір нәрсені ойына алса,
Оны білмей қалса,
Бірден маған келеді,
Тез сауалдар береді.
Бәріне бірден жауап қайтарамын,
Не нәрсе балса да айта аламын.
Мысалы, қазір сауалмен
Бәрің де маған кеп тұрсыңдар,
«Кей баланың сауаты нашар,
Неліктен?» Деп тұрсыңдар.
Дәл осы тұста,
Жауабым қысқа:
Сауаты шала
Болса егер бала,
Демекпін:
«Аз ойна тыста,
Грамматиканы ұста.
Синтаксис бөлімін оқы,
Миыңа мықтап тоқы.
Тыныс белгілерді білмесең,
Опық жейсің күнде сен.